Жазуға қандай әзірлікпен кірістіңіз? Дайындығыңыз ұзаққа созылды ма?
Шамасы он екі жасымнан жаза бастадым-ау деймін, оған "тәжірбиемнің бастан асып кеткені" себеп болды. Әуелі өзімнің жеке әсерлерімді түзген мақал-мәтелдер мен әзіл-оспақтарды жазып алып жүрдім. "Айхай, өмір көңілді, жұмсар кім бар қолымды!" сияқты қалжың ойнақылығымен баурайтын. Кейбір әзілдердің сөзін жете түсінбей, өзімше топшылап, қолайыма қолайыма қарай өзгертіп ала қоятынмын. Кейін мәтелді өзім де шығара бастадым. Олардың кейбірі былай болып келетін: "Атам отыр, асап отыр, терлеп отыр, сөйлеп отыр: тоймадым мәзірге дейді, түстігің әзір ме дейді". Кітаптардан өзіме таныс емес: "Шынтуайтына келгенде, оқ-дәріні ешкім ойлап шығарған жоқ" тәрізді тіркестерді де жазып алатынмын. "Шынтуайтына келгенде" дегеннің қандай мағына беретінін көпке дейін түсінбей келдім, ал "ешкім" дегенді "біреу-міреу" деген мағынада қабылдап кеттім. Осы жансақ ұғымның санама сіңіп алғаны сондай, 1904-жылы жазған "Дачашылар" атты пьесамның бір кейіпкері "Ешкім болған жоқ па?" деген сауалға "Ешкім болуға тиіс емес, болмауға да тиіс емес" деп жауап береді. Өлең жаза жүріп бір жырдағы "Күйме жүйткіп барады" деген сөзге қатты ойланғаным бар: жүйткіп бара жатқан қайсы: ат па әлде күйме ме? Көп оқыдым, әсіресе шет әл әдебиетінің аудармаларын көп оқыдым. Інжілді, алыпсатар Кокарев басып шығаратын Курочкиндердің "Ұшқын" атты сын-сықақ апталығын оқуды ұнататынмын. 1892-жылдан жариялана бастадым, бірақ 1895-жылға дейін әдебиет өз ісім-ау дегенге сенгенім жоқ. Газет үшін жазылған шағын әңгімелер салиқалы іс сияқты көрінбеді. Мұным қате боп шықты – жазудың нақ осы шағын әңгімелерден бастау керек екен, олар авторға сөз үнемдеуді, бейнелеу бояуын қанықтыруды үйретеді екен.
Көбінесе қандай материалдарды пайдаланасыз (өмірбаяндық па, кітаби ма, әлде байқауларыңыз бен жазбаларыңыз
Көбіне өмірбаяндық материалдарды пайдаланып келдім, алайда өзімді өмір жайында баяндауыма бөгет болмас үшін оқиғаның қозғаушы күші емес, куәгері ретінде алдым. Бұл бейнелеп отырған болмысқа "өз жанымнан" бірдеңе қосудан, яғни "ойдан қоспай өнер жоқ" деп И.С.Тургенов айтқандай қиялдаудан қашқаным емес. Автор суреттей отырып өзін-өзі қызықтап, ақыл-ойына, оқу-біліміне, сөзінің өткірлігіне, көзінің қырағылығына масайрап кетсе, "көркем шындық" дегенді бұрмалап, бәрін де бүлдіреді. Ол алған материалын бүлдіріп, өз кейіпкерлерінің әлеуметтік болмысына зорлық жасау арқылы олардың аузына басқаның сөзін салып, бойына шақ келмейтін іс-әрекет жасауға мәжбүр етеді. Бейнеленіп отырған әрбір адам кеге парапар – белгілі бір идеологиялық температурада қалыпқа түседі не іріп іркіс-тіркіс болып кетеді. Балқыту орайын таппай, суықтай соғумен оны тек бүлдіріп аласың, сондықтан да жазушы аздап болса да өз материалы – тірі адамды сүюі, тым құрығанда оны қызықтауы шарт.
Тірі адамдар кейіпкерлеріңіздің прототипі жиі бола ма?
Дәйім солай дерлік. Кейіпкердің мінез-құлқы белгілі бір әлеуметтік топтағы, саптағы әр алуан адамдардың жеке сипатынан жинақталып бір арнаға түсірілетіні өз-өзінен түсінікті болса керек. Бір жұмысшының не поптың я дүкеншінің келбет-кейпін шамамен дұрыс жасау үшін жүздеген поптар мен дүкеншілерге, жұмысшыларға зер салып, жақсылап зейін қою қажет.
Шабытыңызға алғашқы серпінді не береді? (естіген әңгімеңіз бе, әлде заказбен берілген бейненің өзі ме)? Жеке шығармаларыңыздағы осыған қатысты деректер.
Әрине, тікелей алынған әсер. Оның дүниетаным жөніндегі бұлжымас түсінік болып қалыптасып қалған тәжірбиеге, тіпті идеологияға екі мәрте: "Өсиет" пен "Жаз" повестерін жазғанымда пайдаландым. "Өсиет" бір Нижегород сектантының әңгімесі мен Нижегород семинариясының оқытушысы Курдинскийдің "Богдан Степанец" атты мақаласы бойынша жазылды. "Жазға", зайыры, Рязань деревняларының бірінде жұмыс істеп 910-шы немесе 9-шы жылы Мценскі қаласында ауруханада қайтыс болған бір жалғызбасты насихатшы эсердің жазбалары өзек болды.
Қай кезде жазасыз: таңертең бе, кешке ме, түнде ме? Күніне көп дегенде неше сағат жұмыс жасайсыз?
Жұмысты таңертеңгі сағат тоғыздан бірге дейін, кешкі сегізден он екіге дейін істеймін. Жемістісі ертеңгілік жұмыс.
Шамамен жұмыс өнімділігіңіз – айына неше парақ?
Білмеймін, ешқашан есептеп көрген емен. Стол басынан тырп етпей тәулік бойы, тіпті одан да ұзақ жазған күндерім болды. "Изергиль" мен "Жиырма алтымен біреу" дәл осылай жазылды. Ал "Адамның тууы" үш-ақ сағатта дүниеге келген, тіпті одан да аз-ау деймін.
Жұмыс уақытында наркотик қолдануыңыз қандай мөлшерде?
Темекі тартамын. Көп тартамын. Қазір жұмыс кезінде аузымнан шылым түспейді десем де болар.
Жазу құралыңыз – қарындаш па, қалам ба, машинка ма? Жұмыс үстінде сурет саласыз ба? Қолжазбаңызды қанша рет көшіріп жазасыз? Ақырғы редакциясында көп сызғылайсыз ба?
Қаламмен жазамын. Меніңше жазу машинкасы сөйлемнің әуен-ырғағына зиянды әсер етсе керек. Қолжазбамды екі, үш рет түзеймін. Ақтық редакциясында тұтас беттерді, көріністерді де сыпырып тастаймын.
Алдын ала жоспар жасайсыз ба, жасасаңыз, ол қалай өзгереді?
Ешқашан жоспар құрмаймын. Жоспар жұмыс барысында өз-өзінен туады, оны жасайтын кейіпкердің өзі. Оқиғаға қатысты адамдарға өзін-өзі қалай алып жүру жөнінде ақыл айтып жатуды артық деп білемін. Олардың әрқайсысының өзіне тән іс-қимылының биологиялық және әлеуметтік логикасы, өз ерік-жігері болуға керек. Оларды автор өз материалы ретінде болмыстан сол қасиеттерімен алады, бірақ жартылай фабрикат есебінде алады. Одан әрі автор оларды "өңдеп", "өзінің жеке тәжірбиесіне", білім-қабілетіне орай сыптап, сомдап, айтар сөзін шыңдап, атқарар ісін тағандап, тиянақтай түседі. Әрине, ол өмірде атқарылмаған, бірақ кейіпкердің "табиғи" қасиетіне және "жаңадан пайда болған" қабілетіне орай атқарылуға тиіс іс. Бұл арада көркем ойға, қиялдауға өріс кең. Арналы қасиеттеріне қатаң сәйкестендіріп автор кейіпкерлерінің айтатынын айтқызып, атқаратынын атқарта алса, көркем ойдың діттеген мақсатқа жеткені. Достоевскийдің күллі кейіпкерлері дерлік, әсіресе Иван мен Дмитрий Карамазовтар, князь Мышкин,Ставрогин, Грушенька айтарын жеріне жеткізіп айтады, бұлар – типтер. Алайда христиан дінінің мейірімсіз, қайғы-мұңнан құтқарушылық идеясына бас иіп, Раскольниковтың мойынын негізсіз әрі орынсыз бұраған. Кәміл сомдалған кемел бейнелер деп, әлбетте, мен Гамлетті, Фаусты, Дон-Кихотты, Рабинзон Крузоны, Веттерді, мадам Бовариді, Манон Лесконы санаймын. Шынайы гормонияны аз-мұз түсінетіндердің бәрі сияқты мен үшін де бұлар мәңгілік творчествоның тап өзі. Тіпті олар жағымсыз бейнелер болса да солай көрінеді. Мәселен, Гогольдің "Өлі жандары" мен "Ревизорындағы"бейнелер, Салтыков-Щедриннің "Иудушкасындағы" Головлев, Диккенстің Домби-атайы мен басқа да кейіпкерлері, Гюгоның Квазимодосы, тағысын тағылар. Қайталап айтайын: зергер өз материалын жақсы біріп қана қоймай, жақсы көруі абзал – оны қызықтай білуі шарт. Достоевскийдің асқан сүйіспеншілікпен жасағаны айдан айқын. Алайда ол адамдарды құлай сүймеген сияқты көрінеді де тұрады маған.
Сіз үшін қиыны қайсы: жұмыстың басы ма, аяғы ма, әлде орта тұсы ма? Кейде ырғақтық, музыкалық талаптар қоясыз ба өзіңізге?
Бәрінен қиыны – бастау, атап айтқанда, алғашқы сөйлем. Музыкадағы сияқты ол шығарманың өне бойына әуен береді. Әдетте оны сарсылып ұзақ іздейсің, 12-ші сұрақтың жауабы да осы.
Кейіпкерлеріңіздің бейнесі түйсінудің қандай түріне құрылады: көруге ме, естуге ме, сезінуге ме?
Әлбетте, түйсінудің бір түрі де бос қалмайды.
Жұмысыңызды (өзіңізге я басқаға) дауыстап оқып тексересіз бе?
Өз дүниемді дауыстап оқуым сирек, бірақ басқаларды оқуды ұнатамын. Жақсыларын көп оқимын.
Жұмысты аяқтауыңызбен байланысты сезім түйсіктеріңіз қандай?
Еңбекті бітіріп, оны қинала отырып түгелдей оқып шығамын, ылғи дерлік сәтсіз шықты-ау деп қатты қиналамын.
Келесі басылғанда тексті өзгертесіз бе?
23-ші жылы шығармалар жинағымды алғаш басып шығарарда тексті қысқартып байқадым. Бұл шаруаны аяқтай алмадым, жазылғанның тең жартысын құртып жіберейін деген де ой келді.
Рецензиялардың сізге ішінара әсері бола ма?
Рецензиялар ешқашан ешқандай әсер еткен емес. Әсіресе қазіргілері әсер етуге қауқарсыз. Өйткені рецензенттердің кітаптарды ат үсті оқитынын, көбінше-ақ оқығанын жете түсінбейтінін көресің. Әрине, бұл тек менің кітабыма қатысты ғана жүрдім-бардым емес, рецензенттердің жалпы ортақ кемістігі. Осыдан жас, жаңа бастаған жазушылар зардап шегіп, қатты опық жеп жүр. Рецензияларға редакторлардың да салдыр-салақ қарайтынын ескерте кеткен абзал. Тегінде, оларды редакторлар мұқият зер салып оқымайды. Жалпы оқи ма екен деген күдік келеді.
Максим Горький
тәржіман – Сарбас Ақтаев