Мейрханова Айгерим. Отаным саған айтамын

Мейрханова Айгерим. Отаным саған айтамын
Фото: Yernar Almabek

Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Мейрханова Айгеримнің  шығармасын ұсынамыз.

Мейрханова Айгерим Нұржанқызы – 2002 жылы 3 қарашада, Тараз қаласында дүниеге келген.  2009 жылдан бастап №12 мектеп – гимназиясында білім аламын. "Кітап оқып миллионер бол" байқауының лауреаты.

Отаным саған айтамын 
Туған жерді сүю – парыз, 
Сүю үшін білу – парыз, 
Қасиетін ұғу – парыз, 
Күзетінде тұру – парыз. 
М. Әлімбаев.


Жазу үстелі... Мұқабасы көнерген "Жыраулар поэзиясы" шалқасынан ашылып жатыр. Еріксіз көз жүгірттім... Көкірегімді кернеген ой қолыма қалам ұстатты... 

"Жабағылы жас тайлақ жардай атан болған жер, жатып қалып бір тоқты жайылып мың қой болған жер, жары менен сайы тең, жарлысы мен байы тең" – деп гуманистік ұрандаған бабалар арманы бірлік болатын. Ол – Қазтуғаннан қалған, қазақтан қалған үлгі еді. 

Екімыңжылдық тарихы мен тағылымы терең, мерейлі мекенім... Ұлы Даламның орман-көлі де, тау-тасы да, өзені мен құмы да, әрбір үлкенді– кішілі тасы біздің алтын тағымыз. Өзіңдей кең даланы бабаларымыз елін арман мұраттарына жеткізу үшін, көсегесін көгертіп, шаңырағын шалқыту үшін, жұмыр жердің бетінде ұлт болып орнығып, асыл армандарына қол жеткізу үшін, көк туын көкке көтеріп, айбарынан жел ескен, ордалы жұрт атану үшін абыз аталарымыз, нағыз баhадүр-батырларымыз ерте тұрып, кеш жатып, қабағына қар, кірпігіне мұз қатып, жортуылдап, елімнің қамын ойлап, іргесін бекітіп, қарынның қамын емес, отанымның қамын, мәңгілік өңірдің тарихын бізге келер ұрпаққа аманат етіп берген.

Бұл өңірдің табиғаты мен берекесін бір көргеннен қызықпағандар кемде–кем. Көктемдегі қызғалдақты жоталары, сарымсақты, жуалы сай–саласы, аң–құсқа толы Алатауы мен Қаратауының қойнаулары, балығы таудай тулаған Билікөлі кімнің болса да көзінің нұрына, көңлінің ән–жырына айналатыны сөзсіз. Қазақ елі замана көшінің алдында болып, кең–байтақ елімізде табысты болып, шығармашылық биіктерден көрініп, таңдаулылар мен үздіктердің қатарында болуы бүкіл қазақтың ар–намысына, ұжданына айналған – Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртаза бастаған ұлы тұлғаларымыздың ерең еңбегі жанымызға нұр болып құйылады.

"Бұл дала ұлы дала нанасың ба? 
Тәңірім нәсіп еткен көк астында... 
Болашақтың кемесі Қазақ елі, 
"Мәңгілік Ел" теңізінің жағасында". 

Мен үшін туған жерімнің күні де қымбат, түні де қымбат. Оның маңдайымнан сипаған самал желі, бойыма жылу дарытқан топырағы қымбат. Туған жерімнің қазынамызға айналған, көненің көзі, тарихтың өзі болған сынық көзе мен құмыра да, қалаларға мың бұлақтың бірінен су жеткізген құбыр да, сауда–саттықтың дәнекері болған тиын да, жаудан қорғануға арналған қару–жарақ та, тіпті не үшін пайдаланғаны белгісіз сынық тасы да біз үшін қымбат. Елімнің әрбір кішіпейіл, қарапайым, ақжүрек, достыққа адал адамдары мен үшін бауырымдай ыстық. 

Отаным! Қазақстаным! Тәрбиенің де, санаңда қалыптасар тектіліктің де, адами қарым–қатынас пен береке–бірліктің де тағылымды ордасы осы туған жерің емес пе? Жарты әлемді аралап шықсақ та біз үшін ең әдемі, аналарымыздың құшағындай ыстық, әкелеріміздің мейіріміндей қымбат жер, ол – біздің атамекеніміз. Сан мыңдаған қырқысу мен қан төгістерден өткен ата–бабаларымыз мұра етіп қалдырған туған өлкеміз жайында сөз қозғағанда жүрегім елжірейді. Менің туған жерім, отаным – Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтің сөзімен айтқанда: "Біздің тарихымыздың алтын діңгегі, рухани байлық Темірқазығы" атанған Тараз қаласы, ежелгі және орта ғасырлар өркениетінің аса ірі орталықтарының бірі. Мен алғаш суын ішкен, мені әлдилеп сүйген, маған сенген, туған жерім – Таразым... Жеңілмес күшіміз – осы жүрегіміздегі отанымызға, ел намысына, туған жерге, өскен елге деген тұңғиық, иірімдері саязданған сезімімізде. 

"Туыңды көтер, 
Туыңды көтер, туыңды!
Туыңды көтер! 
Таптатпау үшін тұғырды. 
Неліктен ерлер көтеріп туын жығылды, 
Неліктен ерлер астына тудың жиылды. 
Отаның – біреу, 
Жүрегің – біреу, 
Ту – біреу. 
Сондықтан жөн ғой "жүректен туым туды" деу". 

Отаны, жүрегі, туы бір ел – Қазақстан, – деп мақтанышпен айтар едім. 

Туған жердің қадірін білу, тарихын тағылымдау, жүрегімізге отансүйгіштік қабілетін сіңіріп, төңірегімізге адамгершілік пен ізгілік сәулелерін төгу, осы атамекеніміздің тарихын қанымен жазған бабаларымыздың, батырлар мен сөз бастаған шешендеріміздің, қайраткерлеріміздің арқауы. Табиғаты тамаша, жері де, елі де дархан Қазақстанның кішкене ғана бір бөлігі – Тараз қаласы. Бал-балалығымның мекені – Таразым. Арманына қарай асығып, лүпіл қаққан жүректердің сан-түрлі қиялдарын жүзеге асырып, сан-қилы тағдырларды тоғыстырып жатқан керемет те көркем қала. Тартылған сымдай бой түзеген көшелері мен жымың қаққан шамдардың сәулелері алыс бір қияларға шақыратындай. Шаһар сәні мен дария сұлулығы сабақтасып, керемет бір тылсым тіл, әуезді үнмен сезім қылын шертеді. 

Өмір жолының алпауыт баспалдақтарын аттап, үлкен үміттер мен армандарға жол ашқан туған жерім. Менің туған жерге деген сағыныш сазым жер жәннаты атанған осы Таразыма арналады. Мұндағы облыс орталығы маңындағы туған өлкенің бостандығы үшін қасиетті соғыс ашып, 95 жасында қайтыс болған жауынгер Шахмахмуд пен ару Айша махаббатының нышаны ретінде танымал Айша бибі мен Қарахан кесенесі, айналасында жалбыз иісі аңқыған, суы кәусар – Талас өзені сағыныш деген сезіммен ұштасып, жүрегімнің түкпірінде берік орнап, көңіл толқынын тербетіп, қастерлі құндылыққа айналғаны қашан! Тараздан 40 шақырым жердегі салынуы аяқталмай қалған Ақыртас құрылысы да өзінің ауқымдылығымен таң қалдырады. Ежелгі заманның осындай ескерткіштері өз атамекенін сүйіп, туған жерін құрметтей білген тәкәппар, ержүрек әрі еңбекқор адамдардың өмір сүргенін дәлелдейді.

Шу өзенінің солтүстігінде әйгілі Бетпақдала шөлі, жазықтардың кей жерлерінде сирек жоталар мен аласа жондар түріндегі қырлары, аң-құсы, сай-саласы, биік аспан, жусан мен дермене, шөптің кермектеу иісі танымдық маңызы үлкен жұмыр жүрегімнен қайтпас тағылымы. Аға ұрпақтың ерлігін жалғастырушы, ұлтымыздың айбыны, мемлекетіміздің тірегі осындай тәуелсіз, еркін, батыл болуы керек.

Дана халқымыз "Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары" – деп бекер айтпаған. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік әрдайым адамды алға жетелеп отырады. Тараз – көз алдымызда жыл санап емес, ай санап емес, күн санап, аңызға бергісіз шындықпен өсіп келе жатқан нұрлы қала. Ұлттық намысымызды қозғап, әдет-ғұрып, салтымызға, рухани байлығымызға деген құрмет сезіміне бөлеп, сүйіспеншілікке жетелейді. Әсіресе жастардың бойында елдік рухты, ұлтжандылық сезімді қалыптастыруға әсері ерекше күшті. Тараз тек қана әкімшілік қала емес, халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орындары, ғылыми мекемелері, театрлары мен музейлері бар мәдениеттің қайнаған қазанына айналған қала. Ортақ мүдде, ауызбірлік, ұлтаралық келісім мен де татулықтың кілті де сенімді Тараз болып қалмақ. Ел мерейін өсірер Елбасымыздың ұстанған сындарлы саясатының арқасында Тараз асқақтап, еліміз қарыштап дамып, қанатын кең жаюда. Қаламыз жылдан-жылға көркейіп, егемен ел болғанымыздың айғағына, өркендеуіміздің көрінісіне, достыққа адал, сертке берік салты бар қазақстандықтардың ортақ менталитетіне айналып келе жатыр.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған "Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері" атты биылғы жылғы Жолдауында: "Адам – елдің басты байлығы... Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл-күйлеріне байланысты", – делінген.

Осындай саясатты ұстанып отырған елмен әлемнің жетекші елдерінің көшбасшылары мен беделді халықаралық ұйымдардың басшылары өздерін Қазақстанның досы санайды. Біз мұны мақтаныш етуге тиіспіз. Қазақстанның жоғары халықаралық беделі біздің елімізге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төраға болуға мүмкіндік берді. Бұл– біз үшін үлкен абырой. 

Қазақ егемен ел болып, өзге елдермен терезесі тең болуды қаншама армандаған еді. Енді, міне, сол арман орындалды. Елі үшін еңіреп өткен ерлердің еңбегі еш болған жоқ. Еліміздің кешегі тарихының сахнасында жері үшін он жыл бойы аттан түспеген қазақтың Жәнібек пен Керей хандары ат ойнатқан күйі қаламызға маңғаздана қарап тұр. Бұл – біздің Таразымыз, жайқалған көне қаламыз, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып айтылар ардақты Таразым, қазақ елінің тарихы сақталған мекен! 

Т. Раушанұлы