- Негізгі бет
- Проза
- Махаббат бар ма?...
Махаббат бар ма?
Қыз-жігіттер махаббатқа күдікпен қарайды. «Сейфүлмәлік – Жамалдай бейнетіне көнсем-ау, «Қозы Көрпеш – Баяндай бір молада өлсем-ау» дейтін бұлар емес.
– Махаббат жоқ қой қазір. Махаббаттың өзі есепке құрылады, – дейді Сәулет.
Оған таңғалған ешкім жоқ, бұл пікір өзара үйреншікті болса керек.
– Өй, кеше бір кинода көрсетті ғой махаббатты,– дейді Сәбит. Тек ақынжанды қыз Күләш қана жігіттерді жақтырмай қалды:
– Өзің де есеппен үйленетіннің бірі шығарсың, – деді Сәулетке қарап.
Жасыратын несі бар, осындай сөздерді естігенде өзім де тіксініп қаламын. Сонда жастарды тәрбиелеп жатырмыз дегендегі келген нәтижеміз осы ма? Бірақ, кінәламаймын балаларды, аяймын. Мұрты жаңа тебіндеген жас жігіттің өмірдегі қызықтары әлі алда ғой. Қинайтыны сол, «Махаббат жоқ!» деп жиырылатын жігіттерге қарсы «Махаббат бар!» деп дірілдей шыққан дауыстар естілмейді. Көпшілігі «әй, білмеймін...» дегендей томпия қалады. Көзі жайнаған біреуі бар ма деп үміттенесің. Сондай кезде уақыттың жылдам қадамдары 10-15 жылды артқа тастай салып, шын сүйгенін тапқан, жанымен де, жүрегімен де жарасқан Сәулеттер қайтып айналып алдыма келе қалар ма еді. Сүйіспеншілікке өздері сенбейтін болашақ мұғалімдерім ертең мектептегі оқушысын қалай сендірер екен?
–Махаббат туралы айту үшін оның бар екеніне өзің сенуің керек. Ал соған мен өзім де сенбеймін...
Мұны айтқан – тағы да Сәулет. Қыздар жағы «Осы жігіт қандай өзі?» дегендей жақтырмай, қарап қойды.
Бүгінгідей пікірталастардың адамды аша түсетінін ұнатамын. Бірақ Сәулеттің сөзі соңғы сөз болса, ұстаздық қасиетімнің құны қандай?
– Шіркін, махаббатты аңсамайтын адам бар дейсің бе? Бірақ ол – әркімге келе беретін арзан нәрсе емес. Жанынан жаны сая тапқан адамына жолыға алмай-ақ өмірден өтіп кететіндер көп. Біреуге ғашық болып көрмеген адамды кінәлауға бола ма? Аяу керек. Себебі шын махаббат та адам талғайды. Ол да бір – өзінше талант шығар. Махаббатың баянды болуы сүюден ғана емес, сүйгеннің қадіріне жетуден дейді. Сол бақыт Сәулеттің басына кеп қонсын.
Күні бойғы сөздерің үшін «қарғысым» – осы.
Алма Қыраубаева
Т. Есқали