Түн. Сағат төрттер шамасы. Кітап беттерінен көзім талып болконға шықтым. Ішім алай-дүлей. Төсегімдегі жастығым сияқты бар денем ұмаждалып қалған. Алматының көк түтіні жерге сіңіп, ауасы өкпеге кедергісіз өтеді. Азуымды айға білеп; есінедім, керілдім, созылдым өзімше.
Алматы... Өлі тыныштық. Аспан қабағын түйіп алған. Бар жұлдызын Алатаудың етегіне шашып тастағандай айнала көз тартады. Сұлу. Темекі тұтаттым. Үйренбеген ағза–басым айналады.
Кенет бар денем «дір» ете қалды. Көзіме еріксіз тамшы тығылды. Тістеніп алғам. Тетігін бұрасам ағып кеткелі тұр. Жасқанады шығуға...
Құдай-ау, ит ұлып жатыр, ит. Зарлы дауысы заманға айтқан арызы сияқты.
-ҰҰҰ... УУУ...
Тоқтар емес. Сай-сүйегімді сырқыратты-ау, сайтан! Көз алдыма арқасына жабу жапқан, қайыршы кейіптегі ит елестеді. Дәл қасында «мен сені түсінем» дегендей мелшиіп тұрған өзімді көрдім. Елес емес, шынымен көріп тұрмын, иә, елес емес. Тіпті сол итті өзім бе деп қалдым. Бір-бірімізді ежелден білетін сияқтымыз.
Мен де ұлып тұрмын, менің мұңым сенікінен сорақы. Қанша сорың қалың болса да, сен итсің ғой, ит. Ал мен адаммын. Сенің мына зарыңның кейіпкері сол – адам. Бізде ұлып қалған ұрпақпыз. Сені аздырған біз. Өзімізше адамбыз, қазақпыз дейміз. Кім еді кеше сол адам, яки адамдардың ардақтысы қазақ!
Ұли түс... Мен жоғымды жырлап алайын. Сүйемелдеп тұр мені азалы үн – қасқыр алған азулы иттің азусыз ұрпағы!
Қазақтар өз басын ғана ойламайтын. «У ішсе, руымен». Туғанын тұмсықтыға тастамайтын, туысшыл болатын. Туысы бардың туы жығылып көрген емес. Жығылса өзгенің емес, өз ағасының аяғын жалайтын. Ұлты басқаның емес.
Қазір өзімізден биттің қабығындай артық біреуді көрсек; үйренеміз деп ожауымызды анаған да, мынаған да ұстатамыз. Қазандағы қаймағың қалыңдағаннан гөрі, құнары жоқ көбікке айналып барады-ау! Кезінде орысқа ожауымызды ұстатып қойдық. Аш өзегіңе түсіп кетіп еді, азайдық. Бірақ құрып кетпедің. Тіпті өз арамыздан ожаушылар шықса да. Себебі, сен, асыл едің! Еркегіміз еркек болатын! Қозы баққан баланың саны – қозыдан да көп болатын. Бір өлгенің мың болып, мың өлгенің миллиондап қайта тірілетін. Сондықтан оны жау алмайтын. Қазіргі қойымызда қозыламайды, қойнымыздағы қатынымыз да жиі қысыр қалатын болды. Әлде, еркек атаулымыз алысқа шаба алмастай қола болып қалған ба? Мүмкін, кім көрінген ұстаған ожаудың кірі тай қазанның ішін де күйеледі ме?! Ол – ол болсын...
Қазақтар бай болатын. Төрт түлігі де сай болатын. Бес қаруы қанжығасында жүретін – «еркін адамдар» деген атқа ие болатын. Сақарадай пейілі кең жомарттар қайда?! Қазақ қазаққа жау емес еді. Дініміз қазіргіден тәуір еді. Атаны ата, ананы ана, қарындасты қарлығаш, ініні інім, баламды ізім деп қадірін арттыратын заман қайда?! Жан-жақтан жауымызға іргемізді ашып бердік. Ашып бергеніміз сол – төрт құбыласын тең етіп тайраңдатып қойдық. Еркін жүру естен кетті. Жарықта жүріп адасып, бұғаусыз бұғауланып, қайғысыз қамалып торыққаннан өз-өзімізді өлтіріп жатырмыз. Асылып жатыр. Өнегесіз қария, балықсыз дария көбейді. Әйел билік айтатын болды. Балаң басыңа шықты. Қазақ деген бес әріптің бір қарібінің кейбіріміздің бойымызда иісі де қалмады. Тарихтың жасап кеткен алып кемесін суға батырып, қолдан жасалған қайығымыз қалтырауық болып қалды емес пе?!
-ҰҰҰ... УУУ...
Әлде мен бекер жылап тұрмын ба? Екеуіміз неге ұлып тұрмыз, сиықсыз Төбет! Сенің де атың қалып, затың шыңырауда қалған-ау! Кешегі шын батырдың жолы, сал-серілердің серігі едің, сен. Ішкенің алдыңда – сорпа, жегенің жемтік емес, жас ет болатын. Қазақтың жеті қазынасының бірі деп жабу емес, мойныңа қарғыбау таққан болатын. Қазіргі тірлігіңе және оған да жаным ашиды менің. Қоқыс аралап күн көрген сен де бір. Қарашы, әне, қоқыстан тамақ іздеп жүрген қайыршыны. Қазақ екен. Ол да бір. Тағдырласың...».
Осы кезде қолымдағы темекі толық жанып, шоғы саусағымды күйдіргенде, балконға қайтып оралдым. Зарлаған төбет дауысының жаңғырығы жарты Алматыны жалмап тұр. Артық дыбыс жоқ. Тек бар Алматы сиықсыз Төбеттің зарын тыңдап тұрғандай бедірейеді. Бар денем суық суға малып алғандай түршігіп кеткен. Екі бетім су. Қолымдағы темекі қалдығын мәңгілікке атып жіберіп, бөлмеге келіп, төсегіме қайта құладым. Өзіме келе бастадым...
-Жаңағының бәрі жала. Мен емес! Қазақ қазір де қазақ. Бізден артық халық жоқ, - деп қайталай бердім, қайталай бердім. Мен емес...
Автор: Салтанат Минайхан
cурет: igre123.com
Дайындаған: Фараби Арыстанбек