Мұхтар Мағауин. "Алдаспанның" азабы

Белгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің «Мен» ғұмырбаяндық хамсасының жалғасын назарларыңызға ұсынамыз.

***

“Алдаспанның” азабы, “Көк мұнардың” дауынан соң, қалжаураған, талыққан бір кезеңде — 1972 жылдың соңғы күндерінде, жазу үшін емес, сейілу үшін Переделкиноға келіп түсіп едім. Екі күн ұйықтап, бар дертімнен арылып тұрған соң, 1 январь күні қайтадан ала қағазға жүгіндім. Қаламды нық ұстап, ұзақ та емес, қысқа да емес, тиесілі төрт күнде “Архив хикаясы” деген әңгіме жаздым. Тағы бес күнде тағы бір көлемді әңгіме жазылды. Содан соң екі күн тыныс жасап, “Бір атаның балалары” деген хикаятқа кірістім. Ең бастысы — осы сапарда болашақ “Аласапыран” романындағы қысқы көріністердің нобай суреті көңілге тоқылды.

Тағы бір өзгеше шығыс — 1980 жылы тамызда болыпты. Осы бір айда, бір айдың алғашқы күндерінде “Аласапыран” романының тағдыры шешілді. Көктемнің соңы, жаздың басында бірінші бөлім —”Қазақ даласы” қағазға түскен еді. Ойдағыдай дерлік. Бірақ роман діттеген межеге жету үшін берік жұлын, үзілмес арқау керек еді. Оның үстіне, ең қиыны болмаса да, шатағы мол Сібір кезеңіне тіреліп тұрмыз — жүрек күпті. Көңіл алаң — Алматыда мектеп жасындағы үлкен қызымыз, қасында жамағайын туыс, ересек тағы бір бойжеткеніміз бар, екі кенже — үш жасар, екі жасар кішкентай қыз бен ұлды бағып қалған. Ортаншы үш ұл мен бәйбіше қасымда, бірақ тыныс үшін емес, жұмыс үшін келіп едім.

Бізге шағын коттедждің үстіңгі қабаты — жалғас екі бөлме тиді. Жатын орын жайлы, ас дәмді. Ата-бабамның жұрты қасиетті Қырымда, көгере мұнартқан Қарадағтың етегінде, саялы, бау-бақшалы Көктөбел ойысында, бұдан мың жыл бұрынғы табиғат аясында, сүттей шымырлаған Көк теңізде сегіз күн шомылдым. Дәт бекіді, қуат артты, көңілдегі бұлт сейілді, көкіректегі зар — болат қаламның ұшынан ақ қағазға құйылуға әзір болды. Бұдан ары бөгелсең — егінің күйіп кетеді.

Тоғызыншы күні таңертең аруаққа сыйынып, қолға қалам алдым. Тақырып һәм алғашқы сөйлем: “Адам-Атадан Ораз-Мұхамедке дейін”. Болды. Ұстыныңыз да осы, арқау, жұлыныңыз да осы. Бунин айтқан кеп бар: “Мұздай қалыпта суық ақылмен жазу керек”, — деген. Сол сәтте менің жүйкем мұздай суық, қолым болаттай берік еді. Сонымен қатар енді “Аласапыран” деген кітаптың бас-аяғы бүтін, сом дүние болып шығарына да нық көзім жетті.

Аллаға мүнәжат етіп аз ғана бөгелдім. Содан соң, сәл-пәл толқысам керек, орнымнан тұрып кеттім. Бөлме ішінде бес-он қадам ерсілі-қарсылы жүріп, қайтадан столға отырдым. “Иә, Аруақ!.. — дедім. — Иә, Аруақ!..” Қаламымды сияға матырдым. Сол беті, тоқтаусыз, бір қалыпты, сабырлы серпінмен он сегіз күн жаздым — қайтар күні саяттың соңы, Ертіс айдынына аққу қонған көрініске жеткен едім. Үш күндік үзілістен соң Алматыда ары қарай жалғасқан романның бірінші кітабы қоңыр күзде таза тәмам болды…

***

Дәтке  қуат бір  сөз  — “Жыланның үш кессе де кесірткелік халі бар” — депті қазақ. Өмірде солай шығар, өнерде өлшем — кесіртке емес. Жылан — яғни әуелгі қалпыңыз. Тым құрыса жарты кесімге ұмтылыңыз. Мүмкін, бүтінге жақындарсыз.

Қазақтың: “Үмітсіз — шайтан”, — дегені тағы бар. Сол үмітпен жарты болмаса да, үшек қуатымыз қалғанына сеніп, қайтадан қалам ұстадық. Ол қалам нәр тауып, күш алуы үшін өзіміз қырық жыл бойы қабырғасын тұрғызған көне сарайға үңілеміз. Аумағы қанша, ауданы қанша, ол жағын қазбайық. Сәні мен сұсы туралы баға — ертерек. Ағынан жарылып айтарым — мен өзім тұрғызған бұл сарайдың оннан бір бөлігін де игере алмаппын. Бәлкім, жиырмадан бір бөлігін пайдаланып үлгерген болуым. Әуелде кемі жүз жылға есептелген құрылысты толық жүзеге асыру мүмкін де емес екен. Бірақ жиырмадан бірі емес, оннан бірі де емес, тым құрыса төрттен бірін, үштен бірін кәдеге жаратуға тиіс едім. Не керек, Сарайым Сарай-ақ еді. Тастан қаланған емес, Сөзден қаланған. Құламайтын, тозбайтын, өшпейтін, мәңгі жасайтын құрылысқа айналуға тиіс жоба болатын.

Жобаның аты — “Алтын дәптер” еді. Яғни, жазу жазылған, жазу жазылатын дәптер. Алтын емес, кәдімгі тор көз, қарапайым қағаз. Мұқабасы да әшекей, өрнексіз — жұқа қара дерматин. Әуел баста, мұқабадан кейінгі сыртқы бетіне “Шимайлар” деп жазылған екен. Яғни, ойға келген әртүрлі шығармалардың сұлбасын таңбалауға арналған. Уақыт оза келе әуелгі атауын тарта сызып, үстіне байыппен, қалың әріптермен “Алтын дәптер” деп жазыппын.

Бұл тор көз, қалың қара дәптердің бүгінгі ғұмыр-жасы — отыз бес жыл болса керек. Студент кезде басталған. Бірінші беті “Сюжеттер — 1960-1961″ деген тақырыппен ашылыпты. Ең соңғы таңба — “1996”, 49-бетте. Яғни, мен әдебиетке алғаш рет нық қадам басқаннан бергі отыз жеті жыл бойы жазуға жобаланған, жазылған және жазылып үлгермеген барлық шығармалардың сұлбасы осында.

Жалғасы бар...