- Негізгі бет
- Проза
- Күн сәулесіне шағылысқан...
Күн сәулесіне шағылысқан оксюморон-III
Танылу мен табыну
Абайдың «Күлімбайға» («Болыс болдым мінекей») деген өлеңін қайта оқығанда, шыны керек, қайран қалады екенсің. Оның со кездері салған рухани картинасы әлі өзгере қоймағанына көзіңіз жетеді:
«Оңашада оязға
Мақтамаймын елімді.
Өз еліме айтамын:
«Бергенім жоқ, – деп, – белімді».
Мақтанамын кісімсіп,
Оязға сөзім сенімді».
Басшылық пен саясаттың сан баспалдағын басып, өрлеген сайын, әу бастағы, Құдайдан берілген тазалық кірлеп, өзекке құрт түсетіні несі екен, осы?! Бұның түпкі мәнін адам сезімінің тұрақсыздығынан іздеген дұрыс шығар. Халықтың жаңадан тағайындалған кісіге: «Бұ сабазым не бітірер екен?» – деген сенім мен секем арасындағы түсініксіздеу Ойдың шығу тегін де – мінез мінінен, кісіліктегі кінәраттан. Ал, өзінің жылы орнын қиғысы келмейтіндердің жөні тіптен бөлек. Біреудің алғысын алса, келесі күні қарғысқа қалып жататын әдеті. Ауыл айтқыштары әкім-қараларға лақап ат қойып, тұрғындарды күлкіге қарық қылғанын талай көрдік. Бастықтарды жақтырмайды десең жағынып, жағдайын айтатын сәт келсе, мүмкіндігін мүлт жібермейді. Тәжірибесі бар, тісқаққан саясаткерлер зейнетке шығып, буын алмасып, қан алмасып, о қызметке жастар келгенде «оң өзгеріс болса...» екен деген дәме көңіл түкпірінде бас көтеретіні тағы бар. Алайда, үкілеген үмітіміз үдеден шықпай, бәз-баяғы қалпына түскенде, ашық аспан жүзін бұлт торлағандай күй кешесің. Бұрнағының басшылары ақсақалдар батасын алып, батырлар жыры мен «Құранға» ден қойып, дұға тілегенде: деннің саулығын, елдің амандығын, өнердің өрістеуін, бейбітшілік болып, сананың оянуын сұрағанын ел арасындағы аңызбен астасқан әңгімелерден естіп қалатынбыз. Кейін елтұтқалардың есімі «жалпыхалықтық» деген ұғыммен тұтасып, тарихта қалуының бір сыры – Жаратушыға жақындауында. Ал, «халық – Алланың бір аты!..». Қазіргі қазақ үшін ең басты дүние – мақсатымызды айқындап, «бізге не қажет» деген сауалға жауап табу. Сонда ғана алға жылжи аламыз. Ал онсыз теңізбен жекпе-жекке шыққан Хемингуэйдің Шалының халін бастан өткереміз.
Бүгіндері барлық келеңсіздікті тек кризистен ғана көретін ғадет таптық. Ал, «рухани дағдарысқа» душар боп, кітаптан ажырап, жалпыға бірдей құндылықтан алыстап, жолайрықта тұрған ұлт үшін кінәні дефолт пен девальвацияға ғана ысыра салудан оңай нәрсе жоқ. Ойшылдық мысын ойын-сауық басып, құнымыз арзандап бара жатқанын неге түсінбей жүрміз?
Мексикан кинорежиссері Иньярриту түсірген «Аман қалған» фильмінде ойнаған Леонардо Ди Каприо «Үздік ер рөлін» жеңіп алғаны Жаһанға тегіс тарап, талайдың талқысына түскен жаңалық болды. Бұған дейін 5 рет қатысып, 5-еуінде де құлаған ол, 6-шы рет бағы жанды. Бұл мысал хас талант түбі дегеніне жетпей қоймайдыға сайса, екіншіден, оның ерік-жігер, қайрат-қайсарлығының арқасы.
«Ақпарат ғасырының» ағаттығы
Черчилльдің сәуегейлікпен айтқан: «Ақпарат кімде болса, билік – сонда» деген сөзі әлі өз өзектілігін жоя қойған жоқ. Бүгінгі информация тасқыны – адамды не құбыжық, не идол етіп көрсететін күшке ие. Астыртын топтар, ықпалды ұйымдар, белгілі бір тұлғалар қолындағы «қаруды» қажет кезде қолданса, Әлемде сілкініс орын алып, конфликт туындайтыны белгілі. Әлгіндей қақтығыс тар аяда емес, Батыс пен Шығыс, ислам мен христиан, ислам мен массондар, расистер мен зәңгілер, гегемониялар мен этностар дәрежесіне шейін көтерілді. Қожанасыр әпенденің: «Ең керемет ауру – қышыма. Қышыған сайын жаның кіреді!..» – дегеніндей, көп қан төгіліп, адамдар ажал құшса, Олардың да «жаны кіретінге» ұқсайды. Кейбір телеарналар дебат ұйымдастырып, екі қонақты бір-біріне айдап салып, айтыстырып қояды. Жүргізушінің арандатушылық пиғылмен қойған сұрақтарының сұрқы тіптен жаман. Адастыру, алжастыру. Ал, басылымдары – ұрда-жық, агрессор.
Біреудің мүддесін қорғап, оны жақтау мақсатында объектісін сыни мақалалармен бас-көзден төпелейді келіп. Америка журналистері «қабаған иттен де жаман» деген сөз содан қалған-ды. Дезинформацияға бой алдырғаны сонша, «Нью-Йорк таймс» газеті сүрініп, құлап қалған кісіні орнынан көтерген бір Палестина азаматы турасында: «Енді террористер қарапайым халықты да аямайтын болған...», – деп жазған еді. Ал, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың карикатурасын салған дат суретшісін Еуропа баспасөзі «замана батыры» жасаса, мұсылман журналистері: «Азғын, күнәһар!» – деп айыптады. Ұлы боксшы Мұхаммед Әлидің жаназасына жиылған шен-шекпендінің ішінде Реджеп Тайып Эрдоған да болып: «Маған сөз бермедіңдер!» – деп жанжал шығарғаны папараццилер назарына түсіп, біразға дейін өсектің өзегіне айналғанын білеміз. Түрік баспасөзі басшысының бұл қылығын ақтап алса, орыс пен ағылшын теледидарлары оны кешірген жоқ, сынға алды. Яғни, бұдан шығатын қорытынды – ақпараттық кеңістікте кесімді сөз айтатындар аз. Басқасын айтпағанда, Джозеф Пулицер, Руперт Мердок, Сильвио Берлускони, Тед Тернер, Алишер Усманов, Опра Уинфри, Артем Боровик, Вадим Рабиновичтердің мысалынан-ақ медиа-конгламераттың қалай құрылатынын, уақыт өте келе дүлей күшке айналғанын аңғару қиын емес. Ақпарат қашанда өсіретін де, сонымен қатар өшіретін де дүние екенін түсінген жөн. Әйтпесе, балауыздан жасалған қанаты Күнге күйіп, опат болған Икардың күйін кешуіміз әбден мүмкін. Селдей ағып, тасты қопаратын тасқынды дұрыс арнаға бұра алмасақ не өзіміз «өлеміз», не біреудің обалына қаламыз. Адамның ең негізгі цензоры – ар десек, бүгінгі заманауи журналистика адами сезім, адамгершілік өлшемінің жоқтығынан зардап шегіп, зар илегендердің қатары күн санап артып келеді. «Қара құрлық» – Африкада тараған «Эбола» індетін АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдары тарқатып жазып, ашып айтқысы келмеді. Бұл да Әлемге ықпалы бар масс-медияның – «Массон ложасының» «Алтын миллиард» жоспарына қызмет ететіндігінің бір көрінісі деп бағалауға негіз бар.
Бүгіндері адамның антропо-физиологиялық, психо-неврологиялық тұрғыдан қатты әсер ететін ақпарат түрлеріне шектеу қою заң жүзінде бекітілсе де, іс жүзінде жүзеге аспай жатқаны қынжылтады. Әлеуметтік желілердегі түрлі жазбалар мен қолжетімді бейнероликтер өскелең ұрпақты этикалық һәм моральдық жағынан азғындатып, ішкі стерженьнен айырып, деградацияға ұшыратудың бір формасы. Түнгі сағат 00.00-ден асқан соң мектеп жасындағы біраз баланың ұялы телефонына: «Періні көргің келе ме? Онда үйіңдегі газдың аузын аш та, ұйықтап қал!..» – деген хабарлама келген екен. Бұл Алматыда болған жағдай. Аталмыш фактілердің тіркелуі – «ақпараттық қауіпсіздіктің» әлсіреуінің белгісі. Егер елде «ақпараттық қауіпсіздік» неғұрлым әлсіз болса, саяси-әлеуметтік, діни, психологиялық, экономикалық және әскери ахуал соғұрлым тұрақсыз келеді. Ондай республиканы Наполеонша айтқанда: «Бөліп алып, басқара беру» өте оңай. Отанның орталығы әрі темірқазығы – сенім, тұтастық және идеология. Сыртқы «ақпараттық факторлар» дәл осы бір ұстындарды құртуға бағытталады.
Капитализм заманында бір жол ақпар құнының өзі аспандап тұрған, көптеген шетел басылымының беделі туралы айтудың өзі артықтау. XXI ғасырда информократияның үстемдік еткені соншалық, белгілі бір идеяны қолдау мақсатында бәрі жұдырықтай жұмыла келе санаға шабуыл жасайды. Бокстағы автомат деңгейіне жеткен «бір-екі, бір-екі» соққысындай, бұл да Әлем үшін қалыпты дағды. «Еуро-майдан» ушыққан тұста Жер жаһан қақ жарылды. Орыс баспасөзі Путин мәртебесін үстем ету жолында аянып қалмады, ал Батыс басылымдары «Ресей билігінің арам пиғылына» қарсы шығып, қарғаумен болды. Сонда бір таңғалғанымыз, орыс журналистикасының мықтылығы дейміз бе, әйтеуір «мылтықсыз майданда» ұтылып, тізе бүккен олар жоқ, өз басшысын – «Ақ патшасын» аман алып қалып, «құзғындарға жем» қылған жоқ. Бұл – беріктік, тұтастық, ауызбіршілік пен кешенді жоспардың жеңісі. Таңертең Путиннің «адресіне» жазылған сыни мақалаға, араға сағат салып орыстар «окоптан» қарымта қайтарып жатты. «Франс пресс»: «Бұл ақпараттық ұрыс көз алдымызға «Екінші дүниежүзілік соғысты» елестетуде», – деп баға берді. РФ Президентін бір жақ «фашист» жасаса, екінші жақ «демократ» етіп көрсетті. Қалай болғанда да, «Ақпарат туралы Әлемдік конвенцияның» шартына сәйкес кез келген орынсыз тағылған айып үшін Медия-орталықтар айыппұл төлеп, кешірім сұрауға тиіс екенін ұмытпаған абзал. «Аққа Құдай жақ» дегендей, кімдікі бұрыс, кімдікі дұрыс екенін Уақыттың өзі анықтайды. Бұған «Нюрнберг процессі» дәлел...
Украина, Ауғанстан, Ирак, Пәкістан, Ливия, Ливан, Мысыр, Шешенстан, Гүржістан, Сириядағы жағдайды дәл жеткізген журналистер сирек шығар. Қаза тапқандардың санын қолдан кеміту дертке айналған. Мұсылман әлеміндегі келеңсіздікке «ИЛИМ» («ИГИЛ немесе Даиш») және «Араб көктемі» деп ат қойып, айдар таққан саясаттанушылардың өзі жанынан жағымсыз ақпар қосып, мүміндерді құбыжық етіп көрсетуге бейім. Өзгені айтпағанда, «Удар» саяси партиясының төрағасы Кличконың әр қылығы, әр сөзі немесе Надежда Савченконың қырсық, қыңыр мінезі – сойыпсал орыс басылымының назарында. Мақсұт-мұраты – Империяға қарсы келгенді тұқыртып, тұқымын тұздай құрту. Россия блогерлерінің шовинистік пиғылға толы жазбаларын оқысаң, жаның түршігеді. Андрей Зилов деген бір блогер: «Ұлы орыс ұлтын ешкім жеңе алмаған. Немісіңді де жеңдік, французың да тізе бүккен. Біз – мықтымыз! Қарсы шыққандарды қырамыз, қатарымызға қосылғандарға рақымшылық жасаймыз!» – депті.
Бір жылдары Гарвард университеті «Әлемдік конфликтіні шешуге атсалысып, мемлекет басшыларына сөзін өткізе алатын газеттердің» тізімін түзіпті. Алдыңғы қатарда кімдер тұрғанын айтпаса да белгілі шығар. Ал, мұсылман және Орта Азия журналистері ортаңғы жақтан орын теуіпті. Медиа-форум ұйымдастырып, сан түрлі сапаршылардың басын қосқыш қазекем де со маңда жүр. Көкейде: «Біз не үйрендік? Не түйдік? Қай бағытта дамудамыз? Алдымызға қойған жоспарымыз қандай? Оны қанша уақытта жүзеге асырамыз? Заман көшіне ілесе аламыз ба?» деген сұрақ туады екен.
Өзі коментаторлықтан бастап, кейін АҚШ-тың 40-шы Президентіне дейін көтерілген Рональд Рейган «телеарна – ұлт айнасы» деп баға берген қазақ «көксандығының» арғы жағында не көрсетіліп жатыр?! Тізіп шықсақ... Әзіл-қалжың, ток-шоу, бенефис-шоу, телехикаялар, жеңіл-желпі сұхбаттар мен әңгімелер, әлеуметтік, я күйкі тірлік маңындағы маңызы аздау әрі тамақ-тағамды даярлауды үйрететін бағдарламалар, өмірі бітпейтіндей көрінетін концерт, шығармашылық кештер фонында кітап, руханият, этнография, тіл, тарих, әдебиет жөніндегі аз-кем дүниелерді көріп, көңіл шіркінді алдайтынымыз бар.
Тылсым
Замана жалына жармасқысы келгендер жаңа – XXI ғасыр дайындаған жаңалықтан құр қалғанды ұят деп санаса керек. Бір күн ғаламтор ақтарма, бір күн теледидар көрме, бір күн қала аралама, бір күн ешкіммен тілдеспесең, Әлемдік өркениеттен қалып қойғандай сезімде жүресің. Жұрттан жырақта өмір сүретін диуанаң бекер қалсын. Құмсағатқа тәу ететін Тәулік есінде шапақтың атқаны мен күннің батқаны қалса, тіптен жақсы. Мойнына қамкөңіл тірліктің қамытын мықтап артқан ағайын үшін басты нәрсе – бас амандығы. Адамды физикалық һәм рухани әлсіретуге бейім қаланың қарбалас тіршілігі басылса, қалғаны сәтімен бола жатар. Әзірге ұлттық ұстаным – осындай. Ақпарат тасқынына төтеп бере алмай жүргеніміз жанды ауыртады. Ал, саралап, әр нәрсеге биік Талғам тұрғысынан қарауға шама жетіңкіремейтіні өкінішті-ақ! Осы жөнінде аз-кем толғанған ек.
– Оу, гений! Қалайсың?
– Шүкір, жақсы.
– Кеше «постыңды» оқыдым. Керемет екен!
– Тағы мақташы... Мақтай түс.
– Мақтайын десем сөз жоқ, сол. Сенесің бе?!
– Сенбей қайтейін.
– Бұнымен тоқтама. Енді осы деңгейден түспе.
– «Лайк» бас!
– Жақсы...
– Кеше не туралы жазып едің?
– Не туралы жазып едім, расында. А! Қояндардың көбеюі туралы...
– Иә, иә, сондай бір нәрсе. Күшті.
– Рас па?
– Рас. Тіл-көз тасқа, тпә-тпә!
– Қорқып жүрмін.
– Неге?
– Көре алмайтындар көп қой.
– Тұмар тағып ал. Арамыздағы жалғыз вундеркинд сенсің, абай болшы!
– Жақсы.
Жобамен осындай, енді. Әлеуметтік желідегі жазбаға көзім түсуі мұң екен, көз алдыма аждаһаның аңқау қозыны жұтқан көрінісі келгені бар емес пе. Ары қарай оқудың ешбір мәні қалмады. Қос мықтының бірін-бірі жер-көкке сыйдырмай, жөнді-жөнсіз мақтап жатқаны адамға біртүрлі әсер етеді екен. Сан сауал Сана атты «бақылау пунктінде» кезекке тұрып, жауап қана күтетіндей. «Айта салдымның» маңайындағы жалтарма жауаптың иесі Жаратушы алдында қаншалықты күнәға бататынын пақырыңыз дөп айта алмас, алайда жауапсыздығы мен өрмекшінің торындай әдемі өрілген өтірігі үшін сол жақ иықта отырған Періште-екеңіз қара сиямен ақ қағазды аямай шимайлайтыны анық. Қоғамдағы адам шошырлық құбыжық-құбылыстарды санауға уақыт жоқ. Біріншісі шықса екіншісі, екіншісі дайын тұрса үшіншісі, ал үшіншісі «дүние есігін ашса», ары қарай кете береді, кете береді. Бір нәрсе анық емес – ұлт қашан ес жияды?.. Бәзбір білгіштерім: «Бәленің бәрі жаңа технологиялардың келуімен байланысты. Сол себепті, ешкімнің оқуға құлқы жоқ», – деп ой түйген еді. Дұрыс делік! Бірақ, Элвин Тоффлер айтқан «футурошок» зардабы тек жаңа заман жаңалығымен ғана шектелмейтінін, оның басты мәні – адам еркінде, адами қалпында, индивидтің өзін-өзі жоғалтпауында жатқанын ерекше ескергеніміз жөн-ақ. Уағында: «Кино келді, енді театрдың күні қараң!..» – деген талайлаған көріпкелдің аты-жөнін жады қанша жерден ғаламат болса да, мәрт Тарихыңыз ұмытып қалды. Сондықтан деймін да, әу баста, өткен ғасырдың орта шенінде басталған талғам төңірегіндегі талас-тартыс, көркем-эстетика үшін күрес бүгіндері арзан-құрзан, жеңіл-желпі, ұсақ-түйекке ауып, дерт үстіне дерт, кесел үстіне кесел қосылып, қойыртпақтың нақ өзі болды. Елдің көңіл күйі қандай екенін білгіңіз келсе, соңғы жарты жылдықта оқылған кітаптарға мән беріңіз. Тематикасы – романтика, лирика, поэзия, ән, күй, мотивация, психология. Бас-аяғы – осы, шоп-шолақ. Ал, оқушыға ой салатын, таным-түсінігін молайтып, көркемдік көкжиегін кеңейтетін дүниелерге құлықсызбыз ба, әлде тісіміз батыңқырамай ма, бұ жағы бұлыңғырлау. «Өтпелі кезеңде өмір сүрме...» деген қытайдың қарғысы кімге қарата айтылса да, астарында ащы шындық жасырынғаны көңілге үрей ұялататыны несі екен-ей?! Бір қызық жайт.
Т. Раушанұлы