Андре Жид 1969 жылы 22 қарашада Парижде өмірге келген. Әкесі Пол Жид университеттердің бірінде профессор, анасы Жюльетта протестанттық діни ілім кальвинизмді ұстанған таһуа әйел-тін. Ол Пол Жид қайтыс болғасын бар өмірін баласын тәрбиелеуге жұмсады.
Париждегі протестанттық мектепте тәлім ала жүріп, Андре әдебиетке қызыға бастайды. Ол анасының айтуымен ежелгі грек әдебиеті мен музыкаға ден қояды. Әкесінен қалған мол дүние-мүлік оған әдебиетпен алаңсыз айналысуына жететін. 1891 жылы оның тырнақалды туындысы "Андре Вальтердің жазбалары" ("Les Cahiers d’André Walter") деген атпен жарыққа шығады. Өлең және өлең тәсілінде жазылған биографиялық әңгімелеріндегі рух пен тәннің күресі рухтың тәнді тастап кетуімен аяқталады.
Мектепте бірге оқыған досы Пьер Луи оны сол кездегі маңдайалды жас әдебиетшілер болған симфолизм өкілдерімен таныстырады. Олардың арасында кейіннен әлемге танылған Стефан Малларме сынды әдебиетшілер бар еді.
Оның құрт ауруымен ауырғандығы әскерге барудан құтқарады. 1893 жылы досы, суретші Пол Альбер Лоранмен бірге Солтүстік Африканы саяхаттайды. 1895 жылы саяхат негізінде "Батпақ" (Paludes) атты шығармасын жарыққа шығарады. Африкаға саяхат оған оң әсерін беріп, құрт ауруынан мүлде сауығып кетеді. Және тағыда Африка құрлығын саяхаттауға шығып, сапары барысында Алжирдегі Бискра қаласында Оскар Уайльд, лорд Альфред Дугластармен танысады.
1895 жылғы анасы қайтыс болған соң жазушы Мадлен Рондоға үйленеді. Бір жылдан соң Ларок қаласына әкім болып сайланады. Бірақ шығармашылыққа деген ынтызарлығының арқасында көп өтпей Алжирге кетіп қалады. 1897 жылы "Жергілікті тағамдар" ("Les Nourritures terrestres") атты шығармасында Жид алғаш рет өзінің жеке пікірін білдіреді. Бұл шығармасы оқырмандар мен кітапханашылар, тіпті, символист достары тарапынан да жылы қабылданбайды.
Бірақ ХХ ғасырдың 20-жылдарында жазушының дәл осы шығармасы ең танымал шығармаға айналады. Қалаберді жас жазушыларға да оң әсерін тигізеді. Олардың ішінде кейін аты бүкіл әлемге танылған Альбер Камю мен Жан Пол Сартрлар бар еді.
1909 жылы жазушы "Нувел ревю франсез" атты газет шығара бастайды. Кейін бұл ең беделді басылымдардың біріне айналады.
1947 жылы Швед академиктері Андре Жидті "Терең және көркем ойға толы шығармаларында, адам мәселелерін батыл баяндап, оның психологиялық қатпарларын айқын көрсете білгені үшін" әдебиет саласындағы "Нобель" сыйлығына лайық деп табады.
Салтанатты кешке сырқаттығына байланысты жазушы бара алмайды. Кешке арналған "Нобель" баяндамасын Швециядағы Франция елшісі Габриэль Пюо оқып береді. "Ұзақ жылдық шығармашылығымның еңбегі сахарадағы құмға сіңгендей ізсіз кетіп жатқан еді. Соңғы жылдары менің шығармаларымды мүлде аз адам оқып жатқандай тұнжырап жүрдім. Бірақ, сіздер бүгін менің сол аз адамға сенгендігімді дәлелдеп бердіңіздер" деген еді ол өз баяндамасында.
1950 жылы ол соңғы "Күнделіктер" ("Journal") деп аталатын шығармаларын кітап етіп бастырды. 1951 жылы қайтыс болды. Өлімінен соң Андре Жидтің "Енді сізге талпынамын" (Et nunc manet in te) атты шығармасы жарық көрді.