Несіпбек Дәутайұлы. Тәлей (әңгіме)

Несіпбек Дәутайұлы. Тәлей (әңгіме)
Фото: halyksozi.kz

Әлемдік әдебиеттен бастап ұлттық әдебиет өкілдеріне шейін ой көзімен шолып өтсек те, алқалы шығармашылар арасынан андағайлай танылатын нағыз дарындардың тағдыр жолы тайғақты, оқырманын тамсандырған туындылары рухани сусыныңды қандыратын характерге бай болып, бас игізетіні рас. Несіпбек Дәутайұлы – сол топқа жататын жазушы десек, ешкім де дауласа қоймас. Қиырда жатып, қисынын тауып жазып жүрген нағыз шығармашыл қаламгер екені ақиқат.

Несіпбек Дәутайұлы десе, ол сомдаған ауыл қазағының қажырлы тұлғасы мен көнбіс өмірі, асау бестідей бұлқынулы мінезі мен мимырт тіршілікті місе тұтпас қайсар, қатал талайы, әйел затына тән ибалық пен оттай қарыған сезімін тұңғиыққа тұмшалаған қазақ қызының сабырлы қылығы, айпарадай ананың ашыла бермес айқара ақылы алдыңнан шығып, самарқаулық пен енжарлық  дендей бастаған бүгінгі оқырманның самарқау санасын сілкіп салары  кәміл. Бұл  қазақ жазушысының  қазақ ұлтына деген махаббаты ғана емес, қазақ халқының ұлт, жұрт дейтіндей бет-бедерлі кодын дөп басатын суреткерлік дарынында жатқан қадір-қасиет. Көп жазушы ағайында осы бір рухани көз бен суреткерлік таным жетіспей, саусақтан сорып шығарма жазғандықтан, жаныңа жалау да болмас «жылбысқа» шығармалар шимайлана салып жүр.

Несіпбек Дәутайұлы – өз-өзіне сынмен қарайтын, шығарма болмысын талғаммен танитын, ішкі бір табиғат дарытқан білім мен сергектік, сезімталдыққа сүйеніп, әдеби сеніміне селкеу түсірмеген жазушы. Жазушы деген атқа кір шалдырмаған аптал азамат.

Асқар Алтай

жазушы

Теледидардан кешкісін «Тағдыр» деп аталатын сұхбат көрсетілген. Оны көргендердің ішінде екі адам аса қатты толқыған: бірі – зағиптар үйінің директоры, екіншісі – шалғайдағы шағын қалада тұратын көркем бір әйел.

Зағиптар үйі директорының қайран қалатындайы бар: сұхбаттағы кейіпкер, бұл басқаратын мекеменің тұрғыны. Осында келіп орналасқанына екі-үш жылдың ар жақ, бер жағы. Бір көзі мүлде көрмейді, екіншісі жарық пен қараңғыны әзер-әзер ажырата алады. Бүйрегіне жасалған отадан кейін осылай болып қалған. Отаның өзінен емес. Салдары басқа: үйінде оңалу кезінде ваннада аяғы тайып жығылып, шүйдесін тас қабырғаға қатты ұрып алған соққыдан. Көз тамырлары үзілгеннен бе, бас жағына келген басқадай зақымнан ба, әйтеуір дәрігерлер қанша айналдырғанымен айықтырар амал таппаған.

Зағип тұйық. Шешілмейді. Сұрағыңа жауабы. Кезінде болған-ақ екен, деген сөзді жүрдім-бардым әңгімені құлағы шалған. Қайсыбірде кабинетіне шай дайындатып, оңаша сөзге тартпақ еді, «Қайтесің!» деп қайырып тастаған.

Артынан іздеп келуші жоққа тән. Бастапқыда әйелі мен ұлы бірді-екілі төбе көрсеткен, кейін ізім-ғайым. Жалғыз-ақ бір жазатын жігіт ара-тұра соғып тұрады. Қызметі теледидар жағында екен. Соңғы бір келісінде әдеттегідей бұған сау болыңызын айтып жатып: «Әйтеуір, көндірдім-ау» деген. «Қай нәрсеге?» «Арнайы телехабарға қатысуға».

Енді міне, сол көрсетілім…

Осы сәтте шалғай қалада тұратын көркем бір әйелдің көкірегіне көктен жай түскендей қарс айырылып, қай жағына қараса да қара түнек қаптап келе жатқандай, дүние қанкөбелек ойнаған. Жанары жасқа толды. Оттай ыстық. Көз аясынан өртеніп ақты. Өмірінде дәл осылай алғаш рет. Жо…жоқ… Сонау, сонау жылдары да… Одан бері, қанша қар жауып, қанша су ақты. Өмірге ме, өзгеге ме, өзіне ме өкпелі сол бір еңіреудің өткір жасы енді ойда жоқта оңдырмай тиген соққыдан сорын қайнатып сорғалайды. Есеңгіреп, еденге екпетінен түскен…

Зағиптар үйінің директоры аяқ асты аспаны айналып жерге түскендей күйде еді. Жан дүниесі алай-түлей: көз алдында жаңа әзірде көрген хабар. Не естіп, не біліп, не қойды?.. Жазатын жігіт: «Аға, сіз өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының алғашқы жартысында қазақтан шыққан алғашқы меценатының бірі едіңіз» деп қойды алғашқы сұрағын. Анау айтса, қара қазақта қайырымдылық та қан қуалайды. Бабасы, атасы, әкесі… Алдыңғы екеуі дәулеттің арқасында айнала жұрттың қай кезде де қамын жеп, қажетіне жараған. Тіпті, ауыл-аймақтағы зерделі балаларды бай мен кедейдің ұлдары деп алаламай Омбы, Орынбор қалаларында оқытқан. Өз қаражаттарына. Ал әкесі кеңес заманында өмір сүрді ғой. Қырық жыл дүкен ұстады. Есебін таба білген адам ешнәрсеге есесін жібермейді. Есі кіріп қалғанда білгені: әкесі көктемде көрші әскери қалашықты айнала отырған орыстардан жиырма бес сомнан оншақты бұзау сатып алатын. Оны сиыр бағатын көңілі жақын бақташыларға танаға, тананы өгізшеге айырбастап, күзде әрқайсысын төрт-бес жүз сомға сатып отыратын. Былайғы жұрт бұл өзі дүниені қалай тауып жатыр демейтін. Өйткені, ол қай кезде де қалтасы жұқа қазақтың қажетін ашты. Қазір ойласа, сол кездің кез-келген билігі жасай алмайтын, жасауға құлқы жоқ әлгіндей шаруа мұның әкесінің қолынан келіпті. Мұны «Дүниені адамдардың қажетін ашып жарап жүру үшін жинауы керек» деп өсірді. «Ата-бабаларымыздан қалған ақ жол» деп отыратын. «Дүние – көзін тапқандікі» дер еді, және. Содан шығар есеп-қисапқа ес білгеннен үйір бұл Қырғызстандағы кооперативтік институтқа түседі. Сол кездің заңдылығы болар, факультетті Мәскеуде бітіреді. Оқып жүрген кезінде… Аса қат американдық джинси шалбарларды Алматыға әкеліп, жасырып сатып, басталады бәрі. Әкенің қаржысы, өзінің сауда-саттықтан жиғаны бар, әуелі шағын дүкен ашқан, бірте-бірте бірнешеуін… Ары қарай ана қала, мына қала… Ресейден товар жеткізуге жақын Ақтау, Атырау мен Астрахан…

«Алғашқы меценаттығыңыз?..» деп сұрады жазатын жігіт, – Солай ету жайлы ойлаушы ма едіңіз, мысалы, қолыңыз жүре бастағанда?» «Қай кезде де қаперімде еді. Бірақ қашан, қандай жағдайда, кімге, неге?.. Оны білген жоқпын, әрине». Кабинетінде отырған қайсыбір күні егде тартқан үшеу есігін ашады ғой. Біраз қызметтің басын қайырғандары бірден байқалады: Арыдан тартса ағыл-тегіл, беріден тартса беліңді буып, бұғанаңды бекітіп, берекеңді айтып, береріңді бекітіп бет бақтырмай бедеулеген әңгіме: түтеп отырған түгел сөздің төркіні – осы отырған төртеуінің түп атасы біреу болып шықты. Жарықтықтың дүниеден өткеніне үш ғасыр толмақ. Кіндігінен тараған ұрпақтан бәлен ата. Игі жақсылары ақылдаса келе, бабаларының басын қарайтуды ұйғарған. Қарайтқанда, төрт құбыласына түгел көрініп тұратын көрнекті күмбез. Ол енді қыруар қаржы. Қара қазақтың қалтасы қанша қақсаң да алатының қара бақыр. «Өзіңді сырттай жақсы білеміз. Құдайға шүкір десіп, үнемі тілеуіңді тілеп жүреміз. Әкең көлік апатынан көз жұмбағанда, әуелі содан бастар едік, әруақ атап, ал қане, дегенде әй-шәйға қаратпай алып шығып кетер кімдеріміз бар десіп жасаған тізіміміздің ең басындағылардың бірі болып өзің тұрсың…»

Әңгіменің ауанын байқаған бұл сөзге келмей үшеудің қолына он мың долларды ұстатып жіберген. Сонда… Сонда, бар болмысын бір тылсым күш билеп қоя берген. Бабасының ба екен, атасының ба екен, әкесінікі ме дабылға ұқсас дауыс жеткен санасына. Жан әлемі жапырағын жаңа жая бастаған жас талдай жайнап, жайқалып бара жатқандай, жадыраған. Ол бабасы атасына, атасы әкесіне, әкесінің бұған айтқан: «Біздің тұқымның алғанына емес, бергеніне қуанышы ала-бөтен» дегеніне көзі жеткен. Бұл дүниеге келіп, ғұмыр кешудің мәні осы шығар деп пайымдаған.

«Аға, – деп сұрақ қояды жазатын жігіт, – Тоқсаныншы жылдары қайда жүріп, қайда барарларын білмей қу тірліктің құрдымына кетіп бара жатқан талай ақын-жазушы, ғалымдарға қол ұшын бергеніңізге көбіміз куәміз. Осы отырған ініңіздің де кітабын шығарып бергеніңіз бар». «Сөйттім, бе?» «Ағалап алдыңызға келгенімде, салған жерден «Керегіңді айт» дедіңіз. Болған, біткені осы. Өлгенше ұмытпаспын деп едім өзіңізді». «Өзгелер де айтқан осыны». Зағиптың даусы қарлығып, қаңсып шыққан: «Қайда енді солар»…

Залдағы диванда көзі бақырайып оңаша жатқан зағиптар үйінің директоры осы тұста орнынан тұрып кеткен. «Қайда енді солар?.. Қапелімде қамшымен қақ маңдайдан тартып жібергендей сауал. Қаны суып, қаңыраған күй. Жанын жеп, жабыққаны бір бөлек, бұл өзін өзі жатырқап тұрғандай да сезімге тап болды. Түйсігінде, «қайда енді солардың» қай жағында жүрміз деген сезік қылт-қылт етіп, қылаң берген. Өзі тығып қойып, жатарда ара-кідік ешкімге көрсетпей қырлы стаканмен тартып алатын коньякты алып, шөлмектің аузынан жұтып-жұтып жіберді…

Есеңгіреп еденге етпетінен түскен көркем әйел еміс-еміс есіне келіп жатқан. Сондай бір сәтінде зордың күшімен басын көтеріп, төсегіне жетті. Жарықты жаққан жоқ. Қалауы – қараңғылық. Сол қараңғылыққа тесілген сайын көз алдында сәулелі бір елес… Теледидардағы жаңағы хабар. Кейіпкерін ол әуелде танымаған. Бірте-бірте шырамытты. Құдай-ау, сол ғой мынау, сол…

Онда бұл өнер институтының екінші курсында оқып жүрген. Күз айы. Атыраудағы ата-анасынан жедел хат алған. Әкесі дертті. Шұғыл келіп, қайтуын айтқан. Қарашаның мейрамы қарсаңы. Поездға билет таба алмайтын кез. Жолсерікке үстеме ақы беріп жатып, әзер ілінген. «Мінгіздім ары қарай күніңді өзің көр» деген анау. Вагон купелі еді. Жол төрт тәулікке жуық. Күндіз жүріп-тұрып дегендей, түн баласы ұзын дәліздегі орындықта қалғып-мүлгіп келе жатты. Екінші тәулікке қараған түні ғой. Әлдекімнің иығынан қозғап тұрғанын сезді. Еңселі ер адам еңкейіп тұр екен… «Тұра ғой» деген шынтағынан ұстап. «Жіберіңіз» деп бұл апалақтады. «Ағаның созған қолын ақылды қыз қақпайды, – деді анау. – Қане, түрегел». Еркектің еркін мінезінің мысы басты ма, әлде жол азабы өтіп кетті ме, соңынан ілесе берді.

Вагон іші жым-жырт. Жолаушылар қалың ұйқыда болса керек.

Еркек арнайы купеде жалғыз екен. Қарсы орын бос. Қыздың мұндай купеге кіріп тұрғаны осы. Тамақтануға арналған тақтайшаның ортасында Алматының апорты. Иісі жұпар аңқиды. Еркек қатталған аппақ төсек жаймасы мен жамылғыны ұсынып: «Андағы орын сенікі» деді. «Неге бос?» деп қалды қыз әлдебір секемінің төбесі қылтиып. «Атырау, Ақтау, Астраханға жиі жолым түседі. Тыныштық үшін купені түгел сатып аламын,  Қарадай үрікпе. Әуелгі жыным әлдеқашан басылған, қалқам».

Қатты ұйықтап қалыпты, оянғанда тақтайша үсті дәмді-дәмді суық тамаққа толыпты. «Жақсы демалдың ба, – деген еркек оқып отырған қалың журналын ары қойып, – Жуынып кел, аухаттанайық».

Бұлар үш тәулікке жуық бірге болды. Әкенің жалғыз қызы ғой, көбіне соның бауырында өскендіктен бұл ер адамды жатырқамайтын. Керісінше, олардың кейбіреуінің көз қарастарындағы өзгеше өткірлікке тәнті еді. Мына ер адам қай әңгімеде де танымның тамырын дәл тауып, тарқата білетін, тамсандыра алатын жан-жақтылығымен бірден таң қалдырған. Өмірдің, ғұмырдың табиғи заңдылықтары, тұрмыс-тіршіліктің түгесіліп бітпейтін түйіткілдері туралы толғанысы ерен. Бұл еркек қызға жаһанның жарығына жаны құмар, жартасқа да жауқазын өсетініне кәміл сенетін, көрініс атаулының бәріне бір мезгілде күн сәулесі төгіліп тұрғанын көксейтін көзі ашық, көкірегі ояу көркем ойлы адам болып көрінген. Қыз жаратылыс атаулының келісім-үйлесімін сөзбен салатын суретшінің де болатынын алғаш рет осы еркектен көріп, біліп, сол тапқан жаңалығына қуансын келіп. Сосын Ананың тым құрығанда жалғыз рет жанары жайнап, жанып-күйіп қарамағаны қайран қалдырған. Бұл өзінің аса сұлу екенін білетін. Жандары қалмай жабыса кететін жас жігіттер түгілі, талай-талай қырма сақал, көк тұқылдарға дейін айдай ажарын көз қиықтарымен аймалап тұрмайтын ба еді. Ал мынау… Жол сапардың үшінші тәулігінде қыздың жан әлемінде бұрын-соңды өзіне байқалмаған, әрі күтпеген бір желік пе, жеңсік пе, құйтырқы өзгеріс тызалақтай жөнелген. Телегей дүниенің теріңімен тербеп, биігімен біте қайнастырып, тебіреніске салатын мынау еркекпен ертесін қоштасуға тура келетіні өкінішпен өртеп, өбектеді, келіп. Оның  сұқтанып қарап, сұғын салмаған салқын мінезіне екі тәулік бойы әрі разы, әрі таң отырған күйін ендігі жерде әдемілігімен еркек атаулының еркінен де, есінен де тандырып жіберуді көксейтін  әйелдік әулекі өзімшілдік күрт күйретіп  жібергендей болды. Әйелдік әулекіліктің өз мақсатына жетуде өліспей-беріспейтін әзәзілдікке ұласатынын білмейтін. Жалғыз-ақ өзіне еркектің емешегі үзілгенін ғана көкседі. Қайтсе сөйткізе алады? Аймалау көрмеген аршын төсін ашыңқырап тастап та, ары-бері қозғалған болып топ-толық тоқты  бөксесін бұлт-бұлт ойнатып та құбылды. «Тыныштық па?»,  деп сұрады анау. «Нені айтасыз?», деп сұрады қыз. «Мазаң кетті». «Қайдам». «Рас». Еркек оқып жатқан журналына қайта үңіліп кетті. Қыз ернін жымқырды, қылығына қымсынды да. Қайтеді, «қап, бәлем!», деп екіленген қандыкөз сезім ерік берсе, қане. Кенет… Кенет қайдан келгенін қайдан біледі, санасының бір түкпірінен сайтаны ұстаған сайқал бір ой қылт-қылт еткен.

Түн түсіп, азанда Атырауға жететінін білетін жұрт ертерек ұйқыға бас қойған. Қайсыбір кезде қыз жайлап ыңырсымасын ба. Еркек басын көтерді: «Тыныштық па?», деді. «Белім». «Оған не болды?». «Ауырып жатыр». «Қояр». «Қоймайды. Аздап уқалап бересіз бе, ағай?»

Еркектің алақаны беліне келіп тигенде ақ жайманың астындағы тұла бойы дір етті. Борбайы тыр жалаңаш болатын. Лыпасын алдын-ала сыпырып тастаған еді. Жайлап уқалай бастаған еркек қолын жұлып әкеткен. Мұның есі ауды. Ұяттан. Ұзақ, үнсіз еңіреді. Құдай-ау, мен не істеп, не қойдым, деп боздады. Жарық дүниенің бетіне енді қалай қараймын, деп өртенді өзегі. Өліп кеткенін көксеген…

Пойыздан жұрттың артын ала түскен. Еркек кетіп қалмапты, анадайда күтіп тұр екен. Қарсы жүрді. «Аман бол», деді сүлдесі тұрған бұған.  «Өзіңе өзің ие бол». «Көкең жазылып кетсін». Ол ұзап бара жатқанда қыздың еріні күбірлеп тұрған: «Сізден жеңіліп қалдым, ағай».

Осы ауыр оймен үйіне жеткенде білгені: әкенің асқазаны аты жаман ауруға ұшыраған.

Жазылып кетермін, деп жүріңкіреп қалыпты. Қаралған дәрігер, тәуіп, емшінің ешқайсысынан қайыр болмаған. Енді не амал бар? Әке жалғыз, шеше жалғыз, қыз жалғыз. Өң жалғыздан тұратын үйелмен үрей үстінде. Үзілмейтін үміт қана үйірсектейді. Қайсысының да қаперінде қарап қалмай қалайда қам жасау. Оның жалғыз амалы, әкені Алматыға жеткізу. Үлкен қаланың дәрігерлеріне.

Қыз өнер институтының жатақханасындағы күндіз-түні кернейлетіп-сырнайлатып жататын у-шуынан қашып, құрбысымен қаланың орталығына таяу көшенің бірінен пәтер жалдап тұратын. Пәтер дегенде, пәтер иесі ертелі-кеш қолынан қазақша-орысшасы аралас газет-журнал түспейтін интеллигент қария. Кемпірі де сондай. Өздері өте тату тұрады. Үйде де, сыртта да жұптары жазылмайды.

Аһ-лап – уһ-лейтін кездері де бар. «Ә, қу жалғыз-ай. Айдың-күннің аманында айдаладағы арапқа тиіп… содан шу қарақұйрық… Қанды жасымызды ағызып қалдырып кеткені… Құдайдың көзі соқыр ма»  деп қояды, сонда.

Бұл әкесін алып жетіп, пәтер иесіне жағдайды айтқанда, қарияның көзі жасаурап қоя берген. «Қарағым-ая, – деген, – Қарғадай болып… Қарат әкеңді, қарат, айналайын!»

Әкені жетелеп, қанша әуре-сарсаңға түссе де, меңдеңкіреп кеткен ауруға шипа табылмады. Рас, дәрігерлер біраз күн жатқызып, қараған. Ақыр соңында бастарын шайқады. Берген кеңестері: «Жалғыз үміт Қытай жақ. Ақылы. Қыруар қаржы».

Мұны естігенде пәтер иесі қария біртүрлі жабырқап қалды. «Осы мен… – деген бір кезде… оқып ем… Қайсы газеттен еді?.. Тігінділерін қарайыншы».

Артынан белгілі болғандай, қария газеттен қазақтың бір меценат азаматы жайлы оқыған, қаржыдан қатты қысылған кімге де қол ұшын беретін. Тігінділерден тауыпты сол мақаланы. Одан газет басшыларына телефон шалады. Меценаттың кеңес тұрағы, телефонын алады. «Барайық соған, – деді. – Шапанымызды шешіп алмас. Кісілігі ғой, үмітіміз. Өзім ертіп барамын».

Әке мен қыз елең еткен. Әйтсе де әкесі: «Мүлде бөтен біреудің қып-қызыл ақшаны ұстата салуы миыма қонбай отыр-ау, қызым» деген. Қыз не дейді. «Көке-леп» өбектегеннен басқа.

Көрікті әйелдің жылжып өткен сонау, сонау жылдарды аралап кеткен ойы осы бір сәтте сәл-сәл сейілген.

Түннің қай уағы екенін кім білсін, зағиптар үйі директоры жаңағы хабардан жадында жатталып қалған жаңғырықтан арылар емес. «Аға, зағиптар үйіне…» деп қалған жазатын жігіт. «Қалай түсіп қалғаным ба?» «Сол…» «Тағдыр талайын айналып өте алмайсың, дегенге сенесің бе?» «Енді…» «Дүниеде сірә, сенбейтін нәрсе жоқ. Ойымызға келмейтін тылсым күштер, күтпеген оқыс жайлар, қай жағыңнан шыға келетіні белгісіз беймәлім қасыреттер… Бәрі бар. Тек оны біз алдын-ала білмейміз. Қаперімізге де кірмейді. Құдай емес, адам, яғни жай ғана пенде болғанымыздан».

Ары қарай таратады: Мәскеуде бес жыл оқығанда есеп-қисаптың ғана түбін түсіріп қойған жоқ. Қанша кітаптар оқыды, өнер туындыларын қызықтады. Соларда адам білуге тиістінің бәрі айтылып қойған сияқтанған. Бұл солай пайымдады. Түгел белгілі болып көрінді. Әсіресе, адам жайлы… Қателесіпті әбден. Тіпті, өзгелер түгілі қанша жыл тар төсекте тебіскен, өз әйелінің шын мәнінде кім екенін білмепті. Өз ауылынан, колхоздың мал дайындаушысының қызы еді. Көрікті. Көп сөзі жоқ, момақан көрінген. «Үндемегеннен үйдей пәле шығады» деген сөз сірә, бекер айтылмаса керек.

Мұның шаруасы дөңгеленіп, әйелі ендігі жерде не ішемін десе ішіп, не кием десе, киіп, алтын-күміс тағынып, қонақта төрге қатар жайғасып, айналасынан құрмет, қошемет көруге жеткенде, көрер көзге кеудесі шалқақтай түскен. Ісіне араласа бастады. Әсіресе, табыс жағына. Қаймана қазақтың қажетін ашу – қаржыны қалай болса, солай шашып-төгу, деп ентікті. Оған қоса, ойда-қырда ойнастарың көп, деген пәлені де ойлап тапқан. Бұған қыз-келіншектің қырымнан көз салатыны рас та еді. Кез-келгенін жуадай солдырып кете бермеді бірақ. Десе де, жігітшіліктен ада күйде едім, дей алмайды. Болатын ондай оқта-текте. Ойламаған жерден. Лып етіп жанып, лүп етіп сөнетін сәттік ләззаттар… «Сенесің бе, осыған?» деп сұраған зағип. «Еркекпіз ғой, аға» деп құбылған жазатын жігіттің үні. Зағип әңгімесін ары ары қарай жалғайды… Жастықтың жыны жаман. Алды-артыңа абай қарау айдалада қалады. Албырттықтың шаруасы апыл-құпыл. Әйеліме солай үйленгенімді білдім. Біз әр қилымыз ғой. Біреулер үшін қолды сілтей салу оп-оңай: барын киіп, артығын бөктеріп кете береді. Біреулер олай істей алмайды. Бір құдыретті күш тыпыр еткізбейді. Солардың біреуі едім мен. Оқта-тектегі, ойда-жоқ жердегі жігітшілігім өзімнің сол болмысыма қарсылығым шығар. Кім білсін. Енді, бірде… Күтпеген жағдайда жолықтырдым бір аруды. Көркін қойшы, көкке емініп көңіл тербейтін көк қанат қиялы, аппақ арманы, лүпіл қаққан үкілі үміті… «О дариға сол қыздың өзі» болып көрінген. Ешқашан есік көрмеген, ешкім етегін көтермеген көк өрім. Менен әлдеқайда кіші. Бірақ, ересектер түгілі, егде тартқандардан көріне қоймайтын естілігі қайран қалдырған. Екі жылдай ма екен, жолығысып жүрдік. Армансыз айтылатын әйдек-әйдек әдемі әңгімелер… Сырласу, ұғысу, үйлесу… Бары осы. Маған өзге ешнәрсенің керегі де жоқ еді. Жүзін көріп отырсам, даусын естіп отырсам, жетіп жатқан. Іңкәр көңілім, ынтызар тілегімнің менің жағдайымда одан әріге бара алмайтынын білетінмін. Ауған аңсарымның қылдай қуанышы, шөкімдей бақытын місе тұттым. Осымның барлығының күтпеген жерден адыра қалатынын білсем, қане. Айдың аманында тілдей қағазға, жалғыз ауыз сөз жазып қалдырып, із-түссіз кете барар дедім бе. Не ойларымды да білмедім. Біздің ара-қатынасымыздың ақыр соңында ешқайда бастап бара алмайтыны рас та еді. Сөйте тұра… Ешқашан емексітіп көрмеген ес-түссіз бір іңкәрлік лебінен сытылып шыға алмадым ғой. Мейлі бірер күн, бәлкім бірер ай, әйтеуір қанша болса да әлгі әлей сезіммен өмір сүргім келген. Енді… Опындым, оңбай. Отым сөніп қалды. Іздеп табуды ойлап тұрып, іркілдім. Өйтіп, қайтем. Өйтуге қақым қайсы. Ең басты өкінішім – екеуара ағыл-тегіл армансыз ақтарылып, үйлесім тапқан үкілі сәттер ол үшін ойын болғаны. Неткен аярлық. Керек десе, мейлі тұрмыс құрсын, шетел асып оқысын, бәрін, бәрін өзім көтеріп бермес пе едім. Ойымда әуел бастан жүретін, осы. Өзіне өзімді іңкәр еткені үшін де, оған өмір бойы қарыздармын, деп есептегенмін… Қапелімде қара түнек басып қалғандай қалде қалдым. Әйелімдікі анау, қыздікі мынау. Әйел біткен дегенің, құбыл, қу, сенімсіз екен шетінен. Бұлардан ба бұлардан… Қалған көңіл – қара жер. Кім білсін…» «Көзіңіз көрмей қалғаннан кейін, жеңгейдің мінезінде бір өзгеріс болды ма? Аяп дегендей…» – жазатын жігіт жақауратты. Зағиптың күрсінгені ап-анық естілген. Сәл үнсіз қалып, ары қарай таратқаны: Көруден қалған жағдайға ұшырағаннан кейін, әйелі құтырып шыға келген. Бар игілікті өз атына аудартты. Қарға адым жер түгілі, алдындағы қағаз бен қаламды көруден қалған мұның басқадай амалы жоқ та еді.

Әуелде күтуші жалдап беретінін айтқан, бірақ, ойбай барды үптеп кетсе қайтеміз, деп онысынан бас тартқан. Ертеңгі шайын береді, түскі асына оны-пұны суық тамақты ас бөлмесіндегі столға қойып кетеді. Кешкісін солар қай кезде келеді, сол кезді күтесің. Таяғын тықылдатып ас бөлмесіне, ваннаға, балконға өтуді біліп, алған әйтеуір.

Адам қандай азапқа да көнеді. Тіпті, су қараңғылыққа да. Ал адамның, соның ішінде ең жақыныңның қорлығы… Әйелі мен ұлының мұның бар-жоғында шаруалары бола бермеді. Екеуінің әңгімесі, бұл жасаған игіліктің айналасы, ертелі-кеш. Қайсыбірде жатқан бөлмесінің сәл-пәл ашық қалған саңылауынан, ас бөлмеде отырған олардың әңгімесін естіп қалған. «Жасың отыздың ортасынан асып барады, үйленбейсің бе, ана қызыңа, – дейді әйелі ұлына, – Косметикалық салон ашып берер едім оған». «А его куда деть?!» деп ұлы бұл жататын бөлмеге қарай иек қаққан. Етіне күн, бетіне жел тигізбей өсірген жалғызы. Не ішіп, не киім, демеген перзенті. Оқытқан, тоқытқан тұяғы. Ата-баба, әкеден жалғыздап келе жатқан әулеттің ертеңгі үміт, сенімі…

«Кетпесіңізге амал қалдырмаған екен» деп қалды жазатын жігіттің даусы жабығып. «Жақсы ит өлігін көрсетпейдінің кері. Ия, сол. Іші-сыртым теңдей қара түнек. Шөкімдей сәуле қалмаған»…

Зағиптар үйі директорының көңілі босаған. Бордай тозып, бойын әзер билеп, балконға шыққан. Темекінің түтінін үсті-үстіне сорып тұрғанда кенет әйелінің қалың құйрығын қасып жатып: «Зейнет жасың да жақындап қалды ғой, осы бастан орныңа мені отырғызып кетуді ойла» дегенде, «ойпыр-ай-лағаны» бар еді. Шалдардың: «…Қойныңдағы қатыныңа сенбе» дейтіндері есіне енді түсті. Сонда әу бастан әйелде опа болмағаны ма. Өзгені қайдам, өзі мұны ешуақытта қаперіне жөндеп алмаған екен. Көз алдына соңғы кездері әйелінде пайда болған қылық, – бұған қаратып айтса, екі бүйірін таянып тұрып сөйлейтіні келе қалды. Денесі дір-дір етіп, қоя берген..

Енді ғой ойласа, әйелінің уысынан әу бастан шыға алмаған екен. Сол не айтса, соны істепті. Ағайын-туыстан баяғыда қол үзген. Оны айтасың, өмір бойы мал соңында жүріп, мұның жыртығына жамау болған тете інісінің қай жақсылығы есінде қалды?.. Оның қай баласын жетеледі. Тіпті, қатынның қатқан қабағынан жуымай кетпеді ме. Құдай-ау өзге түгілі өзіне сүйеніш болған өз бауырына да опа бермепті ғой бұл. Есінде қалмапты оның жасаған жақсылығы. Көз алдына әсіресе, тоқсаныншы жылдары сонау жер түбінен қойдың тұтас етін арқалап келіп тұратын тете інісі елестеп көзіне жас келді.

Көкірегі күйіп-жанып күйреп кеткендей күймен көркем әйел көрпеге оранып алды. Көз алдында… Пәтер иесі қарияның ескертуімен әкесі екеуі ерте тұрған. Әкенің боп-боз өңінде қызғылт рең қылаң беретіндей. Үміт оты. Ия, сол. Қыздың да қолтығынан құс ұшып шыққандай, қалықтап кете жаздаған. Кенет… Үйінен бері беттеп, келе жатқан қария көзге түскенде… Шымқай қара костьюм, ақ көйлек, қызғылт галстук таққан қарияның екі өңірі толған орден, медаль. «Қызым, такси ұста» деген қария. Таксилетіп іздеген мекен-жайға әп-сәтте-ақ жетіп келді. Қабылдау бөлмесіндегі жүзі жылы хатшы қыз орнынан лып етіп көтеріле берді. Қария жөн айтты. «Бәріміз топырламай, –  деген қария бұған. – Біз көкең екеуміз кірейік.

Не болып, не  қоярын білмей, қозғалақтап отырған қыз меценаттың кабинетінен жарыла сөйлеп, алшаң басып шыққан қария мен әкесін көргенде, жолдары болғанына қатты қуанды. «Бар ғой, бар бізде азамат ердің баласы. сөзге келмеді ғой. Көрді. Барлап қарады. Құлақ қойды. Қажетті құжаттарыңызды дайындап, керек қаржының көлемін анықтап келіңіздер деді, – қарияда жан жоқ, – Нағыз азамат емей, немене».

Шет елге емделуге берілетін құжаттарды әзірлеудің шаруасы шаш етектен екен. Қытай емдеушілерімен келісімі былай… Осыларды жиыстырып сабылып жүргенде, біраз күндер өтіп кетіп, әкенің дерті мүлде меңдеп үлгерген. Жүріп-тұруының өзі қиындады. Қиырдағы Қытай амал жоқ, жайына қалды. Есі кеткен қыз дәрігерлерге әл беретін дәрі салдырып алып, қарияның арқасында әкені самолетпен ауылына алып ұшқан. Аман жеткізіп, апта өтпей жерлеп қайтып еді… Қайсыбір күні пәтер иесі – қария мұны шақырып алып: «Жағдайдың не болғанын айтып, анау азаматқа кіріп шыққаның дұрыс болар еді. Хабарсыз кете беру ыңғайсыз. Риза көңілді білдірген жөн» деген.

Сонда… Меценаттың кабинетіне кіргенде… Өз көзіне өзі сенсе, қане… Құдай-ау, Атырау поезының арнайы купесінде үш тәулік сапарлас болған ер адам… Өңі ме, түсі ме?.. Анау да аң-таң. «Мұндай да болады екен» деді басын шайқап. «Міне, қызық» деп қыз қабағын керді. «Қалай сонда?» «Өткен жолы көкеме Қытайға барып емделіп келуіне қаржы бермек болып едіңіз». «О кісі сенің әкең бе еді?» «Ия». «Қайта келмей кетті ғой, бірақ». «Құжаттарды әзірлеп үлгермедік. Ауылға әзер жетіп, қайтыс болып кетті». Анау күрсініп, көңіл айтты. «Көмек сұрап алдына келген әкемнің өтінішін жерде қалдырмаған адамға алғысымды айтып шығуды парыз санадым, – деді қыз. – Бірақ сол адамның сіз екенін білгем жоқ». «Мұны, сірә, тағдыр талайы дейді». «Сонда қалай?» «Кенет кездесіп, солай қоштасып, ойда жоқта қайта жолығу… басқаша қалай». Поезд купесінде жанын тербеп, жадында қалған, жағымды, жампоз дауыс. Соның әуенімен тұла бойы түгел лүпілдеген. Жауып, ашылған күннен кейін жарық дүниенің жадырап қоя беретін құбылысындай жан тебіренісін аңғарды. Поезд купесінде-ақ лүр еткен сезім. Сапардың үшінші тәулігіндегі ана бір қылығы есіне түсіп, өрттей қызарды. Қоштасқанда тағы да жолығармыз деген сенімі болып па еді. Күдерін үзген. Үміті сөнген. Ұмытпағаны, ұмыта алмағаны қалай, бірақ. Әуендетіп тұрып алмады ма, жадында. Тағдыр деді, жаңа. Шынында да жаратушының өзі қилы-қилы жолмен қисынын тауып, қиюын келтіріп қоятын шындық деген шығар, сол.

Анау бұған визиткасын ұсынып: «Қабылдау бөлімі мен тікелей телефоным осында,» – деді, – Қандай да бір жағдайға тап болып жатсаң хабарлас, қалайда». «Былай да бола ма?» «Оны, – деп жымиды анау, – Патша көңілің біледі».

Қыз хабарласа алмай жүрді. Есебін таппады. Не айтып, не айтып қояды. Апталар өтіп жатты. Күн сайын оқталады, телефон шалуға. Батылы жетпейді. Ықтиярыңа көне бермейтін ынтызар күйдің ындыны құрып шыға келгенде, сергелдеңге түсіп, сенделіп кетерің былай діңгелетеді. Сонан соң анау қылығы… Ақыры күндердің бір күнінде телефон шалған. Тіке номеріне. Көтермеді. Тәуекел деп қабылдау бөлімінің номерін терді. Хатшы қыздың айтқаны: Анау бүйрегі ауырып, ауруханада екен. Адресін алды. Барды іздеп. «Сенбісің?» деді анау таң-тамаша қалып. «Телефон шалып едім, амандасқалы, ауруханада деді». «Бүйрегімнің өстіп қоятыны бар». «Жазылып кетіңіз». «Хабарласпай кеттің… Ұмытты ма деп едім». «Өйтпеңіз. Қалай ұмытамын… Ыңғайсыздандым…»

Екеуі аурухана алдындағы жапырағы қалың ағаштың көлеңкесін саялап, әңгіме-дүкен құрып отырды. Еркек біртүрлі мейірімі төгіліп қараған. «Сурет салып жүрсің бе?» «Шимай-шатпақ». «Неге олай?» «Білмеймін». «Суретші болғанымда, — деді анау, – Тағдырдағы таңғажайып бір көріністі салар едім». «Ең таңғажайып дейсіз бе». «Иә». «Ол қандай, не сонда?» «Ол ма… Менің көз қарасымда, тағдырдағы ең ғажайып көрініс – мына сен сияқты болып көрінеді маған». Қыздың қолтығынан құс ұшып шыққандай қалықтап кете жаздаған. «Ұялып кеттім ғой, аға» деген қысылғаны рас болса да, шаттанып.

Осы күннен былай қараған жерде олар ара-тұра кездесіп жүрді. Өліп-өшіп, өбісіп, өбектеусіз. Қатар отыратын, қатар қуанатын, қатар қиялдайтын. Осының өзіне шексіз разы еді қыз. Осылай бола бергенін тілеген құдайдан. Бақыттың құшағында балқып отырып, оның отбасы бары ойына орала кеткенде, жанын қоярға жер тапса, қане. Сорлы жүрек солқылдап жылаған-ау талай. Үйлі-баранды адамды үйірсектеуге болмайтынын, оның күнә екенін білетін. Алайда, адамның ауған көңілі, алды-артына абайлап қаратардай халде емес еді. Іңкәр болып қалудың айы оңынан, күні солынан туғандай шексіз қуаныш-шаттығымен күндердің қалай өтіп кеткенін білмей де жүрді. Десе де… Иә, десе де бұл ер азаматтың бала-шағасын қан жылатып кете алмасын білді. Ананың да өйте қоймасын былай да сезетін. Оны істесе, мұның алдында аласарып қалар еді. Сөйтіп, жеңіліс табар. Жо… жоқ… Беті ары… Онда содан үйренген жарық дүниеге іңкәрлігі, ақ қанат армандары, үкілі үміттері, селкеусіз сенімдері бәрі, бәрі адыра қалар. «Сонда?» деген түйсіктің түкпірінен түтеп шыға келетін бір дауыс «кету керек», деген мұның ерні күбірлеп. Із-тозсыз..

Ол сонда, өзінің жеңісі  болып шығатынына сенді. Иә, өзінің жеңісі…

Конвертке тілдей қағазға «Аяулы ағатайым, айып ете көрмеңіз. Қарамды біржолата батырып барамын. Біз енді ешқашан жолықпаймыз» деп жазып, Ананың мекемесіндегі хатшы қызға қалдырып, қары қалың қиырдағы қалада тұратын нағашы жұртқа кете барды. Театрға суретші болып орналасып, көп ұзамай анасын қолына көшіріп алған. Одан кейінгі өмір… Екі жолы тұрмыс құрды. Екеуімен де үйлесім таппады. Анадағы бардың тым құрығанда бер жағы да болмады, бұларда. Ал үйренісіп, үйелменді болып кету көнбістігі болмысында жоқ болып шықты. Бала да сүймеді… Бір кездегі Анау айтатын сөзбен салатын суреттерді ақ қағаз бен ақ кенепке көшіремін дейтін арманы адыра… Спектакльдерге декорация салумен шектелген…

Көрікті әйел дүниеге сыймай көрпені лақтырып тастап, еңсесін көтерді. Көз жасы құрғамапты. Қанша жыл аққан көз жас. Қайдан шығып жатыр. Қайдан?..

Жазатын жігітпен болған сұхбаттан зағиптың бойы біраз жеңілдеген сыңайлы. Әйтеуір ескеріп іздеп келгені, там-тұмдап болса да, оған тағдыр талайын таратқаны. Там-тұмдап… Айтылмай қалғаны қанша. Асқақтаған армандары, мақсат-мұраттары… Көкке ұшқан олар. Өзімен қалғаны, өңмеңдеп тұрған өксігі, басылмайтын өкініші, өзегін өртеген өкпесі. Бәрі құдайдың құлдарына қатысты. Солардан қалған көңіл. Қай күні бағың тайса, сол күні қайрылмай кете баратын пәтуасыздық. Өзге түгілі, өз әйелінен, өз ұлынан көрмеген опа… Анау қыз… шығарға жаны басқа еді, ол дегенде. Жалт етті де жоқ болды. Ойнаған мұнымен. Неткен опасыздық… Қайсысынан да қара тас болып қалған жүрегі орнынан кенет бұлт етіп қозғалып кеткендей. Бойы ұйып, босап барады. Жарқ етіп, жарық дүние елес береді. Ағылып бара жатқан қалың нөпір. Өмірде кімді көріп, кімді қойды, солардың бәрі кетіп барады, ішінде. Ешқайсысы бұған бұрылып қарап, қолдарын созбайды…

Зағиптар үйі директорының үнжырғасы түсіп, сіркесі су көтермей отырғанына апта өткен. Ертеңгілік, есігін біреу қақты. Көргеннің көзі тоятын көрікті әйел. Ана зағипты іздеп келіпті.

— Кімің еді? – деп сұрады бұл күтпеген жерден келген тосын әйелге таңырқай қарап.

— Мен бе… Мен… – көркем әйел күмілжіді.

— Бұған дейін қайда жүрдің, айналайын?

— Білмедім, – деп тұншықты. – Білмедім, о кісінің мұнда екенін.

Директор үһіледі. Үһлеп тұрып, үзіп-үзіп айтқаны:

— Қай…тыс… бо…лып кет…ті, ол кі…сі… Ап…та бұ…ры..ыы..н, миы…на қан құйы…лып…

— Қойыңыз – әйелдің даусы бордай тозып ботадай боздап кетті, – Оныңыз не…

— Кеш қап жүреміз, – деп күңіренді директор. – Сөйтеміз, ылғи.

— Біражола алып кетейін деп келіп едім, – деп әйел бетін басып екі бүктеліп қалды. — Алып кетейін деп… Алып кетейін деп…

Нені күтсе де директор дәл мына жағдайды күтпеген еді. Әйел кім?.. Ананың кімі? Дәнеңе түсінбеді. Тіпті ол әйелдің шығып кеткенін де байқамай қалып еді…

Ж. Жұмағұлов