Таңертең тұрып, көшеге шыққан бетте адамдардың қарайған қарасын көремін. Көлеңкелерімен жарысқан олардың бір жаққа асығып бара жатқаны анық. Бәрінің бір мақсаты бар. Бірі мектепке бара жатыр, бірі университетке, бірі жұмысқа, бірі ауруханаға, бірі құлшылық қылуға, бірі демалуға... Ауыз толтырып айта беруге болады, тек адамдардың мақсаты айқын болғанымен, армандары асқақ болғанымен бір нәрсе жетіспейді. Әлде бұрын болған бір сезімді жоғалтып алған секілді, тіпті өлтіріп алмаса игі.
Құлағымдағы құлаққаптың ішінде ойнап жатқан нотаның дыбысы алуан ойға салады. Бірде көңілді, бірде мұңды... Жалғыздықты серік етіп жұмысқа мен де жүріп келемін. Кептеліс, адамдар, көліктер, у-шу. Қаланың таңы осылай атады. Ол – заңдылық. Ал адамдар ше, адамдардың жүзі суық, бәрінің ойында «кешігіп қалмау теориясы». Тек ұялы телефонымның жарық экранына толассыз келіп жатқан хабарламалар. Лайықсыз өмірде жүріп лайк басып үлгеріп жатырмыз. Мұның бәрін айтудың қажеті де жоқ еді. Бірақ күніміз дәл осылай өтіп жатыр. Бұл өкініш. Бұл қасірет.
Білесіз бе, кейде ұялы телефонымды қолыма ұстап ұзақ жүремін, жатқан кезде де күдік пен үміттің арасында көз алмай қарап жатамын. Бір нәрсе күтемін. Кімнен не нәрсе күтерім белгісіз. Бірақ бір қоңырау күтемін. Шыр ете түссе күттірмей алып, сөйлесуге тырысамын. Ең қызығы кейде шыр ете түскен қоңыраудың бәрі шеріңді ақтармайды, шырылдатып шаршатады. Бұл да бір өз алдына қоғамның дерті. Жай ғана себепсіз қоңырау соғып, хәл-жайды білуге болады ғой. Иә, болады! Бірақ болдырмаймыз. Себебі бәрі ақылы, бәрі уақыт.
Таптым! Адамдардың жоғалтып алған сезімін таптым! Біз бір-бірімізді іздеуді, сағынуды ұмыттық. Жағдайымызды білуге, үйімізге қонаққа баруға, қыдыруға, бірге жүріп сырласуға болатын ең жақсы қасиеттерді өлтіріп алдық. Күйбең тіршілік деп жүріп, күйімізді қашырдық. Түбі адамдықтан, адамгершіліктен адасып кетпесек игі...
Жүріп келе жатып осы сұрақтарға жауап іздедім. Өзім хабарласып хәлдерін білдім. Бірақ бәрі асығыс, қолы бос емес. Ең жаман ағайын-туыспен де сөйлесіп не айтарыңды білмейсің. Жаңалық сұрауға да ұят. Бірінің баласы бар, бірінің сүйінші сұрар күні өтіп кеткен. Қысқасы бәрі кеш. Бірақ таяқтың екінші ұшы болуы керек қой. Ақыры оны да таптым.
Ең жақын және ең алыс деген адамдарымнан қарызға ақша алдым. Аз ақша емес. Көлемді етіп алдым. Білесіз бе, айтылған уақытынан бір күн өткені сол еді маған хабарласып, хәлімді біліп, жағдайымды сұрап, қайда екенімді, не істеп жатқанымды сұрай бастады. Ең кемі үш-төрт минут сөйлесеміз. Минуттардың алғашқы көп секундтарында сенің жағдайыңды біліп, іші-бауырыңа езіліп кіріп жатқанын естіген кезде қуанып қалады екенсің. Бірақ оның түбі жақсы сөзбен майдалап келіп «алдындағы қарызды бере аласың ба?» деп қымсына сұрайтынын да сезіп тұрмын. Иә, оның қарызын дәл сол күні беріп тастауға шамам жетті. Бірақ іздеуін қаладым. Дәл осылай қарыз алған адамдарым күніне хабарласып, ұялы телефонға маза бермей, ұятқа қалдырды. Телефоннан ұялдым. Неткен сүйіспеншілік, маған деген достардың, жақындардың сезімі осындай болса керек. Ақыры көпке созбай қарыздарын қайтарып бердім. Арада бір ай өтті, қарыз алған, хәл сұрап тұратын жақсыларым жоғалып кетті. Әдетіне басты.
Күнде таң атысымен қуанып тұрамын. Себебі мені іздейтін адамдар бар. Қай күні кім хабарласып хәлімді білуге асығып тұрғанын алдын-ала сезіп тұрамын. Бүгін кешкісін қолыма ұстаған ақшам бар бір жаққа жол алдым. Ең соңғы іздеуші адамның қарызын беруге келе жатырмын. Қазір ол мені еріксіз қонақ қылады, шәйге шақырып, сыр тарқатады. Бәрі шегіне жеткен кезде ақшасын беремін. Есіктен кіре салып көк қағазды ұстата қойсам, көк жәшікке телміріп қаламыз.
Ыстық шайдың буымен далаға шықтым. Керемет емін-жарқын әңгіме болды. Тіпті жоспар құрып, бірге жұмыс жасайтын болып келістік. Үйге қайтып келемін. Жолай «Жылдам ақша» деген жерді көріп қалып, есіме тағы да бірдеңе түсті:
«Сізді іздеу үшін, сіз мені іздеу үшін, сүйіспеншіліктің барын әлемге және сізге сезіндіру үшін, сырласу үшін, қарыз алғым келеді...»