Қойшыбек Мүбәрак. Портреттегі ғұмыр (әңгіме) #басы

Үлкен қаланың бір бұлтарыс кішкентай көшесінде таңнан қара кешке дейін самсатып тізіп қоятын қалың өнер туындысы жаймасына соңғы үш жылда денсаулығымның ақауына байланысты үй демалысында болғасын осында келіп шеткері тұрған орындыққа отырып алып, арлы-берлі өткен адамдарға көз салып, иә болмаса аракідік суреттер көрмесін айналып қарап шығуды әдетке айналдырғанмын.

Сан-алуан түстегі бояумен сарғыш матаның арасындағы елші қыл қалам мен қыл қалам иелерінің де біразымен таныспын. Мен келген сайын:

– Бала кешіктің ғой… – деп алдымнан Ерден аға шығатын.

Соған бола қаншама рет таң бозынан тұрып келсем де сол баяғы аппақ сақалының ұшын бояу табы шалған ағам қарсы алып алады. 

Кешкісін бәрі де өз туындыларын жинап алып кетеді. Күні бойы қаптаған адаммен қан базарға айналған жер кешке қарай адам аяғын баспайтын сүреңсіз бір иен көшеге айналатын-ды.

Әрдайым бар картиналар жиналып кеткенде Ерден ағаның орнында шамасы тым ертеректе салынған бозаң баланың көнетоз портреті ғана қалатын-тұғын.
Бірде:
– Аға мына портретті неге алмайсыз? – деп сұрадым.

Үнсіз ойға шомып біраз отырған суретші ағам әңгімесін арыдан бастады.

– Бала, қазір қаусаған шалды көріп жүрсің ғой… ол кез қайда?! Қайран жастық жігер… қуат… қайрат… сезім… қойшы бәрін… Сонымен картинаның жайын білгің келеді ғой… Көркемсурет институтын енді бітірген кезім… Әлдебір мекемеге кіріп тапсырмамен сурет жазуды жаным қаламайды… Сосын осы көшеге келдім… бұл көше баяғыдан суреттер мекені-тін. Әуелде табысым жаман емес… Келген қаридарларымның суретін көңілінен шығара салып тірлігімнің нәпақасын тауып жүрдім.

Бірде енді жұмыстан түскелі жиналып жатқанымда осы сен секілді… Иә... Тура сол кездегі мен секілді бір жас жігіт келіп портретін салып беруімді өтінді. Ертең кел дегеніме көнбеген соң қаламымды қолыма алдым… Жігіт алдымда үнсіз отыр… Суретті салып болдым. Жігіт риза. Ақшасын артығымен төледі. Салған портретті қолына алып біраз қарап отырды да өзіме қайтарды.
Бір жері ұнамай қалды ма деп жаным шығып барады…

– Не болды… Ұнамай қалды ма? Болмаса ертең жарықта дұрыстап қайта салып берейін, – деп жатырмын.
– Жоқ, жоқ атама… Сурет керемет… Тек бір ғана талабым бар…
– Иә, айтыңыз…
– Ай сайын ақысын өзіңізге төлеп тұрамын…
– Не үшін, айтсаңызшы?
– Сурет әрдайым осында тұрсын… Ешкім орнынан қозғамасын…
– Жарайды… Ол үшін ақы төлемей-ақ қойыңыз…
– Жоқ, төлеймін…

Сөз осы болды. Одан бері елу жылдан асты сол беймәлім жаннан әрдайым есеп-шотыма ақша түсіп тұрады…

Бұл суреттің атын содан "Аманат" қойдым. Бұл аманат сурет.

 

Ерден ағамның әңгімесіне қызығып қалдым. Сол күннен бастан "Аманат" суретті аңдумен болдым… Күні бойы оған көз салатын көп ешкім болмайды. Десе де жанарынан жастықтың жалыны атқақтаған бір жас жігіт қана әр өткен сайын анадайдан көз қиығын елден жасыра салып өтеді. Ол тек ай ортасына қарай ғана келмейді. Иә, бұл суретке көз салатын тағы бір адам бар, ол ай ортасында бір күн ғана келетін қайыршы шал. Қолына мүжілген ағаш таяғын алып жантаңдай бір аяғын сүйрете басып әзер жүреді. Олардан басқа ешкім көз салмайды… Таңнан кешке дейін бұл суретті тек мен ғана тамашалаймын.

(Жалғасы)

 

Оқи отырыңыз:

Зейнолла Қабдолов. Ана туралы

Тынымбай Нұрмағанбетов. Жиырма жас (әңгіме)

Естай Божан. Екі портрет

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан