Басы...
Мысық дүкенге келді. Міне, бір тәтей тиынға пісте алды. Мына әже мұны байқамай басып кете жаздап барып, бидай беріп, қант алды. Міне, тісі жоқ атай да келді. Қолындағы жұмыртқасын санап беріп, сап-сары шұлық алды. Дүкеншіде тыным жоқ. Сарт-сұрт. Алады, береді. Алады, береді. Мысық көзі мөлие қарады.
– Дүкенші, дүкенші, маған сағыз беріңізші.
– Сен маған жұмыртқа әкел. Мен саған сағыз беремін.
Мысық далаға атып шықты. Анау үйдің ауласында тауықтың даусы естіледі. Тауық қытқылдап балапандарын санап жүр.
– Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті...тоғыз, он...Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті...тоғыз, он... Ойбай! Ойбай! Сегіз қайда? Сегіз қайда?
Балапандар сөлпиіп тұр.
– Сегіз жоқ. Сегіз жоқ. – Тауық ауланы айналып зыр жүгірді. Бір айналды. Екі айналды... Тұп-тура он айналды.
– Тауық апай, тауық апай.
Тауық апай зар қақты. Қытқылдаған дауысы ащы-ақ екен. Мысық құшақтай алды.
– Тауық апай, жұмыртқа беріңізші, – деді мысық сілкілеп. Тауықта күш қалмаған екен, сылқ құлады. Көзін әрең ашып қарады.
– Тауық апай, жұмыртқа беріңізші.
- Сегіз. Сегізді тауып әкеліп берші.
Мысық ауланы шарлап таппады. Көшеге шықты мысық. Зыр жүгірді. Сегіз қайда? Балапандарын еріткен үйрек кетіп барады. Қалтаңдап жүріп бара жатқан үйректердің соңғысының жүрісі ерекше. Тықың-тықың басады. Мынау үйрек емес қой. Мынау тауықтың балапаны. Сірә, сегіз осы болар. Мысық онымен қатарласып жүріп келеді:
– Сен сегізсің бе?
– Жоқ.
– Енді кімсің?
– Мен тоғызбын.
– Тоғыз анда ғой.
Балапан мәз болды.
– Жоқ. Ол – сегіз. Мен оның қанатын ұйпалақтап кеткенмін. Мен екен деп қалсын деп.
Мысық жүгіріп тауыққа келді.
– Таптым, таптым.
– Кәне?
– Міне.
Мысық қауырсыны ұйпаланған балапанның жүнін сипап, тарап берді.
– Міне сегіз.
Тауықтың қуанышында шек болмады. Сегізді олай да, былай да құшақтады.
– Тауық апай, тауық апай, маған жұмыртқа беріңізші.
– Сен маған бидай әкеліп бер. Мен сонда саған жұмыртқа беремін.
– Мен сегізді тауып бердім ғой.
– Сегіз менікі ғой. Мен өз затыма өз затымды ауыстырмаймын. Бидай әкеліп бер, – Тауық балапандарын қайта санай бастады. – Бір, екі, үш, төрт...
Мысық шығып жүре берді. Артынша тауықтың жан дауысы шықты:
– Тоғыз! Тоғыз жоқ! – деп зар қаққан тауықтың дауысын естіді бидай іздеп жүгіріп бара жатқан мысық.
Бидай қайда? Бидайды қайдан алса екен? Ойлан, мысық. Ойлан. Бидайды қайда салушы еді?.. Бидайды қамбаға салады ғой.
Жүгіріп қамбаға келді. Қамба құлыптаулы. Ел ырзығын талан-таражға салмай осылай құлыптап қояды. Терезесі жоқ. Бірақ мысыққа бір-ақ уыс бидай керек. Бір жұмыртқа алу үшін. Сыртында аузында тісі жоқ атай мылтық ұстап күзетіп отыр. Дүкеннен алған сап-сары шұлығын киіп алыпты. Мысық қамбаның артын қарады. Артында да терезе жоқ. Бірақ кішкентай ғана тесік бар екен. Қараса біреу жылт етіп кіріп, жылт етіп шығып жүр. Абайлап қарады. Тышқан. Кәдімгі тескісі келетін жердің бәрін тесе беретін қу тышқан. Сұр. Біз тұмсық. Міне, ұртын толтырып алған, көзі жылтылдап шығып келеді. Мысық бұға қалды. Тышқан жүре бергенде жолбарысша атылды. Аузы толы тышқанның «шиқ» деуге шамасы келмей қалды.
– Тышқан, – деді мысық, – былай болсын... Тышқанда тыңдауға шама жоқ. Мысықтың табанының астында аузындағы бидайға қақалып жатыр. Жіпсиген көзінен жас, иненің көзіндей мұрын тесігінен су сорғалады. Ауа жетпей кішкентай қолдары қарысты да қалды. Мысық қатты састы. Тышқанның құйрығынан шымшып ұстап алып сілкілей берді. Қатты сілкілегені соншалық, қолынан шығып кетіп тасқа тарс етті байғұс тышқан. Есінен танып қатты да қалды.
– Тышқан! Тышқан! – деп бетінен ұрғылады мысық.
Тышқанды құйрығынан ұстаған күйі мысық су іздеп жүгіріп келеді. Қамбаның алдында қалғып отырған тісі жоқ күзетші атайға келді. Тышқанды артына жасыра қойды.
– Ассалаумалейкум, ата.
– Уағалейкум, мысық. Кімнің мысығысың, мысық?
– Ата, су керек. Су.
– Су үйде ғой, мысық.
Тышқанның жаны кіріп қыбырлай бастады. Аузындағы дәнін түкіріп тастады. Атай мысықтың артынан шашылған дәнді көріп мылтығын кезеніп тұра қалды.
– Ел ырзығын ұрлаған қаскөй, қолыңды көтер!
Мысық екі қолын көтере берді. Бір қолында тышқан бұлқынады.
– Атай, мен емес, ұрлаған мынау!
– Ах! Оңбаған, түстің бе қолға? Біз саған не істемедік? Қақпан да құрдық. Улы дән де төктік. Осы сен неге түспейсің қақпанға, а? Оңбаған тышқан. Сен үшін маған төлемақы бермеді. Сен соны білесің бе? – Атай ұрсып жатыр, ұрсып жатыр, – Әкел оны маған. Мен оны халық жауы ретінде атып тастайын. Ал сені, марапаттауға ұсынамыз.
Мысық ойланып қалды. Жо-о-оқ, бұған марапат құйрық болмайды. Бұған бидай әкеліп бере алатын осы тышқан ғана.
– Атай, бұны маған беріңіз. Мен бұл қаскөйді жеп қояйын.
– Әкел қолды, жарайсың! Жеп қойшы, кәне.
– Атай көрмей-ақ қойыңыз. Мен біреу қарап тұрса тамақ жей алмамын. Қойманың артына барып жейін, – Мысық жөнеле берді.
Бидайға толы қойманың артына келіп тышқанға:
– Тышқан, былай болсын, - дей бергенде, айғай шықты.
– Құтқарыңдар! Құтқарыңдар.
Дауыс қойманың дәл түбіндегі өзеннен шықты. Қараса, тауықтың балапаны суда батып-шығып тұншығып жатыр. Үймелеген үйрек балапандары «мен құтқарамын, жоқ, мен құтқарамын» деп дауласып жатыр. Мысық жүзу білмейтінін ұмытып, қолындағы тышқанымен суға шолп етті. Ал келіп тұншықсын суға. Әуелі төмен батты. Сосын жан дәрмен аяқ-қолын қимылдатып еді, жоғары көтерілді. Бірақ қайта бата бастады. Бір батып, бір шығу деген осы екен. Жаны мұрын ұшына келсе де тышқанды жібермеді қолынан.
Осы кезде үйректер былай шешті: «Балапандар жабылып мысықты шығарады. Ал аналары балапанды». Сонымен батушылар құтқарылды. Құтқарушылар жапыраққа салып Тоғызды көтеріп алып кетті.
Мысық су-су болып тағы естен танып жатқан тышқанды алып қойма артына келді.
– Ееех! – деді мысық, – сен америкалық Жерриді білмейсің ғой.
Мысық өз ойынан өзі шошыды. Рас-ау, Жерри болғанда ендігі қашып кететін еді де, бұл бидай ала алмай қалатын еді. Тышқан есін жиды. Мысық оны құйрығына қашып кетпесін деп ұзын жіп байлады да:
– Тышқан, сен маған бидай әкеліп бер. Мен сені жемейін, – деп уәде берді. Құйрығына ұзын жіп байланған тышқан әрең жылжып барып кіріп кетіп, өзі көтере алатындай қалтаға бидай салып әкеліп берді. Мысық қуанып кетіп зытып барады.
–Тез-тез тауыққа апарып берейін. Ол маған жұмыртқа береді. Ол маған жұмыртқа береді, – деп қайталай берді мысық.
Мысық салып отырып, тауықтың ауласына келді. Тауық Тоғызы келіп көңілді екен.
– Тауық, тауық, міне, саған бидай енді сен маған жұмыртқа берші.
– Кешегі жұмыртқа бола ма?
– Болады!
Тауық шөп арасынан жұмыртқа әперді. Мысық жөнеле берді. Салып отырып дүкенге келді. Дүкеншіге жұмыртқа берді. Дүкенші оған сағыз берді. Алақай! Сағыз қолға тиді. Қыздарға барады қазір. Салып ұрып құдыққа келді. Қыздар жоқ. Ләйләнің үйіне келді. Ләйлә жоқ. Есесіне Дананы көрді. Үкі таққан топы киіп, қолына домбыра ұстап жүгіріп барады.
– Дана, Ләйләні көрдің бе?
– Ол алаңда. Көше аруы болғалы жатыр. Жүр, бірге барамыз.
Үкі тағып, домбыра ұстаған ақылды қыздың жанында жүрген қандай жақсы. Алаң көрермендерге толып тұр. Сахнада әдемі киінген қыздар. О, тоба! Мақта қыз да осында. Үкі тағып алыпты ол да. Әдемі көйлек те киіпті. Бұны зыр жүгіртіп қойып, түк болмағандай жарысқа келіпті. Мақта қыздың орашалақ екенін ешкім білмейді ғой. Ләйлә да сахнада. Мысық көрермендердің алдына шығып, аяқтардың жанынан орын алды.
– Сара мен Шара өз өнерлерін көрсетеді. Би! – деді жүргізуші. Екі егіз қыз айналып билей жөнелді. Өте әдемі айналып жүр. Шалқайып бастарын жерге тигізгенде ел ду қол шапалақтады.
– Енді Дана өз өнерін көрсетеді.
Дана шығып шырқата ән салғанда ел тына қалды. Ду қол шапалақ. Жарайсың, Дана. Тағы бір қыз күй тартты.
– Енді Ләйлә өз өнерін көрсетеді. Ләйлә ортаға шеңбер ала шығыпты. Беліне салып айналдыра жөнелді. Айналып жатыр, айналып жатыр. Қалайша түсіп кетпейді екен.
– Келесі – Мақта қыз. Ән! – дегенде мысық шошып кетті. Таза масқара болмақшы Мақта қыз. Оның дауысынан мына ел қашып кетер. Жоқ, болмайды не істесе екен. Мысық жүгіріп сахна сыртына шықты.
– Мақта қыз, саған ән айтуға болмайды. Күлкіге қаласың.
– Сен мені мазақтағанша артыңа қарап алсайшы. Уа, дамбал киіп алыпты.
Сүйеулі тұрған сырықтың бірін алып Мақта қызға ұсынды. Мә, мынаны алшы.
Мақта қыз тілін шығарып сахнаға кетті.
Тура бір әнші құсап Мақта қыз ән сазына тербеліп тұр. Ұялса етті. Мысық перде артында тұрып сырықпен түртті.
– Бастама, бастамашы.
Қырсық қыз бастап кетті. Дауысы барқ етті. Жұрт бір ауыздан «ооо»- деді. Ойнап тұр деп ойлады.
«Май туса, гүлдер шешек атса таңдаааа...» Жоқ, болмайды. Мысық сырықпен аяғынан итерді. Қыз құлап қала жаздады. Тағы түртті. Мақта қыз сөзінен жаңылды.
Құр: «Ля-ляля, ляля, ляля, ляля» – деп тұрып қалды. Сырықты алып тұра қуды. Мысық сахнаның арғы шетіне қашты. Мақта қыз сырықпен секіріп барып, дік түсті. Мысық мұнда қашты, қыз сонда секірді. Сырықты айналды мысық. Мақта қыз да айналды. Тағы қашты, тағы секірді. Тура кинодағы Маугли дерсің. Сырықпен шыр көбелек айналды. Ду қол шапалақ. Шеберлікте сөз жоқ. Жұрт ысқырып, мәз-мәйрам болды.
Соңында жарыс қорытындысы болды. Бірінші орын әншілігі үшін Данаға берілді. Екінші орын шеберлігі мен қатар елді күлкіге қарық қылғаны үшін Мақта қыз бен «дамбал киген мысыққа» берілді. Иә, иә дәл солай айтты. «Дамбал киген» мысық деді.
Үшінші орынды күйші қызға берді. Ептілігі үшін Ләйләға да сыйлық берілді.
– Негізі, мен ән де айтамын, – деді Мақта қыз сыйлық алып тұрып. Жұрт ду күлді.
Мысық Ләйләға келді.
– Міне, саған сағыз. Жүр, терекке су құяйық.
– Неге ертерек келмедің? Сағызым болғанда үлкен шар үріп көрсететін едім, – деп өкінді Ләйлә.
Қыздар терекке барып су құйды. Разы болған терек көп жапырақ берді. Мысық жапырақты алып сиырға әкеліп берді. Сиыр жалп-жалп шайнады.
– Керемет! Сенбесең жеп көрші өзің.
– Жоқ, рақмет сен оданда маған қатық берші.
Сиыр қатық берді. Жүрегі дүрсілдей қуанған мысық Мақта қызға қатықты әкеліп берді. Мақта қыз мысыққа құйрығын берді. Мысық жүгіріп айна алдына келді. Сәні, досы – құйрығы бұлғаңдап тұр. Мақта қыз бен Мысық құшақтасып достасты. Ұзағынан болғай.
Міне, осымен ертегі де тәмам. Бүкіл ел білетін ертегіні өзгертті деп ренжімеңіз. Бұл қазіргі заман ағымында жазылды.
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: жеке мұрағаттан