Кітап саудасынан Нобельге дейінгі жол

Кітап саудасынан Нобельге дейінгі жол

Неміс ақыны, жазушысы һәм публицисі Герман Гессе 1877 жылы 2 маусым күні Вюртембергтегі Кальв қаласында дүниеге келген. Әкесі миссионер, анасы жазушы болған Герман бала кезінен ақын болуды армандайды. Бірақ 1890 жылы әкесінің қалауымен латыш мектебінде білім ала бастайды. Бір жылдан соң Маульбронндегі протестанттар семинариясына ауысады. Семинариядан қашуға әрекеттенгені үшін оқудан шығып қалады. Алғашында ұстаға шәкірт болады, кейін кітап саудасы бойынша білімін жетілдіреді, сағат жөндеушісі болып та істеп көреді, ақырында 1895 жылы Тюббинг деп аталатын университетке кітап сатушы болып жұмысқа кіреді.

Гессе 1895-1899 жылдары жұмыс істеген Тюббингдегі Heckenhauer кітап дүкені. ©.wikipedia.org

Бұл жерде ол неміс әдебиеті, әсіресе Гетені сүйіп оқиды. Кітапқа деген қызығушылығының арқасында 1899 жылы "Кішкентай үйірме" ("Le Petit Cenacle") деп аталатын әдеби топқа мүше болады. Сол жылы оның "Романтикалық ғазалдар" ("Romantische Lieder") деп аталатын өлеңдер жинағы мен "Түн ортасынан кейінгі бір сағат" ("Eine Stunde hinter Mitternacht") деп аталатын өлеңмен жазылған әңгімелері кітап болып шығады.

Одан кейінгі "Петер Каменцинд" (1904) ("Peter Camenzind") романында көркемөнер адамының байлыққа ұмтылған ортадағы қиын тағдырын суреттеген. "Демиан" ("Demian“) ("Demian", 1919 ж) романы мен "Клейн және Вагнер" ("Klein und Wagner") повесінде Г. Юнгтің "тереңдетілген психологиясының" ықпалымен тұлғаның "өзіне апаратын жолдарына" жан-жақты талдау жасаған.

 Гайенхофендегі Герман Гессенің вилласы. ©.wikipedia.org

1910 жылы шыққан "Гертруда" ("Gertrud“) романынан соң жазушы Үндістанды саяхаттауға шығады. 1916 жылдағы соғыс жылдарының азабы, ұлының науқастығы, әкесінің өлімі оған ауыр соққы болып, жүйкесі жұқарған жазушы өз оқушысы Карл Юнг қарауында емделеді. 1919 жылы "Демиан" ("Demian“) романын жазады. Шығарма соғыстан қайтқан неміс жастары арасында үлкен танымалдылыққа жетеді. Кезекті рет баспадан шыққан "Клейн мен Вагнер", "Клинг Зораның соңғы жазы" ("Klingsors letzter Sommer") (1920), әсіресе, 1927 жылы жазылған "Дала қасқыры" ("Der Steppenwolf“) романы да үлкен жетістікке ие болады.

Гессе шығармасының түйіні – оның 1943 жылы мәдениеттану бағытында жазылған "Бисер ойыны" ("Das Glasperlenspiel") атты романы. Бұл кітапты Гессе шығармасының жеткен шыңы, XX ғасыр мәдениетінің жаңа бағдарларының түйіні деп бағалауға болады. Жаңа мифологиялық мәтінде сананың өзгертілген түрлері бейнеленеді "Бисер ойыны" романында постмодерндік мәдени ағым тұрғысында өмірдің бұрын көп қарастырылмаған жаңа формалары мысалы, ойын мәдениеті суреттеледі. Формалармен ойнау арқылы өмірді басқа деңгейге көтеруге тырысады. Гессе "Бисер ойынын" мәтініндегі мәтін, яғни интермәтін ретінде түсіндіреді.

Жазушының портреті мен оған тұрғызылған мүсін

Екінші дүние­жүзілік соғыс басталған сәтте Гессе бұрынғы мақалаларын "Соғыс және Бейбіт­шілік" (1940) атты жинақ етіп шығарады. Бірақ оның көркем шығармаларында саяси мәселе­лер қозғалмайды.

1946 жылы Швед академиктері Герман Гессені "Гуманизмде байқалатын классикалық мұратқа ие шығармалары үшін" әдебиет саласы бойынша "Нобель" сыйлығына лайық деп табады.

Тапсыру рәсіміне жазушының өзі бара алмайды. Бірақ салтанатты шараға жолдаған хатында: "Бұл сыйлық менің неміс тіліне және неміс мәдениетіне қосқан үлесімнің жемісі. Бұл сыйлық мені тыныштықты насихаттау және отансүйгіштік жолында тастаған қадамымды одан әрі нықтай түседі", – дейді.

©picamarinapica.com

Герман Гессе өмірінің соңғы жылдарында Швецариядан ешқайда кетпей ғұмыр кешеді. Үзбей мақала, сын және шағын шығармалар жазып тұрғанымен айтарлықтай ірі шығармалар тудырмайды. 1962 жылы миына қан құйылып, 85 жасында қайтыс болады.

Оның шығармаларын Андре Жид, Томас Манн, Элиот сынды ұлы әдебиетшілер жоғары бағалаған болса да, Германиядан тысқары жерде оншалықты танымалдылыққа жетпеген еді. Бірақ соңғы 25 жылда Германның шығармалары қайта-қайта талқыға түсіп, жиі басылғандығы себепті, қазір ол ХХ ғасырдың ең ірі жазушыларының бірі боп саналады.

Т. Раушанұлы