Одан бері нешеме заман өтті. Қанша су ақты, қанша су тартылды. Алайда, осынау әулиеге баланған қария қаламгердің күнделіктерінде жазылып қалған ойлар адамзат оқырмандарын әлі күнге қилы ойға жетелейді.
1. Қашу
Бұл жалғаннан озарына 10 күн қалғанда 82 жастағы Лев Толстой өз үйі – өлең-төсегі – Ясная Полянадан қашып шықты. Ол неге қашты, өз ошағынан неге безінді? ХХ ғасыр басындағы декаденттер оның бұл оқыс әрекетін өзіне-өзі қол салуға бейімделуінің басы деп санайды. Ал коммунистер болса, лениншілдігіне салып бұл оқиғаны самодержавиялық үкіметке қарсылық деп бағалады. Ал негізінде әмиянында 50 рублі ғана қалған Толстойдың сүйікті Ясная Полянасынан қашып шығуының себебі – тұрмыстық жағдайлардан еді. Өлерінен 3 ай бұрын жазушы тағы бір бөтен қылық танытты. Ол өз өсиет-хатында шығармаларына авторлық құқықты өз әйелі Софья Андреевнаға емес, туған қызы Александра мен жақын досы Чертковқа сеніп тапсыратынын жазып қалдырыпты. Әйелі бұл жағдайды жазушының ұрланған күнделігінен білген күннен бастап, оның өмірі тозаққа айналады. Айқай-шу басталады. Жұбайының жанжалы, ересек балалары арасындағы ашық қарсылықтар жазушының жанын күйзелтті. Ол осыған дейінгі 25 жыл бұрынғы «қашу» жөніндегі түсінігін қайта есіне алды. Осы «күндері» ол күнделігіне «шыдай алар емеспін», «олар мені екіге бөліп тастады», «Софья Андреевнаны көргім келмейді» деп жазды.
Оның қашып кеткені жөнінде білген әйелі де далаға қашып, кеудесін ауыр заттармен соққылап әлем-тапырық күй кешті. «Мен оны қайтсем де табамын, оны тапқан күнде ешқайда жібермеймін, күндіз-түні көз ілмей күзетемін. Есігінің алдында жатып аламын» деп еңіреді.
2. Долы қатын
Жазушының өліміне кінәлі оның әйелі деп қарау да – аңыздың бірі. Толстойлардың отбасы өмірі бір қарағанда «Анна Каренинадағыдай». Әркім өзінше бақытсыз. Әлем зерттеушілерінің пікірі осыған саяды. «Қорлаушы және қор болушы», Софья Андреевна өзінің «Менің өмірім» атты кітабының бір тарауында осылай дейді. Күні кешеге дейін Софья Андреевнаның әдеби қабілеті жөнінде белгісіз болып келді. Ол ұлы күйеуінің тасасында қалған тәрізді. Оның «Кімнің кінәсі?», «Сөзсіз ән» атты повестері ХІХ-ХХ ғасырдағы орыс әдебиетінде бір жарық «жұлдыздың» болғанын дәлелдейді. Кей жағдайда әйелінің дарынын жазушы да мойындаған сыңайлы. Софья Андреевнаның күйеуінен бір ерекшелігі – тамаша білімі болғанымен, арнайы диплом алмаған. Екі шет тілін білген. Толстойдың пәлсапалық еңбектерін аударған. Сонымен қатар, жоспарлы түрде шығынға батқан Ясная Полянаның бар шаруашылығын, есеп-қисабын жүргізген. Қысқасы, Толстойдың үлкен отбасының жыртығын жамаған адам. Солай бола тұрса да, ол өзін ұлы адаммен бір шаңырақта тұрып жатырмын деп есептеген. Жазушы қайтыс болғаннан кейін ол «Мен онымен 48 жыл отбасын құрдым. Онда да оның қандай адам екенін біле алмадым» деп жазды. Алайда, әдебиет зерттеушілерінің айтуынша, Софья Андреевна жазушыдан қайтарының алдында кешірім сұрамақ болғанда, Толстой «Мені бүткіл адамзат оқырмандары түсінгенде, сен түсінбедің, кешірмеймін» деген екен. Бәлкім, кім біледі, бұл да аңыз болар.
3.Аластатылу
Толстой 1910 жылы қайтыс болғанда жаназасы шіркеуден шығарылмай, «аластатылғаны» белгілі. Алайда, 1901 жылғы Синад актісінде «аластатылу» сөзі жоқ. Шіркеу шенеуніктері Толстой өзінің терістеулері және жалған оқуларымен шіркеуден баяғыда аластатылған және оның мүшесі болып табылмайды деп жазды. Дегенмен де шіркеу канцеляриясының бұл тоғышарлық тұжырымы сол кездегі орыс қоғамында кері әсер туғызды. Бұл тоғышарлық шешім жазушыны шіркеуден зорлап аластатқан деген ойға ден қойғызады.
4. Толстойшылар
Толстойшылар қозғалысын жазушының өзі құрған деседі. Бірақ, шын мәнінде, олай емес. Ол өз өмірінде көптеген ұйымдардың, қозғалыстардың жұмысына күдікпен қараған. Өз атындағы қоғамдық қозғалыс жөнінде де осы пікірде болған. Тіпті, өзін сол ұйымдардың «құрбаны» да санаған. Ясная Полянадан қашып шыққанда өзінің сондай орта іздегені де жасырын емес. Мәселен, Толстой бұл жасында арақ атаулыдан бас тартқан еді. Алайда, бұл мәселеде құрылған салауаттылық қоғамын қоштамады да. Ол ұйымды жазушы «бастары қосылғаннан кейін арақсыз болушы ма еді?» деп келемеждеді. «Қызық, ішпесе не үшін жиналады? Бұл өзі мүмкін емес нәрсе ғой. Кездескен екен, онда ішу керек» деді тағы бірде.
«Толстойдың азаттығы» кітабында И.Бунин «Көптеген мәселелерге Лев Николаевич өте байсалды әрі күдікпен қарады» деп жазды. Мәселен, мына жағдайды айтуға болады. Бір күні Толстой отбасымен бірге оның бас толстойтанушысы В.Чертков та бар бастырмада тамақтанып отырады. Жаздың күні. Ызыңдап маса жүр. Кенет бір маса Чертковтың тұмсығына келіп қонады. Сол сәтте жазушы оны ұрып өлтіреді. Жұрттың бәрі күлкіге қарық болып қалады. Бұған ызаланған Чертков «Сіз не істедіңіз Лев Николаевич? Жазықсыз жәндіктің обалына қалдыңыз ғой. Ұят емес пе?» дейді. Сөйтіп, толстойшыларды жақтырмағанын да ол осылай білдіріп қойып жүретін.
5. «Әйелқұмар»
Жазушының сексуальді «ерліктері» туралы өз сөзінен де білеміз. «Жас кезімде ақымақтық жасадым, – деп жазды ол күнделігінде, – әсіресе, өмірімдегі екі жағдай мені қатты күйзелтті. Оның бірі – мен үйленгенге дейін шаруа әйелімен байланыста болғанмын. Ал екіншісі қылмыс мынау: менің әпкемнің үйінде кір жуатын Гаша деген қыз бар еді. Оның еш кінәсі жоқ, мен оны айналдырдым. Содан оны қуып жіберді де, ол көп ұзамай қайтыс болды.
Шаруа әйелдің аты-жөні Аксинья Базыкина еді. «Мен өмірімде бұлай құлай сүйген емеспін» деп жазды жазушы күнделігінде. Софья Андреевнаға үйленерден екі жыл бұрын Тимофей деген ұлы дүниеге келеді. «Әкесінен аумай қалған, арақ ішпейтін, денелі, денсаулығы мықты бала болып өсті. Оның әкесі жөнінде бүткіл Ясная Поляна және әйелі де білетін. Софья Андреевна ол әйелді арнайы барып көріп, кейіннен «толық, аппақ, көргенсіз көп әйелдің бірі» деп жазды.
Толстойдың күнделіктерінде жас кезіндегі интимдік қатынастар басты тақырыптың бірі. Шығармашылығы енді басталған рухани «пайғамбар», адамгершілік тәлімгерінің әйелқұмарлығы жөніндегі жазбаларын жайбарақат оқу мүмкін емес. Әрине, ол кездегі орыс еркектерінің бәрі осылай өмір сүрді. Және сонысына еш өкінбейтін. Ал Софья Андреевна мүлдем басқаша болды. «Ол үшін шыдамды әйелдер қадірлі болатын, ал мен ондай болмадым» дейтін ол. Соған қарамастан, ол он үш бала туды. Бесеуі шетінеп кетті. Алайда, Толстой оның алғашқы және соңғы махаббаты болды. 48 жыл бірге өмір сүрді.
Дереккөз:almaty-akshamy.kz