Несібе. Мейіржан Әуелханұлы

«Несібе» – жас жазушының ізденісі. Формасы өзге, айтары салмақты дүние. Автор қазақы тілге жатық, ұлттық ерекшеліктерді меңгеруін былай қойғанда, ауылдың қоңыр иісі оның шығармашылығынан анық байқалады. Несібесі таусылмасын деген ниетпен Мейіржан Әуелханұлының әңгімесін назарыңызға ұсынып отырмыз.

 

 НЕСІБЕ

 

(Әңгіме)

 Сен сонда барасың…

 

Мен жеп тауыса алмай кеткен несібені сен теріп жейсің!..
Шоқанның хаты

Саркідір дала. Қуаң төстен ыстық самал желпіп өтеді. Буалдырлай сұлаған көгілжім таудың аспанмен жымдасқан тұсында бозаң тартып бұлт ілінген сияқтанады.
Жалғы-ы-ы-ыз келе жатыр. Ілбіген аттың көзі көрсін деді ме, жоқ әлде, сипай өткен қайысты да атына ауыр көрді ме, ол қамшы ұшын оң жақ үзеңгілігі тұсынан серпе тастады да жануардың қос құлағы мен көз тұсына телмірген күйі отыра берді. Аттың әрбір аяқ басысындағы күйі тақымынан зыр етіп өтіп өз күйіне алмасып, өз күйі серпе тастаған қамшысымен бірге кейде қараған басында, кейде бұрқ етіп жерге түсіп жатқандай.

Алдына қарап еді үлкен өзекке келіп қалыпты. Бұрылып көкжиекке бір көз салып өтті де, манадан бері қалай байқалмай келе жатқан дегендей мойнын созып тұрып маңдай тұстағы мұнарды ұзақ шолып тұрды. Тебініп қапталдай жөнелді. Қоржын басындағы торсыққа қол жүгіртіп шайқап көріп еді едауыр екен.
Қарсы қабақтың жылыстап келе жатқан көлеңкесінде барандап жатқан атжол бұлармен жасырынбақ ойнағандай, шұқшия қараған кісіге тағы бір басын шумақтап ап өрлі-қырлы қашқан асауға лақтырған шалмадай үш-төрт салаға бөлініп, иіріле келіп қайта айқасып кетеді.

Ат күйі кісі ойынан бөлінді. Жымырая желе жөнелген ат – қос құлағын қайшылай мына өзектің тұс-тұсына қорсылдай қарап, үңілген үстіне үркіп, әлгіндегі бейжайлығынан сілки серпілткен айнала бұған да осқырына қарап тұрғандай.
Кісі бұларды мүлде елеген жоқ. Ол төмен жақтағы текшені аса сайға құлап жатқан жыраны, жоғартындағы айланбаның қарсысындағы жарлауыттың маңайын сүзіп қараумен болды.

Іздегені табылмаған сияқты.

Ол көлеңке – кілемнің үстіндегі оюдай боп жатқан иыр-қир атжолға үңіле қарап өзектің қыратына шықты.

…бәрі көз алдына көшіп келгендей. Үп еткен жел де, ұзақты күн алыс-жақыннан ысқырығы естіліп тұрған жылқышының да сайраудан тоқтап тыным тапқан кезі. Мүлдем тыныштық. Көкжиекке батып бара жатқан күннің сәулесі де осынау тұсқа келгенде аспан реңін дәл осы сәттегі бояуына келіріп қана алға қарай сапарын жалғастыруды тоқтатып, бұған басын ие ол да тынып қалғандай. Астындағы жылқы жануар да алыстағы әлдебір ноқатқа тігіле қарап, тікірейген қалпы қыбырсыз тұр.


* * *


… Қыбырсыз тұр. Өзі? Иесі ауып түскен ат екен. Иесінің қасында мүлгіп: « апырау, не болды саған?» дегендей қыбырсыз тұр. Бұл ауыр ой үстінде еді. Мойнынан су тиіп, қатқан күрмеуі жазылмас қыл арқан іспетті ащы ағыс аттанған ауылына байланып, атынан жұлып түсірердей болып келе жатқанда ақ таңның көзге қадалар қызыл шұғыласынан бұрын жебесі қадала жаздаған атаман жігіт… Оң беті мен шеке тұсы кеудесін шеңбектей ұстап жиырыла түскенде көгі мол шымды қордаландырып кеткендей. Аты қасында. Қасы мен жүзінің тыжырына уыстанғанына қарап қайта жазылмай қаларын бірден пайымдаттырады. Қос бүктеліп жатқан кісі шекпенін төс етімен қоса уыстай бұрап, өзегіндегі жалынды аһ дегізуге шамасын келтірмей қуасырыла түсіп жатқан жерінен «қыл арқанын» сүйретіп үстінен түсті.

Қалған жолдастары… Әне қол бұлғап тұр. Бұл екеуін күресіп жатыр деп ойлаған бұлар «әп» десіп қояды. Бөркін жұлып ап бұл да бұлғады. Тартыншақтаған жетегін қос қапталына кезек салдыртып бері қарай желе жөнелді. Бәрі кеп қаумалады. Басын көтерткізді. Жатқызды. Ерініне айран жақты. Қолын апарып олжасының жалына тигізді. Қайран болмады… Ересектеуі келіп жағын таңды, бірақ, бұл бәрі болған, болғанның бояуы сіңген, бозбала кездің алғашқы да, соңғы жортуылы екенін «қыл арқаны» қыса түсіп сезінген еді.


* * *


Жалғы-ы-ы-ыз жатып ойлаған: осыдан қалсам атым өшсін деп. Кеше бәрі мұны мазақтап, ауылдағы балалардың үлкені, өзінен кіші, сиыршы Қаменнің «боқташағымен» күрестіріп қойып әбден күліскен.

– Әй, Қаменнің баласы! Осынын жеңсең сен барасың! – деген. «Қара да тұрыңдар, екі көздеріңді желкелеріңнен шығармасам ба бәлем…»

Марқайған көңілі масаты жаздың мамық кешінде Көк Кезеңнің қорымынан қара бестісі сусып ағып, қапталы қожыр, табаны сулы еңіс күнгейден құлдилай түсіп бара жатқанда барып сабасына түсіп, арнасын тапқан. Жортуылшылар таң ата ғана бұт артарларын сайлап, бері жылыстаудың қамына кіріскенде, бұл орта жолға әлде қашан жетіп алады деген сөз. Жетеді-ау… Қарағайлы беттің жыланды ұңғымасы мол жалғыз аяқ жолына түскен аттылы кісі кешкі күннің соңғы шұғыласы жылғы құйрығынан сылаң етіп түске бере білгендей боп, алға кеткен көлеңкеге қол созып қала берген.
– Жігіттер, біздің Қамен сиыршы болса, мына Қамен шылқыған бай. – Шырт түкіріп, қамшысын мықынға таянып алды. – Шымқай көк жылқысының өзі мына Шағанғолдың қысқы сонысын үш күнде тапап кеткенін көрдік. Атына бір жамбастап мықшиған қалпы қысық көзіндегі мысқылды, ауыз – көгеннен ағытып жіберген аяқ-қолы балтаның сабындай кеуделі сары құйрық тістесе келіп:

– Сол Қаменнің кісі көгі-ау, Сіздің ауыл, біздің ауыл… – дей бергенде бәрі жарыса күліп, тауаны шағылған, ұяты суға ағып масқара болған былтыр жайлаудағы Қамен баласының салған лаңы естеріне түскенде тақым мен тізгінге күшті тең салып әлгі мысқылды көзі бар басты ашулы көздерімен атып-атып өтті. Сосын бәрі аңтарылып маңдай тұсына қараған, желдіртіп кеп манағы ашу мен ызаларын өздері мазақ етіп, жортуылға бірге барамын деп сұранып келгенінде Қамен сиыршының ұлына жығып беріп қарық болысқан адас желішіні сабап шығарды.

– Өлесің! – деді біріншісі.

– Қара құсыңның шашын тақырлап қырып, шоқпар тиетін тұсты дайындап ал, – деді келесі бірі.

– Ауылдың иті еріп қалмаушы еді, мына ит алдыны орайтын болыпты ей!? – деп тебітті үшіншісі.

– Ау, болды енді. Бізге де көсеу керек, – деді қарасақалдау бірі.
– Барам! – деді бұл.

– Атып тастасаң аты жүк, одан да біздің жүкке ат болсын… – десіп бәрі қоса күлді.


* * *


Бұлар таянды. Таянған жоқ, келіп алған. Олжасы алдында. Көзді тұндырған жылқыны үйіре қуып, дүркірете айдай жөнелу қолдарынан
келіп-ақ тұр, бірақ, бес бірдей жігіт жылқышының атын жортуылға шығуды ойға алып, жүлгесін піше бастағаннан ауыздарына әлсін-әлсін алып, қара шоқпардың астында мылжаланып жатқан өздерін көз алдарына елестетіп, жүректері дірілдесіп қалатын. Енді міне, Қамен байдың жылқысына қалай төтеп берудің айласын таппай қалың жылқының шетінде, мыстары құрып отырған отырысы.

Біріншісі айтты:

– Жылқыны өзіне қарай айдып, таптатып жіберейік.

Екіншісі айтты:

– Ол болмайды, мұндайды бірінші рет көріп тұр дейсің бе ол жырынды. Не де болса алдымызға түсіп, айдауымызға көніп бөліне шыққан үйірді қуып қарамызды батырайық. Мына бәтірекеш аз малға бола қуа қоймас.
Үшіншісі айтты:

– Жоқ, бес жігіт барып, бес тал қылқұйрық жетелеп елге қай бетімізбен барамыз, басқа амал табу керек.

Қарасақалды сөзге кірісе бергенде тұмсықтағы қожырда қарауылда қалған «жүк көтерер жалғыз» балаң қатулығымен сырбаз болып, ширақ қимылдап, ершікештене тіл қатып, өзінің де жай кісі еместігін бұларға танытқысы келгендей:
– Манағы түтін өшті, батырың ұйқыда, – деп, оң тізесін бүге, көк майсаға жүрелей отыра кетті.

Кенет бәрінің ойы бір жерден шығып, ортақ келісімді тапқандай түсіністікті жанармен бір-біріне қараса қалды. Ылғи да бәрінен кейін сөйлеп, соңғы шешімді, сөз түйінін айтар кеуделі шегір:

– Батыр ұйқыда ма? – деді.

– Иә, отын өшіріп ұйықтап қалды.

– Жә-ә-ә-ә. Мә мына кездікті ал. Батылдығыңды көрейік, сол батырдың басын алып келші.

Бозбаланың өн-бойын бір ыстық ағын шарпып өтті. Көзі буалдырланып, жас толып кеткен сияқтанады. «Батылдық… сыналар сәт туды… бармай қойсам мыналар мені өмірі мазақтап өтер.. батыр-батыр дейді, әнеу күнгі әңгімелеріне қоспай қойып еді, осынша жылқыны жалғыз қараған кісі әрине батыр ғой..» ол қайтадан жасып қалды.

– Не болды жас арыстан? – деді біріншісі көзінде мысқыл бар.
– Сендерге керек бас болса.. әкел кездікті. – Нағыз жекпе-жекке аттанып бара жатқан жігіттің өр дауысымен айтпақшы еді, дауысының аяқ жағы дірілдеп кеткен сияқты. Бала жерде жатқан кездікті алды да атына қарай кетті.


* * *


– Сонымен бала, не бұйымтаймен жүрсің? – бала атын текшеге шыға беріс қапталға қалдырып жаяулатып жылқышының қасына келгенде ол түрегеп отыр екен. «Ассалаумағалайкум» деп сәлем берді. Жүрзі жарқылдаған кездігін қолынан қолынан қалай алып алғанын да білмейді. Сәлемін алды.
– Жылқыға барымтаға келдік.

Батыр кеңкілдеп күлді.

– Серіктерің қайда?

– Мені сіздің басыңызды кесіп әкелуге жіберді.

Батыр қарқырлап күлді.

– Мені бұрын естімеп пе едің?

Бала ентігіп не айтарын білмей қалды.

– Е-е-е, балам, бері кел. Бала сонда байқады, кетіп бара жатқан адам барған сайын ұлғайып, таудай денесін артына қайта бұрса жүрегі жарылып кетердей.
Кісі артына бұрылды. Мұның денесін тағы бір ыстық ағын бойлай ағып, бұрқ етіп төбе құйқасынан шығып кеткендей болды.

– Көр мына жатқан малды. Байдың малы! Бұл малды өмір бойы бағып келе жатырмын. Жас кезімде айызым қанып, бір-екі барымташымен қолтық жазысып едім… сол кезден бастап қазірге дейін мына таудың аюынан басқа жау менің маңайымды басқан емес. Бүгін маған жау болып, барымташы болып сен келіпсің. Ал! Ал мына малдан қалағаныңды. Боқ қарын байдың бір шаптырып сигенінше ғана уайымдайтын дүниесі бұл. Осы күнді қаншама күттім мен… Ол – арман емес бірақ. Еркеше сөйлеп, жөн білер жанға айдатып жіберейін деп… ыза! Шақыр жолдастарыңды, қосқа келіп қонақ болсын.
Баланың басы тіптен зеңгіп қалды.

– Анау боқмұрын жолдастарыңды шақыр бар, әй, сен батырсың!

Ол сонда барып өз құлағына өзі сенді. Атына жетті де, тізгінін бұра шапты. Көргенін айтты. Жылқыны ала беріңдер деген сөзі мен қонаққа шақырғаны ғана аузына түсті.

Біріншісі шиқылдап күлді.

Екіншісі қамшымен етігінің басын шұқып, төмен қарады.

Үшіншісі қара сақалға қарады.

– Кәрі түлкінің қулығына алдануға болмайды. – кеуделі шегір бұрылып балаға қарады, – сен батырыңа барып айт, біз кеше барамыз.

 

* * *


Қос іші. Қазандағы еттің баяу бұрқылдап, қайнаған сорпаның дауысы шығады. Мезгіл бесін. Батыр пеш аузынан жалаң қағып біресе ішке, біресе сыртқа қарай тілін жалаңдатып тұрған қызыл жалынға тесіле қарап отыр. Тосаттан атағаш жақтан арқыраған дауыс естіліп, оның соңы күркіреген үнге ұласып кетті. Батыр мен бала далаға атып-атып шақты. Дөңнен асып атағашқа қарай балпаңдап келе жатқан аю. Шыр көбелек айланып, сағалдырығы шылдырлап, ата жөнелгісі кеп, тартып қалған байлаулы шылбыр ұстап аттар жанталасады. Мықынына қыстырған баланың кездігін суырып алды да, батыр аюға қарай адымдай жөнелді. Сол сәтте қостың төменгі жағындағы сайдан дүбір естілді. Қолтығына қысқан мылтығы бар, қос жақты бетке алып кеуделі шегірдің ағызтып келе жатқанын көрді бала. Қайта артына бұрылғанда батыр мен аю алыса кеткен еді…

– Мін атыңа деймін. Атам әйтпесе.

Оқ екі аяғының ортасындағы шымның қара топырағына бұрқ ете түсті.

– Мінейін ағатай…

– Мін де шап сайға қарай!

Артына бұрылуға шамасы келмеді. Көзінен жасы парлап келеді. Тас еткен дауысты естігенде сайға қарай құлаған еңіске ілінді де арт жағын көре алмай қалды.
Қостан алыстай берді, алыстай берді. Уәделескен жазыққа жылқымен қоса басқалары бұл екеуінен бұрын жетіп алғанға ұқсайды. Әне, көрінді олар.
Баланың астындағы ат оқыс үркіп қалды. Артына жалт қарап еді, атаман аттан құлап түскен екен. Бұл да қарғып түсті. Ана жақтағы дөң басында ұйлығысып тұрғандар «әп» десіп қояды. Бөркін шешіп алған атаман қолын бұлғап оларды шақырды.


* * *


Жоқ іздеген атты адам қыратқа шыққан беті қаздиып әлі тұр еді. Дүр етіп сілкінген ат үстінде әрең жиналып үлгерді ол. Дәл осы жер ғой ол.

– Жарықтықтың неден кеткені белгісіз болды…

Кісі күбірлеп бетін сипады.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан