- Негізгі бет
- Проза
- Қан иісі қан...
Қан иісі қан шақырады...
Қан иісі қан шақырады
(әңгіме)
“Желкелеген жетімдік жер түбіне жеткізбей қоймайды-ау мені. Жүрегімді жаралы, көкірегімді шерлі еткен шытырман тағдырдың тәлкегін бетіме неге баса береді бұлар?! Бұл адамдардың көңіліндегі мейірімділік сезімі меңіреу мемлекеттей шекарасын шындап сызып, мені босағасынан бастырар емес. Қайда барсам қатігез қара жүрек, суық сөздер.Қайтсем екен!”
Осыны айтып күңірене жөнелген күйгелек, көкөрім баланың соңынан көккөз көршісі көз алмай қарап қала берді. Бейбақ баланың бүгінгі күйзелуіне себеп болған осы көршісі еді. Кекшіл баланың көңіліне кір салған бір-ақ ауыз сөз болды. “Жетіліп қалғансың ба жетімек?!”. Осы оспадар сөзді де сорлы бала соншалықты бір сұрқия сұмдығынан емес, кердеңбай көршісіне берген сәлемінің солғындығынан естіген еді. Мөлт етіп мөлдір тамшы тұна қалған жанарын жалт еткізіп жексұрын "жүрекке" бір қарады да, қайғыра басып алыстай берген еді, бейшара! Оңбағанды жағасынан алып, жағына жанып алатын-ақ жөні бар. Бұның да солай істегісі келді. Амал нешік, кеудесі кере қарыс, кертаудың кісі киігіндей көккөзге күйі келмейді ғой көкөрімнің. Мейірім мен адамдықтан жұрдай көршінің керегедей кеудесінде не бар екен, сірә? Әлде жауыздық, жалмауыздық атты шайтандар осындай ойламсыз көкіректерді мекен ете ме, қалай? “Сәлемің сәл нарау болды” деп жетім жүректің жарасына есек мінездің есірік уын езіп құйғанынан-ақ қасқыр екені танылып тұрмай ма?!
Қасқырдың қасынан алыстай бере қорланған көкіректе “өш алу” деген өзгеше жүрек дүрсілдей қалды. Ашыққан ұры, ашынған долы болатынын дәлелдегендей дүлей жүректің жетегіне ілескен ашулы аяқтар артқа қарай асыға басып келді де қасқыр көршінің қорасының маңына келіп тоқтай қалды. “Қалай өш алсам екен”, “Қайткенде бұл көккөзден кек қайтара алам” деген сұрақтарды басына бүркеніп, бөтен босағаның бұрышында бұғына отырып кешті батырды. Өш алмақ түгілі, өзі орынынан да қозғала алмады. Амалы таусылған сайын ашуланды. Санасына сіңіп, ойына орныққаны тек кек қайтару болған ол бұлай отыра бермей бір әрекет жасағалы орыннан тұрғаны сол еді; оқуынан кеш қайтып, көлеңкелі, күңгірт көшені бойлап келе жатқан көк қотиын көршісінің төрт оқитын баласын көрді. Алдынан шығып, алдаусырата ертіп қараңғыға апарып шыныдай таспен шекесіне қойып қалды. Шыр етуге шамасы келмеген шикі өкпе қанға боялып құлап түсті. Өлім мен өмір жайлы өте толық түсінбесе де, адам өлтіргенін анық аңғара алатын жастағы "түйнек" жауынан түсірген жарым олжасын жанын сала сүйреп адам аяғы аз басатын қараңғы қалтарыстағы шұңқырға апарып тастады. Бетін бұдан ары жасыруды "батыр" ойлаған да жоқ. Істеуге тиісті істі істеп болғандай, алақанын ысқылап, адымдай қайтты үйіне. Бір ғажабы, жүрегіне ешқандай қорқыныштың елесі білінбеді. Алынған "өшінен" алыстай бере артына себепсіз бұрылып қараған ол өлген баланың өзіне ілесіп келе жатқанын аңғарды. Кілт тоқтап қараған еді, ешкім көрінбеді. Қараңғы көше қамсыз мүлгіп тұр; таңғалғанын жол жиегіндегі ағаштар ғана сыбдырлаған сыбырларымен білдіріп тұр екен.
Ол келгенде анасы үйде жоқ екен. Үнсіз өз бөлмесіне кіріп карауатына сұлай кетті. Айтпақшы, күнде өз бөлмесінде болатын ақ кептер де көрінбейді. Терезеде жабық тұр. Көрінбегені қалай? Осы жанұяның қалған төрт мүшесінің бірі еді, қайда кетті екен? Бірақ оны іздеуге зауқы соқпады.
“Мен бүгін адам өлтірдім. Жоқ, мен тек өшімді алдым. Өш алсам да адам өлтірдім ғой. Жоқ,бұл адам өлтіру емес, қылмыс болуы тіпті мүмкін емес. Бұл бөтеннің бетіме түкіріп, кеудемнен итеріп жетімсің деп желкелеп келген жауыздығының жауабы. Жауыздыққа-жауыздықпен жауап қайтарғанның несі айып, бірге-бірдің тең екенін кім білмейді. Осылардан өшімді алып болып өзім өлсем де, мейлі.Солай емес пе, әке?”-қарсы қабырғадағы әкесінің үлкейтілген суретіне қараған еді, әйнектің ішіндегі әкесі әрең шыдап тұрғандай құрсауынан қарғып түсіп қасына келді. Қолынан ұстап жауап бере бастады: “Ұлым, адам бұл өмірге өлу үшін емес, өнегелі істерді егу үшін келеді. Өмір-үйдің табалдырығын жаңа аттаған жас қозым, жаңылысып жаза басушы болма! Сенің бүгінгі тірлігіңді тудырған ортаңның озбырлығы. Алайда, олардың жалмауыздығы мен сенің жауыздығыңды салыстыруға болмайды. Бұл он мен бірдің қайсысы үлкен деген күлкілі сұрау тудырады. Мәселен, мен алдымен өзімнің қалай ғайыпқа аттанғанымды айтайын...”
Осы кезде салдырлай ашылған сыртқы есік пен саңғырлай шыққан сасқалақ дауыс әке "әңгімесін" аяқсыз қалдырды. Не болғанын білгелі ауыз үйге шыққан оған қасқыр көршісінің келіншегі қарсы ұшырасып, кенжелерінің әлі келмегенін айтып, бұдан “көрдім!”деген көңілді сөзді күтіп үміттене қарады. Енді ғана онға толған монтиған момақан баланың мұның алдағанына сеніп, мұрынын пышылдатып соңынан ерген бейнесі бір демде көз алдына келе қалса да, көрмегенін айтып, көзін жыпылықтатып, басын шайқады. Жасқа толып жаутаңдаған ана жанары бұған әлдене дәмете қараған сол сәбидің кінәсіз көзінен аумайды екен. Бұл соны ойлап тұрғанда балапанынан айырылған бейбақ ана ауызын арандай ашқан қорқау қараңғылықтың қойнына қайта сүңги жөнелді. “Ол енді сізге жоқ,”- деп күбірлей келіп карауатына жантайғаны сол еді, көзіне ұйқы тығыла берді.“Апырау, анамның әлі қайтпағаны қалай?”
Таңертең ерте тұрып мектебіне кеткелі жатқанында сырттан анасы кіріп келді. Жүзінен қалжырағандықтың бейнесі білінеді. Қызарған көзі түнімен ұйқтамағанын айғақтап тұр. Киімі де топыраққа былғанған. “Не болды екен, ә?” Сабақтан кешігетіні есіне түсіп сұрауға үлгірмей жүгіре жөнелді. Жол-жөнекей сәбидің сүйегін тастаған шұңқырға келіп үңілген ол аңырып қалды. “Жоқ қой. Қайда кетті екен? Мүмкін ата-анасы тауып алған болар”. Бұдан ары ойлауға ойы да, уақыты да жетпеді...
Кешке мектептен көккөз көршісінің өзімен құрдас үлкен ұлымен бірге қайтты. Інісінің әлі табылмағанын айтып налыған сабақтасының сөзін басқаға бұру үшін оған:“Әкең мені жетімсің деп кемсітеді?!”-деп өкпесін айтқан еді, қасқырдың бөлтірігі арс ете түсті: “Жетім екенің өтірік пе? Жетім болғаныңды анаңнан көр, әкеңді өлтірген өз анаң. Оны менің әкем айтқан,”- деп шұбата жөнелді. “Қап мына қасқырдың бөлтіргі қалай-қалай қыңсылайды, қазір көрсетейін саған” деп әлденені сылтауратып кейін қала берді де, соңынан кеп сумкасының бауымен қылқындыра қойды. Қарсыласы қанша тырбынса да қоя бермей тұрды-дағы, сабақтасы сылқ ете түскенде ғана босата салды. Бауыздалған қойдың тырбыңдап жатып жаны шыққанда сұлық қалатынын талай көрген ол құрдасынан қан шықпағанымен, жан шыққанын анық аңғарып, сүйреп апарды-дағы інісін жұтқан шұңқырға тастап жіберді.
Ол ауладан кіргенде арсалаңдап алдынан шығатын сұр төбетінің бүгін жоқтығына таңырқап, үйге кіре анасынан сұрады. Оны анасы қайдан білсін. “Жанұядағы төртеудің екеуі жоғалып, екеуі ғана қалдық па?” - деп кейіген кесірлі ұл анасының алдынан кердеңдей өтіп өз бөлмесіне кірді. Кірген бойда альбомды ашып, әкесінің соңғы суретін тапты. “Әке, сені өлтірген кім?” деп сұрады. Альбомнан аттап шыққан әкесі әлденеге бөгелгендей мүдіріп барып: “Мені өлтірген...”- дей бергенде, анасы тамақ дайын болғанын айтып кіріп келді. Сурет сөзі тағы аяқсыз қалды. “Ім,түсіндім. Әкемді сен өлтіргенің шын болды, маған оны естіртпес үшін дәл осы сәтте тамаққа шақыра қалғаның ғой” деген оймен баласы анасына кіржие қарағанда, анасы: “Әкеңнің суретіне сәт сайын тесілетін болыпсың, сағынғаның ғой. Марқұм әкеңнің мерт болу жәйін айтсам, өзіңнен әлде қайда әлді жауларыңнан кек алам деп кесірге ұшырайсың-ау, құлыным, есейгеніңді тосайын” деп ойлады.Анасына өшіккен ұл тамақ ішпей теріс қарап жатып қалды. “Әй, қанышер анамды қайтсем екен?...”
Таңертең сабаққа бола тағы ерте тұрған ол анасының бүгінде ұйқтамағынын аңғарды. Бүгінде сырттан келген секілді, сырт киімдерін әлі шешіп үлгірмепті. Себебін сұрауға оқтала бергенде көрші әйел күңіреніп кіріп келді. Жоғалған кішісін таба алмай жүргенде, кеше үлкені тағы үйге қайтпағанын айтып жылап жіберді. Өтірік айтуға үйреніп қалған басын шайқай салған. Бұл анасының әлденеге сасқалақтап, көрші әйелдің көзіне қарсы қарай алмай жасып тұрғанын байқады. “Бөтендердің алдында бүгежектеуін қарашы, осы түрімен әкемді өлтіруге қалай дәті барды екен” деген оймен анасына тіл қатқысы келмей жүре берген еді.
Жолшыбай өзі салған "зираттыққа" соқты. Міне, ғажап, бүгін және жоқ. “Ата-анасы тауып алмағаны белгілі болды. Анасы аңырап әлі іздеп жүр қос ұлын. Ал онда қайда?! Ит жеп кетті ме?! Бір тамшы қанын да қалдырмай қандай қомағай ит жей алады. Жоқ, сөзсіз басқа бір сыры бар бұның”. Осы ойлардың жетегінде мектепке жеткенімен, сабаққа зауқы соқпады. “Бұның "зираттығын" тонап жүрген кім болғаны? Жоқ, әлде ана бір шұңқырда жасырын қасиет бар ма? Мүмкін, мәйітті сол шұңқыр жұтып қойған болар?” Санасын сарпалдаңға салған осы сұраулардың жауабын таппай жабырқау қайтты үйіне. Анасы ұйықтап жатыр екен, екі түнгі ұйқысыздық әбден қалжыратқан сияқты. Айтпақшы, анасы қайда болды екен осы екі түн? Ас үйге келіп асқан тамақты іше отырып: “Әкемді неге өлтірді екен, осы кінәсі үшін анамды қайтсем екен?”-деп ойлана қалған озбыр ұл әкесінің үлкен қара пышағын көргенде ең жақсы амалды тапқандай жайнап сала берді. Қылшылдаған қара пышақты қолына алып, анасы жатқан бөлмеге кіріп барды. Анасы әлі ұйқыда жатыр. “Әкемді өлтіріп, мені жетім қалдырғаның үшін міне жазаң!”. Қара пышақты қаймықпастан қақ жүректің тұсынан сұғып алды. Тік шапшыған қып-қызыл қан бүкіл бөлмені бояса да, қасында тұрған қандықол ұлына бір тамшы да шашырамады...
...Мезгілсіз қазаға ұшыраған марқұм анасының мүрдесін сүйрей жөнелді. Бейшара ананың мүрдесі тым жеңіл, тым тез сүйрелді. Залым ұл зыр жүгіріп "зираттыққа" (өзі салған) келген бетте, анасының жансыз денесін, мүрдені мүлде жұтып қоятын "қасиетті" шұңқырға табыстап үлгерді. Бұрылып жүре бергені сол еді, жүрегі зу етіп, денесі ток соққандай дірілдей жөнелді. Басынан құлдай бір ағын жүріп барып бар денесінің, жан дүниесінің жарымы бөлініп шыққандай болды. Бұған да назар аудармаған "батыр жігіт" алыстаңқырап барып артына қарағанда, анасының қасында өзінің тұрғанын көрді. Жаңағы бөлініп шыққан жартысы анасын қимай жүрген секілді. Оған таңғалатын несі бар, бұның да жүрегінде анаға деген махаббат болған ғой бұрын...
Үйге қайтпақшы болып еді, үйін мүлде таба алмады. Ақыл есі ана бір жартысында қалып өзі нәдүріске айнала бастағанын сезді. Түнімен дала кезіп жүріп, таң атып, күн шыққанда анасының мүрдесін қалдырған жерге келді. Ғажап. Анасының мәйіті әлі орынында жатыр, ешқандай өзгеріс жоқ. Кенет ол анасының жанқалтасынан шығып тұрған жапырақтай қағазды көрді. Жұлып алғанда жанарына жалт етіп анасының аяулы қолтаңбасы басылды:“ Ұлым, менің мүрдемді де мүрдемге кетті деп келген боларсың, олай болмайды. Себебі, сенің алдыңғы күнәләріңді мен көтердім, екі баланың сүйегін де сонау таудың баурайына апарып көмдім. Екі түн жоғалған себебім осы болатын. Ал менің сүйегім саған аманат”. Аңырып тұрып қалған оның қолындағы жапырақтай қағаз желп етіп көтерілді де, ақ кептердің бір тал қауырсынына айналып желге ұша жөнелді. Сәл биіктеп барып ақ кептердің өзіне айналды да мүлде көрінбей кетті.
...Әкесінің көзіне қараған еді, әкесі көзге шұқыды: “Осыны айтуға бір мүмкіндік бермедің-ау, малғұн! Мені өлтірген шешең емес, сол көккөз көршінің өзі еді ғой. Жазықсыз баланың, жазықсыз анаңның жанын жалмадың, жауыз!!!” Іш-бауыры езіліп кетті. Жылады. Жас шықпады. Қандықол құныкері қасқыр көршісі екен-ау. Кеше күйі кем бала болса, бүгін тайыншадай төбетке айналған. Қазір барып жарып тастайды. Тістері сақылдап, жанары жарқылдап шаба жөнелді...
“Анаңның бетін жасыра кет!”
Әкенің де соңғы әмірі орындалмай қала берді...
Автор: Қуанышхан Өмірхан
суреттер:dp.ric.ua
Дайындаған: Фараби Арыстанбек
Л. Лига