- Негізгі бет
- Проза
- Қаниев Марат. Отаным,...
Қаниев Марат. Отаным, саған айтамын...
Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Қаниев Мараттың шығармасын ұсынамыз.
Қаниев Марат Амандықұлы – 1997 жылы, 23 қыркүйекте Маңғыстау обылысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылында туған. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ–нің Филология факультетінің түлегі.
***
Ардақты, отаным менің. Әуелі күндей күркіреп Ғұн туды. Сосын жасындай жарқылдап жалпақ дүниеге үрей тудырып Сақ келді. Кейін сегіз қиыр шартараптың тізесін дірілдеткен Көк Түрік оянды. Одан әрі жалаулы найзасы жаудың шебінде құламаған Түргештер, ...азу тісін айға білеген Оғыздар, ...қылышы қанға суарылған Қыпшақтар алты құрлыққа әмірін жүргізді. Ұлы даланың даңқты ерлігін Алтын Орда, Ақ Орда қайталап Батыс пен Шығыстың күндіз күлкісін ұрлап, түнде ұйқысын қашырды. Соңында Ұлы қағанаттың ошағын сөндірмей, қара шаңырақты сақтап ҚАЗАҚ қалды. Міне, біздің тарих сахнасындағы эвалюциямыз осылай басталды.
Аяулым, білесің бе? Адамзат өркениетінің 99%-ы тас дәуірінде жұтылып кетті. Сенің ержүрек ұлдарың алғаш рет жылқыны қолға үйретіп, тізгіндеген сәттен бастап ғылым мен білім, мәдениет пен өнер дамыды. Аспантану, жағрафия, физика салаларының нәтижесінде Жер планетасының, Құс жолы галактикасының құпиялары ашылды. Далалықтардың жасаған әрбір қанды жорықтарының артында әлемді зерттеу, табиғатты игеру жатты. Содан да шығар, халық қиялында кентавр деген мифтік кейіпкер пайда болып, қай дәуірде болмасын көшпелілердің "ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғысқа" айналды. Ежелгі грек аңыздарындағы осы адаматтар батырлық пен қаһармандықтың ғана прототипі емес, кемел білім мен терең ілімнің де бейнесі еді.
"Адам бойындағы құрметтеуге тұратын ең ұлы қасиет – өз Отанына деген махаббат" дейді Иоганн Гёте. Және ол университеттер мен мектептерде айтылатын ұрандармен немесе мінберлерде оқылатын патриотизм туралы баяндамалармен өлшенбейді. Ғасырлар бойы генімізде сақталған биологиялық ақпараттар арқылы тасмалданып, ұрпақтардан ұрпақтарға беріледі. Мысырда мәмлүктер империясын құрып, сұлтан дәрежесіне көтерілген Бейбарыстың тақты тәрк етуінің астарында Отанына деген өлшеусіз махаббат жатқан жоқ па? Өркениеттен кешеуілдеп қалса да үндістердің отарлаушыларға ақырғы демі шыққанша қарсы тұруы ешқандай ғылым түсіндіре алмайтын осы сезімнен туды емес пе? Отан үшін жасалған ерліктер қашанда ұмытылмайды. Оны тарих Кенсарының басымен, алаштықтарға атылған оқпен, желтоқсандық жастарға тағылған айыппен дәлелдеп берді. Туған жердің күні мен түнін, асқар тауын, көлін, бар жәндігін сүйген Мұқағалидың махаббаты әр қазақта бары ақиқат.
Қастерлім... Менің кеудемнің терең қуысында Қазақстан Республикасы дейтін алып жүрек бар. Әлімсақтан бері алпыс екі тамырымды идіріп, жаным мен тәніме тіршіліктің жылуын таратып келеді. Менен бұрынғыларға да өзін арнаған, кейінгілерді де қанаттандыра береді.
Т. Раушанұлы