Қали Сәрсенбай. Бір құшақ бәйшешек

Кешігіп жүретін кісі

– Байекең де қызық осы.

– Е, не боп қалды?

– Елде бір жамағайын өлейін деп жатыр. Вообще-то ол баяғыда өлу керек еді, – дейді.

– Сен не дедің?

– Жас өле ме, кәрі өле ме, бір Құдай біледі ғой десем, «Әй, слушай, в конце концов умереть тоже не плохо», деп қарап отыр.

Не дейтіні бар, аты соншалықты жер жарып тұрса да бұл кісі қарапайым адами ғадеттерді ескере бермейді. Мәселен, қуанышқа ортақтасу, біреуге арнайы барып көңіл айту деген мәселеге келгенде аса құмбыл емес. Кездескен жерде көңіл білдіре береді. «Көңіл көрген жерде» деген сөзді қазақ осы кісі үшін ойлап тапқан тәрізді. Таяуда бір әжептәуір аты бар адамға «Осы сіздің үйде біреу өлді дей ме?» деп еді, ана кісі: «Иә, енем ғой», деді. Ал Байекең болса ол кісіге титімдей де ишара білдірмей, қарсы келіп жалпақтап сәлем берген бір бастықпен әңгімесін жалғастыра берді. Тіпті, қас қылғандай әлгі дұрыстап қазақы жолмен көңіл айтуға тиісті кісінің алдында қолтықтап алған адамымен әрлі-берлі жүріп алмасы бар ма?!

Бұл әрекетінің әдепсіздікке жататынын әрине біледі. Бірақ, жұрттың бәрін өзіндей көреді. Мәселен, оған біреу әлгіндей жағдайда уақытында көңіл айтпаса көңіліне алмайды. Өзіне өмірі уақыт жетпейді, жұртты да солай ойлайды. Бірақ, басқалардың Байекеңнің өзіне көңіл айтқанын үлкен мәртебе көретінін, тіпті, «Байекеңнің өзі көңіл білдірді ғой», дегісі келетінін іші сезсе-дағы, қайтесіз, ол кісіні дағдысынан ешкім ажырата алмайды.

Шынында, ол өте қызық әрі қиын, біртүрлі көзқарастардың қайшылығынан, жиынтығынан жаралған адам. Оның бұл қасиетіне қазақ қоғамы әбден қанық. Бұл кісіге тост беріліп, біреу туралы сөйлеу керек болса, оған келу үшін алдымен түрлі тақырыптардың басын шалып, ең соңында денсаулық тілей салуы әбден мүмкін. Тіпті, тілек дәметіп отырған кісіні жазатайым ұмытып бара жатса, інішектердің біреуі жүгіріп барып есіне салған кез де болған. Ал енді қырсықтығына құрық бойламайды. Экономика туралы айтып тұрып экологияға, рух туралы айтып тұрып рушылдыққа ауысып кете береді. Бірақ Құдайдың бір құдіреті жалықтырмайды. Кісіні өзіне баурап, тартып алатын бір сиқыры бар. Білім не істетпейді адамға?! Бәкенедей бойында бірнеше оқымыстының оқуымен қоса, Құдай бере салған шешендігі, «Жүремін біреулерге мен де өшігіп, Қайтейін соның бәрі пендешілік» деп әйгілі махаббат жыршысы айтқандай, пендешілігі де жетіп-артылады.

«Әй, өзім де қумын-ау, Октябрьден әріге бармаймын», деп бір ақын айтқандай, кейбір қитұрқы мәселелерге келгенде бұл кісінің сөз лексиконында «кім біледі, бәлкім, мүмкін, әбден мүмкін, дей тұрғанмен, дей тұрсақ та, әйтсе де, алайда» деген тәрізді тіркестер де ұшырасып жатады.

Айттық қой, бұл кісіде қызық дағды көп. Соның бірі кешігіп жүру. Кешіккенде де міндетті түрде кешігу. Бұл өзі ұлттық менталитетіміздің мұзды мұхиттай мызғымас бір бөлшегі, әбден әдетке саналғанымен, кейде әдейілеп, саналы түрде кешігеді. Байекең, тіпті, ЮНЕСКО-ның Париждегі алты құрлықтың марқасқалары бас қосқан алқалы жиынына да, Президенттің қабылдауына да кешіккен деген атышулы аңыз іспетті сөз бар. Президент кеңпейіл адам ғой, оның үстіне Байекеңнің бұл сырына әуелден қанық болса керек, жымиып қана қойыпты. Байекең де тек тұрмай: «Айналайын, бұл ұлттық ауруымыз ғой. Ғафу ет», депті. Өмірінде ешкімнен кешірім сұрамаған адам, патшадан кешірім сұрауды әрі-бері ойланып үлкен мәдениетке жатқызыпты.

Той десе тырысып қалатын ауруы әлімсақтан мәлім. Сол мінезін білсе де жұрттан тойға шақыру билеті де үзілмейді. Елдің бәріне бұл кісіні шақыру үлкен абырой, бедел. Қанша кешігіп келсе де Байекеңнің той төрінен көрінуі, төбе көрсетуінің өзі жеткілікті. Шыдамның да шегі бар. Бірде ол үстелді қойып қалды да, дауысы қатты шығып кетті.

– Осы ел қай кезде жұмыс істейді. Жыл он екі ай тойдан қолы босамайды. Жұмыс күнінің өзі тойға айналып кетті. Елге еңбек етуді қашан ойлаймыз. Құр босқа кісінің уақытын жеу.

Той десе тарс кететін Байекеңнің туған қарындасының тойына бармағаны да аңызға бергісіз әңгіме. Әрине, мақтаныш ететін жағдай емес. Қызық, сонда біреудің уақытын жеймін деп жұрт той жасамауы керек пе? Олай деп те ойлайтын жөні бар өзінше. Үйлену тойы болсын, жарайды делік. Ал енді отызға, қырыққа келдім деп желпіну неге керек? Елуден бастасаң да неден құр қаласың? Атағы жер жарып тұрса да өмірі өзінің мерейтойын жасамаған адам, тіпті, ол туралы айтқан кісіні өмірбақи көрмей кетуге бар. Мынадай оқиға болды.

Бірде жігіттер Байекеңнің мерейтойына жасырын түрде дайындалып, өзіне «есіттіруге» асыға қоймайды. Жігіттер жоғары жаққа шығып, араға белгілі адамдарды салып, ақыр соңында бір жыл жүріп көндіреді.

Әйтсе де сол көнгенінің өзіне күдікпен қарайды. Бекер күдіктенбеген екен, бірде тойды ұйымдастырып жүрген інісіне «Слушай, мен сенің сол тойыңа бара алмаймын-ау осы» деп телефон шалыпты. Атшаптырым мейрамхана, аста-төк дастарқанға қарасы 300-ден аса қонаққа тапсырыс беріп қойылған. Той күні тақап қалды. Қазақтың кіл жақсы-жайсаңдары, қаймақтары мен қаспақтары жиналмақшы. Біреулер демалысын кейінге шегеріп, біреулер басқа тойлардан бас тартып, енді біреулер өткізетін тойларын кейінге қалдырып дегендей, Байекеңе баруды жоспарлап қойған. Енді соның бәрі әдірем қалайын деп тұр… Осының бәрін сезетін Байекең қарап жата ма? Тағы да әлгі інішекке «Әй, құлдығым, сол тойыңды біздің кемпірдің юбилейі деп өткізе берші», деп және телефон соғады.

Қысқасы, жігіттер жоғары жақтан тағы да сөзі өтетін адам тапты ма әлде үлкен кісіге айтты ма, Байекең де пенде ғой, әйтеуір былқылдап көніп қалыпты. Содан қойшы, өз тойына бұл кісі екі сағат кешігіп келді. Біреулер екі жарым сағат деп жатыр. Екі жағынан екі кісі құдды бір іздеуде жүрген қылмыскерді ұстағандай алып келе жатты. Жұрт байқағыш қой. Тіпті, есікке аяғын тіреп тұрып алғанын да өз көзімізбен көрдік дейді. Жұрт: «Бәле дейін десе бәле емес, бала дейін десе бала емес, қанға сіңген қасиет қой», дегенге жорыды да қойды. Бірақ көңіл шіркіннің мұндайда бір орнында байыз таппай, шабыс тілейтіні, түрлі әңгіме туғызатыны бар ғой. Тіпті, осы кісі бәрін әдейі істейтіндей көрініп кетті мына жұртқа. Мастықпен жасайды десе, айтпаңыз, өмірі жағасына құсып мас болған адам емес. Кейбіреулер әрі-беріден соң бұл кісінің денсаулығына күдікпен қарады. Біреулер шабылып тойын жасап жатса, төрінде төредей болып отырмай ма? Жұрттың бәрін ақымақ көре ме, әлде әдейі істей ме? Бұл Байекеңнің шынымен де ерекшелігі ме, әлде қолдан жасалған ерекшелік пе? Олай болса онда таза ақымақ шығар дейін десең, ондайға қимайсың. Айтуға аузың бармайды. Жұртқа сүйкімі бар. Бала емес, шаға емес, бұл не кергу, ел бетіне қараған адам, қайта рақмет сияқты бірдеңесін айтып, құлдық ұрмай ма? Қысқасы осының бәрін не үшін, кім үшін істейді деген саналуан сауал қызық көрініп, бұл той емес, дөңгелек үстелге жиналғандардың пікірталасына айналып бара жатты.

Осынау күбір-күбір әңгіменің соңы ақырында былай байыз табатын тәрізді: осының бәрі кей күндерде мынау еңсені езіп жіберетін, бір сарынды, мақтансүйгіш, көңілсіз қоғам үшін бір қызық думан сияқты. Әлде бұл Байекеңнің сол қоғамға көрсеткен ішкі наразылығы ма екен?! Кім біледі, ұлы адамдардың жан жұмбағы көп қой. Ол кейде мына жұртқа шындықты осындай шоу түрінде жеткізуді ойлайтындай көрінеді. Құдай бетін әрі қылсын, шынында бұл кісі бірдеңе болып кетсе, жұрт қызықсыз қалатын тәрізді.

Байекеңнің тойы болады дегеннен бастап «әй, мен ұмыт қалмайын» деп алдын ала сөз сөйлеушілер тізіміне жазылушылар да көбейді. Бұл хабарды ұйымдастырушының бірі шалдың қаперіне салмақ еді, «Оттама, үш адам сөйлесе жарайды, өзім де бармын ғой», деді. Өзін айтқан себебі, әрине, бұл кісіге қайда да сөйлеймін десе мінбер табылады ғой, бірақ Байекеңді кейінгі кезде бәлкім белгілі, бәлкім, белгісіз себептермен, алқалы жиындарға шақырмай, шеттету де бар еді. Сондықтан, бір жағы мына мүмкіндікті пайдаланып, бір есептен кіл жақсының алдында бір армансыз сөйлеп қалу үшін де бұл тойға келісімін берген сыңайлы.

Байекеңе кейде тойдың иесі кім екені маңызды емес, оның қонақтары кім, сол маңызды. Алдымен кімдер болатынын сұрап алатын әдеті де бар. Сонан кейін той жайына қалады. Әңгімеге кіріседі. Тойдың өзін жұмысқа айналдырып жібереді. Басшыларды оңаша алып кетіп, мәселе шешіп қайтады. Сөз бере қалса жалпылама бірдеңе айтады. Саясаты не әрі, не бері емес. Талантты адамды қолдайды. Әу бастан оның маңайында дарынсыз адам жүрмейді. Айналасында алаяқ болса да қабілеттілер жүреді. Тіпті, бір тойда «ардақты алаяқтар» деп сөйлегені де бар. Қысқасы, тойға таңдап барады. Бірде бұл кісі бармаса да болатын бір тойға «Мен өмірбақи әнебір келіншекке ғашық болып едім, сол үшін келдім», депті. Ондай перілігі мен серілігі де әлі қалмаған.

Сонымен Байекеңнің өзі екі сағат, мүмкін екі жарым сағат кешігіп келген тақырыбы мәлімсіз той басталды. Тойда сөйлеген үш адамға өзі араласып отырды. Сөйледі деген аты. Сөз Байекеңдікі болып шықты. Қайта әлгі әжептәуір адамдар «дұрыс айтасыз, әп, бәрекелді», деп қоштап тұрды. Бұдан кейін ешкімге сөз берілмеді. Мерейтойдан аулақтап, түрлі тақырыпта жарты сағатқа жуық өзі сөйледі. Жұрт оған да шыдады. Өйткені, ол кісінің сөзінде көңілге түйіп алатын сәттер, ақыл, нақыл көп болады. Сосын міндетті түрде сипай қамшылап біреулерге тиіседі. Айналып келгенде бұл өзінің тойы емес, жай бір басқосу, шер тарқату, шай ішу екенін аңғарту еді. Соны сезген жұрт ақыры Байекеңнен әбден күдер үзеді де тым болмаса қайысып тұрған дастарқанның шетін бұзуға бет бұрып, беймәлім қуанышты тойлауға кіріседі. Сәлден кейін Байекеңнің бұл тойда бар-жоғы белгісіз болып қалады. Елдің бәрі қоғам, қазіргі саясат әрі кеткенде махаббат туралы өз ойларын айтып, арқа-жарқа күй кешіп, бұл бір құмардан шығып сырласу жиынына айналып кетеді. Осылай болғанына өзі де дән риза. Бұл жеңіске Байекең балаша қуанады. Ең бастысы, ертеңгі күні менің тойым болған емес, мен мерейтойымды өткізген адам емеспін дегенге келіп тұр. Өзі де солай. Ешкімге тос берілмеді, ешкім Байекең туралы ләм-мим деген жоқ. Тіпті, біреулер бұл кісі туралы бірдеңе айтса, өзін басынан дау кетпес бәлеге қалатындай сезінді.

Байекең қызық болғанда аяғына кроссовка киіп келіпті. Әлгінде отырып сөйлегенде ешкім аңғармаса керек, сол үйге, саяжайға киетін жеңіл-желпі киім, тіпті кеуде жүнінің өзі бұрқырап көрініп тұр. Маңдайы тершіп, орамалы бет жаққа, желке тұсқа жиі барғыштайды.

Байекең көп сөйледі. Ал жұрт тыңдаған кейіп танытты. Олай болмаған күнде байқап қалса, сенімен мүлдем жауығып кетуі мүмкін.

Арқа басы енді кеңи бастаған жұртты Байекең біртіндеп өзі отырған дастарқан басына шақыра бастады. Әдетте ұнатқан адамын шақырады. Жай шақырып қоймайды, қып-қызыл сүйіс басталады. Ер адамның бір-бірін ернінен сүйгенін елестетіп көріңізші! Өте есер көрініс қой. Біреулер ернін аяды ма, жоқ ерінді ме, барғысы келмеген сыңай танытқан болады.

Тағы да бір ұзақ сонар әңгіме басталды. Амал жоқ тыңдау керек. Әсіресе, тура қарсы алдына келе қалған, Байекең әкесі жасай алмай кеткен жақсылық жасаған бір көкмылжың жиені қатты қиналды. Соған қарамастан, бұл Байекеңді анда-санда реті келсе жамандап жүретін, бұл жолы да бес қадамдай жерде тұрып суық сөз айтып үлгерді. Байекең соны сезгендей бұдан қасақана көзін алмай, бір-екі жайсыз сөз де айтып, жіпсіз байлады. Тамақсаулау, арақ құмарлау әлгінің есіл-дерті аста-төк дастарқан еді. Мақсаты – сол дастарқанның шетіне жетіп жығылып, тағы бір сумақай сөзді бағыштап жіберу.

Қызық болғанда бұл жолғы тақырып экология болып шықты. Тамада екені бірде белгілі, бірде белгісіз біреу «құлағымыз сізде, Байеке» дегенмен, жұртқа «жей берсеңдерші» дегендей ишарат білдірді. Байекең елімізді қойып, халықаралық аренаға шығып кетті. Жұрт «Ә, бұл тақырып Байекеңнің ауқымына келеді ғой» деп оған да көндіккен сыңай байқатты. Ал кейбіреулер оңаша шығып алып кредит, доллардың сағат сайын құбылуы, қазіргі саясат туралы әңгімені қыздырып жатты.

Байекең әңгімешіл адам. Әңгімені шебер әрі сауатты айтқан кісіні жақсы көреді. Қонаққа барса да «Әй, қойшы, тамақ қайда да бар ғой, одан да сөйлесеңдерші», деп әңгімеге көп ерік береді. Ал енді бар ғой қонақ шақыру, оны күту дегеннің өзі үлкен мәдениет, тіпті, саясат екенін жұртқа түсіндіре алмай қойды. Сондай бір көңілі қалған жай есіне түсіп отыр. Содан кейін де ғой шақырған жерге таңдап баратыны.

Байекеңді арнайы барып бірнеше мәрте үйіне қонаққа шақырған Сәуірбек деген бір ғылым докторы інісі бар-тын. Бұл кісі түрлі себеп айтып жүрді. Бір күні орнынан көтеріп әкелгендей алып келді.

Сәуірбек бір саусағын бүгіп жүретін, өз қулығы өзіне жетіп-артылатын жігіт. Сұңғыла Байекең оны біледі. Ғылым докторы болғанымен, түр-түсі нағыз зиялының сипатын білдіргенімен, инемен құдық қазғандай тірлікке өмірі жоламайтын. Сөзі газетке шығып кететіндей, ешқашан артық сөзге бармайды. Тиіп-қашып оқиды, аздап ізденеді, содан кейін ғой жетпістен асса да әлі торы аттай тепсініп, қунақ, сергек. Үлкен ортада, оқымыстылар арасында көп болады. Әңгімелеріне құлақ түріп отырады. Аз сөйлейді, көп тыңдайды. Соның бәрін оңашада қойын дәптеріне жазып қоюға ерінбейді. Демек, әуре болып оқып жатудың керегі не? Содан кейін білім-білігі өзінен аса қоймайды-ау деген жерде естіген-білгенін өзі оқығандай түрлендіріп, тіпті оқиғаларды да өзгертіп, кейбір дерек-дәйекке келгенде әдейі жаңылысқан болып көрініп, тоқтамай сөйлейтіні бар.

Африка елдерінің бірінде бір қоңызға ескерткіш қойылыпты. Оның себебін кейін айтамын. Жалпы, өскен, өнген елдерде біз сияқты адамдарға емес, аңдарға ескерткіш орнатады. Осыны үйренбей-ақ қойдық. Мына Балтық елінде ұшып бара жатқан құстарға зәулім ескерткіш орнатып, «халық әні» деп жазып қойған. Қарасаң көзің тоймайды, тіпті, көңілің босайды.

Жарайды, әлгі қоңыз екеш қоңызға оралайық. Бұл жорғалаған сүйкімсіз жәндік неге сонша қадірлі болды? Әлгі неме адамдар түнде қалың ұйқыға кеткенде жұмысын бастайды екен. Мәселен, жараңыз болса оны сылап-сипап, ажыраған жерін бүтіндеп қоятын көрінеді. Бұл процесс ұзақ уақытқа созылады екен. Бір күні әлгі жара жазылды-ау дегенде, ептеп аузын ашып кетеді екен. Қайсыбір жылы ашаршылық жиі болатын бір елде жара да көбейіп кетеді. Сонда қаптаған қоңызды көрсеңіз. Осылардың арқасында жараға тойтарыс берілген. Кейіннен ғалымдардың зерттеуінше қоңыздардың кереметі ашылған. Міне, содан барып ескерткіш қойылған.

Міне, жытқыр Сәуірбек Байекеңнің айтқан осы бір әңгімесіне өз жанынан да қосыңқырап, бірде студенттерге айтып бергені бар.

Адамды алжастырайын десе түк емес екен, Байекеңді қонаққа шақырып отырып, білгіштігін білдірмек болғаны жарамады. Дастарқан үстінде бірлі-жарым академигі аралас зиялы қауым өкілдері қауқылдасып отырды. Әлемдік тұлғалардың құпия қасиеті, қызықты өмірі, қиын тағдыры қызу әңгіме арқауына айналып кеткен. Байекең байыппен сөйлеп отырған. Әсіресе, Евтушенконың некедегі төрт әйелі, оның ішінде Ахматова туралы әңгіме ұзақ айтылды. Байекеңнің өлшеусіз біліміне бұрыннан тәнті жұрттың оның әңгімесіне елтігені соншалық, тіпті, еттің өзі желінбей қалатын түрі бар. Бір кезде әлде өзінің де бірдеңе білетінін, не әңгімеге тұздық жасағысы келді ме, не үй иесі екенін сездіргісі келді ме, әйтеуір қарап тұрмай Сәуірбектің де сұғына кеткені.

– Ойпыр-ай, әлгі Хан Дог деген суретшіні айтам-ау, өз құлағын өзі кесіп алатын ше? – деді. Етке ентелей кіріскен ел бұл әңгімеге аса құлықты болмаса да алдына бас келген Байекең бір түрлі тіксініп қалды. Қолына ұстап отырған құлағына бір, әлгіге бір қарады. Мұндайда қонаққа шақырмақ түгілі, не сый жасаса да, көңілге қарау дегенді аса ойлай бермейтін Байекең «Әй, мына идиот не деп тұр?» деп қасындағы мал шаруашылығының маманы, қасқабас академикке аларып қарады.

– Кім біледі, болса болған шығар, кессе кескен шығар, шизофренник біреу болар, ұлы адамдарда жынсүрей ауру да қоса жүрген ғой, – деді етке есі кетіп отырған академик. Ал енді мұндай сәтті Байекең құр жіберуші ме еді.

– Хан Дог емес, Винсент Ван-Гог болар, мына неменің айтып тұрғаны, – деп Байекең езіліп піскен бастың езуінен бір тіліп алып, қылғытып жіберді. Содан бұл кісі Ван-Гог туралы төгілді дейсің бір. Оның тіпті бірнеше уақыт Поль-Гогенмен бірге тұрғанын, оның Гогенді қалай қорлағанын, адами қасиеттерден жұрдай, тіпті, екеуі де гомосексуалистер екенін, кейіннен әлгі кесілген құлағының шатырдан табылғанын тәптіштеп, дерек-дәйекпен айтқанда, еттің желінбей қалғанына әлгі мал академигінен басқасы аса өкіне қоймаған тәрізді. Суретшінің «Овердегі жауыннан кейінгі пейзажы» жөнінде аса бір ынтызарлықпен, үздігіп айтты. Байекеңдей білмейтіні жоқ кісі отырған жерде мұндай әбес әңгіменің айтылуын үлкен мәдениетсіздік санап, еттің желінбей қалғанына кешірім сұрағандай болған Сәуірбектің сұлу келіншегі «мұны өзі өстіп түлен түртіп жүреді» деп еді, Байекең:

– Бұл Сәуірбекті қашан Тәуірбек дер екенбіз. Келін, айналайын, түлен дегеннің не екенін біле ме екен осы жұрт, – деді.

– Біз осы қонаққа келдік пе, жоқ әлде ғылыми конференция өткізуге келдік пе? – деп бұрқ еткен әлгі академиктің сөзін елең қылмаған Байекең Түлен туралы толғанысын бастап кетті.

– Келін кемеңгер болып шықты. Ал енді қазақтың түлен түртті ме дейтіні қайдан шыққан дейтін болсақ ол былай: бұл түлен дегеніңіз де әу баста мынау идиот сияқты әжептәуір адам болған. Кейіннен осылай білмей, бөстекі сөйлеудің арқасында шайтан азғырып, ақыр соңы шайтанның өкіл баласы болып кеткен. Ол аз болғандай бір күні көзге көрінбей шайтанның ішіне кіріп кетіп, бел баласы болып шыға келеді. Қазіргі кейбір жағымпаздар тәрізді. Әлгі шайтан азғырды дегеннің бәрі сайып келгенде, Түленнің тірлігі.

– Байғұс баланың жер-жебіріне жеттіңіз-ау. Ағасы болған соң арқа сүйейді де, – деді етке тойған академик жымысқы жымиып.

– Қақпанға өзіңіз келіп түстіңіз. Мен сізге мынаны айтайын. Біздің қоғамда аға деген ауру бар. Онымен сіз де, біз де ауырғанбыз, мыналар да ауырған. Тіпті, сол дертіңіз осыларға өтіп кетті ме деп қорқамын.

Академик:

– Ой, Байеке, қойшы енді, жарқыным, – деп жұмсақ сөйлеуге тырысқанымен, мұндайда тартынатын Байекең бе, бурадай буырқанып шыға келді. Есік жақта отырған жастарға бұл әңгіме жағып барады.

– Мен қазір сол қателігімді әбден түсінген шақтамын. Егер ағалық ауруға уақытында тосқауыл қойылғанда мына Сәуірбектер баяғыда адам болып кетер еді.

Байекеңнің сөзі өзіне арналып айтылғандай академик тіксініп қалды.

– Жастардың не кінәсі бар?

Тосын сұраққа қапелімде ешкім де ештеңе дей алмады. Оның үстіне Байекеңнен аса алмай отыр. Бірдеңе дейін десе бүлдіріп аламыз ба деген де қауіп бар. Әрине, оған Байекеңнің өзі ғана жауап береді.

– Бұл сөздің екеумізге тікелей қатысы бар, – деді де Байекең сәл пауза жасады. – Дүниеге алдымен ағаның көзімен қарау деген сұмдық шыққалы қашан. Ағаны сыйламайтын жерде сыйлау, ағаның айтқанынан аспау біреулер үшін «ата заң» болды. Жастар ағасыз батыл қадам жасай алмады. Болмайды, аға ашуланады. «Сен өзі кімнің арқасында адам болдың?» деп айқайлаймыз. Ағаны ауыртып алу, інісі үшін өліммен тең. Жанталасып кешірім сұрайды. Сонсоң інісінің оқуға, ізденуге уақыты жоқ. Өйткені, ақыл айтатын сіз бен біздей ағасы бармыз. Сөйтіп, бұлар бар алтын уақытын аға сыйлауға жұмсап, жоғалтып алды. Сіз айтпақшы тек ағасына ғана арқа сүйейді. Рушылдық деген пәлені де бастаған біз. Бұдан кейін бұлар кім болады? Сіз бен біздің көшірмеміз болып шығады да.

Байекең алқынып барып тоқтағанда есіктің көзінде отырған бір жігіт «пауза» деп қалды. Әр сөзді қалт жіберетін Байекең бе «пауза, айтпақшы пауза, баяғыда бір еврей дос сендерде бір кемшілік бар, ешқашан пауза жасамай сөйлейсіңдер» деуші еді, деп әңгіменің соңын әзілге бұрып, орнынан тұра бастады.

Міне, біздің Байекеңнің бар болмысы осы. Қанша көл-көсір дастарқан жайып, алдына астау толы ас әкеліп қойсаң да айтарын айтып кетеді. Оны айтасыз, қайсыбір жолы бір құрдасы қайтыс болып, жұрт қайғырып жатқанда «Ойпыр-ай, өзі бүгін почему-то келіншектер жағы көп жылады-ау», демесі бар ма? Жер үйде тұратын сол құрдасы «бір үйге бір ит керек екен» дегенде, «екі итті қайтейін деп едің, өзің бар емессің бе» дегені және бар. Солай, Байекең не болса да ішіндегісін айтып тынады, олай болмаған күнде ауырып, төсек тартып жатып қалуы әбден мүмкін.

 

* * *

Қалай болғанда да Байекеңнің көп қырының бұл жұртқа ең танымалы кешігіп жүретіні. Бірақ, қандай жиын болсын орны қай кезде де дайын тұрады. Егер орын болмаса бір минөтте кідірмей кетіп қалады. Соған қарамастан елдің басым бөлігі оны іздеп, алаңдап отырады. Ол кісі кешігіп келеді дегенді естісе болды қанша асығыс болса да, тіпті, кеш бітпей жатып киіміне жүгіретіндер де күтуге бар. Жұрт жиынға сол үшін баратын тәрізді. Әйтеуір келсе болды. Не сиқыры бар десейші! Былай қарасақ ешқандай құпиясы жоқ. Ол қанша кешігіп келсе той да, жиналыс та енді басталғандай болады. Оның төбесі көрінгеннен-ақ жұрт қуана береді. Ол бір өзі келсе де балалықты, даналықты, бір топ кемеңгерді ілестіріп келгендей әсер қалдырады жұртқа. Ал енді бар ғой кешке қанша кешігіп келсе де, егер ол жерден сәл-пәл болса да надандықтың исі сезілсе болды, тез кетуге ыңғайланады. Ондайда елдің ықыласына да қарамайды. Бұнысы да жарасып тұрады. Байекеңнің тағы бір ерекшелігі өзі қонаққа шақырған адамдар кешігіп келсе оны да іші жақсы көріп тұрады. Тіпті, ерекше кешіккендерін өзіме тартқан деп мақтап та жібереді.

Бір қызығы абыройы, беделі осы кісінің ол жақ, бұл жағындағы адамдар да кешігіп келеді. Бірақ оны ешкім елемейді. Байекең қанша сағат кешіксе де жұрт есік жаққа қарап елеңдеп отырады.

Бұл не құдірет?!

Жалғасы бар