Массагет порталы ұйымдастырып жатқан "Күз туралы күзсіз сөйлемдер" байқауы жалғасуда. Бүгін назарларыңызға кезекті үміткерлердің шығармасын ұсынамыз.
Алтын уақыт
Бұл мезгіл келгенде бала жүрегіммен ерекше қуанып, шаттанатыным несі екен? Бәлкім, үш ай демалыста ауылда асыр салып, Дастан әкеммен бірге мал азығына шөп жинап, бауырларым Әлішер, Бекали бәріміз ауызымызға Ұлтай апамның ащы құртын салып алып, өзенге ерніміз көгергенше шомылып, күнге тоттыққан жүзіміз бірақ сәтте, біз мектепке барарда өзгертіні үшін де қымбат секілді. Қолымызға гүл ұстап, сөмкемізді асынып, алтын ұя мектебізге асыққан кезде, аспанда жылы жаққа тыраулап үшқан тырналар, қаңқылдаған қаз-үйректердің тізбегін көзімізбен ұзатып салып, «Қош, болыңдар, құстар! Көктемде әлі кездесерміз. Сендер келгенше біз де есейіп, сендерге әдемі ұя жасап қоярмыз» деп айғай салғым келеді. Аспанды торлаған сүреңсіз сұр бұлттар көктемде дүние салған Ғалимұрат атамды еріксіз еске түсіріп, көзімнен жас ыршып түсті. Бұл уақыт талдың бар көркін сыпырып алған суық жел секілді, жанымдай жақсы көретін жанның кемел жасын еске түсіреді екен. Жаздың ыстығынан ерні кеберісіген қара топыраққа тырс-тырс тамған тамшылар менің атамның қабіріне де сіңіп, сұп-суық нұрға бөлеп, денесін тоңазытып жатыр ма екен? Міне, оңтүстікке ұшқан шымшықтардың үнін естілмейтінім секілді, атамның да үнін ести алмаймын, тек көз алдыма ертегі айтатын қарияның күлімсіреген жайдары жүзі келеді. Қош бол, қымбатты атам! Көктем келгенде сенің қайтадан жанымда болмайтынын ойласам да, ауысып келетін жылдың төрт мезгілі секілді, мен тұрғанда сенің есімін мәңгі ұмытылмайды. Аса қадірлі атам, сен морт сынған, жапырағың топыраққа айналған алып бәйтерексің, ал мен көктемде бүршік атып, көктейтін жас шыбық екенімді еш ұмытпа!
Бекзат Галимұрат
***
Алла Жаратқан төрт мезгілдің ішінде жаныма жақын, жүрегіме сая табатын бұл мезгілді мен ерекше сүйемін. Себебі, бұл аусым тәтті қиялдарға, ерекше ыстық естеліктерге толы. Есімде, бұл уақытта ағаштар көркінен айрылып, жер дүние түрлі-түсті бояуға боялған кез. Қыздың көз жасындай әлсін-әлсін жауатын жаңбырлы күні қала саябағының бірінде серуендеп жүрдім. Жаңбыр тамшылары жанарымдағы жасымды жуып отырды. Қара бұлт арасынан шыққан күн шұғыласындай алдымда бір адам шығып, қолындағы табиғи гербарий шоғырын маған сыйлаған бейтаныс жігіттің әрекетінен таңырқаған мен, қалшиып тұра қалдым. Мен дәл сол адамның дидарынан бір жылулықты сездім. Қара суыққа әбден тоңған, жылай-жылай көзі домбығып кеткен, жаңбырға малмаңдай су болған бойымды жүрек шуағы жылытты. Бірақ, кейіннен мен сол адамды, сол саябақтан әлі кездестірмедім. Мүмкін табиғи гербарий шоғырын жинайтын кезде тағы бір кездесеміз, алыстан қол сермеп жүздесеміз....
Сапарова Назым,
«М.Ғабдуллин атындағы жалпы білім беретін орта мектеп» КММ-нің
11 сынып оқушысы
Ақмола облысы
Зеренді ауданы
Еске сала кетсек, байқау 26 қазанға дейін жалғасады. Қатысыңыз, жеңімпаз атаныңыз!
Байқау ережесімен тағы да танысу үшін мына сілтемені басыңыз.
Бұған дейін ұсынылған шығармалар:
Исақан Жұмабай Алдабергенұлы мен Әсел Аққалиева
Айдана Ақсисенова мен Арухан Сабыр
Ақгүл Айдарбекова мен Жандос Әуесханов
Шаймарданова Аяулым мен Даирова Гүлдана
Ибраһим Сегізбаев пен Алпамыс Файзолла