Мен кішкентай кезімде оң аяғым қайсы, сол аяғым қайсы – ажырата алмаушы едім. Оң аяқтың, сол аяқтың өздерін емес. Етікті. Етіктің қай сыңары қай аяққа келетінін айыра білмеймін. Алдымен бір аяғымды кием. Ойланып отырып, екіншісін кием. Екі аяқты қатар қойып, салыстырып қараймын. Теріс сияқты. Ауыстырып қайта кием. Дұрыс. Жоқ, теріс. Қайта ауыстырам. Екі етіктің басын түйістіріп, соғыстырып, салғастырып көріп, тағы біраз ойланып тұрам. Ауыстырсам ба екен, ауыстырмасам ба екен? Ақыры далаға шығам. Басқа балалар ойынға кіріскелі қашан. Ал мен... Мен әзір емеспін. Әуелі оң мен солды анықтау керек... Қары тапталмаған, бірақ онша күпсек те емес, тазалау бір жерге барып, екі аяғымды қатар қойып, етік табанын таңбалаймын. Содан соң оп-оңай. Қатар мөрленген екі іздің бастары жанаса тұрса – бәрі дұрыс: оң етік – оң аяқта, сол етік – сол аяқта. Егер екі іздің басы қайқайып, екі жаққа қарап тұрса – теріс, яғни, сол жақ аяққа оң етік, оң жақ аяққа сол етік киілгені. Бір ғажабы, ақ қар бетіне бедерлей басып, нақты таңбасы арқылы тексергенде көбіне–көп етігімді теріс киген болып шығам. Бұл кезде ойын әбден қызған; есік алдында күйбеңдеп әлі жүргеніңді байқаған балалар дауыстап шақыра бастайды. Оларға оңай. Сырма пима, көн шақай; киіз байпақ іле салғандары да бар. Етік киген біреуі жоқ. Оң қайда, сол қайда деп бас ауыртпайды. Ал сен өзіңе-өзің ыза болып, мұндай қорлықтан жылай жаздап, үйге қайта кіресің. Етікті тағы бір рет ауыстырып кию керек. Етік ауыстыру – еріккеннің ісі емес. Шұбатылған шұлғауы бар. Алай жазып, былай қайырып, орап, созып, тартып... Көп жұмыс. Нағыз бейнет. Оның үстіне манадан бері нешінші рет.
Көп ойлансам керек. Көп қиналсам керек. Ақыры, етік кюдің ең оңай тәсілін таптым. Қайсысы оң, қайсысы теріс деп бал ашпаймын. Жақсылап шұлғанамын да, қолыма ілінгенін кез келген аяғыма сұға салам. Бөгелмей тысқа шығам. Қарға басып, қатар із салам. Екі етік сүйкене табысып, тату тұрса, бірден ойынға қосыласың. Бастары бірікпей, теріс тұрса да оқа емес, ішке кіріп, алмастырып киесің. Теп-тез. Бүгінге бірінші рет қана. Тамаша!
Ал жазды күні қайтеміз? Қар жоқ, із қалай ажыратылады? Оп-оңай. Жазда етік кимейміз. Бәтеңке, сандал деген атымен жоқ. Көктем туып, күн жылынса бітті – жалаң аяқ шауып кетеміз. Әуелде аяққа тас тиетіні, немесе шөңге кіретіні бар. Бірақ арада оншақты күн өтпей–ақ табанымыз көн болады да шығады. Тағалы аттай тайпаң қағасың. Осы ыстықта аяқ киіммен пысынап жүрген үлкендерге жаның ашиды. Кейін сен де үлкен боласың, жұрттан ұят, аяққа бірдеңе киюге тура келеді. Бірақ оған дейін әлі талай заман бар. Қандай жақсы. Рахат!
Ал содан соң ше? Қазір? Аға болдық. Әке болдық. Ата болдық. Бар еркің басыңда сияқты. Бірақ елден бөлектеніп, қалауыңша жүре алмайсың. Күн шыжып тұрса да аяққа бірдеңе кию керек. Үлкен бізді айтасың, қазіргі бала-шағаға дейін бесіктен шықпай жатып тар қалыпқа түседі. Аяқ қалыбы, бас қалыбы. Сөз қалыбы... Жер солай, ауа солай, уақыт солай. Бұра тартар мүмкіндік жоқ. Үздіксіз даму, әкелік қамқорлық, жоспарлы тіршілік осыған алып келді. Бұл, әрине, біздің тақырыбымыздан тыс әңгіме...
Манағы оң мен солға келсек, қазір қапысыз ажыратам. Етік болса да, туфли болса да. Одан арғысы қиынырақ. Оң жақ қайсы, сол жақ қайсы, ұмсынар бағыт, ұмтылар меже қайда, не болды, не болмақ – бірден ажырата алмай, ойланып қалатын жағдайлар әлі де кездеседі. Қарға басып тексерейін десең, ізі жоқ. Қиналасың, толғанасың, содан соң... Қолыңа қалам аласың. Жаңағы күмәнді, бұлдыр, ауыр ой шынжырша созылып, қағаз бетінде өрнектеле бастайды. Күмән сейіледі, тұман айығады, жарқырап күн шығады. Әлем толқына құбылып, бар бедер–бытысымен алдыңа тартылады. Із деген осы. Өткен өміріңнің, қазіргі тірлігіңнің, болашақ бағдарыңның суреті. Өз ісің, өз суретің ғана емес, ата-баба рухы, бүгінгі әулет тынысы, келешек ұрпақ мұраты – бүкіл тарих таңбасы. Өзің ғана көрмейсің, бүкіл ел көреді. Оқиды, таниды. Оң қайсы, сол қайсы, екі аяқты қалай тең басу керек, қайда барамыз, неге ұмтыламыз, ақырғы мұрат не – соның бәрі бейнеленген. Қарға емес, қағаз бетіне түскен, тасқа басылған, мәңгіге бедерленген, жел де, боран да, тасқын мен сел де өшіре, жоғалта алмайтын, балаңның баласынан өтіп, шөпшектің туажатына жететін үлгі. Мың жасар ұрпаққа қалдырған өсиет.
Соның бәрі – аппақ қар бетіне түскен, оң мен солды айыратын алғашқы таңбадан басталыпты.
Шыны осы.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: өңделген