Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Құнанбаева Аймерекенің шығармасын ұсынамыз.
Құнанбаева Аймереке Әбдімәжитқызы – 1996 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2016 жылы М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжін "Информатика" мамандығы бойынша тамамдаған. "Болашақ" университетінің түлегі.
***
Отан - өткенімізді танып, бағалай білу, ең әуелі, өзімізді қадірлей білу.
(Ахмет Байтұрсынұлы)
Алтай мен Атыраудың арасында ұзыннан-ұзақ созылған ұшқан құстың қанаты мен жүгірген аңның аяғы талатын ұлан-байтақ ұлы даланы мекен еткен, азатшыл, өр рухты "көк бөріге" теңелген түркі халқының бір ұрпағы болған, алғаш тұлпар баптап желмен жарысып, құс төресі бүркіт пен сұңқарды самғатқан, байырдан дін ислам-діңгегім деп, салт-дәстүрін дәріптеген, жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпаған, қартын қазынаға теңеп қастерлеген қазақ деген халықтың ұрпағымыз. Найзаның ұшымен, білектің күшімен ел-жерін қорғаған, бір ауыз сөзбен қара қылды қақ жарып, ұрпақ еркіндігі үшін жан беріспей, өлімнен ұят күшті деп өткен ата-бабаларымыздың үмітін ақтар жалғасымыз.
"Әуелі тәңірі жерге береді,
Жерге берсе елге береді", – деп, тәңірі жерге де, елге де берерін аямаған ұланғайыр, өз алдына тәуелсіз мемлекетпіз. Жер картасын алып қарасаңыз Еуразия құрлығында керегесін кеңге жайып, әлем мемлекеттері арасында тоғызыншы орынға жайғасқан. Мұнай мен көмірін, алтын мен темірін қойнына сақтап, көгі мен жерінде жан-құсын сайратып, табиғатымен талайды тамсандырған елміз. Толарсақтан саз кешіп, ат ауыздықпен су ішкен, қолына найза алып, ерлеулі атқа қонған батыр да қайсар, "көктен тәңірі баспаса, жер айырылып жатпаса, кім қорлар қалың түркі елін?!" – деп Күлтегін батыр айтқандай, өр рухымен талайдың мысын басқан ержүрек ұлтпыз. Тарих қойнауына үңілсеңіз бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен ел тұтастығы үшін күрескен ұлы тұлғаларымыздың өшпес ізі жатыр.
Тарихымыздың әрбір кезеңі ұлт тағдырын өз тағдырынан биік қойып, ел ертеңі үшін күрескен батырларымыздың арқасында қаланды. Тарихи кеңістікте "қазақ" болып қалыптасу жолында ұлттық, рухани көшімізді бастап, тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған зиялыларымыздың есімдері ұрпақ жүрегінде алтын әріптермен жазылары сөзсіз.
Ең алғаш "қазақ" атауымен хандық құрған Керей мен Жәнібек сұлтандарымыздан бастап, тәуелсіз, зайырлы "Қазақстан" мемлекеті болып қалыптасу жолында қаншама тарихи-саяси оқиғалар мен тұлғаларымыз тұр. Ел тұтастығына өлшеусіз үлес қосып, халқымызды бір шаңыраққа жинап, бір арнаға тоғыстырған ұлы ханымыз Абылай мен қол астында жұдырықтай жұмылған Қаракерей Қабанбай, Қанжығали Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сынды батырларымыздың еңбектері ерен. Ал, Отанымыз бодандық қамытына оранған тұста, азат ойға ұмтылып, асыл идея төңірегінде "Алаш" ұранымен ел арасынан суырылып шыққан ұлт жанашырларының өмір жолдары талайға мәлім.
"Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға Алаш деген атты аламын.
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?" – деп, Алаштың белді қайраткерінің бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров өлеңімен патриоттық сезімін көрсетіп қана қоймай, ұлтқа үндеу тастады. Қазақтың еркіндігін мұрат етіп, әлемдік өркениет айқасында жойылып кетпей, жері мен тілінен, рухы мен тарихынан айырылмай, тәуелсіз мемлекет санатына енуі әсте Алаш зиялыларының арқасында болды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамбетов, Мұхаметжан Тынышбаев, Жүсіпбек Аймауытұлы, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев сынды зиялыларымыз отан үшін ғана емес, ұлттық тәрбие, білімді ұрпақ үшін күресті.
"Алаштық" арыстарымыздың бастаған толқыны ұлттық қанаудан соң да толастамады. Әр ұлттың өз жері, шежіресі, тарихы болатыны секілді "Әр ұлтқа өз көсемі" деп ұран еткен қазақ жастарының серпілісінен кейін ғана тәуелсіз мемлекетке айналдық.
Ата-бабамыздың "жерімізді ұрпақ үшін сақтаймыз!" – деп ұран еткеніндей, ғасырлық күрестің арқасында мирас етілген жер мен ел тұтастығын сақтау ендігі кезекте ұрпаққа аманат. Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп, ұлы ойшыл Абай ақынымыздай "қалың елім, қазағым, қайран жұртым" деп жырлар заман қайта тумаса екен. Ол үшін елге не қажет? Бірінші кезекте тіліміз бен дінімізге, салтымыз бен рухани құндылықтарымызға деген сый-құрметімізді арттыру, әлмисақтан ұлттық тәрбиемізді насихаттау, отанға деген патриоттық сезімімізді нығайту, рухымызды қуаттау. Қазақы ерлік пен батыр болмысының айқын иесі Бауыржан Момышұлы: "Меніңше, ұлттық намыс болмаса, ұлт батырлары да болмайды. Сонымен қатар ол, ең алдымен, елінің патриоты атанбаса, батыры да емес", – деп тұжырым жасаған еді. Осы тұста Ресейдің ұлы реформатор патшайымы Екатерина ІІ-нің: "Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алады", – деген сөзі ойға оралады.
Шынында, әрбір қазақ өзінің "қазақ" екенін ұмытпай, ұлт пен ұрпақ сабақтастығын сақтап, ел, жер игілігі үшін аянбай еңбек етуі қажет. Осынау ғасырларға жалғасқан ұлы дүбір, дүрбелеңнен кейін ғана ұрпақ үшін жарқын болашақтың таңы атып, еркіндік пен теңдік есігі айқара ашылды. Ендігі кезекте тар жол, тайғақ кешіп, көгімізде тәуелсіздік туын желбіреткен батырларымыздың ерен еңбектерін жастар қадір тұтып, қастерлей бермек. "Алтын анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ" дер жастар тұрғанда Отанға келер қауіп жоқ екені тайға таңба басқандай–ақ. Ата–бабаларымыздың ұлт болып қалыптасу жолындағы саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, ол Отан іргесін нығайту, сол арқылы елдігімізді "Мәңгілік Ел" дәрежесіне көтеру болса, Мәңгілік Ел қазақ жастары үшін – Мәңгілік Қазақ Елі ғана!
Тек қазақ деп айтылады ұранымыз,
Батырлар сарқытымыз сыналған жүз.
Атар таң жарқын күннің жаршысындай,
Отан үшін қанат қаққан қыранымыз!