Жазушының әсерлі, жанның нәзік пернелерін дөп басатын әңгімесін оқи отырыңыз!
«Адам қартайғанда бір бала» деген сөз мінез-құлыққа, жүріс-тұрысқа ғана орай айтылмаса керек. Кімнің кім екенін іш пікір – көңіл мен пиғыл айқындамай ма. Қартайғандағы балалық дер кезінде кең пейіл азамат бола білген жандарға ғана дарымақ. Ал мына ақсақалдың бала екеніне күмән жоқты. Тек мезгілсіз есейген қамырықты бала.
Түске таман үнемі осы биік мұнаралы музей үйінің теріскей қапталында, күнесте, ұзын ақшаңқан, қайқы скамейканың шетінде жезбен әшекейленген әдемі, асалы қап-қара таяғын тізесіне кесе-көлденең қойған беті алға еміне, құнысып отырады. Қолында нан. Алдында, дәлірек айтсақ аяғының астында жыпырлаған көгершін. Ақсақал наннан там-тұмдап үзіп алып, соларды жемдеумен болады. Және бұлісін қызықтамайды. Ұрты суалған қатпар-қатпар беті анда-санда бір жыбыр етіп, сақалсыз үшкіл иегі кемсеңдеп, кірпігі түсіп бітуге айналған, қызара дымданған көздерін әлдебір нүктеге қадап безірейеді де қалады; бір қалыпты қимылмен кептерлерге нан үзіп салып отырған оң қолдың өз иесіне ешқандай қатысы жоқ тәрізді. Міндетті қызметін атқарып үйренген механизмге ұқсататынмын. Әйткенмен, шал кейде күліп отырған кейде жылап отырған сияқтанатын. Бәлки, осының бәрі менің көңіліме ғана шығар. Музей қоймасына еңгелі айдан асқан. Әуелде қызық көрінгенмен, жұмыс та қажыта бастаған. Шаруамды тәмамдап, күйсін-түйсінмен, этнографиялық альманахқа арналған мақаламды тезірек жазып тастауға бекінгем. Қазіргі сәтте қадағалаудан гөрі ойлануым көбірек еді. Соған орай мезгілді-мезгілсіз сыртқа шығып серуендеу де жиілеген. Күнде осы арада отыратын қартқа да кешеден бері ғана назар аудара бастағам. Енді қасына кеп отырдым. Қарттың алдында, теңбіл-сары жапырақтармен шұбарланған боз асфальт үстінде уілдеп, құрылдап, жапыр-жұпыр боп жатқан көгершіндердің бір шеті дүр көтерілді де, шағын шеңбер жасап, қайта айналып қонды.
Ақсақал маған қарамады. Көзі кептерлерде. Ойы әлде-қайда. Бірақ машығынан жаңылар емес. Қолындағысы – нанның қыртысты тұқылы екен. Ширек бөлкедей. Ұңғып, жұмсағын алып бітуге жақындапты. Нанның әрбір түйірін лақтырған сайын көгершіндер үйме-жүйме боп қалады. Бірақ бір жолғы жем біреуінің ғана аузына түседі. Соған орай шал да жемді әр жолы әр тұсқа тастайды. Біраз қызықтап отырған соң мен құс қауымында да әр түрлі мінез, әр түрлі пиғыл барын аңдадым. Кей кептерлер нанның қай шамаға лақтырылатынын күн ілгері білетін сияқты. Әйтеуір талас топырдың ортасынан табылады. Көбіне алып шығады. Бір ала қапат теңбіл сұр кептер мен келгеннен берінің өзінде төрт рет жем ілді. Сонда да сумаңдап жүр. Және түр-тұлғасының ерекшелігінен ғана көзге шалынды-ау деймін, еті тірі жалғыз бұл емес сияқты. Соған орай несібесінен қағылғыш ашық ауыздар да бар екен. Мұндайлар топтың ана шетіне бір, мына шетіне бір жүгіреді. Әйтеуір жем түскен тұстан аулақта боп шығады. Бір тәуірі, тебіндегі әр тайының мінез-құлқын жақсы білетін жылқышыдай, ақсақал да көгершіндер тірлігінің жай-жапсарына қанық екен. Нанның қыртысы да жеміріліп, орталанған кезде мен қарттың жалпыға емес, белгілі бір көгершіндерге арнап тастап отырғанын аңдадым. Әйткенмен талайсыз ашық ауыздардың бұдан ұтқаны шамалы. Қарсы алдына түскен қиқымның өзін басқалар қағып әкетіп жатыр. Ашық ауыздық талантымен айрықша көзге түскен – ақ қанат көк кептер еді. Менің байқауымша, ол манадан бері тым құрса бір рет те жем ілген жоқ. Нан таусылды. Сәлден соң көгершіндердің бір тобы – әрине, тоят қалғандары – қанаттары сатырлай көтерілді де, биіктей келе, музей мұнарасын бір айналып өтіп, аулаққа барып қонды. Ал көпшілігі әлі де бірдеңе дәметіп сапырылысып жүр.
– Бітті, -деді қарт екі қолын жайып.
Мұныкептерлердің ешқайсысы да ұға қоймады. Кейбіреулері, тіпті бұрынғыдан да жақындай түседі. Мөлие қарай ма, қалай.
— Сізде ештеңе жоқ па? – деді ақсақал маған.
Мен көшеде бейтаныс біреулер сіріңке не шылым сұрағандағы әдетіммен қос жан қалтамды бірдей сыртынан қақтым. Жауабым да оғаштау естілді.
— Ештеңе ала шықпап ем...
Бұрын үнемі көгершіндерге арнап қалтама нан сап жүргендей-ақ. Ақсақал жымиды. Тіпті, күлкісі келді ғой деймін. Иегі шошаңдап кетті. Маңдай тістерімен қаужап, май шайнап жатқандай. Бірақ қария қызыл иек еді. Бір тісі жоқ. Бәлки, екі-үш азудың тұқылы ғана бар шығар. Мен анадайдан қарағанда ақсақалдың әлденеге қатты кейіп отырған тәрізді көрінуінің сырын жаңа аңдадым.
— Бидай, тым құрса жарма әкеп шашқан дұрыс болар еді, – деді қарт. – Таласып-тармаспас еді. Әрқайсысы өз несібесін теріп жер еді. Бірақ қайдан табарсың.
— Оныңыз рас, – дедім бұдан ары үнсіз отыруды ретсіз көріп. – Кейбіреулеріне ештеңе тимеді. Ал мына кептер мүлде аш қалды.
— Қайсысы? – Ақсақал менің саусағымның ұшына емес, бетіме қарады.
— Анау. Көк кептер. Арғы, ақ қанатты.
Қартсонда ғана иланғандай болды. Бір түрлі жайсызданып қозғалақтап кетті. Әлдебір сүйеніш іздегендей, тізесінде жатқан таяғын қолына алды.
— Апыр-ай, ә... Қалай байқамадым екен. Әттеген-ай, ә..
— Ештеңе етпес, – дедім ақсақалды шынымен жұбатып. – Күніне бір уақ арнайы жем шашатын болса керек.
Қарт менің сөзімді мүлде естімегендей. Қос қолдай тіреген таяғын бауырына қыса, әлдеқайда тесіле қарап, құйысқан күйі қимылсыз қатып қалды.
Сағатыма қарадым.Енді екі минутым бар.
– Айтыңызшы,– деді кенет ақсақал ширақ қимылмен маған қарай оқыс бұрылып. – Оқыған адамсыз, білетін шығарсыз. Кептер қанша жасайды?
Менің ойымша, оқыған адам бәрін бірдей білуі шарт емес. Шарт – бір нәрсені ғана білу, тек түбегейлі білу болса керек. Және білмесе жалтармауға тиіс. Әйткенмен үлкен кісі бәрін де біледі деп есептейтін баламен қалай сөйлескен жөн?
— Қарға үш жүз жасайтын көрінеді, – дедім тайғанақтата.
Ақсақал тамсанып басын шайқады. Менің көл-көсір біліміме ме, әлде қарғаның ұзақ жасына ма, аңдай алмадым. Әйтеуір қайран қалғаны анық.
— Қоқсықта жүретін қарға үш жүз жасағанда көгершіндер тым құрса қырық-елу...
— Таппадың, балам, – деді ақсақал сөзімді аяқтатпай. – Қайдан білдің, қара қарға нәжіс ақтарғандықтан да көп жасайтын шығар. Ал, кептер... әй, жасай қоймас... Соншалық таза... соншалық пәк нәрсе ғой... – Жасаурай қызарған көзін сығырайтып сәл отырды. – Кім білсін. Жасаса жасар. Қырық-елу болмағанмен, жиырма-отыз жасап қалуы мүмкін ғой. Қалай ойлайсыз?
— Ықтимал нәрсе, – дедім мен шалды іштей жек көре бастасам да әуелгі сөзімнен қайтқым келмей.
— Онда Болаттың көгершіні де күні бүгінге дейін тірі, – деді ақсақал. – Басқа бір жерге қоныс аударған шығар. Осы қаланың өз ішіне. Мен болмасам, басқа біреу жем беріп жүр. Мен көрмесем, басқа біреу көріп жүр. Бәлки, сіз де көрген боларсыз?
— Қандай көгершін? – дедім мен.
— Көк. Жоқ, жаңағы емес. Жүз кептердің ішінен көзге бірден шалынар айрықша. Сондай сүйкімді еді. Қазір осы жерде жүрсе кішкентай Болатымның көзіндей көрер ем.
Енді бәрі түсінікті. Баяғы бір кезде, бұдан жиырма-отыз жыл бұрын мына ақсақалдың Болат деген жалғыз ерке ұлының асыранды көк кептері болған. Бала қыршын кеткен, біраздан соң көгершін де жоғалған. Ақсақал, ол кезде жас жігіт, күнделікті тұрмыс күйбеңі, қызмет бабымен жүріп, тозбас қайғы жоқ, баласын ұмытқан, ал баласының көгершіні, әрине, ойына кіріп те шықпаған. Хош. Күндердің күнінде қарт пенсияға жетеді. Қаңыраған үйде кемпірімен екеуі ғана. Бала жоқ. Жұмыс жоқ. Тілек тозған. Енді жетім ой күңірене зарлап өткенге оралмағанда қайтпек. Кішкене Болатқа қатысты нәрсенің бәрі ыстық көрінбей ме... Күн суытпағанымен, жаз емес. Бойым тоңазып қалыпты. Мерзімді уақытым да бітті. Кетуге ыңғайландым.
— Онда Болат бес-алты-ақ жаста еді, – деді шал аяқ астына әңгіме қозғап. Тұра бере қайта отырдым. Қарттардың әңгімесі қызықты. Тек өздері уақыт есептеп көрмеген жандар, сіз асығыс екен деп әсте ойламайды. Кейде сіз үшін емес, өзі үшін айтады. Өз өткенін еске түсіреді. Әңгімеге мүлде қатыссыз, бөгде жайттарды қазбалап кететіндері тағы бар. Амал не, ұсталдым. Ыңғайына қарағанда, мына кісінің хикаясы да талай жерге баратын сияқты. Менде шаруасы жоқ, сөзін сабақтай берді. – Біз анау тұста, – әлдеқайда иегін көтерді, – тұратынбыз, қазір орны да жоқ, төңірегін тегіс талқандап, жаңа үйлер салып тастады. Паркке күнде келеміз. Жұмыстан шаршап қайтқан мен үшін демалыс. Әрі таза ауада балаңды ойнатасың. Болаттың ермегі көбіне осы кептерлер. Ол кезде өте көп еді. Және қазіргідей қобырайған сабалақ емес, тегіс сұлу. Кісіні де мүлде жатырқамайды. Болат қозы-лақтың ішінде жүргендей араласып кетеді. Жемсіз келмейміз. Көбіне нан. Болат өз қолымен салады. Кептерлер де оны танып алған. Бізді анадайдан көрісімен-ақ уілін күшейтіп, жапырласа бастайды. Аулақта жүргендерінің өзі үйреншікті орынға – мына біз отырған жерге дүркіреп кеп қонып жатқаны. Әуелде баланың ойынына назар аудармайтын едім. Газет оқимын. Журнал қараймын. Өз бетіммен отырам. Бірде кешқұрым, біз үйге қарай беттегенде әлдебір кептердің соңымыздан ергенін аңдадым. Біз асықпай, жайлап басып келеміз. Кептер сонда да әрең ілеседі. Қалмауға тырысып, мойнын алға қарай созып, еміне түседі. Бірақ жүрісі өнбейді. Кептер ақсақ еді. Сол аяғынан оң аяғына аттағанда шойнаң етіп, бір бүйіріне домалап жығылажаздайды. Алға жылжу соншалық қиын екеніне қарамастан, бізден қалмауға жанын салады. Әйткенмен аралық ұзай берді. Сәлден соң, әлде бұл әрекетінен ештеңе өнбесіне көзі жетті ме әлде шаршап дымы құрыды ма, кептер мойнын көкке созған қалпы бір орнында тұрып қалды. Келесі күні оны бірден таныдым. Сүйректей сұлу көк кептер екен. Оң жақ аяғы жіліншіктен сынып, шор боп қисая бітіпті. Сүйретіліп жатыр. Бірақ ең аяныштысы бұл емес еді. Болат жем тастаған сайын кептерлер үймелесіп, таласып-тармасып, бұйырғанын жеп жатады. Сүріне-қабына көк кептер де ұмтылады. Тек аузына ештеңе түспейді. Басқалар бұрын жетеді. Басқалар қағып әкетеді. Мен жіті қадағалап отырдым. Болат жарты сағаттай ойнап, қолындағы барын салып біткенше көк кептердің аузына бір де түйір ілінбеді. Ертеңіне тағы келдік. Тағы кешегіндей. Бұл жолы тура жарты бөлке әкелгеміз. Көгершін жетпіс-сексен қаралы. Мен санап отырдым. Баланың ештеңеде шаруасы жоқ. Мәз боп, оңды-солды үлестіруде. Тура екі жүз отыз тоғыз үзім тастады. Көк көгершінге соның бірі бұйырсашы. Екі жүз қырқыншыда дәтім шыдамады. Болатты дауыстап тоқтаттым. Нанның кішкентай тұқылы ғана қалған екен, қолыма алып, аз-аздап үзім деп, көк кептерге дәлдеп тастай бастадым. Сонда да жарытқаным шамалы. Бес не алты түйірден бір-екеуі ғана тиді. Содан бастап біз көк кептерді арнап жемдейтін болдық. Арада бірер жыл өткенде Болат мектепке ілінді. Ойынның басқа түрлерін тапты. Менің де қызметім өзгерді. Жаңа пәтер алып, бұл жерден аулағырақ барып қондық. Көк кептер де ұмытылды. Көк кептермен бірге, бауыр етім болған баламнан да айрылғанымды мен ол кезде пайымдағам жоқ. Өмір озып, арада жиырма шақты жыл өтіп, алжи бастаған кезде ғана еске алдым. Ойлап отырсам, көк кептерден ғана емес, талай нәрседен айрылыппын...Ақсақал үнсіз қалды. Шынында да аянышты тағдыр. Жалғыз баладан айрылу кімге оңай. Қайта мықты қарт екен.
– Шүкір тәуба, – деді ақсақал менің ойымды сезгендей. Бірақ бұдан арғысы мен күтпеген сөздер боп шықты. – Бала мен келін оқуымызды бітіріп аламыз деп бір жүрді, қорғаймыз деп екі жүрді. Ақыры онысы да, мұнысы да ыңғайланды. Енді бір немере сүйсем арман жоқ. Тек ойнатуға жарар жасқа келгенше бармын ба, жоқпын ба... Ойлап отырсам, мұным да пендешілік. Жастардың баланың бар михнатын өздері көргені жөн. Тіршілік болса, Болат өзінің кішкентайын ертіп, баяғы мен құсап жүрер де. Сол сәтте ештеңені парықтамас. Арада жиырма жыл өтсін... сонда білер әкенің қадірін... Шал тағы да үнсіз қалды. Қарлы белдеуі жаздағыдан әлдеқайда төмендеп, ақбурыл тартқан сеңгір шыңдарға ма, шаңыта көгерген аспанға ма, әйтеуір алысқа, биікке қарап отыр. Өңінде мазақ ізі, масаттық табы бар. Кенет менің ақсақалмен қалжыңдасқым кеп кетті. «Ал өзіңіз әке қадірін білгелі қанша болды?» – десем деймін. Тек айына бір хат жазуға мойным жар бермейтін, көптен хабарын да білмеген, алыс ауылда жатқан өз әкем, мектепке барғаннан бері мені түйе қып ойнауын қойған, дүниеге өз тұрғысынан қарай бастаған балам есіме түсіп үндемедім. Таяуда тағы да музейге жолым ойысты. Бұл ретте ұзағырақ отыратын сияқтымын. Күн сайын түс кезінде сыртқа шығып, бірер сағат бой жазам. Қаптай қонып, жапырлай жем шоқып жатқан көгершіндерді қызықтаймын. Бірақ баяғы ақ қанат көк кептер де, азамат болған көзі тірі баласының сәби шағын жоқтаған ақсақал да қайыра көзіме шалынбады.
1977 жыл