- Негізгі бет
- Проза
- "Нобель" алса да...
"Нобель" алса да ұмытылған жазушы
Неміс жазушысы һәм ақыны Пауль Иоханн Людвиг фон Хейзе 1830 жылдың 15 наурызында Берлинде өмірге келді. Әкесі Карл Людвиг Хейзе Берлин университетінде филологиядан сабақ беріп, анасы Юлия Заалинг оқымысты әулеттің қызы болатын. Сол себепті Хейзелер жанұсына зиялы қауым өкілдері көп келетін. Олардың ішінде кейін Паульдың ұстазы болған Франц Куглер де бар еді.
Берлин университетінде Пауль әдебиет пен филологияны терең үйренеді. 1852 жылы дипломын алғаннан кейін Италияға оқуын жалғастыруға кетеді. Міне, осы сапар оған үлкен әсер беріп, Данте, Боккаччо және Джакомо Леопарди сынды италян жазушыларынан шабыт алады. Италияда жүріп әңгіме, өлең, пьесалар жаза бастайды.
1854 жылы король Максимилиан II Хейзеге үлкен көлемде степендия тағайындап, Мюнхенде жасау, патшалық жағында болуды ұсынады. Хейзенің негізгі жұмысы патша жанында оны қолдап-қуаттайтын кештерде жүру болатын. Қаржылық жағынан өмір бойы қамтамасыз етілген Хейзе ұстазының қызы Маргарет Куглерге үйленеді және одан төрт перзентті болады.
Жайлы отбасы, тыныш өмір Хейзенің шығармашылықпен айналысуына қолайлы ортаны жаратты. Алдымен ол 1855 жылы "Аррабиата" ("L'arrabiata") атты кітабын жарыққа шығарады. Содан соң "Марион" ("Marion"), "Трепилық қыз" ("Das Madchen von Treppi", 1858), "Андреа Делфин" ("Andrea Delfin", 1859), "Анамның портреті" ("Bild der Mutter", 1859) атты шығармалары бірінен кейін бірі баспадан жарыққа шықты.
Әңгіме мен хикаялардан бөлек Хейзе көптеген пьесалар да жазды. 1866 жылы жазған "Ганс Ланга" ("Hans Lange", 1866), 1899 жылы жазған "Мария Магдалина" ("Maria von Magdala", 1899) драмалары өз уақытында сахналанды және біршама даңқты да болды.
Әдебиет тарихында Хейзені прозаик ретінде таниды. Оның "Ғасыр балалары" ("Kinder der Welt", 1873), "Жаннатта" (Im Paradiese", 1875) және "Мерлин" ("Merlin", 1892) сынды шығармалары біршама танымал. Ал ақын ретінде ол мүлде ұмытылған. Тек қана Алессандро Мандзони, Леопарди тағы басқа ақындардан аударған өлеңдері ғана кітапханадағы жұртшылыққа таныс.
1910 жылы Пауль Иоханн Людвиг фон Хейзе "әдебиеттегі лирикалық өлеңдері, өнімді еңбегі, драматург, романист және әлемге әйгілі романдардың авторы ретінде өзінің ұзақ және өнімді мансабында көрсеткен өнері және биік идеализмі" үшін "Нобель" атындағы сыйлыққа лайық деп табылады. Бұл неміс әдебиетіндегі алғашқы "Нобель" сыйлығы болатын.
Марапаттау рәсімінде Вирсен : "Хейзе заманауи психологиялық хикаялардың жаратушысы және Германияның ең ғажап ақыны" деген ыстық ықыласын білдірді. Науқас болуына байланысты марапаттау кешіне Хейзенің өзі келе алмады. Алтын медаль мен чекті сол кездегі Германияның Швециядағы елшісі граф фон Пуклер алды.
Сол 1910 жылы Xейзе "Нобель" сыйлығының лауреаты ғана емес, Мюнхеннің құрметті азаматы да болды.
Арада 4 жыл өткесін өкпе қабынуы ауруынан Пауль Иоханн Людвиг фон Хейзе көз жұмды. Хейзе өзінің 74 жылдық ғұмырында әдебиеттің қара жұмысшысындай қызмет етті. Артында 24 томдық әңгімелер, 6 романы, 9 өлеңдер жинағы мен аудармалары қалды. Бірақ оның әдебиеттегі дәурені ұзаққа бармады. Өлімімен көп өтпей ұмытыла бастады.
"Хейзе романдары жақсы оқылғанымен бұл жанрға шын мәнінде түпнұсқалық шығарма әкелді деп айту қиын", – деп жазды ағылшын сыншысы Э.К. Беннетт.
Т. Раушанұлы