- Негізгі бет
- Проза
- "Күз туралы күзсіз...
"Күз туралы күзсіз сөйлемдер" байқауы. Қатысушылар шығармасы
Массагет порталы ұйымдастырып жатқан "Күз туралы күзсіз сөйлемдер" байқауы одан ары жалғасып жатыр. Күн санап қатысушы авторларымыз көбеюде. Үміткерлердің шығармаларынан жақсы ізденістерді байқай алдық.
Бүгін ендігі бір қатысушыларымыздың эссесін оқып көріңіздер!
***
Төбеңнен төніп тұрған қорғасын бұлт, көз жасын көлдетіп тұрып ұзақ сілбілейтін жауын, бой жаздырмас ызғарлы суық әзірше білінбей тұр. Әйткенмен, ол келгелі иірілген жібі аз ғана қалған білтелі шамдай, шаршап-шалдығып, мазасыздануды шығардым. Айналама қараймын да, келмеске кеткен жандарды өздігімнен сағынып, аңсаймын.. Тіптен қайыңдардың өзі махаббатының қимай-қимай үзіліп түсіп, жерді еріксіз құшқанын, қайдағы бір әпенділердің аяғының астында тапталып жатқанын көріп, реңі қашып, солудың сәл-ақ алдында тұр. Қанша солғын тартып тұрса да, бояуы қанған табиғат, қыс түспей тұрып дәуренін құрып қалғысы келгендей құлпырып тұр! Ал, мен әжемнің үйіне барып, кешірек пісетін жеміс-жидектердің сөлін ағызып, шиыра сырғытып күпті болып отырмын. Әжем байқұс жыл сайын осы мезгілде қозатын ауруларымен алысып әлек. Ауру бойын деңдеп алды ма, әлде қара суықтың ызғары өтіп кетті ме, баяғы жұқалтаң көйлекшелердің орнына жылы киімдерін киіп алып, ап-ақылды болып отыр. Ал, атам әлденеге дайындалып жүргендей отын-суын қамдап, қора-қопсысының ашық-тесігін бүтіндеп, жаз бойы мал-жанға жинаған шөбіне жауын тимеудің қамын жасауда. Неге екенін қайдам, бәз баяғы шыңылтыр күннің бетін ауық-ауық бұлт сүреңі басып алып жүр. Бұл бұлттың өзімшілдігі ме, әлде...
Ақгүл Айдарбекова
***
Егістік алқабының кем-кетігі мол,ойық-шұқыры араласқан бұралаң жолы. Жол бойында ат шегілген көк арбаның сықыры мен дүбірі, көк бурылдың аракідік кісінеуі егістіктегі тыныштық атаулыға нұқсан келтіріп тұрғандай. Алыстан манаурай көрінген Алатаудың қары жаздағыдай емес, сəл етектей түскен. Соның ызғары ма, əйтеу тоңа түстім. Бесінге таяу жылт етіп көрінген күннің көзі бұл шақта бұлттардың ығына жығылғандай көзден ғайып болған. Аспанды торлай ұшқан қарғалар əлдебір суықты меңзеп тұрғандай..Жаз мезгіліндегі еш боямасыз көк аспанға бұл мезгілде будақ-будақ бұлттардың қойша жамырып салтанат құруы жиілей түскен...Қарашаның қайырымсыз желімен тербетіліп тұрған терек-талдардың сыбдыры бұл мезгілді өздігінше айшықтап, ерекше келбетке бөлеп тұр. Мана егістікке бет алған шағымда шешемнің "бұрынғыдай жаз емес, қалыңырақ киін!" - деген сөзін елемей шыққаныма бір сəт өкіне түстім. Желікпе желден тоңуым, көк бурылға қамшы салуыма себепкер болды. Қазіргі арманым келе жатқан жауыннан айламды асырып, жылы үйге тезірек жету.
Жандос Әуесханов
Ж. Жұмағұлов