Мен енді кімге хат жазамын?..

Бал сезімнің қайғысын татқан нәзік жанды қалам иесі жан-дүниесін туынды ғып төгеді... Қайтпас махаббаттың қаһарманы болу да қамшының сабындай қысқа ғұмырдың өлшеулі бір бақыты шығар?

"Әдебиет" бөліміне Әсем Қосбағар мұң мен сырға тұнған шығармашылығын жолдапты. Бағасын өзіңіз беріңіз, патша көңілді оқырман!  

Сізге... 

Кеше ғана ағыл-тегіл жылап тұрған жауын тамшысының бүгін бірі де жоқ. Ақ жауын даланы түрлендіріп, жаңаша рең сыйлап, тазартып кетіпті. Неге екенін, кешегі ауа-райын бүгін сағынып, кешегі ойлағанымды санама қайта салып отырмын. Ұялы телефоныма сізден қысқа ғана хат келді. “Шымбұлаққа барсақ”. Сіздің ойда-жоқта кезіккеніңіз қандай жақсы болды!

Кезегі келген көктем секілді, мүмкін, менің де өзгеріп, жаңаруым керек шығар. Сіркіреп жауған ақ жауындай табиғат атаулыны бір рет болсын өзіне қаратып бағындырғанындай, маған да өзгелерді өзіме қаратып, олардың көңіл бөлгені қажет болар.

Өзгені түсіну былай тұрсын осы мен өзімді өзім түсіне алмаймын. Кәдімгідей.... Қызық....

Қазір ғана қызметтес құрбым басымды қатырып, есі ауысқандар туралы сұрайды. Олардың әлемін зерттеу керек дедім. Мен енді не дейін.

Сіз ертегідегі Алпамыстайсыз. Рас айтамын. Алпамыс. Сом дене, сұлу келбет, әдемі дауыс. Өзім солай елестетемін.

Шымбұлаққа барғаннан тауды құлай сүйетініңіз сезіліп қалды. Мен байқұс жалғыз жарым жүрген еліктей сіздің артыңыздан ердім де жүрдім. Тау атаулы сіздің қоңыр даусыңызбен шырқалған әнді тыңдады. Мен де тыңдадым. Жарым, өмірлік серігім деп танып та үлгердім.

—   Тым жұқа киінгенің не?

—   Білмеймін....

—   Ауырасың ғой?

Ерегеспе әдетім ұстап:

—   Ауырған қайта жақсы, сау күніңнің қадірін білесің, – дедім.

—   Ауырғанда саулығыңның қадірін білгеннен, ауырмаудың әрекетін жасаған жөн.

Мен ерте қуаныппын. Сіздің әйеліңіз, бала-шағаңыз бар екен. Сүю, жақсы көру ұғымы менің түсінігіме тар келсе керек. Үзілді-кесілді араласуымызға қарсы болдым. Сіз хат үстіне хат жаздыңыз. Мен үнсіз қалдым.

Үнсіз...

Неге екенін тауды аңсайтын болдым. Жалғыз жаяу «Шымбұлақ қайдасың» деп келе жатырмын. (Расымен де тау құдыреті керемет екен ғой). Өрлей бердім, жүре түстім. Тынысым ашылып, жаным тазарғандай әсердемін. Шымбұлақтың шыңы көз тартады. “Шығамын” деп бекіндім. Шымбұлақтың басында бұлт тұрмайтынын-ай. Бірде жаурап, бірде ысып әлекпін. “Мынаның есі ауысқан ба?” деді ме екен, қытайлық азаматтар қолдарын шошайтып күлді. Үстеріне кигені қара костюм-шалбар.

Еркін, есіре ән салып бара жатқан оларға анықтап қарадым. Екеумізге кезіккендер екен. Ол кезде де дәл осы әуенді айғайға басқан еді. Сіздің қытай тілін меңгергеніңізді сол кезде білдім. ““Қазақстанның несі жақсы, табиғаты жақсы” деп барады оңбағандар” деп ашуланғансыз.

Мен өз жағдайымның мүшкіл екеніне қарамай, қиыршық тасты қолыма алдым. Алатауды жаңғыртып бара жатқан бәлеге “Мә, саған!” деп тас лақтырдым. Аяғым тайып кетті де, дөңгелеп барып, басым тасқа тиді. Ал, олар болса әлі айғайға басып, ән салып барады.

 Алғашқы хат

Сіз жайлы ойламай жүре алмайтын болдым. Тіпті, сіз шыға келе ме деп, ағаштардың ығынан, дүкен қалқаларынан, көше бойынан іздеймін. Бүгін тағы жауын жауды.

Тырс-тырс еткен тамшының өзіндік ырғағы, әуезі бар емес пе, мен де өз-өзіммен ыңылдаймын. Қолшатырым өкпек жел мен мазасыз жауған тырсылға шыдамай дірілдеп келеді. Шұңқыр-шұңқырды, көше бойын, үй жырғаларын аралаған су жер әлемді билеп, төстеп, тінтуде. Көліктер болса асығыс ағызып, шалшықтарды шашыратып, жарысып барады. Балағым шылқыған су болды, сары туфлиімнің іші дымқыл тартады.

Келесі хат

Суық бойымнан шығар емес. Соңғы кездескенімізде “ауырсам екен” деп тілеген едім.

Сіз маған мәңгіге мұң сыйладыңыз.

Өкінбеймін.

Бірақ тағы да азап шегу, тағы да тосу, тағы да сағыну, тағы...

Ауырған адам өз бойындағы дерттің қинағанына төзу арқылы бойындағы жамандық пен күнәсінен арылатын секілді. Жан азабы ауырлаған сайын, тән азабының түк еместігі сезіледі. Үш күн өтті ешкімге керексізбін. Безілдеуік телефонның да үні өшкелі қашан. Тық-тық еткен сағат даусы ғана тіл қатып уақыт есебін көрсетеді. Ызғар, суық ызғар денемді дірілдетеді де тұрады. Далаға елеңдей беремін. Аспан ақшыл көк тартып тұр. Бұлттар көрінбейді.

—  Бұлтқа мініп кете барсам ғой, – дегенімде:                 

—  Керемет болатын еді, – деп  балаша қуанғансыз.

Ал қазір сол бұлттарға адам атаулының бәрі отырып алып әлемді аралап, мені мына сұрықсыз өмірге тастап кеткендей. Мен сіздің даусыңызды естігім келіп кетті. Ұялы телефоныңыз да сөндірулі екен.

Телефон құлағы көптен әзер қозғалып, шырылдағаны сол, сіз шығар деген алдамшы үмітпен көтерсем, құрбы қыз екен. Ол әй-шәй жоқ өзінің жындыларға қатысты әңгімесін айта бастады.

– Есі ауып кеткен, есі ауысқан деген тіркестердің өзі жай айтыла салмаған ғой. Олар қатты уайымнан не болмаса шектен тыс ойланудан жындануы мүмкін. Мәжнүн де сол ғашықтықтан құса болды, Қаракөз де сүйгеніне деген сағыныштан есі ауды. Алло, ал-ло.. Саған не болған тыңдап тұрсың ба? Алло, ал-алло.

Трубканы телефонның жанына қойдым. Сіз екен десем... Қайдағы есі ауысқан жындылар жайлы айтады.

Қара тастан қорқатынымды сезіп, “Оларда да тіршілік бар, сөйлессең тас та ұғынады” дегенсіз. Қазір қара тастан да қорықпайтын болдым. “Одан да бір күні от шығар”. От деген – ол жақсы ғой.

Оты болмаған үйдің жарығы ерте сөнеді...

Мен...

Соңғы хат есебінде

Сіздің енді хаттарымды оқи алмасыңызды біле тұра, хат жазып отырмын. Құлазыған шақтарда ғана сізге бар жан­күйзелісімді айтқаным үшін, сізді елемей бір кездері тастап кеткенім үшін, бақытты сәттеріңіз бен қуаныш қайғыларыңызды бөлісе алмағаным үшін өтініп кешірім сұраймын.

Тағдыр.

Бәлкім солай да шығар.

Сізді кезіктіргенімде «Аллам­-ай саған мың да бір рақмет. Осындай иманды, жақсы жанды жолықтырғаныңа!» деп күбірлеп рақметімді Жаратқанға жаудырдым. Сіз отбасыңыздың бар екенін айтқанда, қуанышым ұзақ болмады.

Иә, қазір махаббаттың да құны түскен, қадірі кеткен. Сол махаббат дейтін таза тұңғиықтың самалы есілгендей сізді көріп ғашық болғаным рас. Мен сізге, сіз маған айналғандай едік.

Сіздің хаттарыңыз үнемі өлең жолдарынан болмаса, ойлы философиялық афоризмдерден тұратын. Болмаса мені шабыттандырып «жаз, жаз, жаз» дейтін қысқа бұйрық райындағы сөздеріңіз келетін.

Қызық.

Бірақ бәрі маған ұнайтын.

Менің жасымның да біразға келгені бар. Ойда-жоқта тұрмысқа шығатын болдым. Ал сіз мен үшін сұрау белгісі сияқты едіңіз.

Иә, білем. Сіздің екі ұлыңыз бен жарыңыз бар. Сіз айтпақшы олармен бірге емес екеніңізді де білем. Сонда да мен қазақтың қызына тән сөзден, көзден қашып өмірімді жаңа, таза парақтан бастамақ болдым.

Ол дұрыс та шығар.

Күндер өтіп жатыр. Сізді анда­-санда ойлаймын. Онда да табиғаттан нәзік әуен естісеген кезде. Сіз бірде «Маған тұрмысқа шықшы. Қыз тауып берші» деген едіңіз. Мен болсам «Неге мен сізге қыз тауып беруім керек?» деп бұртиғанмын.

...Қазір мен ұлды болдым. Сіз айтқан қыз бала маған да керек екен...

Күндердің күні жан құрбымнан қаралы смс келді. Сондай суық әрі қысқа. «З. қайтыс болыпты».

Не дерімді білмедім.

Содан бері әлгі құрбыма суып кеттім. Хат та жауапсыз қалды.

Сіз жалғанды тәрк етіп кетіп қалыпсыз...

Солай етуге бола ма?

Мен енді кімге хат жазамын?..

Топырағыңыз торқа болсын!

Әсем Қосбағар

Сурет: motto.net.ua, alamandi-club.com