Алтынай Ауанова
Әңгіме
Ренаттың ауылдан келгендегі бұйығы мінезі әлі өзгере қойған жоқ-ты. Жатақхананың жазылмаған заңдарына мойынсұнып, үйренісем дегенше, бірінші курсты қалай бітіріп қойғанын аңдамай да қалды. Мектепте, соңғы екі жылда, сынаққа дайындалып, жан-жағына алаңдауға мұршасы болмаған. Сол дағдысымен сабақтан бас алмай жүріп, екі сессиядан да сүрінбей өтті. Бәзбіреулер секілді «жазға» қалып, өзін де, ата-анасын да әбіржіткен жоқ. Досымбектің сөзімен айтқанда: «Құдайға шүкір, абырой бар!».
Екінші курс басталғалы өзін еркін сезіне бастады. Әсіресе, небір шу асауыңды сымдай қып шығаратын жатақхананың темір талқысынан босағандарына дән риза. Енді студенттік өмірдің қызығына еш алаңсыз бата бер! Аузы-аузына жұқпай зуылдап жүретін Досымбектің бұлардан оздырғаны – түнгі клубтардың түтінін әлдеқашан жұтып, талай кафеден дәм татып үлгергені. Оның айтуынша, студенттерге лайықтысы – «Керуен» кафесі. Бағасы арзан, әрі тәртібі де тым қатал емес көрінеді. Шәкіртақы алысымен, сонда баратын боп шешті. Ұсынысты да, ұйғарымды да жасаған өзі. Қасындағы үшеуі ауыздарын ашқанша, уақытына дейін кесіп-пішіп қойды.
Уәделі сағатта үшеуін кафе алдында Досымбек күтіп алды. Сампылдап сөйлеп, не істеу керектігін пысықтап келеді:
- Өздеріңді еркін ұстаңдар! Бір рақаттанып демалайық.
Кафе сыртындағы шамдар сәт сайын құбылып, түнгі қаланың оттарымен жымдаса көз арбайды. Іштен естіліп тұрған музыка үні еріксіз елеңдете түседі. Жарыққа үймелеген шіркейлер тәрізді жан-жақтан ағылып жатқан жастардың қарасы көп. Ренатты таң қалдырған – күзет қызметі. Күзетшілер қатал, ресми қалыптарынан бір жаңылмайды. Жарқ-жұрқ еткен жарық та, делебені қоздыратын ырғақ та, есірген жастардың шуы да бірде-бірі оларды селт еткізе алмайды. Әлде күнде көретіні бір көрініс болған соң, еттері үйреніп кеткен бе? Қалай болғанда да, күзетшілердің осы қалыптары мұндағы тіршіліктің алдамшы, уақытша екенін еске салып тұрғандай.
Досымбектің бастауымен орындарына келіп жайғасты. Қаракөлеңке залдың іші темекі түтініне бөгіп тұр. Қорқор тартқан қыздар түтінін біресе сақина, біресе жүрек түрінде шығарып, соған өздері мәз бола күліседі. Бір-бірімен шеберлік сынасып жатқандай түтікшені өршелене сорады. Бір бойжеткен жігітінің тізесіне отырып алып, есі кете сүйісіп жатыр. Шөл даладан сусап келіп, бастауға бас қойған жолаушы тәрізді. Айналадағылардан әсте қымсынатын емес. Олардың ерсі қылығына таңдана қарап қалған Ренатты Досымбек бүйірінен нұқып қалды.
- Бұл жерге жұрт «шөл басу» үшін келеді. Бір кеш қана... Бәрін ұмыт та, қалауыңша сайранда! Сен ешкімнің алдында жауапты емессің. Бүгін сүйісіп, ертең танымай кетуге болады...
Бұл – Досымбектің жүз рет айтқан өсиеті. Бірақ оны қабылдауға Ренаттың миы әлі дайын емес екен.
Қызметіне күзетшілерден бетер берілген даяшылар лып-лып етіп, үстелдерді аралап жүр. Бұларға да әп-сәтте сусын әкеп үлгерді. Досымбек серіктерін итергендей қып биге шығарды. Екі иінін жұлып жеп, жұлқынып жатқан біреулер. Ешкімге ешкім қарайтын емес. Даңғаза музыканың әуеніне еліріп, есірік күйге түскен. Қымсыну, қысылу деген сезімдерге бұл жерде орын қалмаған сияқты. Әркім шабытының жеткен жеріне дейін шалықтап бағуда. Ышқынған, қышқырған дауыстар жануарлық сезіміңді оятып, арқаңды қоздыра түседі. Ренат та музыка үніне беріліп, билей бастады. Суға абайлап түсіп, бірте-бірте құлашын жүзгіштей еркін көсіледі. Жарқ-жұрқ етіп өшіп-жанған жарықтың арасынан бейтаныс жүздерді байқап қалады. Басқа бір әлемге еніп кеткен секілді. Бет-аузын баттастыра бояған қыздардың шынайы бейнесін тану мүмкін емес. Ғарыштан түскен жанды қуыршақтар дерсің. Ренат шеткерілеу жүрген біреуіне жақындады. Басқалар сияқты алқынып аласұрмайды. Сағызын кербездене шайнап, маңайына паңдана қарайды. Қыздың ә дегеннен кет әрі болмай, мұнымен билегені ме, әлде желіктіріп әкеткен музыканың сиқыры ма, Ренаттың бойында батылдық пайда болды.
- Қарындас, танысайық. Менің есімім – Ренат.
Қыз иегін көтеріп, қасын керді.
- Ренат... Революция, наука и труд?
Оның үніндегі кекесінді байқап, бұл жәбірленіп қалды. Осыған дейін өзінің атын біреу кемсітер деп ойламапты. Көңілі су сепкендей басылып, қыздан алыстай берді.
Екі езуі екі құлағына жетіп, екі қызды қолтықтап алған Досымбек келгенде, бұл үшеуі орындарынан табылды. Алдарындағы коктейльді сарқып ішіп, «енді не істейік?» дегендей Досымбекке жаутаңдап қарайды.
- Еһ, жігіттер! Мен болмасам, күндерің не болады? Жүріңдер, кеттік! Қыздардың үстеліне ауысып отырайық.
Досымбекке жабысып алған күлегеш қыз туған күнін тойлауға келіпті. Қасындағы құрбылары екен. Төрт жігітке – төрт қыз. Рақат! Енді жан-жаққа көз жүгіртіп әуре болмайсың. Ренатқа бұйырғаны – ұзын шашын жайып жіберген қара сұр қыз. Мінезі жұмбақтау, онша көп ашылып сөйлемейді. Досымбек өзге құрбыларын мәз-мәйрам қып жатқанда, езу тартып қана отыр. Екі-үш биден кейін әлгілер баяғыдан жұптары жазылмаған ғашықтардай бір-біріне жабысып қалды. Ренаттың салқын, сыпайы қатынастан іші пыса бастаған. Келесі биде қыз өзі келіп сүйкеніп, құшағына тығылды. Жігіттің жүрегі атқақтап, кеудесінен шығып кете жаздады. Ерні еріндеріне тиісімен, бір көл-көсір қуаныш сезімі бойын кернеп ала жөнелген. Содан кейін қанша уақыт өткені, қанша рет билегені есінде жоқ. Өң мен түстің арасында қалқып-батып жүргенде қайтатын мезгіл болғанына өкінген. Бақыттан басы айналғаны сонша – сүйіктісінің не телефон нөмірін, не ғаламтордағы мекен-жайын алу ойына келмепті.
Сол түні ғажайып түс кірді. Түсінде аспанда ұшып жүр екен дейді. Ауа тып-тынық. Айнала әсем табиғат. Қытай пейзажы сияқты мөлдіреп тұр.
Ертеңіне осы түстің әсерінен арыла алмай, өзін ұшып жүрген құс секілді сезінді. Ыңылдап ән салып, аяқ-қолы жерге тимей, қанаттанып алған. Қиялымен талай қиырды шарлап шықты. Тағатсыздана жүріп кешті де болдырды-ау. Сықиып киініп, қолына бір шоқ гүл ұстап, қыздардың жатақханасына тартты. Құрбыларының ортасында қасқайып келе жатқан қара сұр қызды көргенде, жүрегі атша тулады. Қыздар еш нәрседен хабарсыз, өздерінше даурыға сөйлеп, әлденеге күлісіп келеді. Түнде ғана мұнымен кафеде бірге болып, туған күн тойлағаны қаперлеріне кіретін емес. Ренатты көздеріне де ілмеді. Қара сұр қыз тұсынан өтіп бара жатып, көз қиығымен бұған мүсіркей қарады. Ренат сілейген қалпы жолдың шетінде тұрып қалды. Қолындағы гүлді лақтыратын қоқыс жәшігін іздеген. Іштен буырқанып шыққан бір дүлей сезім оның ойын күрт өзгертті. Аяқ астынан батылданып, қарсы келе жатқан екі қыздың біріне гүлін ұсынды.
- Қарындас, бұл – Сізге!
Қыз таңырқап, гүлді алды да, сыңғырлап күліп жіберді. Оның күлкісі жігіттің көкіреген күйдіріп бара жатқан жалынды өшіріп, көңілін шайдай ашты. Қыздар артына жалтақ-жалтақ қараған күйі ұзап барады. Ренат қулана жымиып, қолын бұлғады.
Келесі сенбіде ол «Керуен» кафесінде тайраңдап, бар ынты-шынтысымен билеп жүрді.