Мүбаракова Бағира. “Отаным – саған айтамын”

Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Мүбаракова Бағираның шығармасын ұсынамыз.

Мүбаракова Бағира Мейранбайқызы 1999 жылы 21 желтоқсанда Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Кенқияқ кентінде өмірге келген. 

***

Отаным! Қазақстаным! Қаламның ғана ұшымен жазылып, барша қауымның жүрегіне орныққан, бір ауыздан айтылып, кең өлкені шарлаған осынау бір ыстық сөз, ыстық көңіл лебізі бір күндік емес, бар уақытта да бізге қан тамырымыздың лүпіліндей естіледі. 

Әлемдік өркениетке өзіндік өрнегін қалдырып, Еуразия құрылығындағы ұлы көшпенділер мәдениетінің тамырын кеңге жайғызған, алып даланың тентек желімен жарысып, азат күндерін аттың жалына жармасып өткізген, бұл менің тәуелсіз қазақ елім. Алты Алашқа ана, бар қазаққа пана болған, бұл менің Отаным – Қазақстан. 

Біздің тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша өрлеуі, өркендеуі, рухани – экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде. 

Бұл қазақ халқының маңдайына біткен бақыты мен мақтанышы, елдің бүгінгі жарқын өмір сүруіне жасалып отырған нақты кепілі. Десекте, өткенімізді ұмытпай, тәуелсіздіктің бастауы болған ұлы тұлғаларымызды ұлықтап жүргеніміз жөн-ақ. Өткенге салауат айту – бағзыдан бар дағдымыз. Сондықтан да бодандықтың пердесін ысырып тастап, сұм соғыстың тұманын жарып шыққан қазақ батырларына, ел көсемдеріне құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың басты парызы. 

Мемлекет болашағын қарақан басының қамынан биік қойып, адалдықтың үлгісін танытқан тұлғаларымыздың ерен қасиеттерінің арқасында ащы жолмен келген тәтті жеңістін куәсі болып отырмыз. Бүгінгі жарқын өміріміз – сол қаралы күндердің жеңісті жемісі. 

Құшағы кең, қонақжай қазақ елінің пейіліне бола берілген көңіл шуағы, жер жаннаты Алтай мен Атырау, көгілдір Көкше мен Жетісу, Баянауыл мен Қарқаралы, Сарыарқа сынды алып аймақты бауырына басып, Есіл мен Ертісін ағызған қазақтың алып даласы – бұл менің Отаным. Елдік туы тігілген үлкен үйіміз, алтын шаңырағымыз да осында. Дүниені күніне бір рет дүр сілкінткен табыстарымыздың ұйытқысы да осында. Жарастығымыздың да, жақсылығымыздың да, тыныштығымыздың да қиясы, махаббатымыздың да ұясы – Қазақстан. 

“ Сусын қылар үмітін шөлдегенде 
Осы жерге перзентпіз сен де, 
Мен де. 
Барлығын да сүйемін, сөйте тұра 
Махаббатым ерекше ел дегенде!” - деп Мырзаәлидің Қадырі жырлағандай “елім” деп еңіреген әр азаматтың Отанға деген сағынышы мен ыстық ықыласы бар. Отанға айтар бір ауыз тілегі бар. 

Біз тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, дінімізді, тілімізді қайта өркендеттік. Тәуелсіздігіміздің рәмізі саналатын әнұранымызды, туымызды, елтаңбамызды және төл теңгемізді сайладық. Бірлігіміз бен бейбітшілігіміздің негізі Конституциялық заңды бекітіп, айбарлы айбарымызды құрдық. Көптеген елдермен экономикалық қарым-қатынас орнату арқылы бүкіл әлемге қайтпас қайсар қазақ деген халықтың бар екенін жария еттік. Біздің бұл жетістігіміз бейбітшілігіміздің, келісім мен тұрақтылығымыздың арқасында. Сондықтан да бұл тарихи шындықты елім деген әрбір қазақ жүрегімен түсінетіні хақ. 
“Отаным, елім, жерім” деген осынау бір киелі сөздерді еңселі ел болудың жолына шындап түскен халық қана түсінеді. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін Тәуелсіздікке жеттік, татулығы жарасқан қазақ елін әлем жұртшылығына үлгі-өнеге ретінде таныттық, көп ұлтты халқымыздың жұлдызы жоғары болатынына сендірдік. Иә, Аллаға шүкіршіліктер болсын. Бірақ, бұнымен іс бітпек емес. Осы күнге дейін қиындық атаулыны жеңіп келе жатқан қазақ халқының бір-ақ күші болатын: ол – бірлік. Отанымыз қаншалықты керек болса, Тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткізген табыстарымызды сақтап қалу үшін де бұл бірлік сондай қажет. “Жау жағадан, бөрі етектен алатын” осынау бір қиын заманда енді басымызды көтеріп, еңселі ел болған шағымызда арандатушылардың сөзіне алданып, бірін-бірі көре алмайтын, береке-бірлігін жоғалтқан, кең пейілін тарытқан қазақ атануға түкте хақымыз жоқ. 

Өзара таласып істерінің бірлігін жоғалтқан елдер тарих сахынасынан ғайып болғанына да куәміз. Міне,  әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Сондықтан да Отаным – саған айтамын, ең бірінші бірлігі бекем, берексі артқан ел болайық. 

Дәл қазір ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің мынадай сөзі ойыма оралып отырғаны: “Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының “Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік” деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар Қазақстанды пайдаланайық деген оймен ғана келеді. Барлық жерді жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек”. Ащы шындық. Енді өткенге оралайықшы, егемендікке қол жеткізген шағымызда ел бола алатынымызға күмәнданған елдер қанша ма? Бірақ ар-намысты ту еткен, елі үшін еңбек еткен азаматтарымыздың арқасында осы нұрлы күндерге жеттік. Айналаңдағы алыс-жақын елдерде соғыс болып жатқанда, аспанымыз ашық, өміріміздің бейбіт болғанына қуанасың. Алайда, “ағайынның ішінде бір жақсысы бар болсы – қаумалаған көп жаман сол жақсыны көре алмас” деген аталы сөз бар емес пе? Іші тар десек пе екен, әйтеуір біздің елге қастық қылып, өз-өздерін кейістікке ұшыратып жүрген елдер де бар. Бірақ, таспен ұрғанды аспен ұрған жөн-ақ болар. Еліміздің экономикасын өркендетіп, халықтың әл-ауқатын жақсартып, жастарымыздың білім алып, еңбек етуіне бағыт-бағдар беріп, ұлттық тіліміз бен дәстүрлі дінімізді берік қорғап қалған жағдайда ғана өзге елдің басынуына, зәрін шашып тасынуына тосқауыл бола аламыз. 

Сол себепті де ел қамын ойлаған талай батырларды тудырған киелі қазақтың ордасында Һәм шетелдіктерді басындырып қоя алмаймыз. Отаным – саған айтамын, елдің де, жердің де иесі өзіміз, Дәл осы жерде Отан арқылы барша “қазақпын” деген ұл-қыздарға айтарым, еліңе шын жаның ашыса, “жаным – арымның садағасы” деген азаматтық намысың болса, қазақ үшін, ел үшін, жер үшін жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Отанымыздың арқасүйер азаматы болайық, қорғауға әрқашан дайын тұрайық, патриоттық сезімімізді нығайта түсуге тырысайық, азат елдің білікті, білімді, жігерлі, зиялы азаматы болайық. 

Отанына деген махаббат адам бойындағы құрметтеуге тұрарлық ең ұлы қасиет. Осынау ұлы қасиетке ие, өз Отанына абырой әкелетін азаматын лайым көп болғай. “Шаңырағың биік, кереген кең, босағаң берік болсын” қазағым.