Лев Толстой. "Екі шал"

Лев Толстой. "Екі шал"

Иоан. ІV.,

19. – Әйел оған: Ойпырмай, осы сен пайғамбар шығарсың, – дейді.

20. Біздің ата-бабаларымыз осы тауда  сәжде еткен, ал сіз болсаңыз, сәжде етілуге тиісті орын Құддыста дейсіз.

21. Сонда әлгі әйелге Ғайса: Жаратқан Иеге тек бұл тауда ғана емес, Құддыста да ғана емес, әлі талай-талай жерлерде сәжде ететін заман келе жатқанына кәміл сеніңіз, – деді.

22. Сіздер не нәрсеге сәжде етіп жүргендеріңізді өздеріңіз білмейсіздер; ал, біз білеміз, өйткені бізді яхудилер ғана құтқарады.

23. Жаратқан Иемізге шынымен мойынұсынғандардың заманы біржола келеді; тіпті иман мен ақиқат үшін сәжде етушілердің заманы туды деуге де болады; өйткені, Жаббар Хақтың өзінің іздегені де тек сондай сәжде етушілер-ді.

 

І.

Құдайға құлшылық қылып қайту үшін, екі шал ежелгі Құддысқа бармақшы болды. Оның бірі - Ефим Тарасыч Шевелев дейтін ауқатты мұжық еді. Екіншісі –қоңыртөбел ғана күйі бар Елисей Бодров дейтін кісі болатын.

Ефим бір байсалды мұжық еді, арақ та ішпейтін, темекі де тартпайтын; насыбай иіскемейтін; өмірі боғауыз айтып ешкіммен ұрыспаған; бірақ ділі қатты, мінезі де қатаңдау адам-тұғын. Екі мерзім қатарынан ауыл әкімі болған ол, орнынан түскенде мойнына көк тиын да ілген жоқ, таза шықты. Отбасы көпжанды еді: екі ұлы және немересі үйленген, бәрі бірге тұратын. Өзі бір  еңгезердей, қою қаба сақалды, кеудесі  тіп-тік мұжық еді, жетпіске аяқ басқанда ғана ақ кіре бастаған сақалына. Елисей болса, бай да емес, кедей де емес, бұрынырақта ағаш шебері болып анда-мұнда жүріп, енді егде тартып еңкейген шағында ғана үйінен байыз тапқан, ептеп бал арасын өсірумен айналысатын шарға бойлылау шал еді. Бір ұлы мал табудың қамымен жалда жүретін; екіншісі – үйінде. Өзі бір ашық-жарқын, аңқылдаған адам болатын. Арақ та ішті, насыбай да иіскеді; сосын ән айтқанды жақсы көретін; бірақ ешкімге тиісіп көрген емес; үйдегілермен де, түздегілермен де ища-ай! деспеген, біртоға кісі-тұғын. Сырт тұлғасы, әлгінде айтқанымыздай, шарға бойлы, өңі қараторы, бұйраланған шағын ғана сақалы бар және... өзінің әулие тұтатын Елисей пайғамбары секілді, бұл да шаш атаулыдан ада, нағыз жалтырбастың өзі еді.

Сапарға бірге аттанамыз деп, бұл шалдардың өзара уағдаласқандарына көп болған; алайда, ана шаруасына бір, мына шаруасына екі айналшықтаған Тарасычтың мұрнына су жетпей-ақ қойды. Бүгін біреуін бітірсе, ертең екіншісі шығады: біресе немерем үйленгелі жатыр еді дейді, енді бірде – әскерден келе жатқан кенже ұлымды күтіп алайыншы! – дейді; сөйтіп жүріп ақыры үй салмақ өнер шығарды.

Күндерде бір күн, қариялар мейрамда ұшырасып қалып, үй іргесінде үюлі жатқан бөренелерге кеп екеуі құйрық басқан.

– А-ал! – деді Елисей со жерде сөз бастап. – Сонымен, Құдай алдындағы қарызымызды өтеуге қашан аттанатын болдық?

Ефим тыржиды.

– Жә, сәл кідіре тұралықшы! – деді сонсоң ақталғандай. – Қиын соғып тұр маған биылғы жыл. Мына бір үйді бастай қойып ем, әрі кетсе бір жүзге қалқайтып қалармын десем, қаражаты үш жүздің үстіне шығып кетті. Соның өзінде, ауы мен бауы бітіп болар емес. Шамасы, жазға дейін созылар түрі бар. Құдай қаласа, осы жазда бәрін тастап біржола аттанармыз, –деді.

– Менің ойымша, –деді Елисей, – осының кейінге қалдыратын түгі жоқ, қазір кетуіміз керек. Нағыз жол шегетін дер шақ – көктем ғой бұл...

– Дер шақ дегенің дұрыс қой, бірақ бастап қойған істі аяқтамай, қайтіп тастап кете берерсің?!

– Немене, аяқтайтын адам таппай отырсың ба? Балаң бар емес пе?!

– Баласы  түскір соны ойдағыдай ете алса ғой! Үлкен ұлға сенім де жоқ – жиі-жиі  жұтыңқырап қояды.

– Е, тамыр, біз өлеміз. Өздері бізсіз де өмір сүрмей ме?! Әсте, ұлдың өзі де үйрене бергені жөн ғой.

– Солайы – солай-ау, бірақ іс өз көзіңнің алдында тиянақталғанына не жетсін!

– Әй, құдайдың пендесі! Тірі кісінің тіршіліктегі шаруасы біте ме... Жақында біздің үйдегі қатын-қалаш жабылып, мейрам қарсаңында көр-жерді қағып-сілкіп, жуып-шайып әбігерге түсіп жатқан. Ананы да істеу керек, мынаны да бітіру керек, қайсыбіріне үлгермек. Үлкен келінім – бір ақылды  әйел, сол айтады: «Құдайға шүкір, біздің күткен-күтпегенімізге қарамастан, осы мейрамның келе қалатыны қандай жақсы; әйтпегенде, қанша әлектенсек те, мұнша шаруаны бір күнде еңсере алар ма едік» деп. Сол айтпақшы, әр нәрсе өз уағында; әйтпесе, таусыла ма бұ дүниенің әбігері.

Тарасыч та бұл сөзге ойланып қалды.

– Мына бір үйге көбірек шығынданып қойып ем, – деді, енді ол. – Сапарға да құр қол аттана алмайсың. Қаражат керек. Бүгінде 100 сомның өзі – аз ақша емес.

Елисей шал езу тартты.

– Сен  жыланба, тамыр! – деді сонсоң. – Сенің дәулетің менікінен он есе артық емес  пе, сөйтіп отырып ақшаны уайымдайсың. Қай күні аттанатынымызды айтшы, бүгін түгім жоқ болса да, сол ақшаны ертең-ақ табайын.

Тарасыч мырс етіп, миығынан күлді.

– Байшікеш аяқ астынан шықты ғой, – деді сонсоң. – Қарай гөр! Ал, қайдан алмақсың ол ақшаны?

– Үйімдегіні сыпырып-сиырып, қанша болса, соншасын алам; ал, жетпесін – омартамның  он шақты ұяшығын көршіге сатқаннан түскен ақшамен толтырам. Ол кісі көптен сұрап жүрген.

– Биыл омартаның түсімі мол болады, өкініп қаласың ғой.

– Өкініш?! Жоқ, тамыр! Өмірі өзім жасаған күнәлардан басқаға өкініп көрген жан емеспін. Иманнан артық ештеңе жоқ бұ дүниеде.

– Солайы – солай ғой, бірақ үйі түскір ыбырсып-қоқсып жатқанда берекең болмайды екен..

– Иманымыз тазарып, жанымыз жаңғырмаса, берекесіздіктің көкесі әлі сонда болады. Парызымызды өтемек болдық па – кеткеніміз жөн! Шын айтам, кетейік.

 

ІІ

Сөйтіп, Елисей жолдасын көндірді. Ефим ойланып-ойланып, ақыры ертеңгілік Елисейдікіне келді.

– Қой, аттаналық, – деді ол, – айтқаныңның бәрі рас. Өлсек те, тірі болсақ та, – бәрі бір Құдайдың қолында ғой. Аяқ-қолымыз сауда, әл-қуатымыз барда, барып қайталық.

Бір аптадан кейін қариялар буынып-түйіне бастады.

Тарасычтың ақшасы өз үйінде еді. 100 сомын жолға алып, 200 сомын кемпіріне қалдырды.

Елисей де жолға жиналған; омартасындағы аралардың он ұяшығын көршісіне сатып, он қалыпшадан қанша төл өнсе, соның барлығын да әлгі кісіге қоса берді. Ақысына небәрі 70 сом ғана алды. Қалған 30 сомды үйдегілерден там-тұмдап тағы жинады. Кемпір «өле қалсам, ахиретке  аттандыруға керек болар» деп тығып жүргенін берсе; келіні өзінің тірнектеп жиғанын ұсынды.

Ефим Тарасыч бар шаруаны үлкен ұлына нықтады: қай жерден шабындыққа қанша жер алу керек, көңді қайда апарып төгу керек, мына үйді қалай тұрғызып, қалай төбесін жабу керек – әбден тәптіштеді. Бәріне басын қатырып, бәрі-бәріне бұйрық берумен болды. Елисей болса, сатылған ара ұяшықтарындағы жас өскіндерді бөлек орналастырып, ертең көршіге еш қиянат-қараулық жасамай беруді кемпіріне аманаттады да, үй шаруасына байланысты ләм деместен, «Не істеп, не қоятындарыңды жұмыс ыңғайына қарай өздерің көресіңдер ғой», – деумен ғана тынды. Бар айтқаны: –  Қожайын өздерің; өздеріңе не қолайлы – соны істейсіңдер ғой!

Шалдар осылай дайын болды. Үйлерінде тандыр нан жапқызып, дорбалар тігіп, жаңадан шұлғаулар жасатып, аяқтарына жаңа шоқайларын киіп, басы артық шабаталарын дорбаларына салды да, жолға әбден сақадай сайланып алды. Ертесіне үй-іштері ауыл шетіне шейін шығарып салып, қайыр-қош айтысты да, шалдар ұзақ сапарға аттанып кете барысты.

Жолға жадыраңқы көңіл-күймен шыққан Елисей, ауылдан ұзағандары сол екен, шым-шытырық шаруа жайын мүлде ұмытты. Көкірегіндегі  жалғыз-ақ ой: жол үстінде жолдасымды іренжітіп алмасам екен; әлдебіреуге аузымнан дөрекі сөз шығып кетпесе игі; тату-тәтті һәм сыйластықпен барар жерімізге барып, аман-есен үйімізге қайтсақ екен, – болды. Жүріп келеді Елисей, жүріп келеді... Жүріп келе жатып іштей ия дұға, ия әулиелердің ғұмырнамасынан өзі білетіндерін сан қайтара күбірлеп, жадында жаңғыртып келе жатты. Жол үстінде ұшырасып қалғандармен де, қоналқаға тоқтаған жердегі кісілермен де барынша инабатпен тілдесіп, жылы сөзі мен жақсы лебізін аямауға да тырысып бақты. Сапарға шыққалы көкірегі де сергек, көңілі де қунақ. Тек бір нәрсеге ғана жігері жетпеді Елисейдің. Насыбай иіскеуді тастағысы келіп, шақшасын әдейі үйде қалдырып еді, содан іші пысып, жаман зеріккені. Жол үстінде кездескен біреу ақыры насыбай беріп еді. Елисей серігін күнәға батырмау үшін, әлсін-әлсін одан кейіндеп қалып, қазір соны бір өзі ғана жасырып иіскеп қойып келе жатты.

Ефим Тарасыч та тың, нық басып жақсы келе жатыр; жаманшылықтан аулақ. Бос мылжың сөз айтпайды, бірақ жанында жадыраңқылық жоқ. Үй-жайының қамы ойынан кетер емес. Ондағылар не істеп жатыр екен, – деп уайымдай береді. Балама ананы  өйт, мынаны бүйт деп тапсыруды ұмытып кеткен жоқпын ба; ол соның бәрін таптұйнақтай қылып істеп жатыр ма, жоқ па? – деп алаңдайды. Жол бойы ботташық егіп жатқандарды, яки көң тасып жүргендерді көрсе болды, балам да осылай мен айтқандай етіп, істеп жатыр ма, жоқ па, – деп ойлай береді. Құдды, өзі айтқандай етіп істеп жатпаса, қайтып барып, бәрі-бәрін қайтадан көрсететін, яки өзі-ақ істейтін кісі секілді.

 

ІІІ

Бес апта жол жүрді шалдар; үйден киіп шыққан шабаталары тозды, жаңасын сатып алуға тура келді; сөйтіп, хохолдар еліне жетті. Үйлерінен шыққаннан бері қоналқаға да, ас-ауқаттарына да ақша төлеумен болған; хохолдарға аяқ іліктіргеннен-ақ жұрт бірінен соң бірі, кезек-кезек шақыратын болды бұларды. Үйлеріне шақырып қана қоймай, ас-суын да берді, ақша да алмады; ол –  ол ма, аттанарда дорбаларына нан-панын салып, кейбіреуі тіпті әспеттеп пісірген тандыр нандарын да тықпалап жатты. Осылайша шалдар еш қиындық көрместен, жеті жүз шақырымдай жер жүріп тастады; тағы бір уәлаяттан өтіп еді, бір астық шықпай қалған аймаққа тап келді бұлар. Ел қоналқаға орын беруін берді, түнеп шыққандарына да ақша сұраған жоқ, бірақ ас-ауқат беруді қойды. Тіпті нанның өзін барлық жерде бірдей ұсынбағаны былай тұрсын, кейде соның өзі ақшаға да табылмады. «Былтыр түк астық шықпады. Байлар кедейленіп, бар жиған-тергендерін сатып тынды; орташалар – тақыр тазаланды; ал, жарлы-жақыбайлардың бұл жерден қарасы өшті; бірқатары қайыршы боп елден садақа сұрап кетті; ал үйде қалғандары кәкір-шүкірді талғажау етіп жатқан болар. Қыс бойы жұрт бидайдың топаны мен бидайықтың басын жеп шықты», – десті жұрт.

Бірде қоналқаға тоқтаған шалдар 15 фунттай ғана нан сатып алып, сол жерде түнеп шықты да, күн ысып кетпей тұрғанда біраз жерді өндіріп тасталық деп, елең-алаңда жолға шығып кеткен. 10 шақырымдай жер жүрген соң бір өзеннің жағасына жетіп, отырысты; тостағандарына су толтырып алып, қатқан нандарын суға шылап жеп, аяқ киімдерін қайтадан киіп алысты. Тағы біраз отырып, әбден тыныққан болды. Елисей мүйіз шақшасын шығарған. Оны көріп Ефим Тарасыч басын шайқап-шайқап қойды.

– Қалай ғана... – деді сонсоң,  – осындай жиіркенішті нәрсені тастай алмайсыңдар!

Елисей қолын бір-ақ сілтеді.

– Жеңді мені бұл күнә, – деді сонсоң. – Қайтейін! 

Орындарынан  тұрып, жолдарын әрі жалғастырды. Тағы да он шақты шақырым ілгеріледі. Үлкен бір қыстаққа келіп кірген, кідірместен көктей өтіп кетті. Осы кезде күн де әбден ысыды. Қатты пысынаған Елисейдің демалғысы, су ішкісі келген; бірақ Тарасычтың тоқтар түрі көрінбеді. Жалпы, Тарасыч жүріске берік екен, оның соңынан елпеңдеп еріп отырудың өзі Елисейге онша оңай тиген жоқ.

– Су ішіп, шөл бассақ па екен... – деген.

– Ішкің келсе, іш. Мен шөлдеген жоқпын, – деді серігі.

Елисей тоқтады.

– Сен, – деді сонсоң, – күтпей кете бер, мен әнебір тамға жүгіріп барып, су ішіп шығайын. Қазір-ақ қуып жетем ғой.

– Жарайды,  – деген Ефим Тарасыч сол бағытымен бір өзі ілгері кете барды да, Елисей әлгі үйге қарай бұрылды.

Келсе, бұл бір – жұпынылау, соқпа там екен; ірге жағы қара балшықпен сыланған да,  жоғарғы жағы – әктелген; бірақ сұрына қарасаң, көптен майланбағаны көрініп-ақ тұр: қабырғаларының сазы кесек-кесек боп опырылып түскен; шатырының да бір бүйірі қисайып, ұсқыны кетіп қалыпты. Үйдің кірер есігі аула жақта екен. Елисей сол аулаға енді; қараса, көң үйіндісінің  қасында бір көсе кісі жатыр; өзі ап-арық, көйлегінің етегін хохолшылап шалбарының ішіне салған. Шамасы, көлеңкеге қисайған болуы керек, бірақ шақырайған күн көзі ерегіскендей, қазір тап соның үстіне төніп тұр. Әлгі кісі болса, қозғалмастан жатыр, алайда ұйықтап жатқан кісі емес. Елисей дауысын шығарыңқырап: «Су ішіп шығуға болар ма екен?» деп еді, тіл қатқан жоқ. «Ия сырқат, ия кісі келгенін жақтырмайтын біреу-ау!» деп ойлаған Елисей, енді есікке жақын келген. Үйден жылаған баланың даусы шықты. Есіктің  шығыршығын сылдырлатқан. Үн жоқ. «Қожайын!» - деп дауыстап еді. Тым-тырыс. Есікті енді таяқпен қаққылап:–  «Уа, шоқынған бауырлар!»–  деген. Қыбыр еткен жан жоқ. «Уа, құдайдың құлдары! – деп еді. Ешкім үн қатпады. Енді болмағанда Елисей қарасын батырмақшы еді, кенет... есіктің арғы жағынан әлдебіреудің ауыр ыңырсыған үнін құлағы шалып қалды. «Байғұстар бір бәлеге ұшырап қалған ба? Қарайыншы!» – деген ой жеңген Елисей үйге қарай жедел қадам басты.

 

ІV

Елисей есіктің шығыршығын бұрап еді, бекітілмеген екен. Оны шалқасынан ашып тастап, ауыз үйге кірген. Төргі бөлменің есігі де аңқайып жатыр. Сол қол жақта – пеш. Қарсы алдында – есік жақ бұрыш; бұрышта – күн сайын шоқынатын дағдылы орын және бір стол тұр; столдың  арғы жағында шағын сәкі; сол сәкіде жалаң көйлекті, шашы қобыраған бір кемпір отыр; басын столға сүйепті. Өзі әзер отырған әлгі кемпірдің қасында тырли арық, құдды балауыздан жасалғандай сап-сары, іші кеуіп, қарны қампиып кеткен бір бала әжесінің жеңінен тартқылап, әлдене сұрап еңірейді кеп еңірейді. Елисей ішке кірді. Үйдің ішін сасық иіс алып кеткен. Қараса, пештің артындағы кереуетте бір әйел жатыр. Өзі етпетінен сұлапты, ешкімге қарар шамасы жоқ,  тек қорылдайды да, аяғын біресе созып, біресе бауырына тарта береді. Дерті шыдатпаған кезде екі бүйіріне кезек аунақшиды да, сол кезде сасық иіс қолқаңды қабады, –  шамасы, дәретін астына жіберіп жатқан байғұстың төсек-орнын ауыстырар ешкім жоқ секілді. Кемпір ғана басын көтеріп еді, қақиып тұрған бұған көзі түсті.

– Немене, – деді әлсіз үнмен, – не керек? Не сұрап тұрсың өзің!? Жоқ, шырағым, ештеңе. Дым жоқ!

Кемпірдің  сөз ләмін Елисей түсінді, қасына жақынырақ келді.

– Мен де бір құдайдың құлы едім, – деді сонсоң. – Су ішкелі ғана бас сұққам.

– Дым жоқ, – деп отырмын ғой,  –дым жоқ! Қолға ілігуге жарарлық түк жоқ бұл үйде. Жөніңмен жүре бер.

– Апырай, ең болмаса мына әйелдің астын тазартарлық бір сау адам жоқ па үйлеріңде, – деп, Елисей қадала сұрады.

– Иә, ешкім жоқ; бір адамымыз аулада өлгелі жатыр, біз мұнда...

Бейтаныс кісіні көріп, көз жасын көл қылып отырған бала бағана қоя қойып еді, енді кемпірдің  кәдімгідей тіл қатысқанын байқаған соң, қайтадан жеңінен ұстап алып: «Нан берші, әже-е-е! Нан...» деп жылай бастады.

Елисей кемпірден тағы бірдеңе сұрамақ бола беріп еді, осы кезде анадайдан шатқаяқтай көрінген бір еркек жар жағалай келіп, сәкіге отырам дей бергенінде, көздеген жеріне жете алмай, босағадан аттаған бойда құлаған жеріне қисая кетті. Тұруға талаптанған да жоқ, тілі сау әйтеуір. Бір сөзді үзіп-үзіп айтады да, демалып алып, екіншісін әрең айтады.

– Аштық дейтін... бір... нәубет келді ғой. Өлетін болды ғой... мыналар...аштықтан! – деп, әлгі баланы иегімен нұсқаған еркек еңіреп қоя берді.

Екі иығындағы дорбаларын сілкіп тастап, қолдарын босатып алған Елисей, әуелі дорбаларын жерге қойып, одан қайтадан көтеріп алып сәкінің үстіне шығарып, аузын шеше бастады. Шешті дорбаның аузын; нанын, пышағын шығарды; сосын үлкен бір кесек нанды бөліп, әлгі еркекке берді. Еркек нанды алмай, көзі жәудіреген әлгі бала мен соның қасындағы кішкентай қызды нұсқап, «соларға,  – сол байғұстарға, – берсеңші»  дегендей, иек қақты. Елисей балаға да берді. Нан иісін сезген бала дереу ұмтылып, қос қолымен бірдей жармасқан бойда, тұмсығымен нанның ішіне кіріп кетті. Пештің артынан шыққан қыз да нанды көріп, екі көзі соған қадалып қалды. Елисей оған да беріп жатыр. Тағы бір тілімін кемпірге ұстатып еді. Кемпір де алып, ақырын шайнай бастады.

– Су әкелер ме еді,  – деп қояды өзі, – аузым  кеуіп қалыпты. Кеше ме, бүгін бе, – есімде жоқ, – соны әкеле қояйыншы деп ем, жете алмай, жолда құладым; біреу-міреу алып кетпесе, шелек те сол жерде жатқан шығар.

Құдықтарының қайда екенін сұрады Елисей. Кемпір түсіндірген болды. Елисей барып, шелекті тапты; суды әкелді, мыналардың шөлін қандырды. Балалар суға шылап тағы нан жеді, кемпір де қаужаңдап жатыр; еркек бірақ аузына алмады. «Әр жағым тартпай тұр, – дейді. – Қайтейін!» Кереуетте  жатқан қатын басын көтермек түгілі, есін де жиған жоқ, тек дөңбекшумен болды. Елисей қыстақтағы дүкенге барып, ақталған тары, тұз, ұн, май алды. Үйге келген соң кішкене балтаны тауып алып, отын бұтарлап, пешке от жақты. Кішкентай қыз қолынан келгенінше бұған көмектесіп жүр. Елисей көже істеп, ботқа пісіріп, сонымен үйдегілерді бір ауқаттандырды-ау әйтеуір.

 

V

Еркек содан ептеп жүрек жалғаған болды, кемпір де ауқаттанды; ал, әлгі кішкентай қыз бен ер бала ыдыстарын әбден жалап-жұқтап болған соң, құшақтасқан күйлерінде ұйықтап кетті.

Мұндай күйге қалай түскендерін әлгі еркек пен кемпір сонда ғана жыр қылып айта бастады.

– Бұрын да шалқыған дәулетіміз болғаны шамалы еді,  –дейді,  – ал, былтыр бұл маңайда тіпті дым шықпай қалып, қолда барымызды қара күздің басынан-ақ жей бастадық. Азғантай жиған-тергеніміз не болсын; оның өзін де жеп тауысқан соң, енді көрші-көлем мен иманжүзді-ау деген адамдарға алақан жаюға тура келді. Алғашқы кезде жұрт ол-пұл беруші еді, кейін бетімізді қайтарып тастайтын болды. Ал, бергісі келгендердің өздерінде де, бұл кезде ештеңе қалмаған-ды. Бара-бара біреуден бірдеңе сұраудың өзі ұятқа айналды: жұрттың бәріне ақшалай да, ұндай да, нандай да қарызбыз. Жұмыс іздеп ем,  – дейді  еркек, – жұмыс жоқ. Қайда барсаң да, тек ас-ауқат үшін-ақ жұмыс іздеп, ызғып жүрген халық. Бір күн істесең, екі күн жұмыс таппай, бос сенделесің. Кемпір мен ана қарғадай қыз қайыр сұрап, ел кезіп кетеді. Садақа өнімсіз; нан дегенің ешкімде жоқ. Сонда да нәпақамызды  ептеп тауып жүргендей едік; осылай-осылай жаңа астыққа да ілігіп қалармыз деп те ойлағанбыз. Бірақ көктем туа жұрт қайыр-садақа беруді мүлде доғарды; оған мына індет кеп қосылды. Жаман нәубет болды бұл! Бір күн  нәр татсақ, екі күн ашпыз. Лажсыздан шөп жеуге көшіп едік. Сол шөптен бе, әлде басқа бірдеңеден бе, әйтеуір анау әйелге бір бәле жабысты. Әне, төсек тартып жатып қалды; менің де, міне, – деді еркек, – қозғаларлық халім жоқ. Оңалып кетерге жағдай да болмай тұр ғой, қайтейін.

– Жалғыз мен ғана,  – деді кемпір осы жерде әңгімеге араласып,  – басымды тауға да  соқтым, тасқа да соқтым. Бірақ ас-сусыз қашанға дейін шыдайын; әбден әлсіреп, міне, өлер халге де жетіппін. Анау кішкентай қыз да титықтап бітті, әрі ұялатынды шығарды. Көршілерге барып келші деп едік – бармайды. Бұрышқа тығылып алып, тымсырайып отырғаны. Бұрнағы күні көрші әйел кіріп шыққан, әрі аш, әрі ауру екенімізді көріп, ол да шорт бұрылып алып қайқайды. Қайтсін, оның өзінің де күйеуі кетіп қалған, шиеттей балаларға бірдеңе берейін десе, түгі жоқ. Біз де «өлген жеріміз осы шығар» деп, жатыр едік қой, көзіміздің жұмылғанын күтіп...

Бұлардың әңгімесін тырп етпей отырып тыңдаған Елисей, сол күні жолдасын қуып жетпек болған ойынан айнып, осында қонып қалды. Таңертең ерте тұрған ол, құдды осы үйдің қожайыны өзі секілді, бірден шаруаға кірісті.  Кемпірмен бірге қамыр илеп, пеш жақты. Кішкентай қызбен бірге көршілерге барып, керек-жарақты жиыстырды.  Бірдеңе сұрайын десе – дым жоқ, бәрін сатқан-сауған; ия шаруаға қажет құрал-жабдық жоқ, не киер киім жоқ. Елисей енді керек көр-жерді өзі жиыстыра бастады: кейбірін қолдан жасады, кейбірін дүкеннен сатып алды. Осылайша ол бір күнін өлтірді; келесі күн де зырлап өте шықты: үшінші күні де осында қалды. Балақай бойын көтерді, сәкінің үстіне шығып ойнап, Елисейге еркелейтінді шығарды. Ал, қыз баланың жүзіне тіпті шырай кіріп, бар шаруаға да қол ұшын беріп, көңілді жүретін болды. «Ата! Атажан!» деп Елисейдің соңынан қалмай жүргені сол! Кемпір де еңсесін тіктеп, көршісіне барып қайтты. Еркек жар жағалай алатын халге жетті. Керуетте жатқан әйел ғана басын көтере алмаған; үшінші күні ғана көзін әрең ашқан ол да бір кезде талғажау қыларлық тамақ сұрауға жарады-ау. «Ойпырай! – деп ойлады Елисей, – осынша уақыт жоғалтам деп ойлаған жоқ едім, енді қозғалайын».

 

VІ

Төртінші күн «қызыл жұмыртқа» мейрамының ауызашарына сәйкес келіп қалған екен; «Қой, елмен бірге ауызашарға қатысайын, мыналарға да мейрамда ол-пұл әперіп, көңілдерін көтерейін; сосын кешкілік жүріп кетермін» деп шешті Елисей. Тағы да қыстақ орталығына барып, сүт, аппақ ақ ұн, шошқаның майын сатып алды. Содан кемпір екеуі күні бойы асты, қуырды, пісірді-түсірді – не керек, тыным таппады, ал келесі күні ертеңгісін Елисей таңғы ғибадатқа кетті; осында келіп, елмен бірге ауызашарға қатысты. Сөйтсе, тап осы күні әлгі керуетте жатқан әйел де аяғына тұрып, тәлтіректеп жүре бастапты. Еркек сақал-мұртын қырып, кемпір жуып қойған таза жейдесін киіп, осы қыстақтағы ең бай мұжықтан рахым етуін сұрауға кетіпті. Өйткені, шабындық жері де, егістігі де, әлгі аса ауқатты мұжықтан алған қарызына  кепілге қойылған екен, биылғы жаңа астықтың өніміне дейін сол егістік жері мен шабындығын өзіне қайтара тұрса екен деп, сұрамақшы көрінеді. Бірақ кешкісін еңсесі езіліп, үйге сүйретіліп әзер оралған қожайын: «Қайырымшылық жасамады, қайтейін! – деп, өксіп қоя берді. – «Ақшаңды әкел де, ал!» дейді.

Елисей тағы да ойға батты. «Ойпырмай, енді қайтіп өмір сүреді бұлар? –  деп ойлады ол. – Ертең жұрт шалғы салуға шығады, ал бұларда дым жоқ: шабындықтары кепілге қойылған. Қара бидай да әні-міні піскелі тұр, жұрт оруға кіріспекші (биыл және бітік шықты ғой өзі, құдай бұйыртса!); ал, бұларда жақсылықтан үміт жоқ; он сотық жерін әлгі ауқатты мұжыққа әлдеқашан сатып жіберген. Ертең мен кетсем, бұлар таз қалпына қайта түспей ме!?»

Ауыр ой еңсесін езген Елисей тағы да кешкілік жүріп кете алмады – «таңдағы нәсіп тәңіріден» деп, аулаға кетті ұйықтауға. Іштей құдайға мінәжат етіп-ақ жатып еді, бірақ  ұйықтай алмады: өйткені тезірек жолға шығуы да керек-ті,  – мұнысыз-ақ ақшасын да, алтын уақытын да аз жоғалтқан жоқ-ты, – бірақ мына кісілерді де қатты аяды. «Шамасы, жұрттың бәрін бірдей жарылқау мүмкін емес болғаны ғой. Су әкеліп беріп, бір-бір тілім нан үлестірсем жетпей ме деп едім, қарасайшы ақыры не болғанын! Енді шабындығы мен егістік жерін сатып әпер. Егістігін сатып әперген екенсің, балаларға сүт болатын сауын сиыр,  ал қожайын еркекке бау таситын ат сатып әпер. Асылы, бауырым Елисей Кузьмич, шырмалған жерің осы шығар. Түпкі ойыңның қазығынан айрылған соң, түк түсінуден қалдың ғой!» Елисей кеудесін көтеріп, жастанып жатқан шекпенінің қалтасынан мүйіз шақшасын шығарды да, ішкі сарайым ашылар ма екен деп, насыбайды құшырлана иіскеп-ақ еді, болмады: қанша бас қатырса да, ойына ештеңе оралмады. Жолға шығуы да керек, мына кісілерді осылай тастап кету де обал. Бірақ не істеу  керегі және бәймәлім. Шекпенін жұмарлап қайтадан басына жастанған ол, тағы жантайған. Жатты-жатты, әтештердің таңғы айқайы да әлдеқашан басылды, сонда барып көзі іліне бастаған. Кенет... құдды біреу оятып жібергендей болды. Қараса, дорбасы арқасында, аса таяғы қолында, құнтиып киініп алған екен дейді, енді тек қақпадан шығып кетуі ғана қалыпты. Ал, қақпаның есігі бір кісі ғана өтерліктей еңкейіңкі тұр. Ол әлгі қақпадан өтейін деп еді, бірдеңе дорбасын іліп қалды; оны ағытам дегенше, шұлғауы әлденеге ілігіп, шешіліп кетті. Мұны қайтадан орай бастағанында, шарбақтың бір жері киімін тағы іліп қалды ма деп еді; сөйтсе, осы үйдегі кішкентай қыз етегіне жармасып: «Ата, атеке, нан беріңізші!» деп шырылдап жүр. Аяғына көзі түсіп кетіп еді, шұлғауына ер бала жабысып алыпты; терезеден кемпір мен үй иесі еркек бұларға қарап және мөлиеді... Оянып кеткен Елисей өзінен-өзі күбірлеп сөйлей бастады: «Әперем ертең шабындығын да, егістігін де, – деді ол. –Ат та  сатып әперем; жаңа астыққа дейін жетерлік ұнды да, балаларға сүт болатын сауын сиыр да сатып әперем. Әйтпесе, жер асып, жекен су асып, теңіздердің аржағындағы Айсаны  іздеймін деп жүргенде, жүрегімдегі Жаратушыға деген жарық сәулені жоғалтып алармын. Алдымен, мына байғұстарды аяғына тұрғызайын!»  – деген ол, таңға дейін енді тас боп ұйықтады.

Таңертең Елисей ерте тұрды. Бай мұжыққа барып, қара бидай егістігін қайтадан сатып алды, шабындықтың да ақшасын төледі. Шалғы орақты да қайтарып (ол да сатылып кеткен екен), үйге алып келді. Қожайын еркекті шалғы салуға жіберді де, өзі мұжықтармен сөйлесуге кетті: мәйхана иесінің үйі қасында сатылатын ат пен арба тұрғанын біліп, саудаласып оны сатып алды; бір қапшық ұнды және алып, арбаға тиеді де, енді сиыр саудалауға жөнелді. Келе жатып, Елисей екі хохлушканы қуып жеткен. Бұл екі қатын бір-бірімен дабырлай сөйлесіп  келеді екен. Өз тілдерінде шүлдірлесіп келе жатқандардың сөздеріне құлақ түрсе, бұл екеуі мұның өзі туралы әңгімені көйітіп келе жатқанын ұқты Елисей.

–Көрдің бе, бұл кісіні бұрын ешкім де танымайтын; жұрттың бәрі оны қаңғып жүрген біреу шығар деуші еді. Әлдекімнің үйіне су ішуге кіріп, сол үйде аялдап қалыпты. Қазір мұның әлгі үйге не сатып әпергенін көрсең! Тап бүгіннің өзінде, мәйханашыдан бір атты арбасымен қоса сатып алғанын өз көзіммен көрдім. Мұндай адам бұ заманда жоқ қой, жоқ! Тек таңғалу керек мұндайға.

Бұны естіген Елисей, өзін мақтап келе жатқандарын білді де, сиыр алу дегенді енді қойып, мәйханашыға қайтып келді; аттың ақшасын төледі. Оны арбаға жекті де, ұн тиеген көлігімен үйге тартты. Қақпа алдына кеп тоқтап, арбадан түсті. Атты көрген үй иелері аң-таң. Бұл атты біз үшін сатып алды-ау деп ойлап тұрса да, ауызбен айтуға батпайды байғұстар. Әйтсе де, қожайын сыртқа шығып, қақпаны аңқайтып ашып қойды.

– Ата-ау,  –дейді өзі,  – қайдан алып жүрсің бұл атты?!

–  Е, сатып ала салғам... – дейді бұл. – Арзанға беріп тұр екен. Айтпақшы, түнде талғажау қылуы үшін, бір шетен толатын шөп шауып, алдына қоя саларсың! Сонсоң... анау қапшықты да түсіріп ал.

Қожайын атты доғарды, қапшықты да қамбаға апарды, көк балауса орып әкеп, шетенді де толтырды.

Біраздасын бәрі жатуға қамданған. Елисей бүгін де әдетінше аулаға кетті жатуға; дорбасын қызыл іңірден қасына, – жатар жеріне,  – әкеп қойған.

Түннің бір уағында ел ұйқыға кетті.

Осы кезде ғана Елисей орнынан тұрып, сыбысын білдірместен дорбасының аузын буды; ақырын-ақырын ғана аяқ киімін де киді;  сосын шекпенін қаусырынды да, Ефим қайдасың деп, серігінің ізінен салды!

 

VІІ

Бес шақырымдай ұзады Елисей. Жарық түсе бастады. Ол бір ағаштың түбіне отыра қалып, дорбасының аузын ашты да, есеп-қисап жүргізе бастады. Санаса, ақшасынан 17 с.20 тиын қалыпты. «Жә, – деп ойлады ол, – бұнымен теңіздің аржағына жете алмаспын. Айсаның атынан қайыр сұрар болсам, күнәмді тіпті көбейтіп алармын. Ефим тамырым бір өзі-ақ жетер, мен үшін де шырағдан қоймас деймісің. Ал, менің мойнымдағы парыз, әсілі, өле-өлгенше қалатын болар. Жасаған Ие жар бола гөр – ер мойнында қыл арқан шірімес».

Елисей орнынан тұрып, арқасындағы дорбасын ырғап-ырғап алды да, кейін қайтты. Тек таныс-бейтаныс біреу-міреу көріп қалар деп, әлгі шыққан қыстағын алыстан орағытып өтті.

Үйіне де тез оралды Елисей. Бара жатқан жолында Ефимнің соңынан мықшыңдап әрең ілесіп еді, жүріс қиын тиген-ді; кейін қайтарында, Құдай жар болып, шаршап-шалдығу дегенді білген жоқ. Құп-қунақ күйде, таяғын емін-еркін сермеп қойып, күніге 70 шақырымдай жерді артқа тастады да отырды.

Сөйтіп, үйіне де жетті-ау Елисей. Келсе, жиын-терін біткен. Үй-іші қарттарының аман-сау оралғанына мәз болып жатыр; иә, не істеп, не қойдың? Жолдасыңнан неғып айрылып қалдың? Ілесе алмасаң да, біржолата барып қайтпадың ба, неге ерте қайттың үйге? – деп сұрақты жан-жағынан қарша боратысады. Оның біріне де Елисей жауап қатқан жоқ.

– Е, Құдай қаламаған шығар; жол үстінде ақшасыз қалып, жолдасымнан да айрылып қалдым. Әрі қарай барғым да келмеді сосын. Құдай ақы, кешіре көріңдер! – деді де, қойды.

Ауысқан ақшаны кемпірдің қолына ұстатты. Үй-жайының жағдайын сұрап еді, құдайға шүкір, бәрі жақсы екен; шаруаның да бәрі таптұйнақтай, ойға алған істерінің бәрі орындалған; ауызбіршілікте, тату-тәтті тіршілік етіп жатыпты.

Елисейдің оралғанын сол күні-ақ естіген Ефимнің ұрпақтары да өздерінің қарттарының жай-жағдайын сұрамақ болып, осы үйге келіп жатты. Елге айтқанын Елисей бұларға да айтты.

–Сендердің қарттарың,  деді ол, – қаттырақ екпіндеп кетіп, екеуміз айрылысып қалдық. Бұл – Әулие Петр күнінен үш тәуліктей бұрын-ау деймін. Артынан қуып жетем бе деп ем, сол күндері ақшамды жоғалтып, бір шырғалаң жайларға тап болдым да, әрі қарай баруға қаражатым болмай, сол жерден кері қайттым.

Жамағат аң-таң: бұл бір былайша қарағанда, ақылды-ақ адам еді, бірақ қалайша мұндай келеңсіздік жасады екен; жақсы ниетпен кетті, ендеше діттеген жеріне жетпей, ақшасын желге шашып, қайтып келгені несі? Жұрт айтты-айтты, артынан бәрі ұмытылды. Оны Елисейдің өзі де есінен шығарып тастады. Келе, үйдің ішкі-тысқы шаруасына кірісті де кетті: ұлымен бірге қысқа жетерлік отын даярлады, әйелдермен бірге астық бастырысты; қора-қопсының жыртық-тесігін бітеді; бал араларын жиыстырып, он қалыпшадағы араларды биылғы төлімен көршісіне берді. Сатылған қалыпшалардағыдан өнген жаңа ұяшықтарды кемпір жасырып қалғысы келіп еді, олардың қайсысы бос, қайсысына ұя салынғанын өзі білетін Елисей, он қалыпшаның орнына, көршісіне он жеті қалыпша берді. Шаруасының бас-аяғы бүтінделген соң, ұлын мал табуға алыс жерлерге аттандырды да, Елисейдің өзі енді ұзақ қыс бойы шабата тоқумен, һәм бал араларына қалыпша жасаумен айналысуға біржола отырды.

 

VІІІ

Жаппай ауырып өлгелі жатқан әлгі адамдардың үйіне Елисей аялдаған күні Ефим жолдасын ертеден кешке дейін күтті. Өзі біраз жерге барған да, отырған.

Содан жолдасын әрі күтті, бері күтті; арасында көзі де ілініп кетті, одан оянды, тағы біраз отырды – жолдасы жоқ. Қарай-қарай көзі талды. Күн еңкейіп, ағаштардың аржағына жасырынды,  – көрінер Елисей жоқ. «Жанымнан өтіп кеткен жоқ па өзі, – деп те бір ойлады. – Әлдебіреудің көлігіне мінгесіп-ұшқасып бара жатып, бәлкім, менің көзім ілініп кеткен кезде байқамай қасымнан өте шыққан шығар. Әй, бірақ байқамау да мүмкін емес-ау. Кең жазықта  көз жетер жердің бәрі алақандағыдай ғой! Қайрылып барсам, тағы бір жағымнан өтіп кетіп жүрер ме екен?– деп те күдіктенеді. – Екеуміз екі жаққа кетсек, тіпті жаман болар. Ілгері кете берейін, қоналқада бас қосармыз». Үлкен бір ауылға келген, онбасыға жолығып, осындай да осындай бір шал келе қалса, мен түскен үйге ертіп әкелерсің деп өтініп қойды. Бірақ қоналқаға да  келмеді. Ефим ілгерілей түсті, жол бойы жұрттан: «бір жалтырбас шал  көрмедіңдер ме?!» – деп сұраумен  болды. Ешкім көрмепті. Бұған аң-таң болған Ефим, амалсыз бір өзі әрі кете барды. «Бәлкім, Одессада, кеме үстінде жолығып қалармыз» деп өзін жұбатты да, ақыры бұл туралы мүлде ойлауды да қойды.

Жол үсті бір елкезбе жолыққан. Шошақ төбелі қара барқыт төбетей киген, үстінде де, дәл сондай ұзынетек желеңі бар, шашын да өсіріп қоя берген бұл кезбе, бұрын  Афонда да болған екен, бұл жолы Құддысқа баруды жөн көріпті. Қоналқада бастары қосылып қалып еді, сөйлесе келе,  бағыттары бір болған соң, бірге жүруді қолай көрісті.

Одессаға шаршап-шалдықпай жеткен. Үш тәулік бойы кемені күтті. Құдайға құлшылық қылуға бармақшы жұрт нөпір екен. Жан-жақтан жиылыпты бәрі. Осы жерде Ефим әркімнен тағы да Елисей туралы сұрастырып көріп еді, естіген-білген ешкім болмады.

Шетелдік билетін 5 сомға реттеттірген Ефим, бару-қайтуына 40 сом тағы төледі де, жолазыққа нан мен майшабақты молырақ етіп алды. Кемеге жүк тиелді, құлшылық қылушыларды да осында әкелді;  қасындағы елкезбемен бірге Тарасыч та мінді-ау. Зәкір суырылып, жағадан жылжып ұзай берген кеме ашық теңізге шықты. Бір күн тыныш та жайлы жүзіп еді; кешкісін жел көтеріліп, жаңбыр сіркіреді; кеме шайқатылып, үстін су шая бастады. Жұрт абыр-сабыр боп, әйелдер шулап, үргедектеу еркектер тығылар орын іздеп, кеме үстінде жүгіріс көбейді. Ефимнің де көңіліне қорқыныш кірген, бірақ сыр бермеді: кемеге мінгеннен-ақ тамбовтық әлдебір шалдармен қатар еденге жайғасып еді, түні бойы да, келесі күні де солармен бірге, дәл сол жерде,  – әрқайсысы өз дорбаларының аузынан тас қып ұстап алған күйлерінде, бір-бірімен тіл қатыспастан, – солай отырып шықты. Үшінші тәулікте ғана теңіз тыншыды. Бесінші күні бұлар Царьградқа да ілікті-ау. Жиһанкез кейбіреулер жағаға шығып, бұл күнде түріктердің иелігіндегі  тұрған Ай-София ғибадатханасын көріп қайтты; Тарасыч түскен жоқ, бар уақытын кемеде отырумен өткізді. Тек аппақ ақ бөлке сатып алды. Бұлар бір тәулік тұрып, қайтадан ашық теңізге шыққан. Жолшыбай Смирна-қалаға, Александрияның тағы бір шаһарының жанына тоқтап, аман-сау Яфа қаласына да жетті. Құдайға құлшылық қылушылардың бәрі осы жерде, –   Яфада,  – кемеден  түгел түсіріледі екен: Құддысқа дейінгі 70 шақырым жерді өздері жаяу жүріп өтулері керек көрінеді. Кемеден түсерде де халықтың зәресі зәр түбіне жетті-ау: құрғырдың қабырғасы биік екен, сол биіктен жұртты жүк-мүгімен төмендегі қайықтарға лақтырып, тәйтеңдеген ол бар болғырлардың біріне жолаушылар дәл түссе, бірінен ауып түсіп, ел машақатты көп көрді; бірер кісі суға малшынып та қалған жайы бар, бірақ бәрі де қара жерге аман-сау аяқ басты әйтеуір. Табандары жерге тиген соң, жаяу тартты бәрі. Үшінші күн дегенде, түске таман Құддысқа да аяқ іліктірді-ау. Қаланың сырт жағындағы, Орыс қоналқа үйі деген жерге тоқтап, билеттерін тіркеттіріп, ас-су ішіп, қасындағы елкезбемен бірге киелі орындарды аралауға шықты. Құдай ұлының табыты тұрған жердің өзіне әзірге ешкімді кіргізбей жатыр екен. Бұлар патриархтың әдариятына келсе, құлшылық қылуға келгендердің бәрін осы жерге жинап, әйелдерді бір бөлек, ерлерді бір бөлек отырғызып қойыпты. Бұларға да аяқ киімдерін шешіп, дөңгелене отырғандардың қасына жайғасуға әмір етілді. Иығына сүлгі салған бір монах шығып, жұрттың бәрінің де аяғын жуа бастады; жуады да, сүртеді; сосын бір-бір сүйеді. Осылайша, жұртты тегіс айналып шықты. Ефимнің де аяғын жуып, құрғатып сүртіп, бір сүйіп қойды. Бұлар кешкі ғибадаттан, таңғы мінәжатқа дейін сонда болды, дұғаларын оқыды, әулиелерге арнап шырақ жағып, марқұм ата-аналарының аруағына қайыр-садақа үлестірді. Сол жерде ауқат та, шарап та берілді. Ертесіне күнәдан  қашып осы жерге тығылған Мысырлық Мәрияның құжырасына бас сұқты. Шырағдан жағып, діни жол-жоралғыларын жасады. Ол жерден Ибраһим әдариятына барысты. Ибраһим пайғамбар Құдай жолына ұлын құрбандыққа шалмақ болған жер – Сауек бауын да көрді. Сосын Ғайса пайғамбар Мәрия Магдалинаның көзіне бір көрінетін жерге;  одан кейін Жаратушының бауыры – Жақыптың шіркеуіне барды бұлар. Осының бәрін елкезбе өзі көрсетіп, қай жерге қанша ақша тастап отыру керектігін де өзі айтып отырды. Қонақүйге түскі ас кезінде оралған олар жақсылап ауқаттанды. Содан, көз іліндіріп алмаққа енді жайғаса беріп еді, елкезбе аһылап-үһілеп, киімінің қалталарын олай-бұлай ақтарып-төңкеріп, әбігерленді де қалды.

–Қағып кетіпті,  – дейді, – менің  ақша толы әмиянымды; жиырма үш сомым бар еді, – деп қояды және. – Екі  тұтас ондық, үш сомы ұсақ ақшамен.

Қамықты, қайғырды елкезбе; аһылады-үһіледі, – бірақ амал қанша,  – ақыры жатпасқа лажы қалмады.

 

ІХ

Ефим де ұйқыға бас қойған; сол-ақ екен, бір күнәһарлық ой арбады да алды. «Бұл елкезбенің ақшасын ешкім де қағып кеткен жоқ, –дейді ойы. – Меніңше,  ақша онда тіпті болған жоқ! Барған жеріміздің ешбірінде ол қайыр-садақа берген емес. Маған «барған жерімізде садақа беріп отыр» деді де, өзі ешкімге тесік тиын ұстатқан жоқ, сөйтіп жүріп және менен бір сом сұрап алды ғой».

Осылай ойлайды да, іле Ефим өзін-өзі жазғыра бастайды: «Айдаладағы біреуді неге ғайбаттап жатырмын осы мен?! – дейді өзіне-өзі. – Күнә ғой мұным. Құрсын, жаман ой ойламайыншы!» – Ұмыта беріп, бұл елкезбенің ақша көрсе көзі жайнап кететіні; сондай-ақ «әмиянымды қағып кетіпті» дегенде, әңгімесінің еш қиыспай тұрғаны есіне түседі де, «Онда ақша болған жоқ! Істеп отырғанының бәрі – көз алдау...» деген әлгі ойына қайта орала береді.

Таңертең екеуі де ерте тұрып, Құдай ұлының табыты қойылған жерге,  – Жексенбілік  үлкен ғибадатханаға, – мінәжат етуге барды. Елкезбе Ефимнен қалар емес, бұл қайда барса, ол да сонда барады.

Екеуі ғибадатханаға да бірге келді. Қараса, құлшылық қылуға келген жамағат: орыстар да, неше алуан өзге халықтар да,  – гректер, армяндар, түріктер, шамдықтар,  – бәрі осы араға нөпір боп жиналыпты. Халықпен бірге Қасиетті қақпаға Ефим де жақындады. Бұларды бір  тақуа бастап жүрген. Түрік сақшыларының жанынан аман-есен алып өткен ол, бұларды үлкен-үлкен 9 шырағдан жанып тұрған жерге,  – Құдайдың ұлын,  яғни Құтқарушыны кергі ағаштан алып, жұпар иісті маймен сылаған жерге, – ертіп келді.  Бәрі-бәрін көрсетіп те жүр, ауыз жаппай әңгімелеп те жүр. Сол жерге Ефим де бір шырағдан жағып қойды. Мұнан соң бірнеше монах Ефимді оң қол жақтағы баспалдақпен жоғарыға – Голгофаға – бір кезде кергі ағаш тұрған орынға ертіп апарған; бұл жерде де дұға оқып, Ефим мінәжат етті. Сонсоң олар Ефимге мына жердің бетінен – түу жеті қабат жер астындағы түпсіз тұңғиыққа – тамұққа дейін кетіп жатқан, қараңғы қара құрдым шыңырау тесікті көрсетті; онан шығып, Ғайсаның қол-аяғын кергі ағашқа қаққан жерге апарды; бұдан кейін қасиетті сүйегінің үстіне Ғайса пайғамбардың қаны тамшылаған – жарықтық  Адам ғалайкімсаламның табытын көрсеткен. Мұнан соң, басына шомырттан жасалған тікенек тәж кигізгенде Ғайса отырған қара тастың қасына келді;  Христосты сабаған кезде, оны байлап қойып ұрған бағанға да  барды. Ақырында, Ефим Христостың аяғына байлайтын, екі жерінде тесігі бар тасты да анық көрген. Тақуалар тағы бірдеңелерді көрсетпек болып еді, халық әлденеге абыр-жабыр болып, сөз тыңдамай қойды; содан бәрі асығып-үсігіп, Құдайдың ұлы, Құтқарушының табыты қалған үңгірдің өзіне қарай лап берді. Өзге жұрттардың мінәжат етер мерзімі аяқталып, православиеліктердің мінәжат етер мезгілі келген екен. Халықпен бірге Ефим де үңгірге қарай бет алды.

Ол қасындағы елкезбеден құтылғысы келіп-ақ еді,  – өйткені, әлгі туралы күпірлік ойлардан арыла алмай-ақ қойған,  – бірақ қаңғыбас қасынан қалмай, Құтқарушының табыты қалған жердегі мінәжатқа да еріп барды. Бір-біріне жақын тұрғылары келіп еді, жұрт үлгертпеді: жан-жақтарынан қысып, ілгері де, кейін де қозғалуға шамаларын келтірмеді. Ефим қақиып тұр, көзі – алдыңғы жақта, мінәжат етеді-ақ, бірақ көңілі – алаң; әмияным орнында ма екен деп, қайта-қайта сипақтай береді. Ойы – екіұдай; бір ойы – «осы елкезбе мені алдап жүр-ау»,–  десе, екінші ойы айтады – «әй, өтірік емей, әмиянын әлдекімнің қағып кеткені рас болса, кім біледі, мені де біреу үптеп кетіп жүрер».

 

Х

Осылай тұрып-ақ Жаратқанға жалбарынып дұғасын оқыған Ефим, қарсы алдына, – Құдай ұлы, Құтқарушының табыты қойылып, сол табыттың жан-жағына 36 шамдал жағылған шағын шіркеу жаққа,  – жәй ғана көз салып тұрған.  Сөйтіп тұрып, бір мезгіл жұрттың басынан асыра ілгеріге назар салса, мынау не керемет! Әлгі шамдалдардың дәл түбінде, шапағатты от жанып тұрған жерде, елдің ең алдында: үстінде шұға шекпені бар, басы айнадай жалтыраған, кәдімгі Елисей Бодров секілді бір шал тұр. «Ойпырай, Елисейден аумайды екен өзі! – деп бір ойлаған.  – Бірақ ол қалай үлгермек мұнда келуге?!  – деп іле күмәнданды. – Менен бұрын қайдан келсін! Кеме болса, бізден де бір апта бұрын кетіп қалған-ды. Менен озып кетуі мүмкін емес. Ал, біздің кемеде ол, сірә, болған жоқ. Бүкіл құлшылық қылушыларды мен өзім тегіс аралап шыққам».

Ефимнің осылай ойлай бергені сол еді, әлгі шал мінәжат етіп, сәждеге бас қоя бастады: әуелі Жаратушыға жалбарынып алға еңкейді де, сонсоң барша православиелік жамағатқа арнап екі жағына бірдей тағзым етті. Әсіресе, шал оң жағына мойын бұрған кезде, Ефим оны жазбай таныды. Иә, сол –  Бодровтың өзі; анау бұйраланған қарақоңыр сақал, самайындағы ақ, қасы да, көзі де, мұрны да – барша кескін-келбет соныкі. Нақ өзі Елисей Бодровтың. Жолдасын тапқанға Ефим қатты қуанды, әрі, «апырмай, қалайша менен бұрын келді екен!? » деп аң-таң болды.

– Әй, Бодров, ерім-ай! – деп мәз. – Қалайша суырылып ілгері кеткен! Шамасы, жөн білетін біреуге жолыққан ғой, оны алдыңғы жаққа апарып тұрғызған да – сол кісі болар. Шығар жерде тауып алайын-ай мұны; қасымдағы әлгі шошақ төбелі барқыт тебетей киген елкезбені тастап, өз жолдасыммен бірге жүрейін; бәлкім, ол мені де алдыңғы қатарға апарар.

Елисейден айрылып қалмас үшін, Ефим оны көзінен таса етпей бақты. Бір кезде мінәжат та аяқталып, нөпір халық жапатармағай сыртқа беттеген; жұрт итерісіп-сығылысып, бірін-бірі баса көктеп ілгері ұмтылғанда, Ефимді де олар қақпайлап, бір шетке шығарып жіберген. Осы кезде: «Әмиянымды біреу қағып кеткен жоқ па екен?!» –деген баяғы үрей қайтадан зәресін ұшырғаны. Қорыққаннан әмиянын сыртынан алақанымен басып алып, сығылысқан жұрттан сытылып шығуға тырысқан Ефим, тек тезірек кеңістікке жетуді ғана ойлаған. Осылайша, жетті-ау кеңістікке де; бірақ жолдасынан көз жазып қалған ол, енді Елисейді іздеп, шарқ ұрмаған жері қалмады. Ғибадатхананың ішіндегі құжыралар халыққа лық толған: біреулері сол жерде-ақ ас жеп, шарап ішіп жатса, енді біреулер сол жерде-ақ ұйқыға кеткен; кітап ақтарып отырғандардың да қарамы аз емес – неше алуан жұрт. Бірақ Елисей еш жерде жоқ. Жолдасын таба алмаған Ефим шаршап-шалдығып қоналқаға оралған. Келсе, қасындағы елкезбе де жоқ. Сол жоғалғаннан, қарасы мүлде өшті; сұрап алған бір сомды да берместен кетті. Ефим жападан жалғыз қалды.

Келесі күні де ол кемеде өзімен бірге келген тамбовтық шалмен Құтқарушының табыты қойылған жерге тағы барған. Ентелеп алдыңғы қатарға жетуге ұмтылып-ақ еді, бірақ нөпір халық тағы да кешегідей қақпайлап, итеріп-сығып, шетке шығарып жіберді; сондықтан әлдебір бағанның қасынан ғана орын тиген ол, сол жерде тұрып-ақ Жасаған Иеге жалбарынуын бастай берген. Ілгері жаққа көз салса, шамдалдардың түбінде, Құтқарушының табытының тап қасында, ең алдыңғы орында, миһрабтағы поп құсап, екі қолын екі жаққа жайып жіберген Елисей тұр, кәдімгі тақыр басы айнадай жарқырап. «Қап, бәлем! – деді Ефим. – Мұны бүгін жібере қоймаспын». Қасындағыларды итермелеп ілгері жылжыған. Өліп-талып жетсе, Елисей жоқ. Шамасы, шығып кеткен секілді. Үшінші  күні келсе, Құтқарушының табытының қасында, – ең киелі орында, қалың елдің көз алдында, екі қолын екі жаққа жайып жіберіп, төбесінде айналып жүрген әлденеге көзі байланып қалғандай көкке қарап, тағы да Елисей тұр. Тақыр басы жалтырап шапақ шашады. «Қап, бәлем! – деді тағы Ефим. – Енді айрылсам ба сенен! Шығар ауызға барып тұрып алайын! Сол жерде қайткенде де ұшырасармыз». Ефим сыртқа шықты; әрі тұрды, бері тұрды, түс ауып кетті. Бүкіл жамағат тарады, Елисей жоқ.

Алты апта уақытын Құддыста өткізген Ефим көздеген жерінің бәрінде де болды: Вифлеемге де, Вифанияға да барды, Иордандыда өз көзімен көрді;  «өлсем, осыны кигізіп жерлер» деп, жаңадан сатып алған жейдесіне Құтқарушының табыты қасында мөр де басқызды; сонсоң шөлмек құтыларға толтырып, Иорданның суын; киелі орындардың топырағын; шапағатты оттың шарпуы тиген шырақтар алды; сегіз жерден аруақтарды еске алу дұғасын жазып-хаттады; бар ақшасын жұмсап біткесін, енді елге аман-сау жетсек, осы жарар деді. Сонымен, Ефим елге қайтты. Яфаға келіп, кемеге мінді; Одессаға дейін су жолымен жетіп, үйіне қарай жаяу тартты.

 

ХІ

Ефим жалғыз өзі келген ізімен енді қайтып келе жатыр. Аулына жақындаған сайын, үйдегілер қайтіп тірлік қылып жатыр екен деп, әрнәрсенің қамы уайымдата берді. «Бір жылда, – дейді ойы, – талай су ақты ғой, онан бері не заман. Үй болуға, мәселен, ғұмыр бойы тырысасың, ал оның алқан-талқан болуы – қас пен көздің арасы. Ұлым менсіз шаруасын шатқаяқтатып алған жоқ па екен? Көктем биыл қалай келді? Малымыз қыстан күйлі шықты ма? Үйді өзім айтқандай етіп сала алды ма? » Өстіп келе жатып, Ефим былтыр өзі Елисеймен айрылысқан жерге де кеп жеткен. Жұрт адам танымастай өзгеріпті. Былтыр ішерге ас таппай, қақсып отырған халық, бүгінде күйленген. Егінжайларда астық бітік шығыпты. Жұрттың еңсесі көтеріліп, қайғы-қасірет ұмытыла бастаған. Өткен жылы Елисей аялдап қалған әлгі бір қыстаққа  Ефим кештете жетіп еді. Қыстаққа кіргеннен-ақ, бір үйдің тасасынан аппақ ақ көйлекті жас қыз жүгіріп шығып:

– Атай! Атай дейім! Біздің үйге жүріңіз, – деп қиылды.

Ефим жүре бермекші еді, қыз бала жіберер емес; етегіне жабысып, үйге қарай тартады, көзі күліп тұр.

Есік алдына бала көтерген бір әйел шығып еді, ол да қолып бұлғап:

– Келіңіз, атай! Ас ішіп, ауқаттанып, қонып шығарсыз, – деп жатыр.

Ефим амалсыз кірді. «Айтпақшы, – деп ойлады ол,  –  Елисейдің де хабарын сұрайыншы;  ұмытпасам, су ішіп шығуға ол былтыр тап осы үйге бас сұққан сыяқты еді».

Ефим үйге енді; әйел оның арқасындағы дорбасын алып, беті-қолын шайындырды, стол басына отырғызды. Сүт әкелді, ішіне ақ ірімшік салған самса мен ботқаны алдына қойды. Тарасыч рақметін айтып, дәруіштерге ілтипат білдіретін адамдарды біраз мақтады.

Әйел басын шайқап:

– Біздің Құдай жолында ел кезіп жүрген адамдарға ізет көрсетпеуімізге болмайды, – дегенді айтты. – Өйткені,  қалай өмір сүру керектігінің өзін біз дәруіштерден ұқтық. Оған дейін Құдай-мұдай дегенді мүлде ұмытып, ел қатарлы өмір сүріп жатыр едік; Жаратушы Жаббар Хақ сол үшін қаһарын тігіп, қатты жазалағаны сонша, бәрімізді де өлім халіне душар етті. Өткен жазда бәріміз де төсек тартып жатып қалдық; ол аздай, жаппай ашпыз, әрі аурумыз. Енді болмағанда өлетін едік; Құдай өзі жарылқап, тап мына сізге ұқсаған бір қарияны тап келтіргені! Ол су ішіп шыққалы талтүсте келіп еді, өлгелі жатқан бізді көріп, аяп, осында аялдап қалды. Ішкізді, жегізді, бәрімізді аяғымызға тұрғызды, тіпті сатылып кеткен жерімізді қайта әперіп, ат пен арба да сатып алып берді; сөйтті де, бір күні өзі жоқ болып кетті.

Үйге бір кемпір кіріп еді, әйелдің сөзін бөліп;

– Иә, өзіміз де білмей қалдық, – деді әңгімені әрі жалғап. – Ол өзі – адам ба, әлде Құдайдың жіберген періштесі ме!? Бәрімізді де жақсы көрді, бәрімізге де мейірімін төкті; сөйтті де, кім екенін айтпастан, жоқ болды да кетті; енді оған Құдайдың шапағатын тілеп дұға қылайық десек, аты-жөнін де білмей отырмыз. Кескіні әлі күнге көз алдымда: әне-міне өлгелі жатқам, бір кезде қарасам, қарапайым ғана, жалтырбас, шарға бойлы бір шал тұр; су ішіп шыққысы келіпті. Күнәһар басым, қайдан білейін: үй тонап жүргендердің бірі шығар, – деп ойлағам. Ал, оның істегені – әлгі! Өлгелі жатқан бізді көрген бойда дорбасын иығынан жұлып алып, міне, мына жерге қойды, аузын шешті.

– Жоқ, әже! – деді, осы кезде әңгімеге жас қыз араласып. – Ол дорбасын әуелі мына жерге,  – бөлменің ортасына,–  қойды, ал сәкінің үстіне сосын шығарды.

Сол-ақ екен, бұл үйдің адамдары бір-бірімен дауласып, әлгі шалдың не айтқанын;  не істеп, не қойғанын естеріне түсірісіп: отырған жері  қайсы? Қайда ұйықтады? Кімге  не деді?  –  түгел қалдырмай тәптіштеді.

Түн ішінде қожайын-еркек те атпен келген; ол да Елисей туралы, оның бұл үйде қалай тұрып қалғаны жәйлі біраз әңгіме айтты.

– Ол келмегенде  өз күнәмізге өзіміз көміліп өлетін едік қой, – деп қайырды ол. – Өмірден күдерімізді үзіп, Құдайға да, адамдарға да әбден ыза боп, күйінішпен кеткелі жатқанбыз.

Ол бізді аяғымызға нық басқызды, тек соның арқасында ғана Құдайдың бар екенін білдік және жақсы адамдардың әлі де жер басып жүргеніне бек сендік. Христос жар болсын оған! Бұрын мал секілді тірлік еткен екенбіз ғой, ал ол бізді адам қылды.

Бұлар Ефимге ішкізді, жегізді, төсегін салып берді, сонсоң өздері де жатты.

Ефим де жатыр, бірақ ұйықтаған жоқ; ойынан Елисей шығар емес; Құддыста үш рет оны елдің ең алдында тұрған жерінен көргені есінен кетпей қойды.

«Міне, ол қай жерде менің алдыма түсіп кеткен! – деп ойлады. – Менің мінажатым қабыл болды ма, жоқ па – кім білсін; ал, оның тілегін Құдай қабыл еткені анық көрініп тұр».

Ертесіне үй иелері Ефиммен қоштасып, дорбасын толтыра самса салып беріп, өздері жұмыстарына кетті; ал, Ефим сапарын жалғастырды.

 

ХІІІ

Ефимнің жолға шыққанына дәл бір жыл болған екен. Көктемде елге оралды.

Үйіне күн бата жеткен. Келсе, ұлы үйде жоқ; мәйханаға кетіпті. Сол жерден жұтыңқырап келген баласынан Ефим жай-жағдайды сұрай бастаған. Байқаса, әкесі жоқта баланың қатты қажығаны көрініп тұр. Ақшасын орынсыз көп жұмсаған, жұмысты бетімен жіберген. Әкесі жекіп, ұрса бастап еді. Бала дөрекі сөз айтып, қайырып тастады.

– Сен өзің осынша жұмысты қопарсаң, көрер едім,  –деді әкесіне. – Айдалаға  кеттің де, бар ақшаны өзіңмен бірге әкеткеніңмен қоймай, енді келіп маған ұрсасың.

Жыны келген әке, баласын сабап тастаған.

Ертесіне Ефим Тарасыч ауыл ағасына барып, баласы жәйлі сөйлеспекші болып еді; жол Елисейдің ауласы қасынан өтетін.  Есік алдында Елисейдің кемпірі тұр екен, сол амандасып:

– Саламат па, балалардың кіндік атасы!? Аман-сау барып қайттың ба, жарқыным?!  –деп жатыр.

Ефим Тарасыч кідірді.

– Құдайға шүкір,  – деді сонсоң, – барып қайттым; сенің шалыңды жоғалтып алып ем, бірақ есен-сау келіпті деп естідім ғой үйге.

Өзі де мылжыңдасқанды жақсы көретін кемпір еді, сайрады енді:–Келді отағасымыз! – деді. – Әлдеқашан келді! Успенья мейрамынан кейін көп ұзамады-ау дейім. Құдайдың аман-есен жеткізгеніне бәріміз мәз боп қалдық! Ол жоқ болса, үйдің іші қаңырап қалғандай көрінеді. Қарық қылып жатқан жұмысы да жоқ, әрине – қартайды ғой. Бірақ осы үйдің бас иесі болған соң, ортамызда отырғанына бәріміз мәзбіз. Әсіресе, баласы қандай қуанды десеңізші! «Әкем жоқ болса –  көзімнің  нұры кеткендей болам», – дейді. Ол жоқта, жарқыным, көңіліміз қоңылтақсиды да тұрады. Қайтейік, жақсы да көреміз; аяймыз да.

– Өзі қазір үйде ме, жоқ па?

– Үйде, бауырым, омартасында аралардың ұяшықтарын қырып жатқан болар. Түсімі мол деп отырған. Құдайдың араларға мұндай қуат беріп, балды үйіп тастағанын біздің шал өмірі көрмепті. «Жаратқан да кісінің ниетіне қарап береді екен ғой» деп қояды өзі. Барсаңшы, жарқыным, ол да бір қуанып қалсын!

Ауызүйден  өтіп, Ефим аула арқылы сыртта жүрген Елисейге барған. Омартаға келсе, бетіне ұстаған торы да, қолына киген қолғабы да жоқ, бір ақ қайыңның түбінде  сұр шекпенді Елисейі тұр. Әнебір кезде, Құддыста, Құдайтағаланың ұлының табыты жаныңда көргеніндегідей, екі қолын екі жаққа жайып жіберген; көзі – аспанда; басы айнадай жалтырап, дәл сол Құддыстағыдай төбеден төнген күн сәулесі ақ қайыңның жапырақтары арасынан оның жалтыр басында құбыла ойнақ салады. Ал, құжынаған алтынсары аралар өздігінен өрілген сары алтын тәж секілденіп, оның басын қоршай ұшып жүр, бірақ ешқайсысы оны шақпайды. Мұны көрген Ефим қалт тұрып қалған.

Осы кезде:

– Әй, тамырың келді ғой! – деп Елисейдің кемпірінің шалына айқайлаған даусы естілді.

Жалт қараған Елисей серігін көріп, қуанғаннан тамырына қарай асыға қадам басқан; жол-жөнекей сақалының арасына кіріп кеткен бір-жар араны саусағының ұшымен абайлап қана шығарып жіберіп келе жатты.

– А-а-ал, амансың ба, тамыр!? Міне, нағыз азамат деген!... Иә, сәтімен барып қайттың ба?!

– Аяғым барды ғой әйтеуір; саған арнап Иордан өзенінің суын да әкелдім. Келіп, өзің алып кет; ал, шаршап-шалдығып барған еңбегімізге Құдайтағала ниетімізді қабыл етті ме, жоқ па – кім білсін!

– Жә, шүкірлік ет, Жаратқан Ие жар болсын!

Ефим сабыр сақтап сәл бөгелген.

– Иә, аяқтай бардым-ау, – деді сосын әлгі сөзін тағы қайталап. – Бірақ ниет қылып барған – осы менің өзім бе, әлде басқа біреу ме, осы жері...

– Құдай біледі-дағы, тамыр! Құдай біледі ғой оны.

– Қайтарда әлгі сен аялдап қалған үйге мен де бас сұққам...

Іші қылп ете қалған Елисей, мына сөзді естігенде қалбалақтады да қалды:

– Құдай ісі ғой ол дағы, тамыр! Құдай ісі ғой...–  дей берді абдырап. – Ал, енді неғып тұрмыз!? Ішке кірмейсің бе? Кірсейші үйге, бал әкелейін.

Әңгімені басқа арнаға бұрып жіберген Елисей, енді үй-жайының көр-жерін сөз етіп, қайдағы жоқты термелей жөнелген.

Ефим қинала күрсінді; сонсоң әлгі үйдегі адамдар туралы да, өзінің мұны Құддыста қалайша үш рет көргені жәйлі де, Елисейге енді ештеңе айтқысы келмей қалды. Өйткені, бұ тірліктен ақиретке аттанып кеткенше, әркім өз мойнындағы адамшылық қарызын төңірегіндегі жұртқа деген жанашырлығымен, һәм жақсы істер жасау арқылы ғана өтеуі керектігі – Құдайтағала әр құлының жеке өзіне жүктеген міндет екенін, ол енді ғана пайымдаған еді.

Тәржімалаған Қажығали Мұханбетқалиұлы

А. Оралқызы