***
Самал жел, әй, самал жел! Алматыны жалғыз кезгенше, мені де ала жүрші бірге? Мазаңды алмаймын! Саған қандай жақсы! Проблемаң жоқ, ұнамаған мекеннен, ұнатпаған адамдардың жанынан пысқыра зулап кете барасың! Қалаған жеріңді армансыз кезесің!
Несіне ойнақтайсың? Құлағыма сыбырлап, бетімнен қытықтағанша, сәл кідір де, жүрегімнің дүрсілін есітіп көрші? Қатты соғады, иә? Әй, осы бір жұдырық ет өмір сүруге құмар –ақ! Құдай –ау, несіне қатты – қатты гулеп кеттің? Әлде байқап қойдың ба? Қап, әттеген! Қайыңға ғана сыр шерткен едім... Иә, иә, ғашық болып қалдым! Кінәлі емес шығармын оған? Жә, болды енді, сықылықтамашы? Ғашықтықтың қаншалықты ауыр екенін білесің бе? Кейде жүрегіңді алып-ұшып, көкке жеткізсе, енді бірде тырнап-тырнап, қанжоса етеді! Шыңғырсаң даусың шықпай, көзіңнен жасың ақпай, жаңғырығың ішіңде өліп, жүректе қатпар болып қала бермек... Иә, бұл өзі сондай, ғашықтық деген...
Самал жел, сен барар жерлерге мен де барайыншы? Табаным жерге тиместей ете аласың ба? Тым құрығанда бір сәтке? Болмайды? Қап, әттеген –ай! Қамыққан көңілімді қамықтыра түскенің-ай! Бір үміт сенде еді... Кетпеші? Самал жел, қайда кеттің? Сен де тастап кеттің бе...
Білгенмін ...
***
Күн, неткен жарықсың! Тіптен, қаратпайсың ғой! Жарайды, қарамасам да, нұрың түсіп тұрған шақта мені еститініңді білемін! Күн, сен сондай алыпсың! Нұрың бәріне де жетеді! Бәрін жылыта аласың! Көмектесе аласың! Мен де қанша адамдарға көмектескім келсе де, үлгермеймін, ұнай алмаймын, көңілдеріне жаға бермеймін! Ал, сен тып-тыныш тұрып-ақ, бәрінің көңілінен шығасың! Ең бастысы-бәріне КЕРЕКСІҢ! Мен де сондай болғым келеді! Бірақ қолымнан келмейді! Адамға жағу, шындығында, сондай қиын!
Күн, менің де Күнім бар ғой! Саған ұқсамайды, бірақ аты-КҮН! Ол жақсы! Ол да сен сияқты, қатты жақсы көріп, жақындай түскің келген сайын алыстайды, қаншалықты сырын ұғып, көңілінен шығып, өзіңе керек екенін білдірейін десең, күйдіріп жібереді...
Күн-ау, сен де батып барасың ба? Мен ше? Қараңғы түнге қалдырамысың? Несіне қамығамын, Күн, сен ертең тағы да атасың! Қандай ғажап! Ал, мен ертең болмауым да мүмкін. Сонда да, «кездесерміз» деп үміттенейін...
Автор: Мақпал Сембай
Дайындаған: Әкежан Дәкен