Массагет порталы ұйымдастырып жатқан "Күз туралы күзсіз сөйлемдер" байқауы жалғасуда. Поштамызға келген хаттар легі толастар емес. Осыған дейін бірнеше қатысушыларымыздың эссесін жариялаған болатынбыз. Бүгін де сол дәстүріміз бойынша кезекті үміткер авторлардың шығармасын ұсынамыз.
***
Кеше ғана соңғы қармен жанталасып, тырмысып шыққан жасыл шөптер қурап даланы өзіндік бір сәнге бөлегендей. Қураған шөптердің иісі танауды жарып рахат сыйламаса да, өзіндік ләззат сыйлайды. Табиғат ана көктемде құлпырып, жазда жайқалған өткен шағына риза кейіпте сияқты. Бірақ бұл қуарған табиғаттың айтары көптей. Бақыт пен қасірет, күрес пен өлім әттең тіл күрмеулі, әйтпесе осынау адам айтқысыз жай күйін суреттер болса бұл мезгілді жан баласы осылардай суреттеп бере алмас. Өңі кеткен шөптер жарқырап шыққан нұры жоқ күн сәулесінен күдер үзгендей тырмысып бой түземейді. Ағаштар да келер көктемді көруге сенімі мол болғанымен табиғаттың қатал заңына қапалы кейіпте баяу соққан суық желмен жалаңаш күйде тербеледі. Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді демекші жақында жауатын аппақ қар табиғаттың біріне кебін, енді біріне кебенек болары хақ. Бәлки үрей мен үміт деген осы болар...
Ибраһим Сегізбаев
***
Аспан, ғашығы алыс сапарларға кеткен жас сұлудай, жабырқау. Қайтсін енді, оның ғашығы – құстар жылы жақтарға кеткен жоқ па?! Аққайыңның сәнді жасыл көйлегінің түсі оңып, өрім-өрімі шығып, күн өткен сайын тозып барады. Бұлай жалғаса берсе, мүлде тыр жалаңаш қалатын сияқты. Ағаш атаулыдан тек тікеннен сауыт киген шыршалар ғана бәз баяғы қалпында міз бақпай тұр. Күн-сұлудың сүйгені Жерге деген көңілі салқын тартқан ба, қалай?! Бұрынғыдай алып-ұшқан іңкәрлік, ыстық леп байқалмайды. Бұл мезгілде айналаның бәрі құлазып, суық тартып, көңілсіз бір күйге түседі. Ал менің жан сарайым мен жүрек әлемім шаттық пен қуанышқа, ән мен жырға толы. Өйткені, осы жыл мезгілінде мен Оны кездестірдім!
Алпамыс Файзолла