Массагет порталы алдағы демалыста оқуға болатын қазақ жазушыларының жылататын әңгімелерін ұсынады.
Қорғансыздың күні – Мұхтар Әуезов
«Қорғансыздың күні» оқырманның көз алдына байырғы қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісін тамыр-тереңінен қопарып әкеліп, бейшара, қорғансыз жандардың тұрмыс-тіршілігіндегі жан түршігерлік азап пен ауыртпалықты аса шыншылдықпен әсерлі баяндайды. Жазушы өмір шындығын, заман сипатын, адамның тіршілік-тынысымен байланыстыра, сабақтастыра шебер әңгімелеп жеткізеді. Оқиға басталғаннан-ақ оқушыны қорқынышты бір үрей сезімі билейді. Тағдыр тауқыметін арқалаған жүдеу үйдегі соқыр әйел, кәрі әже, жас қыздың зарлап калуы кімді болса да тебірентпей қоймайды. Тек Ақан сияқты қатыгез, жауыз болыс қана міз бақпай, өзінің айуандық бет-пердесін біртіндеп ашады,қара ниет ауыл әкімінің тағылық қылықтары әшкереленеді.Жас қызды зәбірлеп, зорлық көрсетуі Ақанның азғындығын, адамгершіліктен жұрдай екенін дәлелдейді. Сондай-ақ оқырман Ақан, Қалтай сияқтылардан ешқандай жақсылық күтуге болмайтынын түсініп, ұғынады. Қорлыққа жаны төзбеген, жауыздықтың құрбаны болған Ғазизаның әкесінің моласына барып, үсіп өлуі себебін жазушы өте анық та дәл шебер суреттейді. Қыздың адам айтқысыз озбырлық, қорлыққа шыдамай, боранға ұрынып, үсіп өлгені айтылған.
41-жылғы келіншек – Шерхан Мұртаза
Қаламгердің “41-жылғы келіншек” әңгімесіндегі бас кейіпкері – Хадиша. Күйеуі Мақсұт өзгелермен бірге соғысқа аттанғанда ол небәрі жиырма сегіз жастағы жас келіншек болатын. Соғыс аяқталып, тірі қалған ер-азаматтардың барлығы елге оралғанда мұның жарынан хабар болмайды. Өлдіге жорығысы келмеген жарының ошағын сөндірмей, қара шаңырақка жалғыз ие болып қалады. Қызы Жанар тұрмысқа шығып, Хадишаны қолына алғысы келгенде де үзілді-кесілді қарсы болып, Мақсұт үйінің түтіні өшпегенін қалады. Осылайша сарыла, сағына күтіп бар жас ғұмырын соғысқа аттанған күйеуінің жолын тосуға арнайды.
Тортай мінер ақ боз ат – Оралхан Бөкей
Әңгімеде Тортайдың бастан кешкендері, соғыстан кейінгі қайғы-қасіреттері баяндалған. Мысалы: Тортайдың әжесімен ауылға қоныс аударуы, балалардың Тортайға сіңісуі, әкесінің қаза табуы, өзінің балалық армандары кімнің де болмасын құлағының құрышын қандырары анық.
Шығармада жазушы болып еліне оралған жігіт жастық шағында Тортай атты досын есіне алады. Ол да жазушы болуды армандаған болатын.
Тортай жетім бала, бірақ өзі білімге өте құштар, ертеден қара кешке дейін кітап оқиды, жазушы, үлкен адам болғысы келеді. Қоғамға айтары бар. Бірақ, күндердің күнінде кітаптарын Оралханға беріп тұрып, «Ораш, осы кітаптарды сен оқышы, үлкен адам бол, жазушы бол!»,- деп тілегін білдіреді.
«Амандаса келген Тортайға, ол шығып сәлем бере алған жоқ. Батылы жетпеді. Ұялды. «Тортай мінер ақ боз ат...менің тақымымда кеткендей еді...иесіне қайтаруға кеш еді...». Әңгіменің жалпы түйіні осы.
Айгүл Кемелбаева. Шашты
Айгүл Кемелбаеваның бұл әңгімесінде 7 жастағы қазақ баласын түрікпендер ұрлап кетеді. Кенжебек түрікпен жерінде жүрып жылқышы Тасқұлмен танысады. Тасқұл да қазақ. Оны да жас кезінде ұрлап алып келіп, жылқыға салған. Содан бері 60 жыл ол Атажан бектің жылқысын бағады. Түрікпен жерінде айтулы бәйге өтіп, оған Атажан бектің атақты тұлпары да қатысады. Бай осы жолы бәйгеге қаршадай Кенжебек шапсын деп шешеді. Осыдан соң Тасқұл кішкентай Кенжебекті еліне қашып кетуге баули бастайды. Бәйге кезінде бай-манаптардың алдынан «Ойбас-Ойбас» деп қыпшақ атасының атын шауып өткен бала түрікпендерге жеткізбей еліне қарай қаша жөнеледі.
Қанат Тілеухан. Шатырдағы әйел
Бұл әңгіме қазіргі қоғамды, адам жанын ашып көрсететін шығармалардың бірі. Анар есімді әйел шатырда өмір сүреді. Оның қызы Айсамал Құрмаш атты ағасына хабарласып анасын шатырдан түсіруін өтінеді. Құрмаш пен Айсамал бірге өскен. Анардың тағдыр жолы бала кезінен ауыр болады. Жас кезінде анасы жынданып өледі. Өзі күйеуінен ажырасып, қызын жалғыз өсіреді. Осылардың барлығы миына артық салмақ салып өзі де жындана бастайды. Соның салдарынан қызы екеуінің арасына салқындық орнайды. Әңгіме соңына дейін оқырманды мазасыз қалыпта ұстап тұрады.