Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Меруерт Серғазықызының шығармасын ұсынамыз.
Сайфолда Меруерт Серғазықызы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Шірікаяқ ауылында 1996 жылы дүниеге келген. Алматы қаласы №65 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Дүние жүзінде қаншама ертегіге ұқсас жерлер бар, көрсең ауызың ашылып, көзің жұмылып таң қаласың, ауызыңның су құрып айта беруге болады, айта беруге болады. Ол жерлерде болсаң керемет уақыт өткізесің, өте қызықты болуы мүмкін. Алайда, тек қызықты ғана болады, ал сағыныш болмайды. Сен ол жерлер қаншалықты керемет болса да , жарайды, тіпті бұрын соңды ондай жерді көрмеген болсаң да, сен ол жерлерді сағынбайсың. Себебі, меніңше, адам тек өзінің туға жерін, өскен өлкесін ғана сағынады, өзгеше сағынады, сол туралы түс көреді.
Менің туған ауылым Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім деген жерден 42 километр ары жатқан Шірікаяқ ауылы. Атын естіген жұрт не күледі, не таң қалады.
Мен сол туған ауылымнан бала күнімде кеткенмін. Сол кездерден бері сағыныш басылған емес. Менің ауылымның орынында қазір ескі үйлер мен қабырғасы жырым- жырым болған екі қабатты, сырты қызыл мектеп қана қалған. Кезінде дүркіреген ауыл болған, жан-жақтан басқа ауылдың оқушылары осы мектептің интернатында оқып, сауат ашқан деп айтсаң ешкім сенбейтін секілді. Мұқағалиша айтсақ: "Болған өмір ұқсайды болмағанға".
Қазір мен ол жерге жету үшін өте ұзақ жол жүруім керек, жол бар болса ғой, шіркін, ол жақта енді жол да жоқ. Онда кімнің үйіне барамын, онда үйлер де енді жоқ. Ол жақта адам да қалмаған. Содан болар сағыныш сезімі менде өзгеше...
Соңғы рет оныншы сыныпта Өскеменге келгенімде достарыма өтініп жүріп аяқ асты барғаным есімде. Не себепті екені өзіме де түсініксіз сол ауылыма барсам жылаймын, кəдімгі жылау. Бəлкім іштегі бір түйсік енді бұл ауылға оралмайтынымды сезе ме екен, əлде, жылдар бойы ішімде бұғып жатқан сағыныш па, əлде, ақыры келдім ғой деген қуаныш па көзден еріксіз жас аға беретіні түсініксіз. Ауылыма кірген кезден бастап бəрі таныс: біз ойнаған тастар, біз қой жайған дала, біз асыр салып жүрген көшелер. Өзім тұрған үйге барсам, орынын биіктігі менің бойымнан асатын тікендер мен шөптер басып кеткен. Сол бойы аулама да кіре алмадым. Жарайды, онда мені күтіп отырған ешкім де жоқ! Ары қарай ешкім тұрмайтын, ешкім аяқ баспайтын ауылымды аралап шығамын. Бəрі сол қалпы, ешкім менің тастарыма, ағаштарыма, далама тиіспеген. Тиіспек түгілі ендігі жоламаған. Ал мен өзім ойнап өскен жерлердің бірін де қалдырмай аралап шығатынмын. Алыстан қараса, айдаланы кезіп жүрген бір диуана секілді шығармын.
Менің ауылыма бұрын адамдар тұрған кезде де, əсіресе, қысты күні жету қиын болатын. Біздің жақтың қысы сонау Сібірдің қысынан да қиын сияқты көрінеді. Қар болмайтын, мұғалімдер солай шешетін, есесіне қарды омбылам, қора-қораның үстінен қалың қарға секіріп жатамыз. Тоңу деген қайда!? Ал аязды күндері кірпігіңе мұз қатып, тура мағынада айтамын, үйге кіргенде мұзың еріп жылап отырған адамдай боласың. Кейде маған адамдардың барлығы осы қыстан қорқып ауылдан қашып кеткен секілді көрінеді. Ал мен не үшін ол жаққа жиі бара алмаймын? Неден қорқамын? Əйтеуір сылтау ретінде уақыт жоқ дегенді қайталай беремін.
Қасымдағы достарым: "Ол жаққа барып не істейсің, не іздейсің, ешкім де жоқ қой",- деп мен "барайық!" деген сайын маған қызық адамсың дегендей қарайды. Ал мен не істейтінімді білмесем де, не іздейтінімді білемін. Маған туған өлкем керек! Сол жақта өткен алтын уақытым, балалық шағым керек. Оралмайды! Тек мен іздеуімді қоймаймын. Енді қай күні тағы адам аяғы баспайтын даланы аралап жүретінімді кім білсін? Іздегенім табылар ма, сағынышым басылар ма оны да өзімнен бастап ешкім білмейді! Сағынамын...