Суретшінің шеберлігі алыс жерлерге жетіп жатты. Оны іздеп шалғай қалалардан адамдар келіп, өз портреттерін салғызды. Сөйтіп жүргенде оған бірде бір ару келді. Ол да өзінің суретін салғызғысы келеді. Суретші оны көрген бойда қалшиып тұрып қалған. Жанына әйелі келіп:
– Бұл сұлу да саған өзінің суретін салғызбақшы екен. Ақысын айтсайшы. Неғып үнсіз қалдың?-дегенде барып, суретші селк етті.
– ...Мен... Мен сізді... жаза алмаймын... -деді де өзінің ауырып тұрғанын айтып, оңаша бөлмесіне кіріп алып, шықпай қойды. Суретші осы үлкейген шағында көрген әлгі сұлуға ғашық болып қалғанын сезді. Тілдессе екен, олардың арасында сөз болған жоқ, сонда бұл не сезім? Ол ұқпады, жаны күйді, көзі қарауытты, ақыры "Мен енді бұл кәсібімді доғарамын" деп кесіп айтты. Әйелі түсінбеді. Тұрмысымыз қалай болады деп уайымдады. Суретші өзін ауыр жұмысқа салды. Күні-түні жүк тасыды. Тапқаны бұрынғыға қарағанда мардымсыз, бірақ өлместің күніне шүкіршілік етті. Саулығы нашар суретші ауыр жұмыстың салдарынан титықтап бітті, көзі көрмей қалды... Бұл ол үшін үлкен қасірет еді. Әйелі көршілердің кір-қоңын жуып, үйін жинап, оны-мұныны істеп кетті. Үйде күн ұзаққа жалғыз қалған суретші сипалап жүріп шеберханасына кірді. Көзі сау кезінде жатталып қалған заттар емес пе, бәрін ыңғайлап алып, жұмысына кірісті. Әйелі келер уақытта шеберханадан шығып, орнына барып жата қояды. Сөйтіп арада жылға таяу уақыт өткенде ол әйеліне сырын ашты:
– Қымбаттым, сенің есіңде ме, мен суретшілікті қоямын дегеннің алдында үйімізге бір сұлу қыздың келгені?
– Иә, сен оған қарап сілейіп қалғансың. Мен сонда сезгем сенің жан дүниеңді. Сол қыз ғой сені "соқыр" қылған...
– Олай деме. Өзім ғой. Енді болар іс болды. Сен енді былай істе. Шеберханаға кір, міне, ашқышы, онда жиырмаға тарта жұмыс тұр, сен соларды шығарып сат, білесің қайда апару керектігін. Менің бұрынғы достарымды іздестір, жұмысты көрсет, көрмеге қойсын, саттыққа шығарсын,-деген соң әйелі таңырқап, кілтті алып, шеберханаға кірді. Көргеніне сенбей тұрып қалды. Оның алдында үйге келіп кеткен бейтаныс сұлудың бейнесіне толы нешебір жұмыс тұнып тұр. Бірінде түрегеп тұр, бірінде отыр, бірінде ұйықтап жатыр... Әйелі жүгіріп күйеуіне жетіп келді.
– Сен... сен көресің бе?!. Ол қыз әлі келіп жүр ме?-деген сөзіне күйеуі күлді:
– Жоқ. Сол тас соқырмын. Ойлашы, арада қанша жылдар өтті. Ол сұлу да сол күйінде тұрмаған шығар... Әйелмісің деген, қит етсе, қызғаныш... Мен бұл бейнелерді ойша жаздым. Көрмей жаздым. Қалай ұқсайды ма?!. Көзін, мұрнын ауыстырып алмаппын ба?!.
– Шынымен де сен оны... Көзі бар кісінің салғанынан артық қой!-деп қайран қалған әйелі сонда да қызғанышын танытты,- сен мені осылай сала алар ма едің, көһзің барда да салмап едің, білем, сен ол сұлуды жүрегіңмен, жүрек көзіңмен жазғансың!..
Қалай десе де күн көрулері керек. Әйел күйеуінің айтқанын бұлжытпай істеді. Аз уақыт өтпей жағдайлары түзелді. Үй сатып алды. Ішер ас, киер киімнен тарықпайтын күйге жетті. Ең соңғы жұмыс қалғанын әйелі ескертті. Күйеуі:
– Білмеймін, мен де сол кезгідей сезім кетіп қалды ма, енді ондай етіп жаза алмайтын сияқтымын... Тамақ тоқ, көйлек көк дегендей... Сұлудың бейнесін де ұмытыңқырап барамын,-дей бергені сол еді, үйдің есігі қағылды. Әйелі барып ашқан. Сәл өңіне өзгеріс енгені болмаса, алдында сол сұлу тұр!..
– Саламатсыздар ма?!. Кезінде суретші ағай менің суретімді салуға келісімін бермеп еді, алайда мен қайда болмадым, біраз шет елде болғам, сонда атақты галлерияларда менің бейнем тұр... Кім салды десем, сіздің есіміңзді айтады бәрі. Сіз менің бейнемді қалай салдыңыз?.. Көрмей... бірақ қалай дегенмен де қарап салған одан да артық болады ғой, деп міне, тағы сізді іздеп келдім!..-деп ару сыңғырлай күлді.
– Ағаңыз сіз келіп-кеткелі бері зағип болып қалған...-дей берген әйелінің сөзін суретшінің өзі бөліп жіберді:
– Асықпа, асықпасйшы... Мен... Мен оны көріп тұрмын ғой!.. Көзімнің, жан жүрегімнің нұры оралды... Әйелі күйеуіне таңырқай әрі әлденеден шошығандай қарап қалған. Суретші жымтды. Әйелінің қолынан ұстап:
– Ештеңеден қорықпа. Удың күшін у ғана қайтарады деген. Мен неден ауырсам, сонымен жазылдым. Ал жүрегім өз орнында,- деді. Сұлу ару екеуінің сөзін түсініңкіремей күлімсірей қарайды.