Массагет порталы ұйымдастырып жатқан байқаудың аяқталуына небары 2 күн уақыт қалды. Соңғы күндері шығармалар көптеп келуде. Кей авторлардың шығармасына қарап тәнті болдық. Аз уақыт қалған cоң, барынша шығармаларды көбірек жариялаймыз. Кезекті эсселерге назар аудара отырайық!
Ертегілер әлемі
Оның «өртенген жүрегі», менің «аяулы мезгілім», қар ұшқынының алақанда лезде еріп кететініндей, тез келді. Осы күндері барынан айырылып, әбден жалаңаштанатын ағаш байғұс жыртылған хаттарын жаудырудан жалықпай, табан астына салып беруде. Олардың жай-күйі қызықтырар емес – әйтеуір төге береді, төге береді... Көктен себелеген шашу да менің себепсіз көз жасым сияқты: бір тоқтамайды. Бұл да тойдың шашуы. Тек қоңырқай тартқан, тым көңілсіз тойдың...
Ғажап! Аяусыз мұңның да жаныңды жадыратар күші бар екен! Өз мұңыма өзім ғашық болып алған мына менің қоңыр мезгіліммен сырласуым да – бір бақыт. Жаным жалғыздықтан жадырайды...
Ойсыздыққа қош айтып, бақытсыздықтан баз кешіп, мөлдір тамшымен көмкерілген баққа қарай үн-түнсіз аяңдай бердік:
– Қайда келдік?
– Ертегілер әлеміне...
Анель Алтаева
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
Университетінің 2-курс студенті
Өнім жинауға барғанда
Темірден түйін түйген шебер, әрі мал өсіріп, егін салатын нағашы ағамның егіні ауылдың арқа жағында екі судан өтетін жерде. Түстен кейін егіннің соңғы өнімдерін алдағы қара суыққа үсірмей жинау үшін бүгінде жіңішкерген Шарон өзенінен көпір арқылы өтіп, батысқа қарай дархан далада көлікпен жүріп келеміз. Құдды күн астындағы Күнекей сұлу күн реңкті көйлегінің етегін дархан далаға жайып жібергендей. Сұлудың мейірімді шуағына бөленіп, екінші өзен қара тұңғиықтай терең Волдының ертеректе нағашы аталарымыз өзен бойлай еккен түрлі жеміс ағаштары жанынан жүйтки отырып, қайығымыз тұрған жерге жеттік. Сұлулыққа малынған табиғат. Жаз кезі емес екенін ағаш-өсімдіктердің алтын түске боялғаны, қураған тұқымдары білдіртсе де, Күнекей сұлудың қара көк тұңғиықтай мөлдір көзіндей болып тұрған суға бір сүңгіп алғың келеді. Қайықпен арғы бетке өткен соң нағашым төбешікте ертеректе болған мешіттен қалған іргетасы жанына келіп, төңірекке шолу жасап алып, егін басына кетті. Осы жерге келген сайын атамның әңгімесі есіме түседі. Кенет қаңқылдаған қараша қаздың даусы құлағыма келді, сондай мұңлы еді. Оларды көзбен ұзатып салып, қысқа азық болар егінді жинауға кірістім.
Бекзат Нәбиев
№34 лингвистикалық
мектеп-гимназияның
10 «А» сынып оқушысы
Атырау қаласы
Байқауымыз 26 қазанда аяқталады. Санаулы күн қалды. Асығыңыздар!
Байқау ережесімен танысу үшін мына сілтемені басыңыз.
Бұған дейін ұсынылған шығармалар:
Исақан Жұмабай Алдабергенұлы мен Әсел Аққалиева
Айдана Ақсисенова мен Арухан Сабыр
Ақгүл Айдарбекова мен Жандос Әуесханов
Шаймарданов Аяулым мен Даирова Гүлдана
Ибраһим Сегізбаев пен Алпамыс Файзолла
Бекзат Галимұрат пен Назым Сапарова
Алмас Жангүл мен Оман Зәбира
Ақжарқын Нұрлан мен Айзат Жолдасова
Мереке Керімхан мен Урах Азиза