- Негізгі бет
- Проза
- "Күз туралы күзсіз...
"Күз туралы күзсіз сөйлемдер" байқауы. Алғашқы үміткерлер
Массагет порталы «Күз туралы күзсіз сөйлемдер» атты эсселер байқауын жариялаған болатын. Байқау хабарланғаннан бері поштамызға түрлі хаттар келіп түсуде. Алайда кейбір қатысушылар ережені толық түсінбеген секілді.
Негізгі ескеретін жайт, байқаудың аты «Күз туралы күзсіз сөйлемдер» екендігі. Яғни, басты ерекшелік: күз мезгіліне қатысты нақты балама іспетті «күз», «жапырақ», «сары» сөздерін қолданбай, ықшамды, мазмұнды, жинақы түрде жазғаныңыз жөн; Күздің әсем бейнесін ерекше теңеулермен, тың тіркестермен, айшықты тілмен әсерлі суреттеуіңіз қажет.
Байқау әлі де жалғасады. Қатысыңыз, жеңімпаз атаныңыз!
Байқау ережесімен тағы да танысу үшін мына сілтемені басыңыз.
Әзірге сіздің назарыңызға байқауға келіп түскен екі қатысушының шығармасын ұсынамыз. Оқып, бағасын беріңіз!
***
Ауыл ішінде жұмыр басты пенделер жылы киінсе де, тұла бойларын қалшылдатқан қара суық. Осыдан бір ай бұрын шілденің аптап ыстығы денемізді күйдіріп, көшеде жүргенде көлеңке іздеп, тершіген маңдаймызды сүртумен болып едік. Енді міне, Алланың құдіретін қарашы. Шамамен, бір жарым айдың көлемінде қамданып алмасақ, қыраулы аязы әбігерге салатын қаһарлы қыста келеді. Сыртқа шыққан есі бар адамдар киініп әлек, ал ағаштар мен есірген қыздар жалаңаштанудан жарысуда. Маңайдағы малы бар көршілер шөп түсіріп, отын-судың қамына кіріскен. Мен болсам жұмыстан үйге қарай асығып келем, не бары он бес минутта жететін жолымды, он бес сағат жүргендей болдым. Даладан дірілдеген бойы үйге кіріп, әйелімнен осы айдың басында берген қомақты қаражатымның жартысын қалтаға салып, қалғанын бала-шағаның қамы үшін қайтарып бердім. Қалың киініп далаға шықтым, жылы киінбесем мына мезгілдегі суықтан ауырып, мұрттай ұшармын. Бүгін көмір түсіріп болғанша жаңбыр жауып кетпесе жарар еді.
Исақан Жұмабай Алдабергенұлы
***
Қыркүйек айының он төртінші жұлдызы. Салқан кешке қарай есік қоңырауы қағылды. Ашқаным сол еді, бетіме тәтті торт кеп жабыса кетті. Достарыммен бірге туған күн әнін шырқап, тыныштық орнаған көше бойын араладық. Аспандағы қиқулаған қаздардың ұшқанына тамсана қарап, тамашаладық. Бір кезде дуылдаған қатты желдің әсерінен достарымызбен үйімізге тарадық. Күн сондай салқын, құстар да топ-топ болып бірінен соң бірі жылы-жаққа қайтып барады. Терезеден түскен ай сәулесінен оянып кеттім. Бәрі де түсім екен.. Қарасам, тұла бойым дірілдеп тонып жатыр. Жылы көрпемнің астына тығыла кетейінші...
Әсел Аққалиева
Н. Айдархан