Қойшыбек Мүбәрак. Портреттегі ғұмыр (әңгіме) #жалғасы

Қойшыбек Мүбәрак. Портреттегі ғұмыр (әңгіме) #жалғасы

(Басы)

Жыл бойы ойға кәдік салатын еш нәрсе таппағасын енді түні бойы суретті күзететін болғам… Ешқандай өзгеріс жоқ…
Ұрдалып көз салатын жігіттің артынан аңдып көрдім. Әрдайым қалың нөпірдің арасына кіріп кетіп адастырып кетеді.
Сосын бірде қайыршы шалды аңдыдым. Асыға күткен ай ортасы да жетті. Таяғына сүйенген шал бізді айналсоқтап ұзақ жүрді. Алыс ешқайда бармайды екен. Тек қан базардың тарап ертерек кеш болуын күтетін секілді. Елдің бәрі үйді-үйлеріне қайтты. Мен сол орнымнан тапжылмай әлі отырмын. Анадайда аяғын сүйреткен шал таяғымен жерді қатты-қатты тоқылдатып қояды. Түн ортасы ауғанда толықсып толған айдың аппақ сәулесімен қайыршының жирен сақалы баяу ғана шағылысады. Жел тұра бастады. Терістіктен қап-қара қою бұлт манағы бар әлемді күндізгідей жарық қылып тұрған айға қарай жөңкіліп келеді. Аспанға кекжие бір сәт қарап тұрып қалған шал менің қасыма келіп:
– Қазір жаңбыр жауады үйіңе қайт!- деді. Сыбырға жақын бәсең дауыспен. Бірақ дауыс қанша бәсең болса да сондай зілді екен.
– Еш нәрсе етпейді… Жаңбырды жақсы көремін… Өзіңіз қайта беріңіз,- дедім мен жайымен.
Шал таяғын көтеріп маған тағы бір нәрсе айта бергенде найзаған жарқ етіп барып, жаңбыр сіркірей жөнелді. Найзағайдың құлақ тұндыратын ащы даусы шалдың сөзін естірітпей кетті. Мен қол шатырымды жайып шалға қарадым. Лезімде қайда кетіп қалғаным кім білсін, шал көрінбейді. Көшенің екі басында да. Маған жақын тұрған ағаштың далдасын да қарадым. Жоқ.
Таң атқасын ақырын аяңдап үйге қайттым.
Асықпай демалып ертесі қайта үйреншікті орныма келдім. Неге екенін қайдам бұл айда жас жігіт көзге түспеді… Бір жаққа кетіп қалған шығар деп ойладым. Енді асыға ай ортасын күттім. Шал қашан келер екен деп. Ақыры ай ортасына да жеттік. Жан-жағыма алақтап отырғанымды байқаса керек Ерден ағам:
– Бала, біреуді күтіп отырсың ба?- деп сұрады.
– Иә аға, тура осы уақтта қайыршы шал келетін еді. Төрт сағатқа кешікті,- дедім мен.
– Қайдағы қайыршы… Бұнда келетін қайыршылар көп қой.
– Аманат суретке назар аударатындарды ғана санамалап жүрмін, аға.
– Иә қызық осы айда аманат суреттің ақысы келмеді маған.
– Осында келетін бір жас жігіт бар еді оның келмегеніне де ай болды…
Әңгімеміз енді қыза бастағанда Ерден ағамды біреу шақырып кетті.
Кеш батуға шақ қалғанда қайыршы шал көрінді. Тіптен қаусап қартайып кетіпті… Қос балдаққа сүйеніп әзер келеді. Бізге жақын келіп маған сұқты жанарын қадап тұр екен… Шалдың жасаураған жанарында біртүрлі сыр бар секілді… реніш пе… мұң ба… шарасыздық па әйтеу жанараына көз қадап тұра алмай теріс айналып кеттім.
Сосын орнамнан тұрдым да үйге қайтып кеттім. Үйде ана-мынаны шұқылып отырып түн ортасы ауып қалғанын байқамай қалыппын. Таза ауа жұтпақ болып сыртқа шықтым. Үйге қайта кіруге зауқым соқпай Аманат суретті көріп қайтпаққа жол тарттым.
Мен көшенің басына жеткенде кемеріне жете толған айдың аппақ сәулесімен Аманат суреттің қарасы көрінді. Қарсы алдында бір нарсе жатқандай… Ақырын баспалап жақындап келем… Аманат суретке жақын көше бойындағы қарт еменнің түбіне келгенде барып бірақ анық көрінді… Манағы қайыршы шал суреттің алдына жүгініп отрып алып екі қолын суретке созып егіліп жылап отыр.
Бірден жанына бармақ болып ол ойымнан тез айныдым. Соңына дейін күтпек болып шештім. Қайыршы шал мені аңғармады… Таң қараңғысына таяғанда ағашқа сүйеніп тұрып көзім ілініп кетіпті… Шаттана сақ-сақ күлген жарқын дауыстан селк етіп оянып кеттім. Аяғын баса алмай жүрген қайыршы шал тура андағы жас жігітке, бозбалаға айналып кетіпті.
Өз көзіме өзім сенбей қайта-қайта қараймын. Шынымен солай.
Жігіт алшаңдай басып көшенің ана басына қарай кетіп барады. Мен күндегі орныма келіп жайғастым. Сүт пісірім өте Ерден аға жетті артынып-тартынып.
– Пәлі бірінші рет кешікпей келдің бала,- деп тісін ақсита күліп тұр.
– Аға, менің де портретімді салып беріңізші… Осында анау портретпен бірге тұрсын… ақшасын төлеп тұрамын… – деп Ерден ағаның алдындағы орындыққа келіп жайғастым.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: жеке мұрағаттан

M. Auelkhan