«Құда келіпті. Ерəлінің жапон құдасы келіпті, көрейік», – деп таяғына сүйенген екі кемпір мен баланың басындай жұп-жұмыр тізесіне тұз жиналып, ақсаңдай басқан екі келін есік алдына кеп тұрып қалды. Екі кемпірден асып кете алмай, аңсары бір көру болса да алға шыға алмай қалған жастау келін қысық көзді, жымиып тұрған жып-жылтыр дөңгелек жігітке көзін сатып қарай берді.
– Мынау баяғы трəктір міхаиник Шəн-Геннің өзі ғой. Бəрі туыс шығар, – деді таяқ сүйенген кемпір бір адым аттап.
– Тиіш, жай сөйле. Не де болса құдасы ғой.
– Не де болса Бибіханға «құдаңның келуімен» дейік, – деп кемпір алға озды. Бұл кезде құда Тəкеши қолын жуып, бұрынғыдай тарам-тарам боп тарбиып жатпаса да жасыл пəлегі қатар тартылған арықтарды жауып, көмескілеп тұрған қауындыққа беттеді.
– Құдасы тыштымханаға кеткенде құтты болсын деп кіріп шығайық, – деп шалы да, өзі де осы ауылдың үлкені – «генерал» кемпір таяғын тақ еткізіп үйге енді. Құда қара қағазбен қоршалған тыштымханадан əрі өтіп, қауындықты аралап кетті.
– Қандай тамаша. Бұл қай кезге дейін осылай жап-жасыл боп тұрады? – деп алақандай-алақандай қауын пəлегін ұстап көрді.
– Бұл сары күзге дейін осындай боп тұрады. Күзде қауынды жинап, осы пəлектермен қымтап қояды.
– Жылы болсын деп қой?
– Иə, жылы болсын деп... Күйеу баласы қайын атасының айтқан сөзін мүдірмей аударып беріп тұр. Бір кезде күйеу баланың ағасы Ғалым құдасын таңғалдырып, қауындықтың ортасында тұрып жүз грамнан тартсақ деп інісін жұмсап жіберіп еді, уысында келген бір бөтелке арақ пен үш қырлы стаканға Тəкеши қабағын шыта қарады.
– Мынадай тамаша табиғатты бүлдірмейік. Онан да фотоаппаратты əкелші, – деп күйеу баласын тағы да құданың алдын кескестей берді. Тəкеши таңырқай қарап:
– Арнайы жібердіңіздер ме, өзі жүр ме? – деді.
– Өзі жүр.
– Ғажап! – деп, фотоаппараттың шыртылына мінезі жеңіл құрбақаның тыным тауып шоқиып отырған кейпі көрініс боп түсіп қалды. Сол сəт ол секең етіп пəлек арасына қайта кіріп еді, артынан қуып, еңкейіп, иіліп, тағы да шырт-шырт еткізді.
– Құданың құдіреті, құдамыз бізді құрбақа құрлы көрмеді- ау, – деп қазақ құдасы інісіне қарады.
– «Құдай қосайын десе сұрамайды екен-дə», – деген сөзін ішінде іркіп қалды. Онан кейін де құдасы секектеп жиі орын ауыстырған құрбақаның əр жерде отырған кейпін шыртылдатып түсіріп алды. Ал қазақ үшін ол – арықтағы сумен ағып келген қауындықтағы құрқ-құрқ еткен құрбақа.
– Арықтың ішінде отырып бір көрейік те, – деп Ғалым інісіне қарады. Ол жыпылдатып аударып еді, қонақ жыпылдатып жауап берді.
– Неше ағайындысыздар?
– Бесеу.
– Əкей қашан қайтты дүниеден?
– Онда несі бар екен-ей? Үш жыл бұрын. Соғысқа қатысқан. Ұлы Отан соғысынан кейін жапон соғысына қатысқан.
Інісі соңғы сөйлемді аудармады. Қайын атам қас дұшпанымның алдында тұр екенмін деп қаймықпасын деді.
– Əуелі сол кісінің, үлкен кісінің бейіті алыс болмаса, басына барып шықсақ, – деді.
– Онда несі бар-ей? Өзіміз бармағалы қанша жыл. Жүр, кеттік. Құданың көңілін қалдырмайық, – деп алыстан мініп келген джипке отырып тартып кетті. Ауылдан бір жарым шақырым жердегі құмшауыт зиратты қамыс басып кетіпті. Жылда шөбін отап, алысқа апарып өртеп тұрушы еді, нарық заманына ауысқалы ол да қалды. Зиратқа кіре берісте тізерлеп отырып Құран бағыштады. Сосын əкесінің басына барып, төрт құлақты қам кесек моланың қасында тізерлеп отырып тағы да боздатты.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: vk.com