Күз мезгілі жазушылар қауымы үшін өте керемет мезгіл. Шығармашыл тұлғалардың жан дүниесіндегі терең сырларды күз ғана ашатындай құдды. Бір авторлар күзді ерекше сүйетінін жазса, енді бірі күзге деген өкпесін жеткізіпті. Поштамызға келіп түскен тағы бір шығармаларды оқып көріңіздер!
***
...Анам да көңіліңді қалдырмайын дегендей, сен келместен бұрын маған жарық дүние сыйлапты... Әйтпесе, жасыма жас қосылғанын да көре алмайтын шығарсың, сен, қу шері?! Себебі, айналаны бар көркінен айырып, көңілсіз әрі ұсқынсыз етуге құмарсың ғой. Әркез ақырғаныңнан аспан тесіліп, шелектеп жаңбыр құяды да тұрады, ақсиған азу тіс–тұманыңмен бас салып, сәтсіздіктер жалғаған тұңғиыққа әкетесің... Айтшы осы, жылына бір-ақ рет келген күннің өзінде арқама өмірлік кесірі бар азапты арта салатының не? Анау қаһары қатты болса да, жүрегі жұмсақ бауырыңа, сенен бұрын келіп, жайдары көңіл мен өмірдің ең сәттілігін сыйлаған достарыңа алғыстан басқа айтарым жоқ. Ал сен табиғатыңнан неткен қатыгез ең? Анда-санда, тым құрыса, араға жыл салып, күн көзіне шағылысқан тарғыл тоныңдай құбылып келсеңші?!
...Әй, сұм шері-ау, мені әкемнен тірідей айырып, туған жерімнен бездірген өзің болсаң да, саған тек жылата тұрып, менімен қосылып жылайтының үшін ғана ризамын! Құтырынған мінез желіңнің ішкі дүниеммен үндесіп, дуэт құратыны үшін, мынау тар қаланың асфальтін табиғатпен болған алай-дүлей айқасыңнан соң қалатын лай, батпақпен айғыздап, жырақтағы ауылымды есіме салып, кең даламның сүрлеуін сағынтатының үшін ғана рахмет!
Ақтоты Борисқызы
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 4-курс студенті
Жадау көңілді жұбатқан
Ағаштар жалаңаштанып, көңілсіз мезгіл орнаған бойда, бүтіндей бір ауыл да жаздағы жақсы әрінен айырылады. Қалың киіммен бүрсең қағып жүрген шал-кемпірлер, табыннан сиырын тосып алып тұрған қалтыраған балалар. Жиі жауатын жаңбырмен жердегі езіліп жатқан батпақта әр адамның аяғының ізі анық көрінеді. Кеш бата көшеден де біреуді кездестіру екіталай. Мал-жанды жайғаған жұрт, үйге ерте кіріп тонған бойларын жылытқанша асық. Ал, үйдің ішіне көңілсіздік келмеген. Гүрілдеп жанып жатқан от, сықылықтап күліп жатқан бала, бұрқыраған еттің иісі. Қаладан үйді сағынып жеткенде сенің жадау көңліңді бірінші боп көтеретін осылар. Әке мен ананың ыстық құшағына тоңған бойынды жылытып, анаңның саған сақтаған жылы жұмсағымен жүрек жалғау – мүлдем басқаша..! Ал, жарылған пештің жарықтарынан қып-қызыл боп жанып жатқан ыстық от бір нәрседен ұялған адамдай бетіңді қызарта түсіреді. Өз үйіңде, ыстық пештің түбінде алаңсыз, жылы көрпенің астында ұйқыға кеткенге не жетсін, шіркін..!
Нәзира Қасымбекова
Байқаудың аяқталуына өте аз уақыт қалды. Өз мүмкіндігіңізді жіберіп алмаңыз!
Байқау ережесімен танысу үшін мына сілтемені басыңыз.
Бұған дейін ұсынылған шығармалар:
Исақан Жұмабай Алдабергенұлы мен Әсел Аққалиева
Айдана Ақсисенова мен Арухан Сабыр
Ақгүл Айдарбекова мен Жандос Әуесханов
Шаймарданов Аяулым мен Даирова Гүлдана
Ибраһим Сегізбаев пен Алпамыс Файзолла
Бекзат Галимұрат пен Назым Сапарова
Алмас Жангүл мен Оман Зәбира
Ақжарқын Нұрлан мен Айзат Жолдасова
Мереке Керімхан мен Урах Азиза
Анель Алтаева мен Бекзат Нәбиев