Кітап қанша тұрады?

Кітап қанша тұрады?
Фото: The School of Practical Philosophy

Кітап өтпейді, кітап жетпейді деуші едік, қазір кітап оқылмайды деп кесіп айтатын болдық. Оған бәрі (автор, баспа­гер, дүкенші, оқырман) куә. Автор алақа­нын жайып отыр, баспагер шарасыз, дүкенші алушыға зар, оқырман интернетке кеткен. Сірә, енді  қайырылмайды.

Кітап. Қасиетті еді, қадірлі еді. Қолдан түспейтін, көңілден кетпейтін. Сырласуға болатын, сыйға тартылатын. Мұның бәрі бұрынғы күннің шындығы. Қазіргі күннің шындығы — кітабың керексіз, бағасы жоқ, басы артық дүниеге айналған.

Бұрын кітап көп шығатын. Жылдан- жылға таралымы да өсіңкі еді. Расына кел­сек, ол кезде де кітаптардың оқылатыны бола­тын, оқылмайтыны да жетерлік еді. Ел есінде қалған тамаша туындылар, етжа­қы­нымыздай болып кеткен ақын-жазушыла­рымыздың есімдері жадымызда жаңғы­рады. Әр үйден міндетті түрде табылатын айтулы, әйгілі кітаптарды айтам да. Ұмытыла бас­та­­ғандары қаншама. Кітап­хана қорында болғанымен, ұрпақтың ойында жоқ.

Кінәліні іздемей-ақ қояйық, бәрібір іздеп таппайсың. Өткеннің алғауы аңсау­мен аяқталады.

Кітап туралы небір ұлағат сөздер айтыл­ған ғой. Одан асырып айту асылық болар.. Бірақ, бүгінгі қалін жасырып, айт­пау да мүмкін емес… Парықты қайдам, нарықтың интервенциясы бет қаратпай, интернеті білгенін істеп тұр.

Қазіргі кітап та жападан-жалғыз, автор да оқырмансыз. Ойы алаң, көңілі далаң. Біресе  қаламына қарайды, біресе заман­ның қабағына қарайды. Қош бол, кітаптар заманы демеске амалы жоқ. Мойында­майын десе де, сорақысы сол —үйінде кітап оқымайтын ұрпақ өсіп келеді. Міне, бізді ойландыратын ұлы сұрақ осы. Жауабын кім айтады, жолын кім табады?

Мұндайда ықылымдық инстингіміз — тіктеліп жоғарыға қарау ғой. Жоғарыдан құс жолы көрінеді, жақсылық атаулының бәрі жоғарыдан келеді, бәрін жоғарыдан күтеміз емес пе.

Жә, мұның бәрі ішкі монологымыз бол­сын.

Кітап — қазына дейміз. Қазір сол қазы­намен байып отырған — кітапханалар. Жыл сайын әр кітап  2000 таралыммен шығып жатыр. Бес данасы — автордікі, қалған  екі мың данасы — шашауы  шертіл­мей кітап­ханалардың  қоймасына тоғы­тылып жатыр. Парадоксы — соның бірде- біреуі сатылымға түспейді. Сатылмайтын, сөреде тұрмайтын жоқ кітаптарды оқымайды деп оқырманды кінәлау кімнің ойлап тапқан аксиомасы?

Сөздің де тірлігі мен тағдыры бар. Со­ның айнасы — кітап. Өткенді көресің, бүгінді танисың. Айтары көп, аяны мол. Кітаптың көптігінен ешбір ел күйзелген емес. Керісінше, оқып оянған, тоқып түзел­ген. Кемеліне бастаған, кененіне жеткізген. Тіпті, Мысыр кітапхналарының маңдай­шасына төрт-ақ сөз жазылған: «Адам жанын емдейтін дәрі», — деп. Қадірлейік. Қадіріне жетейік.

Кітап біреуге арзан, біреуге қымбат көрінеді. Бұл бүгінгінің белгілі жайы. Ал сәл сабыр шақырып ойланыңызшы.

— Ұлттық құндылық ретінде кітаптың құны  қанша тұрады?

Бұл тесті сауалы емес, текті сауал.

Жауабын үміт дейтін алыстан емес, шындық дейтін намыстан іздеу керек шығар, бәлкім…

Бұл үйге тапсырма да емес.

Бұл ұлтқа тапсырма.

Дереккөз:almaty-akshamy.kz

Ә. Жутаева