Кітап өтпейді, кітап жетпейді деуші едік, қазір кітап оқылмайды деп кесіп айтатын болдық. Оған бәрі (автор, баспагер, дүкенші, оқырман) куә. Автор алақанын жайып отыр, баспагер шарасыз, дүкенші алушыға зар, оқырман интернетке кеткен. Сірә, енді қайырылмайды.
Кітап. Қасиетті еді, қадірлі еді. Қолдан түспейтін, көңілден кетпейтін. Сырласуға болатын, сыйға тартылатын. Мұның бәрі бұрынғы күннің шындығы. Қазіргі күннің шындығы — кітабың керексіз, бағасы жоқ, басы артық дүниеге айналған.
Бұрын кітап көп шығатын. Жылдан- жылға таралымы да өсіңкі еді. Расына келсек, ол кезде де кітаптардың оқылатыны болатын, оқылмайтыны да жетерлік еді. Ел есінде қалған тамаша туындылар, етжақынымыздай болып кеткен ақын-жазушыларымыздың есімдері жадымызда жаңғырады. Әр үйден міндетті түрде табылатын айтулы, әйгілі кітаптарды айтам да. Ұмытыла бастағандары қаншама. Кітапхана қорында болғанымен, ұрпақтың ойында жоқ.
Кінәліні іздемей-ақ қояйық, бәрібір іздеп таппайсың. Өткеннің алғауы аңсаумен аяқталады.
Кітап туралы небір ұлағат сөздер айтылған ғой. Одан асырып айту асылық болар.. Бірақ, бүгінгі қалін жасырып, айтпау да мүмкін емес… Парықты қайдам, нарықтың интервенциясы бет қаратпай, интернеті білгенін істеп тұр.
Қазіргі кітап та жападан-жалғыз, автор да оқырмансыз. Ойы алаң, көңілі далаң. Біресе қаламына қарайды, біресе заманның қабағына қарайды. Қош бол, кітаптар заманы демеске амалы жоқ. Мойындамайын десе де, сорақысы сол —үйінде кітап оқымайтын ұрпақ өсіп келеді. Міне, бізді ойландыратын ұлы сұрақ осы. Жауабын кім айтады, жолын кім табады?
Мұндайда ықылымдық инстингіміз — тіктеліп жоғарыға қарау ғой. Жоғарыдан құс жолы көрінеді, жақсылық атаулының бәрі жоғарыдан келеді, бәрін жоғарыдан күтеміз емес пе.
Жә, мұның бәрі ішкі монологымыз болсын.
Кітап — қазына дейміз. Қазір сол қазынамен байып отырған — кітапханалар. Жыл сайын әр кітап 2000 таралыммен шығып жатыр. Бес данасы — автордікі, қалған екі мың данасы — шашауы шертілмей кітапханалардың қоймасына тоғытылып жатыр. Парадоксы — соның бірде- біреуі сатылымға түспейді. Сатылмайтын, сөреде тұрмайтын жоқ кітаптарды оқымайды деп оқырманды кінәлау кімнің ойлап тапқан аксиомасы?
Сөздің де тірлігі мен тағдыры бар. Соның айнасы — кітап. Өткенді көресің, бүгінді танисың. Айтары көп, аяны мол. Кітаптың көптігінен ешбір ел күйзелген емес. Керісінше, оқып оянған, тоқып түзелген. Кемеліне бастаған, кененіне жеткізген. Тіпті, Мысыр кітапхналарының маңдайшасына төрт-ақ сөз жазылған: «Адам жанын емдейтін дәрі», — деп. Қадірлейік. Қадіріне жетейік.
Кітап біреуге арзан, біреуге қымбат көрінеді. Бұл бүгінгінің белгілі жайы. Ал сәл сабыр шақырып ойланыңызшы.
— Ұлттық құндылық ретінде кітаптың құны қанша тұрады?
Бұл тесті сауалы емес, текті сауал.
Жауабын үміт дейтін алыстан емес, шындық дейтін намыстан іздеу керек шығар, бәлкім…
Бұл үйге тапсырма да емес.
Бұл ұлтқа тапсырма.
Дереккөз:almaty-akshamy.kz