Қали Сәрсенбай. Бір құшақ бәйшешек (жалғасы)

Павароттидің сәлемі

–     Осы баланың арқасы бар. Сұңғат, әй, Сұңғат, қайдасың, жарығым! Қайт енді, әкеңнің ашуы қайтты, қой енді, балам, қоя ғой.

Шешесінің дауысы қадам жерден естіліп тұрса да бұл демін ішіне тартып үндемейді. Бала кезден әдеті сол, біреу ұрысса үйден тұра қашатын. Үйдегілердің бұған әбден еті үйреніп кеткен, қайда жүргеніне біреуі селт етпейді, сәлден соң шыдамы біткен шешесі байғұс іздеп шығатын.

Аурухана төсегіне таңылғалы бері шешесін көп есіне алатын болды.

– Кеше түсіме шешем кіріп, шақырып жүр, осы жылдан қалмайтын шығармын, – деді қасында жатқан түрік пе, шешен бе біреуге.

Заманында дүние жүзін аузына қаратқан атақты әнші алып шаһар шетіндегі бір тымырсық аурухананың алты адамдық палатасында бір күні бір жылдай болып өтіп жатты.

Түс демекші, Сұңғат ауруханаға түскелі жиі түс көргіш болып алды.

Түсіне қай-қайдағы емес, сонау көркем күндері кіріп, күнде бір кино көргендей түрлі сезімді бастан кешеді. Оянып кетсе неге ғана ояндым екен деп қатты өкінеді. Кейде сол ғажайып түстерін үзбей көргісі келе ме, әлде мұны бір жын иектеп жүр ме, неге екені бір Құдайға ғана аян, ұйқыға жатарда «оятпашы мені» деп жазып қоятынды шығарды. Бұл тірлігіне қасында жатқан біртүрлі адамдар одан сайын қайран қалысады. Тағы да әдеттегідей түс көрді. Ұзақ түс. Шытырман оқиғалы түс.

Миланның көшелері. Сол көшелердің тас қабырғаларына жапсырылған афишалардағы көркем қазақтың келбеті жүргіншілерді аялдатпай қоймайды. Осы бір сәт көзден тез тасаланып, тағы бір көрініс пайда болады.

Көрдей қараңғы түн. Аппақ киім киген бір кісі көрінеді. Өте биік, сұлу, зор денелі. Дауысы лебізге толы, қоңыр. Бауырмал. Мейірімді, кейде өкініп, өзегі өртеніп сөйлейді. Екеуі кәдімгідей өңіндегідей сөйлесіп тұр, бірде жаңағы қаптаған афишалардың арасында, бірде сахнада жүреді.

– Ауырып қалдың ба, Сұңғат? Мен де ауырып жүрмін.

– Иә, ауырып қалдым, сеньор Лучано! Біздің қазақта «Ауырдың, аунап тұрдың» деген сөз бар. Ештеңе жоқ, ертең-ақ шауып кетемін. Не көрмеген бас. Қазақтар да итальяндар сияқты қызуқанды, төзімді халық қой, анау-мынау сырқатыңды елемейді.

– Қазақ дейсің бе? Сендей дауысы бар халық биік болуы керек қой. Өзің айтқан бір ұлы композитордың «Мен мынадай ән шығарған халықты көруім керек» деген сөзі бар еді ғой. Ол көрді ме, көрмеді ме, мен білмеймін. Бірақ мен бұл халықты етене білмесем де, сен арқылы білдім, Сұңғат.

–     Француздың атақты жазушысы Ромен Роллан «Бүткіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп те тамсанған. Сіздің айтып тұрғаныңыз Рахманинов шығар?..

– Мүмкін...

– Сол кісінің дәл өзі. Қазақтың халық әні «Япурайды» тыңдағанда айтқаны ғой, жарықтықтың. Сіз біздің «Құрманғазыны» тыңдамаған екенсіз.

– Неге тыңдамайын, өзің берген күйтабақ бар ғой, оу, ол құдірет қой. Қайсыбір жылы, біздің бала кезімізде Парижді шулатқан азияттардың ішінде сенің бір бауырың да болған. Ойпырмай, дауысы мұндай зор болар ма, дейді менің әкем. Сенің одан хабарың бар ма?

– Қойыңызшы, сіздің әкеңіз Әмірені тыңдаған ба? Ол Әміре атамыз ғой. Әттең бірінші орын алатын еді.

– Бірінші орын алмаса да дүниеге аты кетті ғой.

–     Айтпақшы, сізге ол кісінің неге бірінші орын алмағанын айтайын ба, өзі бір қызық хикая.

– Қане, тез айтқын.

Лучано кеткісі келген сыңай білдірді.

– Лучано, асықпаңызшы, бәлкім мен осы бір сәтті ғұмыр бойы күткен болармын. Менімен сырласатын тірі пенде жоқ бұл елде.

– Жақсы, жарқыным, жақсы.

– Бұл өзі бір аңыз тәрізді, бірақ шын дейді. Айырпланның өз биігіне шығып, бір қалыпты ұстап тұратыны тәрізді Әміре ағамыз дауысы әбден шырқау биікке көтерілді-ау дегенде, домбырасын қатты ұрғылап жіберсе керек, өзіңіздің бірде айтқаныңыздай, бізде виртуоздық ән айтумен қатар аспапты шебер тартуынан да аңғарылады ғой. Сол мезетте домбыраның тиегі ұшып кетеді де, ағамыз дауысын үзбей жүріп, тиекті іздеп тауып алады да, орнына қоярда түкіріп жібереді. Бұл біздің қанға сіңген әдетіміз. Содан «сахна мәдениеті» деген ескеріліп, екінші орын алыпты.

Лучано мәз болып, ауыр денесімен селкілдей күлді.

– Олар біртуар адамдар ғой. Біздің итальяндарда да ондай самородоктар баршылық. Ұмытпасам, сенің әкең жылқышы еді ғой, осы?

– Иә, Лучано, ұмытпапсыз. Жер қайыстырып жылқы айдаған. Менің әкем даланың рыцары болған.

– Сұңғат, алғаш «Ла-Скалаға» келгендерің есіңде ме? Совет Одағынан стажировкаға оншақты адам келіпті дегенді естіп, бір түрлі көрмекке құмартып жетіп барғанмын. Онда орда бұзар отыздан енді асқан шағымыз, бәрі де жарасымды еді ғой. Сонда, сонша жұрттың ішінен сен мені ерекше баурап едің. Біз Совет Одағынан келетін адамның бәрін орыс деп қабылдаушы едік, ал сен мүлдем бөлексің, екі көзің боталап тұр екен.

– Ой, ол күндерді қалай ұмытасың, ұмыту мүмкін емес қой. Сіздің «Ла-Скалада» мастер класыңыз болушы еді. Бірнеше адаммен сөйлестіңіз де, маған келгенде жарты күн уақытыңызды бөлдіңіз. Менің қандай ұлттың өкілі екенімді, дәстүрімізді, мәдениетімізді сұрадыңыз. Сол күннен бастап біз бір-бірімізді бұрыннан білетін кісіше араласып кеттік. Сондағы біздің кездесуіміз қазір ойлап отырсам, талайдың ішін күйдірген екен. Кейін әбден зардабын да көрдім ғой. Өзіңіз білесіз, біздің жатқан-тұрғанымыздың бәрін аңдушы еді. Алғаш рет осы «Ла-Скалада» сіздің орындауыңызда «Богомедағы» Рудольфтың партиясын естігенім әлі есімде. Ғажап, ғажап!..

– Айтпа, ол күндер енді қайтып оралмайды.

– Ұмытпасам, Сіздің әкеңіз аспаз болды ғой осы?

– Иә, нан пісіруші болды. Бір қызық жайды айтайын. Жалпы менің әкем керемет әнші еді. Бірақ бұл жолға шын түскен жоқ. Оның үстіне менің әнші болуымды да аса қаламады. Еркектің ісімен айналысу керек дейтін. «Болсаң Карузодай әнші бол, әйтпесе басты қатырма» дейді. Ал мен «Карузо да керек, Паваротти да керек» деп қоймаймын. Қызық, сол кездегі бала түсінік пе, нота үйренсем болды ғой деп ойлаймын. Сондағы әкемнің айтатыны ғой. «Ең бастысы Құдайдың берген дарынында, нота деген ноқта тәрізді алдамшы, көз байлаушы нәрсе. Мәселен, мен ешқандай технологияны шебер меңгермей-ақ нан пісіріп жүрмін ғой. Жұрттың бәрі неге сенің әкең пісірген нанды алады, айтшы» дейді әкем. Ал, шешем менің мұғалім болғанымды қалады.

– Менің де әкем бірбеткей кісі еді. Әнші болғанымды аса ұнатпады. Тағдырымыз қандай ұқсас?!. Лучано, айыпқа бұйырмаңыз, осы сіздің көздеріңізде бір мұң бар тәрізді.

– Маған да дүние жүзінің журналистері осындай сұрақты жиі қояды. Әлемдегі ең ғажап үш тенордың бірінің көзінде неге мұң болуға тиісті дейді. Осылар қызық-ей, мұңсыз өнер туа ма? Мұң өнердің егізі емес пе? Журналистер адамның жанды жерінен ұстауға құмар ғой. Кейде күйініп, көзімде де, өзімде де шаруаң не дегің келеді.

– Олай десеңіз бітті ғой. Журналистер үшін сізді айдай әлемге басқаша танытып жіберуі түк емес. Бірде маған да бір журналист келді. Шынымды айтсам, бұл менің баяғы биігімнен түсіп, көп мұғалімнің бірі болып жүрген кезім.

– Қалайша, сен қазір ән салмайсың ба? Кезінде бүкіл Миланды афишасы жайлап кеткен сеньор Сұңғат Саттаров ән салмай ма? Мынау қасірет қой. Қалай ән салмай жер басып жүрсің?

– Менің бір осал тұсымды тап басқалы тұрсыз-ау. Ол жағын кейінірек айтайыншы.

– Жарайды, жаным, жарайды.

– Содан әлгі тілші не дейді дейсіз ғой?

– Иә, не дейді, жарқыным, не дейді, тезірек айтқын, бауырым сыздап барады.

– Әлгі тілшінің бастығы, бас редактор елімізге кеңінен танымал адам еді, сол кісі былай депті бір лездемеде: «Баяғыда Сұңғат Саттаров деген бір жұлдыз туған, сол жұлдызды бәріміз жабылып жүріп өшіргенбіз» депті. Содан әлгі журналист жатса-тұрса мені іздейді ғой. Сондағы журналистің айтқаны не деңіз? «Сіз бе, жұлдыз?» дейді.

– Оны қойшы, кім не демейді? Бұл сұмдық екен, сен неге ән салмайсың?

– Ол енді ұзақ хикая ғой. Сахнаны өлердей сағынып жүрмін. Біздің қазақта «тағдырдың жазуы» деген сөз бар. Сол заңмен өмір сүріп жатырмыз.

– Ол мүмкін емес, жұрттың бәрі Робертино Лореттидің тағдырын кешу керек пе сонда?

– Айтпақшы, сол әнші қайда қазір? Италияда сонша жыл жүріп бір кездесудің сәті түспеді. Сізбен кездескен күндерді ғұмырымда ұмытқан емеспін. Жамандық ұмытылмайды, жақсылықтың тез ұмытылып қалатыны несі екен?

– Шынында да 14 жасында шыққан Робертино әлемдік құбылыс болды ғой. Оның «Ямайкасы», «Мамасы» бәрімізге де үлгі еді. Бірақ өкінішке орай біз оны ұстап тұра алмадық. Оның түбіне жеткен ерте келген даңқ. Дауысын сақтау керек еді. Біз оны ат секілді пайдаландық. Оған күндіз-түні тәжірибелі ұстазды жегіп қою керек еді. Қазір оның дауысын тек мейрамханадан, теледидардан ғана естисіз. Ал енді сен туралы дәл осындай хабар естимін деп ойлаған жоқпын. Сұмдық қой мынау.

– Менің түбіме жеткен де сол ерте келген даңқ. Оның үстіне бізде арақ деген бір пәлекет бар ғой. Сонан соң жұрттың өсегі, қатын-қалаш, қыз-қырқын...

– Сол да сөз болып па екен? Бойтұмарың қайда?

– Апырай, айттым ғой, сіз менің ең әлсіз тұсымнан ұстағалы тұрсыз-ау. Апам берген бойтұмарды сол Италия сапарынан келген соң көп ұзамай жоғалтып алып едім, содан жолым болмады.

– Міне, гәп қайда? Ол рас. Адамның бір жебеуші, қорғаушысы болады. Ол сені сырт күштерден, әсіресе, қадалған мың сан көздердің сұғынан қорғайды. Менің шешем осы жағына қатты мән беретін еді. Әкем серілеу, өте сұлу адам болды жасыңда. Ол қалаға барған сайын шешем қалтасына шеге салып жіберетін. Кейіннен әлгі шеге менің қалтама көшті. Сондағы шешемнің айтатыны ғой: «Сен ән салғанда миллиондаған көздер қадалады, сонда мына шеге әлгі көздердің сұғынан сақтайды» дейді. Шынында осы шеге маған көп көмектесті. Әлгі бір журналистердің жазуынша мені бірде сахнаға 10 мәрте шақырыпты. Міне мен содан бері бұл шегені жанымнан тастамаймын.

Сен бекер істегенсің.

– Енді бәрі кеш қой. Қазір дерттімін.

– Ешқандай да кеш емес. Сендей таланттың қадірін елің білуі керек. Мұндай жағдай менің басымда да болған. Бірақ сәл ертерек. Әлгі, не деуші еді, жұлдыз ауруы дей ме?

– Баяғыда «Ла-Скаланың» алдындағы алаңқайда отырып құстар туралы айтысқанымыз есіңізде ме? Ол енді ғажап! Егер сізге әншілік қонбағанда шебер әңгімеші болар едіңіз құдайақы.

– Ұмытпаған екенсің. Кісі баласы мына өмірдің бұралаң сәттерінен ойдағыдай өтіп кетуі үшін де қабілетті болуы керек қой. Кейде өзімізді бір өнбейтін іске байлап қоятынымыз бар. Дауысты да күту қажет. Ол үшін адамның жан дүниесі өзін бостан сезінетіндей тірлікпен айналысу керек. Мәселен, атақты Страдивари скрипка жасағанда онымен баласындай сөйлеседі екен. Ал сен дауыспен қалай сөйлесерсің. Мен өзімді, дауысымды баптау үшін де амал ойлап таптым. Қарап тұрсақ, табиғаттың өзі тұнып тұрған концерт. Кейде мен орманға барып бұлбұлдың дауысын тыңдаймын. Гүлдерге, теңізге қарап тұрып демаламын. Сөйтіп табиғаттың бекзат көрінісі менің тұла бойымды бір керемет сезімге бөлейді. Жан дүниемді емдеп қайтамын.

– Сіз нағыз рыцарь болдыңыз ғой. Жалпы итальяндықтардың бойында қазаққа ұқсас қасиеттер бар. Әлгі рыцарь дегеніміз бір қарағанда біздің қазақтың сал-серілеріне де келетін тәрізді. Бізде де Ақан, Біржан секілді сал-серілер болған. Ақан сері мына қарабайыр өмірден шаршағанда, бір сәт табиғат аясына кетіп тыныстаған, Көкжендет, Қараторғай деген жан серіктері болған. Біздің қазақта «құстан асқан әнші жоқ» деген сөз бар.

– Білем, білем, шығыстың әйгілі жыршылары Хафиз, Хилашлардың таңмен таласа тұрып бақтан шықпай бұлбұлмен бәсекелесіп жыр жазғанын естігенім бар.

– О, Лучано, сіз мені тұңғиыққа тартып әкетіп барасыз ғой. Менің жан дүнием көптен бері осындай әңгімені аңсағалы қашан?! Бүгін тұла бойым бір дүр сілкінді-ау. Мен Мәскеудің атақты Чайковский атындағы консерваториясын бітірдім ғой. Сонда осы құстар туралы оқытқанда бір әсем әлемге еніп кетуші едік. Тазалық пен тартымдылық тәңіриясы ғой бұл дегенің. Біздің адамдарға құстар өмірінен бір ырғын дәріс оқыр ма еді?. Әйгілі әнші Нежданова кезекті концертке шығар алдында Мәскеу түбіндегі ормандардағы бұлбұлдардың дауысын тыңдап қайтатынын бізге тамсанып айтушы еді.

– Сен Вердидің «Маған тұтас бір музыкалық фантазия жасау үшін құстың бір ғана түшкіргені жетіп жатыр» дегенін естімеген екенсің.

– Ғажап айтқан екен. Бірақ сіз, Лучано, білесіз бе, бұлбұлдың тек еркегі ғана ән салады екен.

–     Қарай гөр, солай ма? Демек бізді айтқаны ғой.

Екеуі қарқылдап күліп алды.

– «Самородок» бұлбұлдар аса шабыттанған жағдайда сағатына үш жүз, бес жүзге жуық ән салады екен. Бұдан асқан бай фольклор бола ма? Қысқасы құстар әні адам шабытының қайнар көзі, сезімінің қозғаушы күші болған. Құстар әніне табыну әсіресе, орта ғасыр адамдарына тән қасиет болған деседі.

– Оныңыз енді әбден рас. Әлгінде айтқанымдай, біздің қазақ сал-серілерінің шетінен құсбегі, атбегі болып келуінің сыры да осында жатыр ғой.

– Тоқта, тоқта, сен сері деген сөзді бірнеше мәрте қайталадың. Сэр сөзінің түп-төркіні сіздерден шыққан болып жүрмесін.

– Мүмкін, кім біліпті?..

– Сен, Сұңғат, дауысынды күтпепсің. Тәңірінің берген өлшеусіз сыйын тәрк етіпсің.

– Оны қайдан сездіңіз? Мен мұндай жанашыр сөзді естімегелі қашан?..

– Өйткені, сен менің түсіме жиі кіресің, ұдайы көңілсіз жүресің. Дауысың тарғылданып, жарықшақтанып шығады.

– Оныңыз рас. Мен басыма қонған бақты қоймай жүріп мезгілсіз ұшырып алған бейбақпын ғой.

– Әлгінде бұлбұл туралы текке айттық па? Құс атаулының ішіндегі ең қабілеттісі, полиглоты бұлбұл деген сөз бұл. Әдетте аралдарда, қапырық жерлерде өмір сүрген бұлбұлдың дауысы айтарлықтай сазды бола бермейді. Оларға да бап керек. Демек, олар да адам-әнші секілді. Бұлбұл – құстардың ішіндегі «шығармашылық» жағынан жетілгені. Ал, сен адамсың ғой, өзіңді-өзің неге аямадың? Елсізде, аралда неғып жүрсің?

– Аралда дейсіз бе? Шынында да мен Аралда жүргендеймін ғой. Баяғы Салауат батырдың «айналамды ормандар, сулар қоршаған» деп зарлайтынындай, мен расында да Аралда қалғандаймын. Ойпырмай, соның бәрін сезген жүрегіңіз қандай ұлы, сеньор Лучано. Лучано, айтыңызшы, былайғы жұрт біздің өмірімізді сауық-сайранмен өтеді деп ойлайды. Қайдағы сайран, тұнып тұрған тағдыр ғой бұл.

– Сеземін, Сұңғат, сеземін. Көңіл күйімді тап бастың-ау. Құдайдың бізге берген артықшылығы да осы ғой. Мен сенің елу жылдығыңа бара алмадым. Өйткені мені де бір дерт айналдырып жүр.

– Сабыр етіңіз, Лучано, сабыр. Сіз тек Италияға емес, әлемге керексіз. Елу жылдығым болмаса да, алпыс жылдығыма арнайы шақырамын. Өйткені елу жылдығымда мен елкезбе болып кеттім ғой.

– Айттым ғой, әне, саған бірдеңе болған. Осындай талантты бұл жұрт неге төбесіне көтермеді. Ол мүмкін емес. Мен де айтамын-ау. Кезінде біздің атақты Паганини да елкезбе болған. Тіпті өлетін кезінде бір қадақ жер де табылмаған. Құдай ондайдан сақтасын.

– Айтайын, Лучано, айтайын, бәрі де өзімнен. Өзімнің қырсық мінезімнен бәрі. Айтайын деп айтпайсың-ау. Бірде мынадай оқиға болды. Сол елу жылдықты атамай-ақ қояйын деп едім, бір ағамыз «Елуіңде еленбесең, алпысыңда атаусыз қаласың» деді. Біз сөзге тоқтаған халықпыз. Бұл халықты өсіретін де, өшіретін де сөз. Сонымен қалай болды деңізші?

– Иә, қалай болды?

– Пендеміз ғой, қанша қаннен қаперсіз жүрсем де бір күні әлгі ағамыздың сөзінен кейін көңілім нілдей бұзылсын. Жиған-терген ештеңем жоқ. Атағым дардай, бірақ өзім тыр жалаңаш, тақыр кедеймін. Содан сөзімді жерге тастамайды деген бір ағамызға жолығуды ойладым. Өтіп кеткен ештеңем жоқ. Шынымды айтсам әлгі кісіге бетіммен жер сызып бардым. Баруын барып, шаруамды айтуға қатты қобалжыдым. Ішімнен ойлап қарасам, айтатын өтінішім сұмдық. Әлгінің бәрі орындалса тіпті керемет болғалы тұр. Менің бақытыма орай ол кісі орнында болмай шықты. Екі күннен кейін келеді деді. Сондағы қуанғаным-ай! Біраз уақыт жаяу жүрдім. Жол-жөнекей біреулер «мынау әлі тірі екен ғой» дегендей, бір түрлі аяушылық білдіріп амандасады. Содан ұзақ-ұзақ ойға кеттім. «Осы менің елу жылдығымды атап өтетіндей елге не еңбегім сіңіпті. Еңбегім сіңсе де мен сол елден неге бірдеңе дәметіп, міндетсуім керек. Істесем өзім үшін, бала-шағам үшін, бауырларым үшін істедім, әрі-беріден соң өліп қалмас үшін, қатарымнан қалмас үшін намысқа тырыстым. Қой алаңдамай жұмысымды істейін, реті келіп жатса, бұйырғаны болар. Бірлі-жарым адамға шәй-пәй берерміз» деп ойладым да бірден тоқтадым. Сөйтіп әлгі азаптан, дерттен, «мерейтой» ауруынан өзімді арашалап алғаныма кәдімгідей қуанып, тіпті еңсем көтеріліп қалды. Тіпті біреуден қарызымнан құтылғандай болдым. Енді мұны атап өту керек қой. Сөйттім де, сіз жақсы көретін макароннан екі-үш киләсін, бір-екі жарты алдым да қаланың сыртында біреудің малын күзететін едім, сол лашығыма тезірек жетіп алуды ойладым. Бәрі де әлгі бір тауып айтылған қу сөздің кесірі ғой. Біздің қазақты өлтіретін сөз екеніне сонда тағы бір мәрте көзім жетті.

– Қазақты ғана емес, әлемді ұстап тұрған сөз, өсек қой. Бұл өсек дегенің дыбыстан да тез бе деп ойлаймын. Мен де елу жылдығымды бәлендей дүркіретіп өткізбедім. Өзім қарсы болдым. Әлгі өзінді шақырып келтіре алмаған Римнің түбіндегі Модерн деген қалашықта бір фазендамыз бар еді ғой. Соған бардық та сүйікті Адудам екеуміз макарон пісіріп алаңсыз жедік-ау.

– Макаронды жақсы көретініңізді білем ғой. Вискиге де мұз қоспай бір тартарыңыз бар еді. Дәурен-ай, десеңші!

Сұңғат кеберсіген ернін бір-екі жалады да, жұтынып қойды.

– Білем, білем, сенің атақты «Ла-Скаланың» сахнасын лашыққа ауыстырғаныңа жаным жүдейді. Қайтесің енді, тағдыр. Сен білесің бе, біздің итальяндарда «піскен жемістің шырыны мол болады» деген сөз бар. Мен елуге келгенде есіріп, желік бітіп өзімнің хатшым Николетке үйлендім. Сақалымыз ағарғанмен әлі сайтанымыз қалмаған ғой. Менің бір түйсінгенім еркек адам осы жасында әйел бақытын айырықша сезінеді екен. Ал жастық шағың құр селтеңмен өтеді. Бірақ сен екеуміз қаламыз тарихта. Сенің итальян операларын тұтас жатқа айтатын қабілетіңді мен әлі күнге басқа ұлттың өкілінің бойынан кездестірген жоқпын. Сен әлі зәулім сарайда тұрасың. Көтер еңсеңді, шалқақтап жүр баяғыдай. Саған сол жарасады. Жауыздық ойлаушылар болмаса, бұл қоғам баяғыда жайнап кетпес пе еді. Сальери 39 опера жазды, Моцарт 19 опера жазды. Кім қалды тарихта? Дүниенің екі шетінде жүрген екеумізді жолықтырған тағдырға ризамын. Сенімен сырлас болған сол бір көркем күндер менің жарты ғұмырыма жететін әсер қалдырды. Мен ол күндерді ұмытпаймын. Аман бол, асылым!

– Тоқта, тоқтаңызшы, Лучано! Сеньор Лучано!

– Уай, менің мезгілсіз сұры қашқан сұлу да сырбаз салтанатты өмірім, қайда ұзап барасың, қайда бастап барасың?! Жо-жоқ, өнерді айтпаймын, текті өнерді айыптамаймын. Мен саған тек қана қарыздармын, сенің алдыңда тек қана кішікпін. Сенің алапат, асқақ рухыңды төмендетсем, сенің аққулар жүзген айдын көліңді, тұнығыңды лайласам лағынет атсын мені? Бірақ мен саған бар жаныммен, тәніммен адал болдым. Сен көркемсің, сен әсемсің, адамзаттың бар сұлу қасиеті сенің бойыңда. Сен болмасаң мына алакөз адамдар, ашкөз тымырсық дүние қайтер еді, айтшы қайтер еді. Сен ғой, мына көңілі жабырқау жұрттың санасына сәуле шашып келе жатқан. Сен болмасаң мен кім едім, айтшы, кім едім?

Сен болмасаң мына дүние дидарына дақ түсер еді. Дүние тек қана дүрмекке, жынойнаққа айналар еді. Сенің бойыңдағы саф алтындай қасиеттер, ақсүйектік, бекзаттықтың арқасы ғой менің әлі күнге тірі бейбақ болып жүргенім.

Шешемді сағындым. Егер маған біреу «сағыныш» деген не десе, мен сол адамды дереу қолынан ұстап, жетектеп барып шешемді көрсетер едім. Қайтейін, ол да жоқ енді. Менің өмірім сарғайған сағынышпен өтті ғой. Сағыныш деген менің жан жарамды емдер бір жанрыма айналғалы қашан.

Уһ, сахнамды сағындым! Кие қонған, қасиетті қара шалдардың маңдай тері сіңген, табанының ізі қалған құдіретті қара шаңырақты сағындым!

Мен сахнаға шыққанда патша едім, естисің бе, ей, Тағдыр, патша едім ғой.

Естіп тұрсыз ба, сеньор Лучано?!

Бірақ оның соңғы монологын сеньор Лучано естімеді. Сұңғат өз даусынан өзі селт етіп оянып кетті.

– Аралда неғып жүрсің деді-ау маған. Арқада алты жыл жүріп, жалғыздықпен жағаласқан күндерімді еске салды-ау, жазған!?

Сұңғат осы бір таңғажайып түсті қанша жақсылыққа жорыса да біртүрлі мұңайып отырып қалды. Атақты Павароттимен өткен күндерін әркімге лақылдап айта бермейтін. Шынында да сонау Арқада – Аралда жүріп ол осы бір әлемдік тұлғаның бақилық болғанын да білмеп еді. Еңкілдеп жылады.

Күңдердің бір күнінде Италияға Қазақстаннан арнайы делегация барады. Қазақстан делегациясы сәті түсіп атақты әнші Лучано Павароттимен де кездеседі. Әнші сөз арасында Қазақстан дегенде сәл ойланып қалып, былай депті.

– Қазақстан... айтпақшы, сіздің елде бір Сұңғат деген әнші бар еді, қазір ол тіптен атақты болып кеткен шығар. Италия оны алақанына салды ғой. Кісінің көркемі еді. Менен сәлем айтыңыздар. Әлемде атақты үш тенор бар деп мақтанамыз. Біреуі – мен. Ал менің аяулы досым Сұңғат еліне асықпағанда бәлкім, төртінші тенор болып, бәрімізді де басып озар ма еді. Сіздер өзі өзге елде сұлтан болғанды қаламайды екенсіздер. Сол жігіттің «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөзі есімнен шықпайды.

Өкінішке орай әлгі делегацияның ішінде Сұңғатты жыға танитын бір адам табылмады. Елге келгеннен кейін де әлгі шіркіндердің ішінен біреуі бас көтеріп Сұңғатты іздемеді. «Паваротти сәлем айтатындай, бұл қандай қазақ» деп қызыққан біреуі болсайшы. Сөйтіп «аманатқа қиянат» жасаған сол қазақтар да жер басып жүр.

«Менен сәлем айтыңыздар» дегенде Павароттидің жанары жасаурап тұрыпты. Бәлкім, Сұңғат неге итальян болмады деп өкінді ме екен.

Талант талантты іздейді деген осы шығар бәлкім.

Бәлкім, біреулер «осындайда ұзақ түс болады екен ғой» деп сенер-сенбес, біздің онда шаруамыз жоқ. Біздің білетініміз, қазақтың ұлы әншісі соңғы түсін көріп, аурухана төсегінде жүріп кете барды. Өмірден осылай өту біздің елде ешкімге таңсық емес. Тұла бойы саф алтыннан жаралған әнші көз жұмарында «сұлу өмірім қор болды-ау» деп өксіп жіберіпті.

Оның көз жасын сүрткен медбике де өзінің шексіз бақытты екенін көп жылдар өткен соң барып білді.

 

КОМПОЗИТОРДЫҢ   КӨЗ   ЖАСЫ

Если  душа  просит высказаться  – это хорошая душа.

В. ШУКШИН.

Ойында дәнеңе жоқ. Сол бір әнді ыңылдап айта жөнелгені сол еді, төргі үйден әйелінің «ақырын, бала ұйықтап жатыр» деген дауысы естілді. Кенет... Алла аян берді ме, әлде құлағына жел сыбырлап кетті ме, Қазақстанның бір қиырында ел көзінен елеусіз өткен әлдебір аса мұңлы оқиға есіне түсті. Өзгенің қуанышты, қайғылы сәтін қабылдай білу де – даналыққа тақау қасиет. Ұлы адамның басынан өткен, бәлкім, ертелі-кеш бір өтуі тиісті қас-қағым сәт. Көптен бері көкіректі кернеп, кенеуі келмей жүрген осы бір дүниенің кілті енді табылғаңдай айран-асыр күй кешіп отырды бұл.

 

* * *

Ол әр келіп кеткен сайын бұл жаңғалақтың күйін кешкендей болады. Біреу келсе «қоя тұршы, жаңа бәленшекең келіп кетіп еді, өзіме өзім келіп алайын» деуге шақ қалады. Әлгі бір неме сондай бір әсерлі әңгіме айтқанымен қоймай, үстел үстіндегі заттарды әрлі-берлі қозғап, екі қолы қыбырлап, жыбырлап, құйрығы да қоныс таппай, құдды бір манасшы, не қияқшы секілді бір орнында байыз тауып отыра алсайшы. Әлдебіреу бастап кетеді деп ойлай ма, ілкімде екі-үш әңгіменің басын қылтита қояды да, сонсоң соның біріне бар зейінін салып кіріседі. Ара-тұра алақандай аузы да мұрнымен қоса шуылдап бет жағыңызға қатынап қайтады. Бұның аузына бұл өмірде бір минөт те үзіліс болмаған шығар. Мұғалімнің аузы өлгеннен кейін 45 минөт жыбырлап жатады екен, бұның аузы, сірә, 90 минөт жыбырлап жататын болар. Осынау әрекеттің бәрін «көкелеп» отырып өте сыпайы түрде жүзеге асырады.

Бұл – жақсы бір әңгіменің жұрт жадыңда жаңғырып жүруі үшін де бәріне көнеді. Кейбіреулерге көп ұнай бермейтін оған аса кірпияз, талғампаз бұның ықыласы қалай ғана ауа қалатынына жұрттың да таңы бар.

...Өзін композитор санайтын әлдекімдердің сол бір ғазиз жаңды кейінгі жылдары «маскүнем еді, қаңғыбас еді, қайыршы еді, ішіп алып ән жазатын, әндерінің бәрі бірыңғай, бір сарын» деп, қысқасы, «ол композитор емес, қушыкеш біреу, композитор деген класссикалық шығармалар жазуы керек, мәселен, опера, оратория, кантата, симфония деген сықылды» деп, ел шырқайтын дені дұрыс бір әні жоқ, үлкен бастық болған-болмағаны белгісіз, ұдайы ернін шығарып сөйлейтін әлгі «кемеңгер»  композитор  тәрізділер  өзінің  зәлім   ойларын  ақырындап қоғамдық санаға тықпалай бастаған кезде, осы бір жігіттің бұлт арасынан шыққан күндей, тіпті, «сандықтан шыққан сайтандай» сол ғазиз композитордың жоқтаушысы болып шыға келмесі бар ма? Сөйтіп, бірер жылдың айналасында көзі тірісінде шенеунік композиторлардан құқай көрген жанның өлген соң көзі ашылып, елмен қайта бір қауышқандай болған. Осы бір жылдары ұлттың рухани аспанын қара түндей қараулық зіл қара тастай басып тұрған еді. Тіпті, оны айтасыз, бұл кісіден әлденеше уақыт бұрын жарқырап шыққан, аты аңызға айналған «қырсық» күйшінің өмірі де, өнері де бір «құрметті» профессордың арқасында талан-таражға түсіп, күйлерін балық бөліскендей үлестіріп алғанын да жұрт жүрегі сезе бастаған. Ал, енді мына кісінің әңдерін бөліп алмаса да, ол туралы бөстекі әңгімелердің айтыла бастауы сол сұмдықтың хабаршысындай еді. Солай болуы әбден мүмкін суыт хабардың алдын алған бұны бұл бәдік болып кетсе де бекзат күйінде көрмейтін жыны бар ма? Сол бір бейкүнә жан туралы бұның білмейтіні жоқ-ау, сірә. Түннің бір уағында оятып алып сұрасаң да, ол бақсыдай сарнап қоя берер еді. Ол тіпті сол бейкүнә жанды әр сағат, әр минут, әр секунд сайын есінен шығармайтын жағдайға душар болғандай-ау.

Ал  енді әңгімеге кірісейік.  Әлгі әлдекімдер үшін әуейі, бейдауа, пәтуасыз көрінетін жан айтқан әңгіменің тиегін ағытайық. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас.

*   *   *

Ол атақты композитордың жаман-жәутік, қырық жамау «Жигулиіне» түнеп жүрген кезі екен. Ішкі ойы күншілдердің көзіне күйік болмай, әлдебір көз көрмес, құлақ естімес елсізге кетуді жөн санап жүргенде, бір ауылға келіп, совхоз директорының үйінде түстенеді. Есі шыкқан директор оны құрақ ұшып қарсы алады. Бұл композитордың ішімдік атаулыдан, тіпті достан да жеріген, «достары көптің досы жоқ» деген қағидаға әбден мойынсұнған, өткен өмірінің жақсысы қайсы, жаманы қайсысын парықтауға оңаша бір ой отауын іздеп, ендігі қалған ғұмырын саналы бір сәттерге, шуақты күндерге бұрудың қамында жүрген шағы еді. Әлгі ауылдың тұсыңда Сорбұлақ деген жер бар. Бұл күңде ертемен сол бұлақтың жағасына келіп, ертегідегі Аленушкадай бір ерекшелеу, жабырқау күй кешіп жүрді. Тағы қайталап айтайықшы, бұл оның өмірінің бораны да, бұрқасыны да басылған, баяғыдай емес, көктем көңілінің хошы да қайта бастаған, тек жан дүниесі қайта бір сілкінуге бет бұрып немесе бәзбір сабырлы, қария күй кешкен сәті болатын. Десе де, бір мөлдір мұң мұны төңіректейді де жүреді. Таңның атысы, күннің батысы совхоздың науқандық жұмыстарымен жүріп, бала-шағасын да ұмытып кететін директор да ол үшін үйіне асығатын. Тіпті, осы бір күндер оған аңыз секілді көрініп, түс көріп жүргендей сезінетін өзін. Бүткіл қазақ әнін шырқайтын кісінің дәл бұның қасынан келіп сая табуын неге жорырын білмей, бейшараның бақыттан басы айналғандай еді. Сегіз қыздан кейін әйелі ұл тапқанда да дәл бұлай қуанбаған шығар-ау.

Директордың да кісінің түрлі әрекеттері туралы өз пікірі бар. Мәселен, өзін бақытты сезіну, қуана білу де адамына байланысты ма дейсің. Дүниенің оқуын тауысса да, құдай әу баста сана бермеген соң ешкімге де, ештеңеге де қуана білмейтін зымиян зиялылар да болады. Отбасының, ағайын-туыстың үйреншікті қуанышын айтпай-ақ қоялық. Мемлекеттің қуанышына, бүткіл ұлттың қуанышына, мәселен, тәуелсіздік алғанда әлгі оқығандардың бірінің осынау ессіз қуанышты сәтке селт етпегенін де көргенбіз. Тіпті, онымен қоймай, қазақтың бар атағын алған бір зиялы: «Е, бұл қуаныш ұзаққа барса жақсы, біз осы ертерек қуанып отырған жоқпыз ба?» – деп «сәуегейлік» жасапты сайтан алғыр. Былай қарасақ, елден бұрын алабөтен қуанатын адам сол ғой. Міне, біздің зайырлы зиялының түрі. Осындай тірліктерге зығырданы қайнап жүргенде композитор жөнінде сырттай аңызға бергісіз қырғын әңгіме еститін. Көп күндерін күйбең тірлікпен, есеппен өткізетін, қуануға уақыт таппайтын директордың сол күндердегі бақытты сәттерінің аса табиғилығын тілмен айтып жеткізу мүмкін де емес.

Ақыл айтқыштардан алыстап, аулақ кеткен композитор бір күні сайын даланы бір өзі емін-еркін аралап, кеудесін кер самалға тосып жүріп, бір құшақ бәйшешек теріп келді де, сол үйдің сүйкімді бойжеткеніне ұсынды. Композитордың ерекше нұрланған жүзін көріп директор:

– Ойпыр-ай, осынша жер жарар атағыңыз бола тұра не деген қарапайым жансыз? – деді.

– Немене, мені пайғамбар деп пе едің? Қарап жатқанша, ішіп-жегенімді ақтаған түрім ғой, – деп күлді композитор әлгі бойжеткеннен көз алмаған күйі.

Өне бойы қамкөңіл күйде жүретін, қуанышта да, қайғыда да көзінен бір мұң кетпейтін композитордың бірнеше күннен бері көңілді кезін аңдыған директор үшін осы бір сәт өмір бойғы күткен күніңдей болып көрінді ме, көкейінде сол сауалдың жауабын өз аузынан естісем деу әуестігі басым еді. Оны қазір қанша тартынса да, білмекке құмарлық жеңді.

– Айтыңызшы, сізде осы уақытқа дейін неге атақ жоқ?

Әуелде «көп мазаламайтын, мыжымасы жоқ, нағыз ер көңілді, ел мәселесін ғана биік-биік сөзімен, үлкен парасатымен толғайды екен» деп, ырза көңілде жүрген азаматының үнемі алдынан шығатын көди-сөди сауалды кесе көлденең тартқанын жақтыра қоймаса да, жауапсыз қалдыруды тағы да сұңғыла көңілі қолай көрмеді. Осы бір сәт екі ортаға келіп кербез қонақтай қалған көңіл құсын ұшырмайын деді. Оның үстіне жаралы жанына жылы ағыс сыйлаған бұл төңіректен әзірге қоныс аударуға да пейілді емес еді. Жан сарайының жапырақтарын мезгілсіз жұлмалағысы келмеді. Осы бір жақсы күндер жемісін бермесе де, жан дүниесінде жаңғырып жүрсе деп тіледі. Күні бойы бойжеткен кеткен жаққа ұрлана қарап, аяулы сезімді көңілінде тербетіп отырған ол, сол сәттен одан әрі де ажырап қалмауды ойлап, директордың сұрағына немкетті түрде жауап беріп құтылғысы келді.

– Елге қадірлі адамның өз отбасына, өзгелерге қадірсіз болатын күні де аз емес, қарағым. Одан да мен саған бір жұмбақ жасырайын, соны шешсең, айтайын, – деді.

– Мейліңіз, тәуекел.

– Желден де, дыбыстан да жылдам бір кесапат бар, сен соны білесің бе?

Директор әрі ойланып, бері ойланып, бір тоқтамға келе алмады.

– Апыр-ай, бір кісідей өмір көрсем де мына жұмбағыңызды шешу үшін сол өмірімнің тым құрығанда жартысын қайта шолуым керек қой. Қайта шолғанмен жұмбағыңызды шеше алсам жақсы, өзіңіз құтқарыңыз енді.

– Оу, уәде қайда? Сендей нар жігіттер уәдеде тұруы керек. Сонда екеуіміз де әп-әйдік адам бола тұра, өсек айтамыз ба?

– Сіз өсек емес, өсиет айтасыз ғой.

– Міне, әне-міне дегенше жұмбақ та шешілді. Құдай-ау, қазір анау Америкадан бастап өсек айтады ғой. Дүние жүзі өсекпен өртеніп, өсекпен күн көріп отыр ғой. Сол өсек адамзат баласы жаралғалы бері қасынан бір елі қалмай келе жатыр. Өсектің өлетін күні бар ма екен? Өсекпен көсегесі көгерген елді көрмесем де оны өз пайдасына өте тиімді пайдалана білген «таланттар» да бар. Біз оларға еркіндік беріп қойғанбыз. Сол өсектің жазбаша, құпия түрі «домалық арыздың» арқасында өнердің де өрісі тарылып отырған. Мәселен, атақ алу үшін де оның үкімет құрып берген тәртібіне сай болғаның жөн.

– Ол қандай тәртіп тағы?

– Мәселен, сен өз әндеріңнің орындаушысы болуың керек.

– Бұл еңді мүлтіксіз мүсіннен мін іздеу ғой.

– Өнерді сүйетін адам – сүйкімді адам. Мен осы жасыма дейін әдебиет пен өнерден әжептәуір хабары бар тірі директорды бірінші рет көріп отырмын. Әйтпесе, көңіліңе келмесін, көбіңнің арақ ішіп, карта ойнап, ет жеп, аршамен тіс шұқығаннан басқа шаруаң жоқ қой, – деп, ол осы бір жанына жайсыз тиетін әңгімеден қашып, тақырыпты басқа арнаға бұрғысы келген сыңай танытты. Әйтсе де, ынтызар көңілінің тығыны ашылып кеткен директор алдамшы мақтаудың ауанына берілмеуді ойлап, өзі үшін мәңгілік мәселелердей көрінетін сауалдың түбіне жетпейінше тоқтамайтындай күйге еніп сала берді. Оның ойынша бүгін композитор бала секілді ұшып-қонып, елп ете түсіп, өзгеше бір күй кешіп отырысына қарағанда, ашық әңгімеге сынай байқататын тәрізді.

– Көке, осынша жасқа келгенше Сізді халық бағалады, ал, билікке неге жақпайсыз? Құдай-ау, сізді кісі баласы түгілі, тірліктегі қыбырлаған тірі тіршілік иесіне – бақа-шаянға, құрт-құмырсқаға да қиянат жасапты дегенге кім сенеді?

– Мұндай әңгімені қой, жарқыным. Кім періште дейсің, етегіне намаз оқып жүрген ешкім жоқ. Мен сені үлкен әңгіме айтатын азамат па десем, ұсақталып барасың ғой, түге. Мына даланы күнде басып жүрген адам ірі сөйлеуге, кесек турауға тиіс. Сен менің композиторлығыма емес, пендешілігіме көбірек үңілгін. Мені қайсыбір жолы бір шикі өкпенің шала пікірі қапаландырады.

– Ол не пікір?

– Әлқиссаны «жай музыкант қой» деп, «хорошая халтура» жазатындар да жер басып жүр ғой. Ол дегеніңіз құм ішіндегі алтын ине ғой, көкем-ау.

– Мынау сұмдық екен, менің де бір анда-санда түртетінім бар еді. Әлгінің бетін аймандай қылып, республикалық газетке аңыратып мақала жазсам ба екен.

– Халыққа ақыл айтудың қажеті жоқ. Мақала жазсаң ақыл айтқан боласың да. Атақ алу үшін де біреу еңіреп мақала жазуы керек пе? Осы мәселемен айналысатын адамдар бар емес пе? Жалпы, өмірдің мағынасын атақпен өлшейтіндерің не осы?

– Әділет деген жоқ қой бізде. Сол үшін күйінесің де.

– Сондай бірдеңе де менің түсіме ауық-ауық еніп тұрады. Мені сол шіркін бұрынырақта аса мазалай қоймаушы еді. Қазір жұрттың бәрі демократ боп бара жатқан соң, сол немеден дәмелене бастадым. «Ақиқаттың өзі де шын ақиқат емес» деген екен бір данышпан.

Осы бір қоңырқай әңгіме үстіне композитор ұсынған дала бәйшешегін құшақтаған қыз бала кіріп келді. Осында келгелі жіпсіз байлап, ынтықтырып қойған қызға жан дүниесі бейне бір еркіндікті сезінген композитор бұл жолы оған өз меншігіндей көз тоқтатып қарады. Екі-үш күннен соң-ақ жолға шығамын ба деген бұның ойына осы бір бойжеткен тұсау салды. Ұшқалақ көңілін ұшықтап жіберіп, өзіне үйіріп алғандай халде еді. Ол сұлу болғанына, бұл сол сұлулыққа сүйсінуші болғанына ешкім кінә қоймайтын тәрізді. Бұл жерде керегенің көзінен қарап тұрған күншілдік жоқ. Көңілі алай-дүлей. Құмандағы молда дәрет алатындай дайындап қойған жылы судың өзі де тұла бойын тоңазытып жібереді. Кісінің жүрегі жарылатын талай ән жазғанда да дәл осындай толқуды бастан кешкен жоқ шығар. Көңілі желді күнгі теңіз бетіндей толқиды. Мұқағали досы жиі айтатын «дариға» сөзі кеудесін тіліп түсіп, ақжалын болып атылардай күйде. «Ақ дариға ғой, мынау» деді ішінен. Күлімсіреу мен күрсінудің арасы бір-ақ қадам екенін осыған дейін сезсеші. Жаңа туған бота қандай болса, бұл да сондай.

Директор да диуаналығы бар неме ме, композитордың көңілін оқып қойғандай, әлгі бала кетісімен «осы сіздің махаббатқа, әйел адамға көзқарасыңыз қалай?» деген берекесіздеу сауал қойды.

Әлі де сол бір сезімнің жетегінде отырған композитор «как никогда» деп орысша сөйлеп, сол сәттегі ойынан хабар берді де, оның сұрағына кірісе бастады.

– Әй, сен адамның арқасын қасығанға таптырмайтын маман екенсің өзі. Махаббат дейсің. Әлгі сенің атақ-патағың бұл кезде жай нәрсе болып қалады. Менде атақ та, абырой да бәрі бар деп ойлаймын, бірақ соны пайдаланатын мүмкіндік жоқ. Біреу қазір маған сол махаббатты сыйласа, мен оның аяғын құшар едім, одан артық атақ болмас еді. Мен дәл осы пәтшағардан жолы болмаған адаммын. Талайға ғашық болғанмын, бірақ сол ғашық отына ел секілді жөндеп жана алмағанмын. Жануды қойшы, бір сәт щоқ болып маздасақ та мейлі ғой. Мен бір ғашықтық кәусарына құмары қанбаған жанмын. Мен бір өз көңілім құлап, қалаған, өліп-өшіп сүйген от-құшаққа өртенген адам емеспін. Мен бір тірі махаббатты аялап көрген ғазиз жан емен. Мен бір өне бойы біреудің қаңсығына таңсық болып өткен адаммын. Мен бір свежий сұлулыққа сұқтанған жан емен. Мен осы бір күндерімде, осы отырысымда махаббат дегеннің не құдірет екенін бағамдағандаймын. Еһ, өмірімді қайта бастар болсам... Сырт көз үшін бәрі кеш болуы мүмкін, бірақ мендегі аласапыран көңіл олай демес еді-ау. Төлеген досым айтпақшы, «ал, мендегі сезімді көрсең...» Вот, директор жолдас, менің бір жолым болмаса ол махаббаттан болмаған деп бір түйіп қойыңыз анау ояу көкірегіңізге. Мені әлі күнге көтеріп келе жатқан елімнің махаббаты, сол махаббатты ұстап тұратын әйелдің махаббатына зәрумін мен. Мен ешқашан күрсіңдірмейтін, ешкімге көз сүздірмейтін, өз ошағыма жіпсіз байлайтын махаббатқа зәрумін. Мен бұл жолға тазалықтың төркінін іздеп шыққан жалғыз жолаушыдай сезінемін өзімді. Адамшылық аяулы сезімдерім араша түсіп, талай аяулымнан айырылған адаммын. Үріп ауызға салғандай талай хордың қызын көрдім, сонда мен таза бұлаққа кезіккендей сезінуші едім өзімді. Біреулер сол бұлаққа шөлін қандырып жүрсе, мен сол баяғы аяушылық әсердің жетегінен алыстай алмай, бұлақты былғамауды ғана ойлаппын. Махаббатқа адамгершілік көзімен қараппын. Адамгершіліктің айуаңдықтың аяғының астында қалатынын кім білген. Оның несін сұрайсың,  жолдас? Мен... Мен... Мен...

Ол орнынан тұрып кетті де, Сорбұлақ жаққа көзі жасаурап қарады. Бір құшақ бәйшешекті есіне алды. Бұл бір композитордың оттан да ыстық сезіміне куәгердей болып, осы бір сәттен қымсынғандай табадан жаңа шыққан таба наңдай алқызылданып күн батып бара жатқан кез еді. Бұл ешқашан жасанды жылаған емес. Жыласа құмығып, үздігіп жылады. Бұл жолы да шын жылады. Шешесінің қазасынан кейінгі егіліп жылауы осы. Бірақ, көзінің жасы тез қайтты, сірә, тағдырдың қатал сынына әбден көндіккен.

Күндізгі әңгіме композиторды сол түні көз ілдірмей, дөңбекшітті-ай келіп. Өмір болса өтіп барады. Бұл болса кіл бір жоқшылықтың құрсауынан шыға алмай, қу тіршіліктің мойынға салған қамытын кезек-кезек қиюмен, соны қайтіп шешемін деумен әуре. Осы күнге дейін өзі өз болып, тіпті қисық аяқ біреуді де өз қолымен шешіндірмепті-ау. Құдай-ау, дүниеде қанша сұлулық болса, мүмкін болса адамды соның қызығын көрсін деп жаратқан шығар, бұл Тәңір. Сол сұлулық «мені тамашала, мен сендікпін» деп тұрса, бұл жерде оған бір қызыл көз иттің ара түсуіне қандай хақысы бар? Күні бойғы, бірнеше күн бойғы бір-біріне кетәрі емес әлгі көзарбасулар бүгін сыр бермесе, енді қашан?! Ол өзін осы ойға жеңдірді және де бар атақ-абыройын жағаға қалдырып, сол бір сезім айдынына жалаңаш батыр болып кіріп бара жатты. Сөйтті де, ол сол түнге тәуекел етті. Сол түнге ол осы уақытқа дейін ешкімге, ештеңеге малданбаған атақ-даңқын салғысы келді. «Шындық тәуекелге қарыздар» деуші еді көкесі. Қыз көзіндегі өзінше көкірегіне тоқыған шындықты көргеңде бәріне тәуекел етті.

Жұрттың бәрі осының әнімен бір-бірін тауып, ынтығын басып, табысып, күн-түн құшақтасып жатқанда бұның да біреуді адам сияқты емін-еркін құшақтауына, аялауына хақы жоқ па? Өмір неге сонша әділетсіз? Айтылса, неге жарты шындық айтылады? Сол жарты шындықты неге бүгін тыржалаңаш шешіндіріп, толық күйінде көрмейді. Сол түні сол сұмдық сезімдер бәрін де жеңді. Ол жер бауырлап қыз қасына жеткенде, директордың қуатты шаруа қолдары оны тік көтеріп далаға алып шыққан еді.

– Мұныңыз не, бұл не сұмдық?

Директордың дауысы дірілдеп шықты. Таң қылаң беруге тақау. Екі адам екі бұрышта мұңайып отыр. Осының бәрін елден бұрын сезген, директордың көлеңкесінен қорқатын палуан денелі әйелі де көрпе астынан сығырайып қарап, сықсыңдап жатыр еді. Бір кезде барып директор солқылдап жылады. Бәлкім, жан сырын сыртқа жасқаусыз алып шыққан композитордың күні бойғы шындыққа суарылған көркем сөзі директорды осы сәтке арнайы дайындағандай жынын жұмсартып жіберді ме, әлде осы әңгімені бастаған өзін кінәлі сезінді ме, ол әлгі райынан қайтқандай сыңай байқатып, үздік-создық бірдеңе айтады.

– Дүниедегі ең соңғы адал адамды енді кездестірдім бе деп едім.

– Әкем байғұс: «ел еркелетті екен деп, есіріп кетпе» деуші еді. Менен бір әбестік кетті, бауырым. Мен таң атпай қайтайын. Мына таңның, мына күннің кеспірінен қорқамын. Мына елдің көзі түгілі, анау иттің көзіне де көрінуге дәтім жетер емес. Мен өмірімде тұңғыш рет сұмдық жағдайға бара жаздадым. Сен мені аман алып қалдың. Жағымсыз адамның образын сәтті сомдаған актерлер өзін ең керемет актер санайды екен. Мен де бүгін сондай рөлді сәтті ойнап шықты деп есепте, айналайын.

– Жоқ, сіз қайтпайсыз.

– Жаздың соңын ала, қоңыр күзде келіп едім, енді, міне, қыс та түсті. Осынша уақыт күпті қылып күттірген көңілдің ақыры осы болды ғой.

– Мен сізден ештеңе де аямас едім. Егер сіз қаласаңыз, жүз мәрте сүйіп жаңа қосылған болсам да қатынымды қойныңызға салар едім. Сіз үшін...

– Қой, жарқыным, қайтесің, мен шаршаған адаммын. Бұл тірлігімді де сол шаршағаңдық, шатасу деп қабылда қолыңнан келсе, мен қайтайын. «Сүйіскеннен бала болмайды, сүйісе беріңдер, әдіремқалғыр» деуші еді бір жеңгем. Сол кісі айтпақшы, менікі де бір сәтін салса шөп еткізіп сүйіп алу еді. Осы күнге дейін кезіккеннің бәріне басын қатырып адамгершілік туралы әңгіме айтудан қол тимепті ғой. Жалпы, адамгершілік, тазалық туралы көп айтатындардың ойы бұзық келеді. Адамның асылын енді көрген менің көзімді ойып алып итке тастасаң да еркіңде, айналайын.

– Жоқ, сіз қайтпайсыз. Жұрт сізді өзі кетті демейді. Бұл жұрт менің мінезімді біледі, үйінен қуып шығыпты дейді. Қайтейін-ай, егер өз қызым болса, өзім таптырдым, өзім теңіне тауып қоссам несі бар. Онда мені мына жұрт сөксе, онда бұл жұрттың бақытсыз болғаны ғой. Жүз жылда бір туатын талант сол жұрттың бағы да, бақыты да емес пе? Бақытын аялай алмағаны ғой. Бақыттан не аяуға болады? Егер осы кезге дейін теңін таппай отырған өз қызым болса, сізге жетектетіп-ақ жіберер едім. Әттең, қайтейін, бұл жалғыз келінім еді, ұл оқуда жүр еді. Өзім қыздан рахат көрген соң, біреудің жалғыз қызы болған соң, бұл баланы да қызымдай көріп, орамал таққызбаушы едік, еркелеп, бұландап өссін деуші едік, кінә бізден, құдайақы сіздің еш кінәңіз жоқ. «Қызды кім сүймейді, қымызды кім ішпейді?». Сізге ренжуге болмайды. Сізді ренжітуге болмайды.

– «Әкесі құрдастың баласы құрдас» деп жасаған тірлігімді кешіре гөр, бауырым.

– Сіздің кешірім сұрауға, ешкімнің алдыңда кішіреюге хақыңыз жоқ. Бұл жан баласына айтылмайтын, өз ішімізде қалатын құпия болсын.

– Бопты, қарағым, бопты. «Өмірдің соңы – өкініш» деген ғой. Бірақ мен өкінбеймін, өлмеймін, менде арман жоқ болса керек. Халықтың махаббатын аздап сезіндім. Төлеген бауырым айтқандай, «азырақ бақытсыздау» болғаным рас. Мен сол халықтың махаббатын сәл болса да ұзарта түсетін әйелдің махаббатына аңсар едім. Ер қанаты мен қанағаты сұлу ат пен сұлу қатын ғой. Қартаймайсың, қайғы ойламайсың, жап-жас күйіңде, мас күйіңде өтесің өмірден. Мен саған бір пәлсапа-әпсана айтайын. Жол бойына «Бұл өмір өтер-кетер» деген сөзді кісі бойындай етіп жазып қойыпты дейді. Сөйтсе, әлгіні көрген кедей қуанып кетіпті. Бай болса солқылдап жылапты дейді. Мен бейбақ дәл қазір әлгі кедейдің күйін бастан кешіріп отырмын. Бұл өмірдің, мына бір ауыр түннің тез өтіп кететініне қуанып отырмын. Абыройсыздыққа бір қадам қалғанда құтқарып қалған саған ризамын. Іші мен сырты келіскен адам еді өмір бойы аңсағаным. Мен әр жолға шыққан сайын сондай адамды іздеп шығатындай едім. Енді таптым ба деп едім сол баланы, көргенді жердің баласын. Мен махаббатқа, шын сұлулыққа құса жанмын ғой, қарағым.

– Жоқ, сіз адамдықтан аттаған жоқсыз. Сіз нұрдан жаралған жансыз. Сіз елге сәуле шашу үшін туған адамсыз. Біз, мына пақырыңыз сол нұрдың жүзіне дақ түсірмеуге тиіспіз. Бұл – біздің қасиетті міңдетіміз. Сіздей адам енді қайтіп жүз жылда бұл үйдің табалдырығынан аттай ма, жоқ па? Жүзге келіп сұлу сүюге ұмтылған Жамбыл бабамды еске алыңыз да, бұл жайды мәңгіге ұмытыңыз. Қазақтың бір-біріне күйеу болуға, жезде болуға әбден хақысы бар ғой. Қарға тамырлы ел емеспіз бе?

– Өзі жылатып, өзі жұбатып алатын сендей азаматы бар ел бақытты ғой. Біздің бір ағамыз ылғи да «бүгінгі таңдағы інім» деп сөйлейтін. Осынша уақыт жатып, осы үйдің бір мүшесі болған мен сені бүгінгі тандағы інім емес, мәңгілік інім, бауырым дейінші, – деп композитор директорды құшағына қысып, солқылдап жылады.

– Дүниеде сіздей адамның көз жасын көргеннен ауыр ештеңе жоқ екен, көке, осы соңғы жылауыңыз болсыншы, – деді бұл қоштасып тұрып.

Сол жолы қар қалың түсіп, оның соңы көктайғаққа айналған. Композитордың жаман-жәутік «Жигулиі» тайғанақтап кетпесін деп, жүк салғышқа құм салынды. Осы бір қап құмның өзінің көріне түсер туған жердің топырағы екенін қайран композитор бәлкім, білді, бәлкім, білмеді.

Сөйтіп, кісі баласына қылаудай қиянаты болмаған ұлы композитордың да көзі топыраққа тойып еді.

Сол бір қаралы күні даланы басына көтеріп, ең егіліп жылаған да бәлки, директор шығар...