Мұхтар Мағауин ойларынан

Мұхтар Мағауин ойларынан

Қазақтың қасиетін тану - Абайды танудан басталмақ. Халқымыздың сөз өнерін зерделеу - Абай тағылымын бағамдаудан байқалмақ. Абай - қазақ тарихындағы қайталанбас сом тұлға. Абай биігі - халқымыздың көркемдік ой-танымында ешкім жетпеген заңғар.

***

Бұл тәуелсіздік - бабаларымыздың соңғы екі жарым мың жыл бойы төгілген қанының төлеуі болатын, аталарымыздың соңғы жүз елу жыл бойы езілген жүрегінің лүпілі, жаншылған намысының серпіні, қапаста үзілген өмірінің қарымтасы болатын, құрсақта жатқан, жаңа ғана кіндігі кесілген, қаз тұрған, ендігі жылы, ендігі ғасыр, одан соңғы замандарда дүниеге келетін сәбилердің көз жасы болатын.

***

Халықтың үлкендігі хан көтерген тұлғаларымен өлшенеді.

***

Көп әрі сапалы жазу үшін, тым көп болмаса да біршама молға жету үшін осы мақсатта ғана жұмсалатын ұлан-ғайыр уақытың болуы керек. Өнер жолындағы адам үшін ең қат нәрсе - осы уақыт. Жиырма төрт сағат - жыл он екі ай бос болсаңыз да уақыт тапшылық етеді.

***

Біздің заманымызда жазармандардың барлығы дерлік белгілі бір кеңсе қызметін - көбіне газет, журнал, баспа редакцияларын талғажу етті, яғни, апта аралық әдепкі демалыс, жылына бір келетін айлық демалыс кезінде, немесе күнделікті жұмыстан соң, түнде жазуды әдетке айналдырды. Үзім-жұлып жасаған істе береке болмайды, оның үстіне екі-үш есе қиындыққа түседі әрі денсаулыққа да зиян. Бірақ, біздің ағайындарда басқа амал жоқ еді - жаннан кешті, денсаулығын берді, еңбек деңіз, ерлік деңіз - жазудан қол үзбеуге тырысты.

***

Шабыт деген болады дейді. Мен өзім көргем жоқ. Қырық жылдық жазу тәжірибемді сүзіп қарасам, бір-ақ рет соған ұқсас әлденендей бір елес байқалыпты. Нақпа-нақ есімде. Мен - студент, жаңа бастаған, құныққан жазарман, 1961 жылы, 9 январь, Пушкин атындағы республикалық кітапхана - таңертеңгі сағат оннан кешкі сағат он бірге дейін, ентікпесем де, алқынбасам да, жын қуып келе жатқандай сабырсыз серпінмен, түс ауа төмендегі буфеттен бір шиша айран ішкен бес минуттық үзілісті есептемесек, тура он үш сағат бойғы тынымсыз шимайдан соң "Әйел махаббаты" деген әжептәуір көлемді әңгіме жазып шықтым.

***

Қырық жыл жазғанда көзімнің анық жеткені - шабыт деген жоқ нәрсе. Шабыт жоқ. Бап бар, машық бар. Бап - алаңсыз көңілге байланысты. Машық - күнделікті жұмысқа байланысты. "Ат шаппайды, бап шабады", - деген қазақ. Әрине, тұғыр емес, тұлпар. Бабы келіскен тұлпар бабы жоқ, өзі қатарлас, тіпті өзінен де жүйрік екінші күліктен оп-оңай озады. Өз мүмкіндігінің шегінде шабады. Өз мүмкіндігіңіздің шегінде жазу - сіздің бабыңызға ғана байланысты. Бес-он минут, бір сағат, жарым сағат, бес-он күн емес, айлар, жылдар бойы отырыс, тынымсыз еңбек нәтижесі. Машықсыз бап та жоқ. Шығарманың шеберлік деңгейі, қуат-күшін бағалайтын өзекті арқау жанды жүйе де осы машық пен бап болса керек.

 

Жазушының 13 томдық шығармалар жинағынан

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: Massaget.kz

M. Auelkhan