Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Бүгіннен бастап поштамызға келіп түскен байқау қатысушыларының шығармаларын жариялап отыратын боламыз.
Қуат Ежембек 1990 жылы ШҚО, Үшкөмей ауылында дүниеге келген. 2008-2011 жылы Семей қаласының М. Төлебаев атындағы музыкалық колледжінің "Бұқаралық театрландырылған қойылымдардың режиссері" мамандығын тәмамдады. 2011-2015 жылы Елордадағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің "Театртану" мамандығын үздік бітірген. Қазіргі таңда Елорда филармониясы мен Қуыршақ театрында қызмет етеді.
"Бәлки мен Үлкен Отан ішінен кішкентай
Отан тікпегенде, мұндай ойды айтпас едім..."
Осыдан бірнеше жыл бұрын мен Отан ішінен Отан тіктім. Ол Отан күн санап менің сарқылмас қазынама, қымбат байлығыма айналып келеді. Оның ішінде береке бар, ырыс бар, құт бар. Бастысы татулық бар. Әлгі татулықты тудай биік ұстау үшін не керек? Менің ойым, бірінші сабыр керек. Сабыр жоқта ашу алқымыныңнан алады. Ашу барда ақыл жоқ. Ақыл жоқта нақыл жоқ. Екінші түсіністік керек. Иә, менің кішкентай ғана Отанымның шаңырағы шайқалмасы үшін сол бір адами қасиет әбден қажет. Бір-біріңді түсінбей, тіпті түсінуге тырыспай итше таласып жатсаң, сенің шалыс басар шағыңды аңдыған әркім болсын аяғыңнан шалып қалатыны сөзсіз емес пе?! Үшінші Отанымның болашағын болжау, жоспарлау керек-ті. Жүйелі іс жөн болар, жүйесіз қарекет не болар?
Менің Отанымның халқы аз. Мен оның іргетасын күнде қалап келемін. Оның мықты һәм қуатты болуы – тәрбие, бірлікке байланысты. Сосын барып тірлікке кеп тіреледі. Әкем марқұм Отанын қатты сүюші еді. Оның Отан ішіндегі Отанының кішкентай бөлігі шыр етсе болды, жанын қоярға жер таппайтын еді. Содан болар оның қалаған Отаны берік әрі мықты боп тереңге тамыр жібере бастады. Менде әкеме ұқсаған жан болғым келеді. Күні кеше менің Отанымның ішінде шыр еткен сәбидің үні естілді. Ол кім дейсіз ғой? Ол Отанымның ішін нұрға, сыртын гүлге орайтын кішкентай ғана құлыншақ. Ол менің Құдайдан тілеп алған өз халқым. Ол қазақ. Ертең, олда өз Отанына қызмет қылады. Әуелі жылдар керек, жыл керек... "Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі" демейді ме?!
Ол қазір Отан ішіндегі Отан жүрегінің қамқорында. Соның тәрбиесінде. Ол болашақта ұлт үшін қызмет қылуы үшін әлгі жүректің бар жылуын, адами қасиетін, жөні қазақылықты бойына сіңіруі керек.
Менің кішкентай Отаным, Үлкен Отанымның бір бөлігі. Мен әлгі кішкентай Отанымның діңгегін Үлкен Отанымның келешегі үшін бекем қағуым керек.
Менің кішкентай ғана Отаным, Үлкен Отанымның сарқыты. Мен сарқытты сақтауым керек.
Менің кішкентай Отаным, Үлкен Отанымның жаршысы. Мүмкін жыршысы. Мен оның мерейін үстем етуден тынбауым керек.
Менің кішкентай Отанымның бармақтай ғана бағы болса, ол Үлкен Отанымның тарту еткен сыйы.
Менің кішкентай Отаным бірінші өзімнен басталады. Мен кішкентай Отанымның гүлденгенін қаласам, Үлкен Отанымның зар-мұңын, қайғы-қасіретін, өткені мен бүгінгісін білуім керек. Осыны кішкентай Отанымның "халқына" да жақсылап түсіндіруім керек.
Менің кішкентай Отанымның лүпілі – Үлкен Отан! Бастауы да, бағы да сол. Мен Үлкен Отанымның қуанышы мен жұбанышын білуім үшін кішкентай Отансыз өзімді бір сәтке елестетіп көрейінші.
Құдайым сақтасын! Өте қорқынышты. Артым жар, алдым қара түнек. Бұлынғыр болашақ. Тіл жоқ, не діл жоқ. Не ұрпақ жоқ, не келешек жоқ.
Айналайын менің кішкентай Отаным сенің тірі жүруің, өмір сүруің, шаттануың, жылауың, жығылуың, құлауың бәрі де Үлкен Отаннан. Үлкен Отансыз кішкентай Отанның күні бар ма? Күні жоқ? Мұңы бар ма? Олда жоқ! Үлкен Отансыз кішкентай ғана Отан кімнен пана сұрайды? Кімге мұңын шағады?
Мен, саған айтам, сен өзгеге айт! Сен қазақ бол, ғажап бол менің Отаным! Сен Үлкен Отанға ақтық демін қалғанша қызмет қыл! Өйткені сенің бабаң да, анаң да солай жасаған. Сен, Үлкен Отанымның алдында басыңды ие біл. Сонда біздің кішкентай Отан, Үлкен Отанның қамалына айналады.
Бәлки мен Үлкен Отан ішінен кішкентай Отан тікпегенде мұндай ойды айтпас едім. Сен оны есіңде сақта Кішкентай Отаным – кішкентай жанұям! Үлкен Отан саған айтам, сен менің тірегімсің, мына кеудемнің ішіндегі лүпілдеп тұрған жүрегімсің. Менің жүрегім тоқтаған күні, сенің жып-жылы құшағыңа еніп кетемін...