Байқауымызға қатысуға ниет білдіріп жатқан қатысушыларымыздың қатары күн сайын толығып жатыр. Алғашқы үміткерлердің шығармаларын кеше жариялаған болатынбыз. Қатысушыларға тағы бір айтып ескертетін жайт, байқаудың аты «Күз туралы күзсіз сөйлемдер» екендігі.
Өз эссеңіз үздіктердің қатарында болсын десеңіз қатысыңыздар! Байқау 26 қазанға дейін жалғасады.
Біз әзірге тағы бір қатысушы авторлардың эссесін жариялауды жөн көрдік.
***
Жаздың аптап үш айы үш күндей өте шықты. Жаз мезгілінің шырайлы да шуақты күндеріне мастанып, бойларын жылылық билеген жандар келіп жеткен ызғарға үйренісе алар емес. Оқушыларға да демалыс аяқталып, жемпірлерін үстіне іліп алып мектепке қарай ағылды. Жаз мезгілі де кеткісі келмей ара-тұра күн нұрын, шуағын шашып қояды. Енді менің кезегім дегендей ызғар да, өзінің желімен желпіп қояр емес. Көшеден құбылған ауа-райын түсінбей, біреуі жеңіл, біреуі қалың киінген жандарды кездестіресіз.
Енді кеш құрым масаның ызыңын, ертемен терезені ашып әдемі құстардың сайраған үнін естімейтін болдық. Әр кеште аулаға шыққанда қиқулап ұшқан аққу-қаздардың жылы жаққа топтап ұшып бара жатқанын көргенде өзіңді жылуы жоқ қаңырап қалған үйде немесе суық айдалада жалғыз қалғандай сезінесің. Іштей кетпеңдер десең де, бұл заңдылық. Тек қарқылдаған қарғалардың үні ғана қалады. Көк шөпке әбден тойған төрт-түлік мал да қораға қамалып, өздері үшін жиналған шөпті азық етеді. Әрбір үйдің төбесінен жаз бойы көрінбеген будақтаған пештің түтіні көрінеді. Шауып ойнап жүрген кішкене күшік ақтөс те көңілсіз. Сірә, қатты жаурап,тоңатынын сезетіндей. Көлеңке мен салқын жер іздеп шарқ ұрғанда, қошеметпен қарсы алып салқын сусынын, ыстық шайын ұсынатын жазғы шайхана да жұмысын тоқтатыпты.
Жаздың аптап ыстығында піскен тәтті жемісті енді жей алмайтынымыз рас. Жылылықты сезіне алмай,айналадан көңілді адамдарды да көп кездестіре алматынымыз рас. Дегенмен тәніміз жаурағанмен, жанымыз жаурамасын. Көңілсіз мезгіл болса да, көңіліміз тоқ болсын!
Айдана Ақсисенова
***
Тұла бойымды суық ызғар қарыса да, саябақты аралап келемін. Әр қадам басқан сайын гуілдеген жел менімен жарысып, мені жұбатпақ сыңай танытады. Киімінен айырылған теректер де менің жанымды түсініп бас изегендей. Олар да жылуынан айрылып, бәрінен көңілі қалыпты. Айналама зер салсам, суық желдің өтінен бүріскен гүлге көзім түсті. Жаз айларында айналасына көрік беріп, алуан түске еніп саябақтың шырайын келтірген гүл жүрегінде үрейі бардай дірілдейді. Нәркес көзден мөлдіреген жас көргендей болдым. Елеусіз қалған жаздың сәні бақытымды ұрлады деп қара суыққа өкпелі екен. Екеуміздің де жүрек сыздатқан мұңымыз бір. Үнсіз сырластық. Мұңайма гүл, қайтадан көктем шығар...
Арухан Сабыр