- Негізгі бет
- Проза
- Марғұлан Ақан. Айна....
Марғұлан Ақан. Айна. "Алақан"
Басындағы ақ жаулығы кір шалып, кеудесіндегі камзолы да тоз-тоз болып кеткен, қолдары күс-күс, алақаны тарам-тарам жол секілді тілінген қарт ана үйіне келді. Үйіне келгені анық, бірақ оның үйі ме әлде біреудің ол жағы белгісіз.
Қап-қараңғы бөлменің жарығы жанғаны сол еді, үйдің іші жайнап сала берді. Әр жиһаз орнында тұр. Тіпті бұл кісінің дәл осындай жағдайда өмір сүруі мүмкін бе деген сұрақ туады. Бірақ есікті өз кілтімен ашып кірген қарияға күмәнмен қараудың өзі қателік секілді. Күс шалған жаулығын шешкені сол еді ішінен аппақ ақ мата көзге көрінді. Камзолын да шешіп еді, жылтырған жаңа күрмеше шыға келді. Тіпті түймесі де күміспен көмкерілген. Терісін тастаған жылан секілді, бүкіл ескі-құсқысын жинап бір дорбаға салды да, өзі жуынатын бөлмеге кіріп кетті. Сүт пісірім уақыт өткеннен кейін қарт ана ас үйге кіріп астың қамына кірісті. Сәлден соң есіне бір нәрсе сап ете түскендей орнынан түрегелді де бағанағы дорбаға тастаған жаман камзолының қалтасын ақтара бастады. Екінші қалтасынан қолына толған тиын-тебенді алды да санай бастады...
«... жүз, бес жүз, мың, үш мың, үш мың тоғыз жүз» деп барып тоқтады. Тиындардың бәрін алып өзіне таныс қорапқа төкті. Енді басқа қалтасына қолын салып санай бастады. «... екі жүз, бес жүз, үш мың, бес мың, алты мың елу» деп, тағы бір қорапқа салды. Іштей күлді. Бұл күлкі ризашылықтың күлкісі еді. Тиындарын санап болысымен қайта ас үйге аттанды. Кеудесінен түйіліп өткен ас асқазанға жетпей бір қақалтып алды да, қарияның көзінен «бұрқ» еткізіп жас шығарды. Бағанағы ризалықтың күлкісі тұрмақ, жүзінде бір табы да қалмаған. Көңілі құлазып барып, ақыры жатуға ыңғай берді. Төсегіне жантайып алды да ұзақ ойланып жатты... Кешегі күндер, өткеннен қалған сызаттар секілді дүниелер ойынан бір айналып шықты. Көз ілініп кетті.
Біз әдеттегі әдетімізге салып үйдің ішінен айна іздедік. Өкінштісі таба алмадық. Қарт ананың жанына батқан өмірін көру үшін барымызды салдық. Ақыры жастығының басына жастап жатқан қолайнаның жарты бетіне көзіміз түсті. Бұл да жеткілікті... үңілдік... көрдік...
...Жеті қараңғы түн. Қарт ана қағылған есіктен шошып оянып кетті.
– Кім екен бұл?
– ...БІЗ...
– Ә, қазір, сәл күте тұрыңдар енді...
– Тез! Тездет, кемпір! Ақшаны ұмытпа! Байғұс қарт ана ғапұл-ғұпыл киінде де, есікте тұрған кешкісін келгенде өзі тастай салған жаман киімдерін қайта ілде есікті ашты. Есіктің ар жағында еңгезердей екі жігіт күтіп тұр еді. Екеуі қарияны жетектеп анандайда тұрған джипке салып алып кетті. Дәл осылай бірнеше көшеге тоқтап, тағы да кемпірлерді салып алды да үлкен шаһардың орталық мешітінің алдына алып келіп тастады. Ешкімде үн жоқ. Бәрі ыммен. Бәрін қалдырып машина алыстап кетті.
– «Я, Аллам жар болсын! Садақа беріңіздер! Бала-шағаң аман болсын! Жолың ашылсын! Алла жолында!» деген жаттанды тіркестері бар сөздерді қайталап 5-6 кемпір отыра кетті. Қарт ана да соның ішінде. Тек сол үнсіз алақанын жайып отыр...
«Дүрс! Дүрс!» есіктің қағылған дауысы естілді. Селк етіп оянған қарт ана жастық астындағы айнасына бір қарады да, қайта жастық астына сүңгітіп жіберді.
– Кім екен бұл?
– ...БІЗ...
– Ә, қазір, сәл күте тұрыңдар енді...
– Тез! Тездет, кемпір! Ақшаны ұмытпа!
@. @assel_assanova