Мейіржан Жылқыбай. "Мақта қыз бен мысық"

Баяғыда болуы да мүмкін, қазіргі заманда болуы да мүмкін – Мақта қыз бен мысық болыпты...

Әйтеуір анам осы ертегіні айтып бергенде мен былай елестеттім: «Екеуі бір-бірінен өткен қырсық екен. Мақта қыз әнші болуды армандайды. Ал мысық ештеңе істемегенді ұнатады екен және мейіз жегенді жақсы көріпті.  Міне, ол мейіз жемекші болып енді ауызына сала беріп еді...  «Аааа-ааа»  деген жаман дауыс шықты. Мысықтың қолынан мейізі түсіп кетті. Жүгіріп барып бөлменің есігін ашса, кім дейсіздер ғой? Мақта қыз. Ұзын шашының күлтеленген  ұшын төбесіне үкі қылып ұстап алып, айнаға қарап ән салып тұр.  Мысық қайта келіп мейізін іздеп таппады. Болмаған соң жата кеп қарады.  Таппады, ақыры Мақта қыздың жанына келді

– Қалай екен менің әнім? – Мақта қыз сылқымдана күліп сұрады. Мысық оның аяғына сүйкеніп әрі-бері жүрді. Қабырғадағы қыздың сырықпен түскен суретіне қарады.

– Негізі саған сырықпен жүгірген жарасады және оны шебер істейсің.

– Ах, оңбаған. Өзің ән айта алмайсың. Тек мияулайсың, ыңылдайсың, пырылдайсың. Кет! – аяғымен итеріп жіберді Мақта қыз.

Мысық теледидар қосты. Міне, мысық! Қандай мысық. Уа! Төбесіне қауырсын қыстырған телпек киген. Аяғына етік киіп алыпты. Алшаң басып жүрісін қарашы.  Мысық есік жаққа қарады. Есік алдында жалпиған Мақта қыздың жеңіл аяқ киімі. Сөреде ылғи жазғы аяқ киімдер. Мейлі сосын іздеп тауып алады етікті. Мына мысық не істемекші екен. Шынтақтап жатып қызықтай бастады. Қайдан...  Мақта қыздың дауысы ештеңе естіртер емес. Барып теледидардың дауысын күшейтті. Қыздың дауысы басым болып тұр. Не деген ащы еді дауысы. Ерінбей тұрып тағы барып дауыс күшейтті. Жұлынып келген Мақта қыз теледидардағы етік киген мысықты көріп тұра қалды. Мысыққа қарап мырс етті.

– Мұндай болу қайда саған, –  басқа арнаны қосты. – Міне, мынау саған ұқсайды. Тура сен! –  Мақта қыз теледидарға қарап, сақ-сақ күлді. «Том мен Жерри».  Мысық жек көреді осы мультфильмді. Күнде көрсетеді экраннан. Ылғи өтірік. Миға қонбайтын тірлік. Мысық тыржиып теріс қарады. Бетін бұрған күйі тетікті басып ауыстырып жіберді. Міне! Мынау нағыз көретін нәрсе. Пай-пай мына мысықтың жүрісін-ай!  Мақта қыз «Томға» қойды. Мысық «Етік киген мысыққа» қойды. Мақта қыз «Томды» қойып сақ-сақ күлді. Мысық «Етік киген мысықты» қойып масаттанды. Теледидар жынданып кете жаздады. Дірілдеп кетті. Токтан тығынын суырып алды. Қыз келді, екі иығын ұлдар құсатып күш көрсете керіп. Теледидар сымын тік көтерді. Қыз былай келсе, олай қашады тығын. Мұнда келсе, анда қашады. Мақта қыз ызақор қыз. Ызадан айқай салды да, теледидардың төбесінен бір қойды. Теледидар да ызалы еді. Токқа тығынын қоса салып еді, ішінен шайтан ба, мыстан ба, алба-жұлба бірдеңе Мақта қызға төне қалды күркіреп. Мақта қыз бетін басып, баж ете қалды. Қанша бұзық қыз болғанмен, қыздың аты қыз ғой. Енді мысық сақ-сақ күлді. Теледидар басқа арнаны қосып қалғанда қасқыр ма, ит пе арандай ашылған ауыз арс ете қалды. Мысық терезеден секіріп  кетті. Енді теледидардың екі иығы селкілдеді. Өзіне разы боп қалды. Қыз сілкініп тұрып, теледидардың тығынын жұлып алып сүлгімен тығынды жақсылап орап тастады. Теледидар сүлгіні олай сілкіді, бұлай сілкіді. Ұзын сым сілкінген сайын айналаны шашты. Терезенің алдында өсіп тұрған гүлге тиіп ол құлады. Топырағы шашылып қалды. Мақта қыз жұлынып келді:

– Мә, саған. – Сымымен теледидардың өзін орап тастады. Байғұс теледидар көзі жыпылықтап бұлқынып жатыр. Мақта қыз сыпырғы алып, үй сыпыра бастады. Бұл қыз өте орашолақ. Құдай сақтасын, сіздер білмей-ақ қойыңыздар. Таң қаласыздар! Міне, құлаған гүлді ыдысына тамырымен емес, бас жағымен сала салып терезе алдына қойды. Әншейінде дыбыссыз өсетін байғұс гүл мыңқылдап, тұншығып сөйлеп кетті. «Көмектесіңдер»! – дейді. Қайтсін енді. Баспен тұрған қандай қиын. Әйтеуір бұталарымен ыдыстың ернеуінен ұстап басын шығарып тамырын жартылай болса да топыраққа батырды-ау. Мақта қыз үй сыпырып жатып мейіз тауып алды. Иә, мысықтың жоғалтқан мейізі.

– Мысық, мысық, бері келші. Мы-ы-с-ық! А, мысық! – қыз айқай салды. Мысық жуынып отыр. Қыз айқайлаған сайын қабағын кіржің еткізеді.  Денесін жуған сайын қабағы жазыла берді. Жүндері жылтылдап өзіне ұнады. Көңілі көтерілді. Ал мақта қыз болса, мейізді ұстап тұр. Иіскеп көрді. Алды да қоқысқа тастай салды. Ары қарай сыпыра берді. Жүні күмпиіп, ажары кіріп мысық кірді.

– Мақта қыыыз, сен мені шақырдың ба? – деді жәй ғана.

– Мен жаңа мейіз тауып алып едім. Шақырсам келмейсің. Содан... Өзім жеп қойдым. Мақта қыз бірдеңе бітіргендей ыржиды. – Солай, шақырғанда келу керек.

– Неге? Неге? Ол менің мейізім болатын. Менің қап-қара, жылтыраған, іші былжыраған тәтті мейізім болатын. Не істедің? Мә, саған! – Мысық орындыққа секіріп мініп, дастархан үстінде тұрған қыздың қатығын құйрығымен ысырып, төгіп жіберді. Қыз қатықтың жанына отыра қалып екі қолымен екі бетін ұстады:

– Менің қатығым! Менің қышқыл қатығым. Мә, саған! – Кесені алып, жіберіп ұрды мысықты. Қатықтың қалғаны үстіне жағылғанымен, мысыққа кесе тимеді. Мысық шкафтың артына тығылды. Мақта қыз төбесінен оқтаумен ұрғылады. Мысық атылып, пердеге өрмелеп кетті. Мақта қыз пердені сілкіледі. Мысық тайып барып қыздың басына секірді. Мақта қыз бетін қорғаштап жаба қалды. Мысық секіріп барып диванның астына тығылды. Мақта қыз шаңсорғышпен тарта жөнелді. Төрт аяғымен төрт табандап кілемге тырнағын батырып аман қалды. Мақта қыз диванды итере жөнелгенде секіріп барып теледидардың артына тығылды. Теледидар бұл екеуінен мезі болатын. Мысықты қабырғаға итере жабыстыра қойды. Оны көріп мақта қыз масаттана қалды. Қысылып қалған мысықтың танауынан жақсылап шертті әуелі. Артынан шықты. Құйрығын ұстап тұрып жұлып алды. Мысық шаж-шаж, баж-баж етті. Теледидар қорыққанынан жібере салды. Екі қолымен құйрығын жауып алып бажылдап жүр мысық. Айнаға барып артын көріп одан әрі бақырсын. Құйрықты екі саусағымен ұстаған Мақта қыз сабырмен күтіп тұр. Мысықтың дауысы  жәйлап басыла берді. Айғаймен ештеңе бітер емес. Ең соңында мойынсұнып қыздың алдында сөлпиіп тұра қалды.

– Мақта қыз, Мақта қыз, құйрығымды берші, –  мөлие қарады. Қыз жымиып басын шайқады.

– Сен бірінші маған қатығымды әкеліп бер. Сосын мен саған құйрығыңды беремін. – Мақта қыз құйрықты киім ілгішке іле салды. Мысық қуанып кетті. Киім ілгішке өрмелеп шығу қиын болыпты ма? Шығып бара жатқан қыз мұның түріне қарап ойын түсіне қойды. Құйрықты алып, сенесіздер ме, сандықты ашып салып қойды. Иә, байғұс мысық таза масқара болды. Тез-тез қатық әкелу керек. Кесені алып далаға атып шықты. Міне! Міне, қара сиыр. Сиыр деген береке ғой. Бәрі бар онда. Сүт дейсің бе, құрт дейсің бе, қатық дейсің бе, қаймақ. Сонымен бәрі. Мысық алқына жүгіріп келді. Ешқайда қарауға шамасы жоқ. Қолындағы кесесін әкеліп сиырдың желініне тіреді.

– Сиыр, сиыр, қатық берші, – деді айқайлай. Сиыр өте салмақты жануар. Бұрылып та қарамады. Шайнаңдап тұра берді. Мысық тосылып қалды. Қулыққа көшті. Сиырдың аяғына әрі-бері сүйкеніп пырылдай бастады. Сиыр мыңқ етер емес. Болмаған соң тұяғын қытықтады. «Қыты-қыты»  деді еркелетіп. Сиыр ішегі қатты.

 – Не болды? – деді, шайнаңдаған қалпы басын да бұрмастан.

–  Сиыр, маған қатық берші. Қарашы, қандай толып тұр, – мысық сиырдың желінін ұстап көтеріп қойды.

– Сен маған анау көшеде өсіп тұрған теректің жапырағынан әкеліп бер. Көрдің бе, қандай биікте екенін, бойым жетер емес. Қандай жайнаған жапырақтар, қатыр-қатыр шайнар едім, – сиырдың сілекейі шұбыра жөнелді. – Суф, – деп тартып алды сілекейін. Мысық тыржия қалды. Сілекейді айналып өтіп жүгіре жөнелді. Артынан қараған сиырдың көзі бақырайып кетті. Ұялып, ұзын кірпіктерін түсіре қойды.

– Ұят-дағы. Ойбуй, ұят-ай, – деді төмен қарап күбірлеп. Сиыр қанша дегенмен әйел баласы ғой. Қатты ұялды. Мысық безіп келеді. Екі көзі барлық талдан биік өсіп тұрған теректе. Алқына жүгіріп жетті. Терекке жағымпаздана пырылдай сүйкенді. Терек қарар емес. Қанша жапырақты талмай көтеріп, аспаннан асқақ  қарап тұр.

– Терек, терек, сен маған жапырағыңнан бересің бе?

– Сен маған су әкеп құй, мен саған жапырақ берейін, – деді терек.

Дәл осы кезде Ләйлә деген қыздың анасы үйіне жұмыстан шаршап келді. Үйіне келіп танауын керіп, құшырланып  иіс тартты.

– Ләйлә, қауын жардың ба, әкелші. Шөлдеп тұрмын.

– Апа, ол менің қауын иісті сағызымның иісі ғой, – деді Ләйлә, екі ұртын толтыра шайнаңдап. Анасы дастарханда тұрған ыдыстағы суды алмақшы болып көтере беріп еді, ыдыс алынбайды. Барынша тартқан анасы дастарханды ыдысымен бірге жұлып алды.

– Бұл не? Неге жабысып қалған? – деді шоши ана. Ләйлә жүгіріп жетті. Бұл менің алма иісті сағызым ғой. Су ішкенде қалып кеткен. 

– О, тоба!  – анасы үстелге қолын қоя бергенде қолына онда тұрған сағыз жабысып қалды. Қолын олай тартып, былай тартып болмаған соң айқай салды: – Ләйләәә!

Ләйлә әр жерден сағызын теріп анасының қолындағы күлеңке қалтаға салып  жүр... Кереуеттің басынан, тоңазытқыштың есігінен, ыдыс салатын шкафтың әр сөресінен, терезенің алдынан, теледидардың үстінен. Қалта толғанда анасы қоқысқа атып ұрды.

– Болды, саған ешқандай сағыз жоқ, сағызға ақша да жоқ. Үйге су тасы.

Ләйлә бұртиып қалды. Шелекті ала бергенде оның жиегіне қыстырған сағызын көріп қалып, өзіне-өзі разы болды. Аузына салып жіберіп рахаттана күйсеңдеді. 

Құдық басында біздің бейшара болған мысығымыз тұр еді. Құдыққа олай үңіледі, былай үңіледі. Шіркін, мына мөлтілдеген судан тартып ала алса және шелегі болып, оны бұл көтере алса, терекке апарып берер еді. Терек жапырағын берсе, сиырға апарып беріп, қатық алар еді... Шелектің шиқылын естіп қараса, Ләйлә Дана есімді құрбысымен суға келе жатыр екен. Мысық артын талға тіреп тұра қалды.

– Саламатсыздар ма, бикештер?

– Саламат бол, мысық.

– Қыздар, сіздер маған су беріңіздерші. Анау тұрған терек тал – ауылдың көркі. Әсем тал қатты қаталап тұр. Сіз сияқты қыздар келіп су құйса, шөлі басылып, сіздерге рақмет айтар еді.

– Ал сен неге тығылып тұрсың? Шықсаңшы бері.   

Мысық Ләйләні білетін еді. Ол – Мақта қыздың құрбысы. Ол бұның арты жалаңаш екенін көрсе, шиқылдап тұрып күлетін еді. Одан ана отырған апаларға қолын шошайтып айтып берер еді. Ал апалар көздерінің жасы аққанша күліп, ана тісі жоқ атаға айтатын еді. Ата тісі жоқ ауызын жайып жіберіп, қолын шошайтып мына шайтан арбамен зытып бара жатқан балаға көрсететін еді. Бала шайтан арбадан домалай түсіп күліп, ана доп қуған балаларға жеткізетін еді. Ал балалар кімді аясын, қоршап алып күлкіге қарық болар еді. Құдай сақтасын. Осының бәрін елестетіп кеткен мысық басын шайқады.

– Рақмет, тұра беремін, – Мысық таңдай қағып, қабағын түйді. – Байғұс терекке жаным қатты ашып тұр. Ауыр бұталарын көтеріп бізге көлеңке түсіріп тұр. Бір шелек су көтере алсам ғой шіркін, шөлі қанып рақметін айтар еді.

Дана жақын келді. Мысықтың қайырымдылығы таң қалдырды. Мысық артын жерге тіреп отыра қалды. Жетпегені осы еді. Дана мысықты басынан сипап, қолы төмен түсе берді. Құйрық  тұсына келгенде қолы кідіріп қалды. Түсінбеді. Мысықтың артына үңілді. Мысық намыстан жарылып кете жаздады.

– Байғұс мысық, байғұс мысық, әрине сенің айтқаның болсын. Мен қазір терекке су апарып құямын, – деді Дана шегініп бара жатып.

Ләйлә оның қолынан тартып қалды.

– Қоя тұр, үлкенмен таласпай. Мен өзім құямын. Бірақ, сен маған бірінші сағыз әкеліп бер. Ал мен су беремін.

– Жарайды, – мысық артымен жылжи берді.

– Тоқта, сен бүртүрлі күдікті мысықсың ғой.

– Жоқ! Мен кәдімгі мысықпын. – Мысық артымен жүре  ұзап барып, дүкенге зыта жөнелді.

– Мына мысық біртүрлі, – деді Ләйлә аузын қолымен басып, көзі бақырайып тұрған Данаға. Дана – дана қыз. Ләйләға айтпады. Мысықтың соңынан жүгіре жөнелді.

– Мысық, тоқта.

Мысық артын талға тығып тұра қалды.  Дана айналасына қарады. Мына бір аулада кішкентай баланың дамбалы жаюлы тұр екен. Дана алды да, балағын қысқартып, мысыққа кигізді. Ышқыры ұстамай түсе берген соң,  дамбалдың ышқырын кір қыстырғышпен қыстырып берді.

– Міне, енді жалаңаш артың көрінбейді.

Қандай жақсы қыз еді Дана деген. Елдің бәрі Данадай болса ғой,  шіркін. Мысықтың көңілі босады. Табанымен көзін сүртіп, қызға білдіргісі келмеді. Аяғына сүйкеніп, қолын жалады.

Жалғасы...

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: жеке мұрағаттан