Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Камзина Алияның шығармасын ұсынамыз.
Камзина Алия Баяновна, 1996 жылдың 24 қыркүйегінде Ресей Федерациясының Қорған облысында туған. 2003-2014 жылдары Петропавл қаласындағы классикалық гимназияда, 2014-2018 жылдары Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде xалықаралық құқық мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі күні Нұр-Сұлтан қаласында жекеше нотариустың көмекшісі қызметінде жұмыс атқарады.
***
Менің Отаным болған – әкем мен анама арнаймын.
Туған жерге айтар сөздеріміз өміріміздің әр кезеңінде әр түрлі екен. Бала кезімізде, әсіресе мектеп қабырғасында бізді Қазақстанды сүю керектігіне, туған жерімізге, оның байлықтары мен қазыналарына сүйіспеншілікпен, әрі асқан патриоттық сезіммен қарауға үйреткен еді. Дәл сол шақты еске алсам, мен үшін Қазақстан ойға қонымсыз ұлан ғайыр ел ретінде, соншалықты алыс болғандықтан, мен жете алмайтын қалалардан тұрады деп білдім. Өзім Қазақстанымыздың ең солтүстігінде орналасқан ең кішкене қаласында тұрғандықтан болар, және мемлекетіміздің басқа қалаларына бармағанымнан болар, Қазақстан менен соншалықты «алыс» болып көрінді. Мен үшін Қазақстан – бұл теледидардағы биік трибуналардан сөйлеген саясаткерлер мен шенеуніктер болды, ел намысын түрлі додаларда қорғап жүрген спортсмендер еді, не болмаса Қазақстанды Астана мен Алматыдан тұрады деп санадым. Сол кезде мен теледидар мен газеттердегі "Қазақстанды" сүйдім, Астанаға көшуге асыққаным содан болар...
Өзім болсам көршілес Ресейде тудым. Бір жасымда отбасымызбен әкемнің туған жеріне – Петропавлға бой түзедік. Петропавлда маған өз заманымның ең үздік бала бақшасында, одан соң ең озық мектебінде тәрбие мен білім алу бақыты түсті. Өзімнің барлық армандарымның орындалуын еліміздің астанасында көрдім. Міне, өз армандарымның орындалу жолында мен Отанымның мәнін, оның қадірін, оның байлықтарын, оның кереметтерін, оның бәрісін сезіне алдым, түсіне алдым.
Ең біріншіден айтқым келетіні: Отаным – бұл Ресей мен Қазақстан. Жеке куәлігімді алып қарасақ, менің кіндігім Ресейде, атап айтқанда Қорған облысында кесілді. Бұл факт өмір бойы менімен серік болады, не істесем де, қайда барсам да, мен Ресей деп аталатын мемлекеттің тумасы болып қала беремін. Мен үшін бұл ақиқат ешқашан кедергі болып көрінген емес, тек, Қазақстанның Президенті бола алмайтынымды есептемегенде (Конституциямыздың 41 бабын қараңыз). Мен әрқашан Ресейді өзімнің нағыз туған жерім ретінде білдім және біле беремін. Неге десеңіз, себебі Ресей тек менің ғана туған жерім емес, сонымен бірге менің анамның да туған жері, оған қоса, өмірінің үлкен бөлігін мамам Ресейде өткізді: оның балалық шағы, жастық шағы, білім алғаны, маман ретінде қалыптасуы – барлығы Ресеймен байланысты. Екінші себеп – әкем өзінің жұмыс жолында биік шыңға жеткен кезі Ресейде өтті. Ол заманда орыс жерінде биік мансапқа жеткен қазақтардың қарасы болмағанмен тең болды, бірақ, орыс жері қазақ баласын – әкемді қабылдап, оның маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік берді, жол ашты. Үшінші себеп – Ресей ата-анамның қосылуына түрткі болды. Бір осы себеп маған Ресейге сүйіспеншілікпен қарауға негіз болады. Мен осы себептер үшін, Ресей маған осындай ана сыйлағаны үшін, әкем өз ісінің маманы ретінде өзін көрсете алғаны үшін, жалпы алғанда өз ата-анам үшін Ресей алдында бас иемін.
Қазақтар «елің қай жақ?» деген сұрақты амандасудан кейін бірден қояды. Астанаға көшкеннен кейін бұл сұраққа жиі жауап беріп келемін. Сол кезде елім – Солтүстік Қазақстан, оның ішінде ұлы Мағжан Жұмабаев дүниеге келген жерінің тумасымын деп жауап беремін. Мағжан атамыз Сарытомар ауылында туса, әкем сол Сарытомарға көршілес Бәйшілік ауылында туып өскен еді. Халқымызда «әке Отаны – бала Отаны» деген қалыптасқан сөз бар. Мен әрқашан бұл сөзге берік болып келемін. Әжемнің жастайында Мағжан атамыздың халық ішінде таралған өлеңдерін жусаннан қайнатылып жасалған сабынның арасында тығып сақтап жүргенін әкем көп айтатын. Қазіргі біздің ұрпақ жерлес ақынымыздың кез келген шығармасын емін-еркін оқи алатынымыз үлкен бақыт деп түсіндіріп еді әкем. Ауылға барып, айналаға көз жүгірткенде, дәл осы жермен Мағжан атамыздың өзі жүргенін, нақ осы ормандарды аралап, өлең жолдарын жазып отырғанын елестетуге тырысамын, сол кезде мені маған таңсық бір сезім баурап алады. Мағжан атамыздың жиені Ғ. Қаһарманов ағасы жайлы естелігінде: "Бірде Мағжан ағамыз Сарытомарға қонаққа келген еді. Жұбайы Зылихамен Сасықкөл жағасына келіп, ұсақ тастарды қолына жинап, бетіне әкелді де: "Тіпті туған топырақтың тастарының өзінің қайталанбас жұпар иісі болады. Мұны әрқашан есте сақтаңдар!", – деген екен. Туған жердің қасиетін сезе білген Мағжан атамыз үшін өз жерінен асатын жер жоқ болып көрінді маған.
Мағжан Жұмабаев атамызды неліктен патриот азамат ретінде санаймыз? Себебі, ақын жырлаған лирика – табиғат, махаббат лирикасы. Туған жердің табиғаты Мағжан атамызды баурап және шабыт бергені соншалық туған жердің табиғатын әр шығармасынан табуға болады. Мағжан Жұмабаев туған топырақтың гүлін де, орманын да, жарқыраған күнін де, еркін желін де, әрбір тасын да ерекше көрген, оларды туған жердің ажырамас бөлшектері ретінде бағалады. Ол сол бір туған жердің әр бөлшегіне берік болды. Міне, оның Отанға деген айтары сол еді, менің ойымша. Оның Отанға деген махаббатын бұл жерден осылайша көре алдым.
Өзіме, ата-анама, туған-туыстарыма, достарыма қарасам, тұла бойымдағы бар мінез, тәрбие, өмір мен әлемге деген көзқарас сол Отанымның топырағынан екен. Отан менің құжаттарымда тек туған жерімді ғана атап көрсетпейді, Отан менің барлық өмірімнің жасаушысы болып шығады: ол менің ата-анамды менің ата-анам ретінде қалыптастырды, маған мінез-құлық, болашаққа бағдар, отбасым мен үйімді, туыстарым мен достарымды сыйлады. Өзімнің дәл бұл шағымда, 23 жасқа таяғанда, маған соншалықты «алыс» болып көрінген Қазақстан маған қасқағым сәтте өте жақын болып шықты. Өйткені, Отанымыз Қазақстан тек өзінің Батыстан Шығысқа, Солтүстіктен Оңтүстікке дейін алып отырған территориясымен шектелмейді, Отан – тек жер-топырақ, тек қалалар мен ауылдар емес. Отан – бұл сенің жүрегіңдегі, сенің санаңдағы сезім мен махаббат. Дүниенің басқа бір бұрышында болсақ та, жүрегіміздегі Отанға деген тебіреніс пен махаббат сезімі бізбен бірге болады. Жүрегімізде Отанға деген махаббат бола бергенше дейін Отан әрқашан бізбен бірге болады. Кішкентай кезімде мамама: "барлық әндер мен өлеңдер тек махаббат туралы екен", – деп айтқаным бар, сонда анамның осы бір жауабы әлі күнге дейін есімнен кетпейді: "Махаббат тек қыз бен жігіттің арасында ғана бола бермейді, отбасыңа, әкеңе, анаңа, табиғат пен Отанға деген махаббат та болады. Сондықтан да әндер мен өлеңдер әрқашан махаббатты арқау етеді".
Енді түсінгенім, Отан ол – менің айналамдағы бәрі: менің әкем, менің анам, туыстарым, туып өскен шаңырағым, барған бала бақшам, мектебім, университетім, білім берген тәрбиешілерім мен ұстаздарым, жұмыс істеп жүрген жұмысым, күнде өтіп бара жатқан көшелерім, тіпті күнделікті мініп жүрген автобусым мен оның кондукторы. Астана болмаса мен өз армандарымның күшіне сенер ме едім? Сондықтан да, Отан – бұл Астана, мен үшін. Тағы түсінгенім – Отанды сүю үшін биік трибуналардан сөз сөйлеп, ерлік жасаудың керегі емес екен. Ел үшін ерлік жасау – патриоттылық, бұл сөзсіз. Дегенмен, Отан ерліктен басталмайды. Бұл жайында ой қозғаған халқымыздың батыры Бауыржан Момышұлының келесі бір сөзін атап көрсеткім келеді: "Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады", – деген екен. Отан отбасыдан басталатындығын халқымыз бұрын дәлелдеп берген. Отан – бұл отбасыңды сүю, ата-анаңмен уақыт өткізу, жақындарыңа қамқорлықпен қарау, отбасыңды құру, өз ісіңде, жұмысыңда адал болу, үлкендерге жол беру, кішілерге қол ұшын созу деген ірілі-ұсақты нәрселерден тұрады. Бұларсыз қолымыздан ешқандай ерлік келмейді. Міне, мен үшін Отан, Отанға деген сезім – осындай.
Өз Отанымда өмір сүріп жатқаным үшін бақыттымын. Менің әрбір қадамымда Отаным менімен бірге болғаны үшін бақыттымын. Өз елімде өсіп, білім мен тәрбие алып, армандарымды құрып және олардың орындалуын сол Отанымда жүзеге асырып жатқаным үшін бақыттымын. Отан – мендік, маған берік, мен болсам Отаныма әрқашан берікпін. Отаныма айтқым келгені осы...