Иван Алексеевич Бунин 1870 жылы 22 қазанда Воренеж маңында, Ресейге XV ғасырда қызмет бабымен келген Литва ақсүйектерінің ауқатты жанұясында өмірге келген. Оның әкесі Алексей Николаевич шыққан тегі дворян болғанымен, 1861 жылы үкімет крепостнойлық құқықты жойған соң (басыбайлы тәуелділік, Ресейде 11 ғасырдан 1861 жылға дейін шаруалардың феодалдарға жеке басының, жер жөнінен, әкімшілік тұрғыдан тәуелді болуы) кедейлене бастайды, ХХ ғасырдың басында материалдық жағынан тіпті нашарлайды. 11 жасына дейін үйде тәрбиеленген Бунин 1881 жылы Елецтегі гимназияға түседі. Бірақ отбасының қаржылық жағдайы көтермегесін 4 жылдан соң оқудан шығып қалады. Бұдан былай оны үйінде радикал мінезді ағасы Юлий тәрбиелей бастайды. Інісінің әдебиетке деген икемділігін байқаған Юлий оны орыс классикалық әдебиетімен таныстырады. Болашақ жазушы Пушкин, Гоголь, Лермонтов шығармаларын сүйіп оқыған және 17 жасқа келіп өзі де өлеңдер жаза бастайды. Бунин әдеби қауымға 1887 жылы жарыққа шыққан алғашқы көркем дүниелерімен-ақ таныла бастаған. 1889 жылы Бунин жергілікті Орловский вестник басылымына жұмысқа кіреді. 1891 жылы оның алғашқы өлеңдер топтамасы жергілікті газеттердің бірінде жарияланады. Өлеңдермен қатар Бунин прозада жаза бастайды. Антонь Чеховпен достық қарым-қатынас орнатып, хаттар жазыса бастайды. 1895 жылы екі жазушы кездеседі. Және бұл кездесу өмірлерінің соңына дейін достыққа ұласады. 1895 жылдан бастап Бунин Мәскеу мен Петерборда өмір сүре бастайды. Ол 1891 жылдағы аштық, 1892 жылдағы оба салдарынан сүрең тартқан қала өмірін сынап Эпитафия, Антонов алмалары (Антоновские яблоки), Жаңа жол (Новая дорога) сынды шығармалар жазады. 1898 жылы оның Ашық аспан астында (Под открытым небом) деп аталатын тырнақалды өлеңдері кітап болып шығады. Буниннің аударуымен сол жылы баспадан шыққан Генри Лонгфеллоның Гайавата туралы жыр (Песнь о Гайавате) шығармасы сыншылар тарапынан жоғары бағаланады. Арадан екі жыл өткенен кейін орыс пейжазының ақыны атандырған Жапырақтардың құлауы (Листопад) атты өлеңдер жинағын кітап етіп бастырады. Бұл шығармасы да сыншылар мен оқырмандар тарапынан жылы қабылданады. 1903 жылы Санкт-Петербург ғылым академиясы Иван Бунинді Пушкин сыйлығымен марапаттайды. 1899 жылы Бунин Горкиймен танысады. Горкийдің шектен тыс реализмі мен кейбір көзқарастарына онша келісе бермесе де, ол кезекті өлеңдер топтамасын Горкийге арнайды. Өз кезегінде Горкий де Буниннің шығармаларын жоғары бағалап оны ең жақсы заманауи жазушы деп атаған. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін ол Мәскеуден кетіп 2 жылдай Одессада тұрады. Кейін 1920 жылы Муромцевамен Францияға қоныс аударады. Ауыр да азапты ғұмыр кешкен Бунин эммиграцияда жүріп те көп еңбектенеді. Олар басында Парижге, содан соң Ривьерге келеді. 1922 жылы екеуі үйленеді. Бунин өмірінің соңына дейін большевиктердің көзқарасын қабылдай алмай кетті. Большевиктер саясатын терістейтін Арсеньевтің өмірі (Жизнь Арсеньева) романын 1933 жылы жазады. Бұл оқырман қауым арасында да, сыншылар мен әдебиетшілер тарапынан да жоғары бағаланып, оны даңқа бөлейді. Және осы жылы Швед академиктері Прозада орыс классикалық дәстүрін шеберлікпен баяндағаны үшін әдебиет бойынша Нобель сыйлығына лайық деп табады. Бірі қызығы, Бунин сыйлық алғанда оған қай елдің атынан алғаны жазылмаған. Себебі Буниннің сол жылдары азаматтығы болмаған жазушы еді. Бунин Нобель алғанда тағы бір эмигрант жазушы Борис Зайцев: Екінші сұрыптағы адамдар босқындар және сондай босқын жазушыға Нобельдей сыйлық беріліп жатыр. Бастысы саяси көзқарасы үшін емес, көркем шығармасы үшін, деп жазады. Бунин Нобель сыйлығына лайық деп табылғанда оған 2 мыңдай хат келген. Және бұл құттықтау хаттары емес, өзі сияқты шетелде жүрген, эмигрант жазушылардан. Қаржылық жағынан қиындық көріп жүрген олар Буниннен ақшалай көмектесуін өтінген. Нобельден ол 725 мың франк алған (267 309 599.53 теңге) алғашқы айда-ақ оның жартысын көмек сұрағандарға таратып берген. 3 жылдан соң өзі де баяғы кедей қалпына қайта түскен. Ол өмірінің соңына дейін кедейлік қасіретін тартып өтті. Және ешқашан жекеменшік үйі болмады. Бунин бұл туралы Құстың ұясы бар (У птицы есть гнездо)қысқа өлеңіндегі былай дейді: У зверя есть нора, у птицы есть гнездо.Как бьется сердце, горестно и громко,Когда вхожу, крестясь, в чужой, наемный домС своей уж ветхою котомкой! 1934-36 жылдар аралығында оқырмандарының өтінішімен ол 11 томдық таңдамалы жинағын шығарады. Бунин өмірінің соңына дейін Отанына оралуды аңсайды. Тіпті 30-жылдары бұл туралы ол: Мен бай едім, тағдырдың тәлкегімен қайыршы болдым ... Мен бүкіл әлемге танымал едім, енді ешкімге қажет емеспін...Үйге қайтқым келеді... , деп жазады. Отанына қайтуға оқталып жүргенде Ахматова, Зощенкомен болған іс және БАҚ-тағы дау-дамайдан соң Ресейге оралу қауіпті екенін біліп, біржола Францияда қалуға шешім қабылдайды. Атақты жазушы Константин Паустовскийдің: Бұл Ресейден алды-артыңа қарамастан безе қашқың келетін. Бірақ оған кім көрінген бата алмаған. Бунин де өзінің бірден-бір сүйікті елінен кетті. Тəкаппар жəне қатал адам. Ол өзінің соңғы тынысына дейін Ресей деп қайғы-қасірет шегіп, Париж бен Грасстың бөгде түндерінде өзін-өзі Отанынан қуған адамның көз жасын төккен, деген пікірі Буниннің азаматтық бейнесін ашса керек. Бунин өмірінің соңында Чехов туралы естеліктер жазуды қолға алады, бірақ бітіріп үлгермейді.1953 жылы ауыр науқастан жазушы қайтыс болады. Өмірден өтерден бұрын ол әйелінен Чеховтың хаттарын оқып беруін өтінген екен. Жазушыны орыс эмигранттары жерленген Сен-Женевьев-де-Буа қорымына жерлеген. Буниннің Не пугай меня грозой деген өлеңін Абай Қорқытпа мені дауылдан деген атпен қазақ тіліне аударған (1892 95). Жазушының Антонов алмасы жинағы Ғафу Қайырбеков аудармасымен қазақ тілінде (1960) жарық көрді.