Бұдан бұрын белгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің «Мен» ғұмырбаяндық хамсасынан үзінділер жариялап келген едік. "Мен" шығармасының тағы бір жалғасын оқырман назарына береміз.
***
“Бір уыс бидай” мен “Тіленші”, олардың ізін баса жазылған “Әйел махаббаты”, “Кешқұрым” деген әңгімелерден соң мен өзімді сол замандағы қазақтың тәуір жазушыларының қатарына қосып қойдым. (Арада жиырма бірдеңе жыл өткен соң, заманында тірі классик саналған Ғабит аға Мүсірепов мені кезінде “Әйел махаббаты” және басқа да ең алғашқы әңгімелерінің өзімен қазақ әдебиетінің алдыңғы қатарына шығыпты деп бағалады, ақсақал сөзі “Аласапыранның” әсерімен көтеріңкі айтылса да, түгелдей теріс көрмеймін.)
Бұған дейін үлкен мектептен өткен тәріздімін. Әлемдік классиканы игеру өз алдына, қазақ әдебиетінің тарихына және бүгінгі кейбір мәселелеріне қатысты мақалаларым бар. Ол мақалалардың алғашқы оқырманы және сыншысы сол кезде бірге оқып, бірге тұратын Әбіш Кекілбаев болса, енді әңгімелер мектептес, ауылдас достарым Төлек Тілеуханов пен Рымғали Нұрғалиевтің де таразыларына түсті. Рымғали менің жазушылығымды онша менсіне қоймады. Төлек мақұлдады, қостады. Ал Әбіштің бес-алты әңгімені жинап бір оқығанда әжептәуір мақтағаны есімде. “Өзің төселген прозашы болып алыпсың ғой!” — деді қуанып. Олай айтатыны — бұған дейін өз ортамызда мен ғалым әрі сыншы саналамын. Танылмаған ғалым, басылмайтын сыншы. Енді оның үстіне жарияланбайтын жазушы деген атақ қосылғалы тұр екен.
Бұл кезде Әбіштің өзі де жарияланбаған жазушы. “Жүнді Барақ” деген, Аю-адам туралы, өзгеше мазмұнды хикаяты, жетім баланың ауыр тағдыры турасында тағы бір көлемді шығармасы, “Ит тиген сүт” және басқа да әлденеше әңгімесі бар, ешқайсысын ешқайда ұсына қоймаған, сол беті жарияланбай қалды. Кейінде бір сұрағанымда, бір жерде жатса керек, өзім де таба алмай жүрмін деп еді. Ол заманда Әбіш танымал ақын, азулы сыншыға айнала бастаған, ал әуелгі прозасын баспадан іркуі — жарыққа жол таппасын аңдағаннан болса керек.
Кішкентай “Тіленшінің” тағдыры басқашарақ тартылды. Кезінде ұсынған жеріміздің бәрінен қайтты. Жай ғана қайтқан жоқ, айқаймен, ұрыспен. Ол кезде баспасөз тұтқасында отырған, жасы да егде, жазғандары да танымал ағаларымыз өзінен соңғы буынға жаулық ниет, өшпенді көзбен ғана қарайтын. Басқаны білмеймін, менің өзіме солай болды. Алғашқы әңгіме, алғашқы сын мақала, әдеби зерттеулердің барлығы да сол кездегі барлық әдеби редакциялардан жанжалмен қайтып еді.
Пәленбай деген ағаңыз әңгімеңізді немесе мақалаңызды байыппен оқып бастайды. Сосын тыжырына тіксінеді. Оқыған сайын өңі бұзыла түседі. Сен — жас баласың, жасың он сегізде, жиырмада, редакция атаулыны қасиетті босаға есептеу өз алдына, ақсақалдың алдын көріп өстің, қазақы тәрбие бар, үлкенді сыйлау — парыз сияқты. Әзірге тым биік болмаса да, тәуір жазатыныңды өзің де білесің, мынау әңгімең, мынау мақалаң күнделікті газет-журналда шығып жатқан шатпырақтан көш ілгері. Табиғи, сен де жарияланғың келеді. Мүләйімсімесең де тыныш қана отырсың.
Ақыры… қызыл қарындашпен шұқшиған, тұқыра түнерген ағаң бұрқан-талқан болады. “Әй! Мынау не? Осындай сөйлем бола ма? Ол не деген сөз? Әй, мынау әңгіменің басы қайда? Есі дұрыс адам осылай бастай ма? Әй, мынаның аяғы жоқ қой! Әй! Мұндай әңгіме болмайды! Мә! Бар, кет! Сенен түк шықпайды! Жазушы болу үшін… адамша жазу керек! Кет! Қайта келме!”
Мен сол бала кезімнің өзінде кәміл түсіндім — әңгімемді қайтарып беріп отырған атақты жазушыдан менің білімім де артық, жазуым да артық. Бірақ әлі күнге түсінбейтінім — сол классик ағаларымыз соңынан келіп тұрған, әдебиеттен үміті бар жас талапкерге неге соншама өшпенділікпен қарады екен? Басқаны былай қойғанда — кісілік әдеп, үлкендік сабыр, адамдық ізет қайда? Он сегіз жасымда, Абай текстологиясы туралы көлемді, мәнді мақала апарғанымда бір әдебиетші ағамыздың “Сенің Абайда нең бар?” — деп айқайлағаны әлі құлағымда тұр.
***
Кейін, әдеби басылымдардың тұтқасына ілінген алғашқы сәттен бастап, талапкер жас атаулыға нақты көмек жасауды, жетілмегенінің өзін құлағынан сүйреуді әдетке айналдырдық. Мен әуелі “Қазақ әдебиеті”, одан соң “Жазушы” баспасы, соған жалғас “Жалын” альманағында қызмет атқарған, кейін “Жазушыға” қайта отырған замандарда, кем дегенде бірер жүз жас талапқа жол аштым, алғашқы әңгіме, өлең, мақалаларын жарияладым, бірінші кітаптарын жоспарға енгіздім, бөгеліп тұрған еңбектеріне күш бердім.
Әдебиет мүддесі, қызмет орайы ғана емес, өзің көрген қорлық кейінгілердің меселдесін қайтармасын дейсің. Бірақ мені алғаш рет Мұхтар Мағауин жарияға шығарып еді деп ешкім алғыс айтпады, керісінше, мен әдебиетке әкелген біраз бала сол әдебиеттен менің өзімді шеттетуге әрекет жасады, жазушы емес деген мазақ мақала бастырды, өзі тұрыпты, басқаларға жел берді, ұлтшыл деп, жікшіл деп, ЦК-ның ең жоғарғы сатысына дейін жеткеріп, пәленбай мәрте былық арыздар ұйымдастырды, сонысын ерлікке балап мақтанысты. Әлбетте, біз ешкімнен ақы сұрамадық, алғыс дәметпедік, өзімізден соңғыны сүйреу — парыз деп санадық, өзіміз көрмеген қамқорлық кейінгіге бұйырсын дедік. Сірә, сол, маңдайымыздан ұрған алдыңғылардың ашуымен, соңғыларды артығырақ сүйреп жіберсек керек. Сүйреп қосқан ит түлкі алмады, өзімізге қарап ырылдады, онымен қоймай, балағымызға жармасты. Жазықтымыз — кісісін таппадық, сондықтан алдымыздан өткен шалағай әдебиетшілердің ешқайсысына кінә қоя алмаймыз.
***
Мен сол 64-жылдың өзінде тағы қаншама тарихи әдебиет қарастырдым, қыс бойы, жаз бойы, күз бойы Академия архивінде белшемнен батып отырып, жүздеген бума ескерткіш қолжазба ақтардым, қазан айында болса керек, ежелгі жыраулар мұрасына арналған диссертацияға кірісіп, үрдіс серпінмен мамырдың аяғында тәмамдадым, жазу үстінде Қазақ-Ата, оның қасиеті туралы білім, таным тереңдей түсті, болашақ тарихи романдар бағдарындағы ұғымым да жаңа, әрі өрісті арнаға айналса керек. Ұзақ дәуір, кезеңдерді қамтитын тарихи-хронологиялық, яғни, шежіре-баян тұрғысындағы роман үлгісінен бас тартыппын.
Оның айқын көрінісі — диссертация машақатындағы 1965-жылғы жазба — болашақ “Аласапыран” романының әуелгі елесі. “Алтын дәптердің” 18-бетінде: “Лжедмитрий II өлімі (Аласапыран). Роман”,— деген тақырыппен берілген төрт-ақ жол таңба бар:
“Қадырғали Жалайыр. Ораз-Мұхамед. Едіге ұрпақтарының трагедиясы. “Қазақтың хандарын өлтіргенді, ноғайдың мырзаларын азаптағанды көрсетейін мен саған!” Қырғын түннің бір уағына дейін толастамады”.
Жалпы, осы шамадан бастап, дәптердегі жазбалар сюжет сызу, тақырып ежіктеу тұрғысында емес, болашақ шығарманың қаңқасын есте ұстау мақсатындағы шағын, көбіне шартты бітікпен шектеледі.
Мәселен, сол бетте: “Қызғалдақ туралы көне қыпшақ аңызы” — деген бір-ақ сөйлем тұр. Бұл — баяғы Атырақ пен Сыржан туралы аңыз, Шоқан Волынь летописінен ұшыратқан, арада тоғыз жыл өткенде ұлы бабамның ескі досы, атақты орыс ақыны Аполлон Майков “Емшан” (Жусан?) атты поэмаға арқау еткен ғажайып хикая — біздің заманға жетпеген өзгеше сырлы эпостың елес сүлдесі. Жазылмады, әлі де болса жазармын деген үміт бар.
Ал дәптердің осы бетінде, келесі жолда, сірә, ешқашан жазылмайтын көлемді шығарманың сұлбасы тұр. Ол да жалғыз сөйлем, алты-ақ сөз: “Шоқан тағдыры (Арман — Күрес — Ажал) — дилогия”. Жазылмайтыны — ұлы Шоқанға қатысты ой-толғамдардың көпшілігі кезінде жарыққа жол таппайтын еді, ал мен жазбақ шығармалар әрқилы, әрі көп, мән-мағнасы деңгейлес болғандықтан, өлі архив үшін емес, тірі кісі үшін, дәл осы сәтте халқымның қажетіне жарауға тиіс дүниелерге ден қойдым; ақыры Шоқан туралы романдағы негізгі тұрғы — орыс отаршылдығы, Ресейдің империялық жеміт саясаты төңірегіндегі суреттер — заманы алысырақ, пердесі қалыңырақ, сондықтан да өтімдірек болған “Аласапыранға” еніп кетті; енді алдағы уақытта тар заман — XIX ғасырда қазақ жұртының биік парасатын әйгілеген данышпан Шоқан турасында тым құрыса бірер мақала жазармын деген ниет бар, оның да орындалуы ыңғай, сәтіне байланысты. Бәрі де алланың ісі, тағдырдың жетегі. Пендесі ойға алған істің бәрі орнына келсе, әлем басқаша құрылатын еді ғой. Шоқанның орындалмаған арманы сияқты, менің де қатты көңілім кеткен роман көктей қиылды. Бірақ бұл тарапта ойлаған ой, түйген түйіннің ешқайсысы да зая кетпеуі анық, басқа тарапта, басқа бір шығармаларда көрініс тапты, дүние танымымызға тұрғы болды. Сондықтан кейісім болса да, өкінішім жоқ. Сол сияқты, 1964 жылы жобаланған тарихи трилогия да күнделік дәптер бетінде ғана қалмапты. Менің тарихи-көркемдік танымымның өтпелі бір кезеңі ғана болмады, кейінгі қазақ әдебиетіне де елеулі ықпал етті.
Жалғасы бар..