Тақырыбы да, таңданысы да бөлек жас дарынның тырнақалды туындысын ұсынғалы отырмыз.
Мен жарықты сүйген едім
Тау етегінен сығырайған күннің өзі күңіреніп батты. Самал жел де аспандағы бұлттарды жинап алып, сарғайып тұрған күннен бірнәрсені жасырғандай көзін жаба берді, жаба берді. Осы себептен таңғы суықтың ызғары мен желдің ызылдаған ызыңы басылар емес-ау. Қырық жамаудан құралған ескі лашықтың иесіне бұл суық ауыр тиері белгілі еді. Дірдектеген дене жылы көрпенің астында жатса да, жылу бере алмайтын дәрежеге жетті. Бір жағынан қара суықта, бір жағынан ауруы да асқынып, шалдың ығырын шығара бастады. Шыдамсыздық танытайын десе де, қауқарсыз еді бұл дене. Жалғыздықтан ба, әлде қараңғылықтан ба, әйтеуір, бұл өмірден жалыққандай өз-өзін дайындап үмітін үзген сәті болатын.
"Е, өте шыққан өмір-ау", - деп асқынған ауруға қарсылықсыз ақырындап беріле бастауды да жөн көрді. Шыдамсыздықпенен өлімді күткені рас, келесі өмірде көзіме жанар беріп, көргізеді-ау деген оймен. Расымен, ол кісі соқыр еді. Қимастық сезім пайда болды ма, өткен өміріне тағы бір сүңгіп алғысы келді. Қырық жылдық қараңғылықтан құралған өмірін емес, қараңғылыққа кірмей тұрған өмірін еске алды. Сол жарық дүниені қайтадан тағы бір ақырғы рет шолып шыққысы келді ме, әйтеуір, сонау сезімнің қиыр шетінен қазылғандай қиналып барып ойларын тізбектей бастады. Ойлары орныққаннан кейін, алжасқандық емес-ау, төсек басына қарап біреумен сөйлескендей дауыстап, «Мен жарықты сүйген едім» деп әңгімесін бастады.
Алауратқан жастық шақта кім сезген бұлай боларын? Тағдырдың тәлкегінің бір ұшы маған тиері де анық еді. Мүмкін сездім бе екен, мүмкін білмедім. Бірақ жарықты сүйетінмін. Расымен қараңғылықтан қорқатынмын. Әрбір шашыраған сәуле – менің жанарым еді. Әрбір жаңбырдың тамшысы – менің жасым болатын. Жарықты сезінгенде салқын ауаны жұтпасам да өмір сүре алатындай күй кешетінмін. Бірақ мен өмірге енді ғана бойлаған жай ғана пенде болатынмын. Бұл фәниде әкем де, анам да жанарынан сәулесі үзілмеген күн еді. «Сайрандаған қайран өмір-ау!» деп шал басын сәл қисайтып бұрды да, қайтадан әңгімесін жалғастырды. Сырласым да, мұңдасым да сол күн болатын. Оның жарығы келбетіме кеп шағылысқанда ыржыңдаған екі езу жыйырылмай мәз болатынмын. Өстіп құшақтасып көрісетінбіз. Өзім де өзгелерден өзгерек екенім рас. Менің сөзім әрқашан ішімде жататын. Сол кезде ойымнан ұшқалақтаған сезіммен қосылған сөз көкейден шыға бастайтын. Аспанға шалқамнан қарап ап «Ей, күн!» деп дауыстап, сенің сәулеңді алғаш көрсем деп түнімен көз ілмейтінмін. Қызарып атқан бейнеңді көрісімен көңілімді қуаныш билейтін. Салқын кеш түсісімен сағыныштың мұңы сарғайтатын да тұратын. Сені сол сәулең үшін сағыныш мұңын кешетінмін. Күнде-күнде тосып алатынмын. Білесің бе, ей, Күн, өзеннің жағасында дірдектеп тоңып тұрушы едім ғой деп табиғатқа сағынышымды айтушы едім. Өстіп алжасқандай аспандағы күнмен сөйлесіп жүргенде адамдармен тілдесуден де қала бастадым. Баяғыда тілімдегі мүстіктен ұялатын едім. Мүмкін балалығым шығар, енді міне екі-үш күн бойы жақ ашпайтын болдым. Алғаш жетімханаға келгенде мені мылқау деп ойлайтын да. Жетімдер үйінің артында кішігірім бір өзен болатын. Таң атпай баратынмын да, не көрдім, не істедім соның бәрін күнге қарап сапылдап отыратын едім деп дауысын соза беріп еді, қара суық та шап беріп қыса бастады.
Шал енді қыңыр қисық әңгімелерін қысқартып сөйлей бастады. Мүмкін жастық шағындағы қисынсыз тағдырын ойлағысы келмеді ме, әйтеуір бірнәрсеге асықты, иә, расымен ол асықты. Сол бір шақты есіне ала алмай өліп кетем бе деп.
«Мен күннің жарығын сүйетінмін» - деп ыңырсыған қалпы тағы қайталады. Онсыз мен әлемді елестетпейтінмін де, елестетін көзімнің де сөне бастаған шағы болатын. Мүмкін, бір ай, мүмкін, бір жыл, әйтеуір, көрмейтін көр соқырға айналатыным анық. Бірақ соқырлықтан шынымен қорқамын. Уақыт емші деп жүре беріппін. Жылжыған жылдар өтті. Есейдім. Қимастықпен қоштасқан жетімхана да артта қалды. Балалық шақ, бәрін–бәрін тастап кете бардым. Оқуға түсе алмаған соң еріксізден жұмыс істеуге тура келді. Тазалаушы боп химиялық фабрикада істей бастадым. Бұның зардабын тиетінін білсем де, амалсыздан білмегендей жүре бердім. Тілімнің мүстігінен ешкіммен айрықша да араласа да алмадым. Бірақ ішкі дүниемді тұнып тұрған табиғаттың сұлулығы аралайтын да жүретін. Сол бір табиғат бір күні атылады–ау деп қорқатынмын. Сол химиялық жұмыста жүргенімде көзімдегі жанарым да сыр беретін болды. Соның кесірінен сырлы сұлу аспан жарығымен жерге тамған күн сәулелері бәрі-бәрі ақырындап ғайып бола бастады. Бір жағынан жұмысқа да икемсіз де едім. Кейде тоқ, кейде ашығып сүйретіліп жүргенде біресе жылап, біресе күрсінген күз айы де келді-ау дей беріп еді.
Шал сөзін ілезде тоқтатты. Күз. Осы сәтті бағанадан күткендей үнсіздікпен суық ауаны ұзақ жұтып тұрып сол кезді есіне қайта алды. Шынымен де шал ол күзді ешқашан да ұмытқан емес еді. Өмірінің мәні де сол бір сәт болатын. Сәл уақыттан кейін шал күрсінген қалпы ыстық ауа аралас сөзін қайта жалғастырды. Бірақ әңгіменің басқа қырынан бастады...
Сол күні, иә, сол күні қараңғылықтан туған сезім пайда болды. Қараңғылық әлеміне кірер бір күн қалғанда, мүмкін, бір сағат шығар, әйтеуір, иненің жасуындай жанарым бар еді. Білесің бе, Күн? Сол күні мен сені көре алмадым! Сол күні сандырақтаған мінезім де алабырт еді. Қара жердің өзі мені танымай қалды. Қимастық сезім биледі ме, сенің сәл де болса нұрынды көргім кеп, басымды саған қарай шалқайтқан кезім болатын. Мүмкін байқамадым ба, мүмкін абайсыздықтан болған дүние шығар. Мүмкін, бірақ, жұп-жұмсақ мамықтай жаратылған мүсінді қағып кеттім... Бірақ оның жаны бар екенін білмедім. Жанарымды қараңғылық басса да, жаныма әлі жете қойған жоқ. Ілезде бұрылып кешірім сұраймын дей бергенде, оның жанарының ұшқыны менің жанарымды күйдіріп жібергендей әсер етті.
- Соқырмысың? – деп, саңқ ете қалған, ыстық леппен айтылған сөзі демімен араласып жүзіме тиді. Өмірі адаммен араласпағам тұйықтығым осы сәтте қатты білінді. Сезімнің шыңырауы осы ме екен? Сөздің ләззатын енді сезіндім. Оның әлпетіне қанша тесіле қарасам да, айшықты дидарын болжай алмадым. Арсыздығымның кесірінен төмен қарап, соқырлығымды қайдан білсін, қыздың сұрағына ішімнен "иә" дедім. Бірақ оның даусы көз алдымда мәңгі түн болса да сезіммен қосылып айтқан ән еді. Тағы да арсыздығым сүйреп, жанарына көзімді сүзіп едім, оның көзінің жанары жарқ ете қалған найзағайдан да жарық болып көрінді. Көзі сондай тұнық. Оның жүзі нұрдан пайда болған хор қызындай болатын. Бір қиял жеткізсіз жұмбақ сезім билей бастады. Ойларым құлазыған құздан құлап жатыр. Қайтем, енді? Сасқалақтаған түрім бе? Оның жанары менің жанарыммен түйіскен кез еді, ілезде төмен қарадым. Осы сәтте махаббатқа толы мұң, уайым-қайғы, бәрі-бәрі менімен қауышқан кез... Оның түрін тағы–тағы көргім кеп ентелеген ойлар тұншықтырып барады. Сөйлейін десем, көмекейімді біреу тартып ұстап тұрғандай, дауысым қарылды да қалды. Тағы да дем аралас сөз жанарым мен құлағыма кеп тиді.
- Ұялтып тастадым ғой деймін сізді. Кешіріңіз, мен де кінәлімін, - деген үн. Маған бұрылып сөйлегені әлемдегі нәзіктіктен құралған бейнедей көрінді. Жан дүниемде үнсіздік орнағанымен, бірақ ой әлегінен құтылар емеспін. Сезімнің жұмсақ шуағы жанымнан шашырап жатыр. Менің қара басқан жүрегімді жарық беріп нұрландырған – оның маған қарап сөйлегені, маған қараған тұңғиық тұнық көздері еді. Мен енді ғашықтықтан масая бастадым. Алғаш рет адамзатты сүйдім. Ол бейнені мен бір-ақ рет көрдім. Көрген сәтте-ақ мен оған жүрегімді ұсынғам. Ессіз ойлардан ес-түссіз тұрғанымда.Сықырлаған аяқтың үні құлағыма шалынды. Ойымды жинақтап сәл басымды көтергенде әлгі жұмбақ сезімді оранған бейне жанарымнан сөніп барады екен. Мен әлі үнсізбін. Күңіренген көңілім де аузымды буып тастады. Хор қызы менің қимастық сезімімді жетектеп барып, ғайып болды. Енді қимастықтан өз-өзімді жұбата бастадым. Жо-жооқ, ол тек жанарымнан ғана ғайып болды. Әншейінде құлақтың ызыңын алатын кейбір гүрілдеген дыбыстар да тына қалған.
Бірақ тыныштықты бұзған менің даусым еді. Аспанға шалқая бере, күнім, мен «Өөөкін-бей-мін!» деп айқайлап жібердім. Қаперсізде жатқан қайғымның өзі безектей бастады. Мен оны көрдім, мен оны сезіндім, мен оны сүйіп қалдым! О, күнім, жарығым, сені ғана ұнатамын ба десем, сезімнің шегі жоқ екен! Күнім, мен оны құлай сүйдім бір ауыз сөзінен! Оның жұтқан ауасын мен де жұттым! Екеуміз бірге жұттық сені, ей, ауа, естимісің?! Қош, күнім, қош! Сені енді қашан көремін?! Бірақ, разымын, мені пендеге ғашық қылған тағдырыма! Күнім, есіңде ме, сені күтуші едім ғой, есіңде ме?! Ұмытпа мені, ұмытпа деген мұңды дауыс жүрегімнен шыққан еді. Өйткені көз алдымда мәңгі түн пайда бола бастады.
Сарқылмас тағдырым, бәрі-бәрі түнге айналды. Жылжыған уақыттың кесірі ме, қараңғылықтың есігін ашқаныма осымен қырық жылдай уақыт болды. Күз айындағы сол бір бейнені көргеннен кейін санаған уақытым болатын. Жанарымды соқыр қылса да, оған деген сезімім мен жүрегім аппақ еді. Менің сезімімнің жанында ақ қардың өзі кір көрінетін. Қараңғылықтан туған сезімнің өлмейтіндігін білдім.
Сол күз, сол уақыт шеңберінен аса алмаған күйдемін. Көңілім түнге ұласқандықтан ба, жарқыраған сырлас күнімді де ұмыттым. Бірақ ұмытпағаным сол бір хор қызының көзі, оның даусы, оның иісі еді. Әрбір ырғақты дыбыстан оның даусын іздейтінмін, әрбір ән құлағыма мұң болып естілетін! Сезімнің шыңырауына жете алмадым ба, қалықтаған ауадан оның иісін де сезе алмадым. Ойымның өзі құзға айналды. Жүрсем болды құлай беретін болдым. Құлай беретін болдым, құлай беретін болдым...
Шал сөзін аяқтамаған қалпы бақилыққа аттанып кете барды. Түн ауасының кең даланы толығымен басқан кезі. Көк аспанға біреу қара кілемді лақтыра салғандай, бұл жаратылыс тек қараңғылықтан тұратын еді. Қара бояумен үйлесім тапқан әрбір тіршілік иесі қараңғылықпен сіңісіп жоқ болып кететіндей. Көңілдегі үрей де, көкірекке кеп қорқыныш туғызатын тылсым дүние де осы шығар. Тіршіліктің тынысын бағып тұрған самал жел де мына қараңғыда ғайып боп, тек артында топырақ үйлескен шаң қалатын. Шалдың да тағдыры осыған ұқсайтын еді...
Автор: Ербол Қабылханов
Дайындаған: Фараби Арыстанбек
Сурет: waytosoul.ru