- Негізгі бет
- Проза
- Қазақстанда қыздарға арналған...
Қазақстанда қыздарға арналған "Super Қыз" атты кітап жарық көрді
Елімізде қазақ және орыс тілінде "Super Қыз" атты кітап жарық көрді. Шығарма авторы "Болашақ" қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы, тәжірибелі коуч, үш қыздың анасы Динара Шайжүнісова. Кітапта əртүрлі салада үлкен жетістікке жеткен айтулы қыз-келіншектердің өмірінен 50 хикаят жинақталған.
Қазақстан жазушылары мен шығармаларын қолдау мақсатында аталған кітап туралы бірер мәліметті ұсынамыз.
Шығарма авторы жинақ қыз-келіншектерге, жалпы әйелдер қауымына таптырмас нұсқаулық, пайдалы ақпарат беретінін айтады.
Кітап авторы Динара Шайжүнісова қызымен бірге
"Мен үш қыздың анасымын. Балаларды тәрбиелеу кезінде, ең алдымен, менің күш-қуатымды сезінуге және бәрі қол жетімді екендігіне сендіремін. Қыздарым қазірдің өзінде өз өмірлерінің бас кейіпкері екенін түсінгенін қалаймын. Сондықтан Қазақстандағы мықты, талантты әйелдер туралы баяндайтын жинақ шығаруды ұйғардым. Шығарма қыздарды күшті, ақылды болуға, алға ұмтылуға, өзіне жаңа мақсаттар қоюға шабыттандырады. Бұл кітап өзіңізді тыңдаудың, өзіңізге адал болудың, эмоцияларыңызды, сезімдеріңізді және тілектеріңізді түсіну мен қабылдаудың маңыздылығын үйретеді", - дейді Динара Шайжүнісова.
Кітап Қазақстанның танымал қыз-келіншектерін жеңіл де қызықты тілмен таныстырады. Бұл қаһармандардың арасында Екінші дүниежүзілік соғыстың нағыз батыр қыздары – Мəншүк Мəметова, Əлия Молдағұлова, мəдениет саласының майталмандары – Дина Нұрпейісова, Күлəш Байсейітова, Бибігүл Төлегенова, Олимпиада чемпиондары – Ольга Шишигина, Ольга Рыпакова, сондай-ақ жас спортшы қыздарымыз Жансая Əбдімəлік, Элизабет Тұрсынбаева жəне тағы басқа да мақтаныштарымыз бар.
Бүгінгі таңда әйел таңдау құқығына ие. Ол жақын адамдарының қолдауымен әр түрлі салаларда (шығармашылық, кәсіби және т.б.) өзін сынап көре алады.
Жинаққа қиындықтарға мойымау, ой еркіндігі, өз бетінше шешім қабылдау, дербес əрекет ету, мақсаткерлік, рух пен ерік-жігер күшін шыңдау, білім-ғылымға ұмтылу, адамдарды сүю, өзіне сену сияқты құндылықтар арқау болған.
"Super Қыз"-дың мақсаты – қызғалдақтай желкілдеп өсіп келе жатқан қыздарымызды өзін-өзі дамытуға, терең білім алуға, алдына биік мақсаттар қойып, соларға жеткенше тынбай еңбек етуге тəрбиелеу, шабыттандыру.
Кітапты шығаруға әлемнің 37 суретшісі мен иллюстраторы, екі жазушы, екі журналист және үш коуч атсалысқан.
"Мақсатқа жету" және "Эмоционалды интеллект" бөлімдері балаларға алдына мақсат қойып, сезімдерін басқаруды үйретеді. Аталған жинақ жасөспірімдер үшін өте пайдалы.
Кітапта не баяндалады?
Қазақстанда әйелдердің рөліне қатысты стереотиптік ойлауды өзгерту туралы мәселе көбірек көтеріліп жатыр. Әр түрлі әлеуметтік салада әйелдердің дамуға және өзін-өзі тануға деген белсенді ұмтылысы бар. Әйелдің мойнына туғаннан ілінетін белігілі бір міндеттер бар: ол отанасы, дәстүрді жалғаушы және болашақ ұрпақты тәрбиелеуші. Бірақ қазіргі қарқынды дамып жатқан технологиялар әлемінде, жаһандану дәуірінде, ұлттың мәдени өзін-өзі сәйкестендіру мәселесі туындаған кезде, біз әйелдердің рөлі әдеттегі шеңберден шығып жатқандығын мойындауымыз керек.
Ежелгі заманнан бері қазақтар қыз тәрбиелеудің маңыздылығын атап өткен. Сондықтан болар: "Гүл өссе жердің көркі, қыз өссе елдің көркі" немесе "Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді" деп айтқан.
Статистикаға сәйкес, Қазақстан халқының 52 пайызы әйелдер. Кітап сатып алып оқитын оқырмандардың да басым бөлігі – қыз-келіншектер.
Қазақстандық әйелдердің ғылымдағы, медицинадағы, саясаттағы, халықаралық қатынастардағы, мемлекеттік институттардағы, азаматтық қоғамдағы, спорттағы, өнердегі және басқа да салалардағы үлесі жоғары.
Міне,осындай факторларды қамти отырып жинақта әр қыздың таңдауға құқығы бар екендігі айтылады. Қазақстанда тек мансап жолында өсіп қана қоймай, сонымен бірге бүкіл қоғамға пайдасын тигізетін, халық санына үлес қосатын әйелдер болған және солай болады.
"Super Қыз" несімен маңызды?
• Кітап балаға болашақ мамандықты таңдауға көмектеседі;
• Кітаптағы әңгімелер Қазақстанның тарихын, мәдениетін оқып білуге баланың қызығушылығын тудырады;
• Қыздар үшін ұлттық мәдени ортадан лайықты рөлдік модельдерді табуға көмек береді;
• Баланың дамуға ұмтылысын оятады;
• Баланы өз алдына үлкен мақсаттар қоюдан қорықпауға және оларға тайсалмай қол жеткізуге ынталандырады;
• Балаға оның табысты болашағының негізі болатын құндылықтар жүйесін сіңіреді;
• 50 көрнекті қазақстандық әйелдің елі мен халықының дамуына қосқан үлесін көрсететеді;
• Қыздарды тәрбиелеуде белгілі парадигмалар шегінен шығу жолдарын үйретеді;
• Қыздарға Қазақстан жерінде өмірін жақсы жаққа қарай өзгерткен көптеген ақылды, батыл, дарынды қыздар өскені туралы баяндайды;
• Қызыңызбен уақытты танымды әрі көңілді өткізуге мүмкіндік береді;
• Ұлы әрі айтуға тұрарлық отандас әйел адамдардың жаңа есімдерімен таныстырады.
Т. Раушанұлы